«Барлығы анамнан «Соғыс бола ма?» деп сұраған сәттен басталды. Теледидарда зымырандар мен ядролық қару туралы күн сайын көрсететін. Бірде мен қоғамдық теледидардан ғылыми бағдарлама көрдім және ғалымдар ядролық соғыс Жерді бүлдіріп, атмосфераны ластауы мүмкін екенін айтты. Ядролық соғысты ешкім жеңе алмайды. Бір күні таңертең тұрып: «Бұл жердегі ең соңғы күн болса ше?..» деген ойға қалдым».

Бұл – бір мүшел жасқа да толмаған Самантаның сөзі.

Саманта Смит (Samantha Smith)

– 10 жасында Жер планетасының жайын ойлаған;
– Жарты беттік хатымен əлемді шулатқан;
– Екі елдің достығын нығайтуға себепкер болған əлемдегі ең кішкентай елші.

Аңғарымпаз қыз 1972 жылы 29 маусымда АҚШ-тың Мэн штатында дүниеге келген. Әкесі Артур – ағылшын тілі мен әдебиетінің мұғалімі, ал анасы Джейн – әлеуметтік қызметкер. Ол он жасқа келгенде алпауыт елдер – АҚШ пен кезіндегі КСРО-ның (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) келіспеген, тіпті кей тұста шиеленіскен қарым-қатынасы көптеген сарапшының сынына ілікті. Бұл КСРО билігінің басына жаңадан басшы келіп жатқан кезі еді. Ол бұрын Кеңес Одағында атынан ат үркетін Қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген әскери адам болатын. Әлем саясаттанушылары Одақтың жаңа басшысы елге қатаң тәртіп орнатады деген ойда болды. Осы ой АҚШ-тың басылымдарында да жазылды. Сол уақытта Америка халқы жаппай алып оқитын «Time» журналында Кеңес Одағы АҚШ-қа ядролық соғыс ашуы мүмкін екені айтылады.

Баланың сұрағы

Саманта жоғарыдағы сөзін әрі қарай былай сабақтайды:

– Мен анамнан соғысты кім және не үшін бастайтынын сұрадым. Ол маған мұқабасында Ресейдің (Саманта кезіндегі барлық америкалықтар сияқты КСРО-ны бір сөзбен Ресей деп атайды – А.Ш) басшысы Юрий Андропов бар, Америка мен Ресей туралы оқиға жазылған жаңалықтар журналының жаңа санын көрсетті. Біз оны бірге оқыдық. Онда Ресей мен Америкадағы адамдар өзге елдің ядролық соғыс бастауына алаңдаулы екені жазылған. Бұл маған ақылға сыйымсыз көрінді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы сұмдықтарды оқығанмын, енді әлдекім тағы бір соғыс жасағысы келеді. Анама Андропов мырзаға мына мәселелердің бәрін кім туындатып тұрғанын түсіндіруін сұрап хат жазуы керектігін айттым. «Неге өзің жазбайсың?» – деді. Сонымен, өзім жаздым.

Анасының қызына көрсеткені – «Time» журналының 1982 жылғы 22 қарашадағы саны еді. Кеңес Одағының құламаған кезі. Ал журнал мұқабасындағы Андропов Брежневтен кейін билікке келген. Журналда АҚШ сарапшыларының АҚШ пен КСРО арасындағы кикілжіңнің күшеюіне қатысты алаңдаған пікірлері жарияланған.

Журналдағы мақалаларды оқығаннан кейін Саманта: «Егер бәрі одан қорқатын болса, соғыс бастайтын-бастамайтынын неге соның өзінен сұрамайды?» – дейді. Сонда анасы Джейн: «Соны сен неге сұрамайсың?» – дейді. Осыдан соң Саманта тура солай жазады. Анасының кішкентай қызына деген сеніміне, оның көкейіндегі мазалаған сұрақтарға жауап алуын қолдауына ерекше тәнті болдым. Оның ұғымында «Баланың сұрағы» деген түсінік жоқ.

Құрметті Андропов мырза!

Менің аты-жөнім Саманта Смит. 10 жастамын. Сізді жаңа жұмысыңызбен құттықтаймын. Мен Ресей мен АҚШ арасында ядролық соғыс бола ма деп алаңдаулымын. Сіз соғысқа сайланып отырсыз ба, жоқ па? Егер олай болмаса, соғысты болдырмау үшін не істейтініңізді айтыңызшы. Бұл сұраққа жауап беруге міндетті емессіз, бірақ мен неге сіздің әлемді немесе дәл біздің елді жаулап алғыңыз келетінін білгім келеді. Құдай әлемді бізге ортақ етіп, оған қамқор болуымыз үшін жаратты ғой. Бәрін жаулап алып, не оған бір адам тобы ие болуы үшін емес. Өтінемін, оған (Саманта, меніңше, бұл жерде Құдайды айтып тұр – А.Ш.) өзі қалағанын жасауға және барлық адамның бақытты болуына мүмкіндік берейік.

Саманта Смит.
Манчестер. Мэн. АҚШ.

P.S. Жауап жазуыңызды сұраймын.
Конверт сыртына «Юрий Андропов мырзаға, КСРО. Мəскеу, Кремль» деп толтырып, поштаға салады да, бұл туралы мүлде ұмытып кетеді.

Алғашқы елшілік сапары

Бірнеше ай өткенде Саманта мектептің хатшысынан шақырту алады. Халықаралық Баспасөз ұйымы Самантаны іздеп телефон соғыпты. Сонда барып Саманта Андроповқа жазған хатының сол елдегі «Правда» газетіне жарияланғанын біледі. Жауап келмегеніне алаңдаған Саманта Кеңес Одағының Вашингтондағы елшісіне хат жазады. Андроповтың жауабы елшіге жазған хаттан кейін шамамен бір жарым аптада келеді.

Хатта Андропов: «Кеңес Одағы соғыс бастауды қаламайды. Олардың егістік өсіруден, құрылыс пен өнертабыстан, кітаптар жазып, ғарышқа ұшудан қолдары босамай жатыр», – деп сөзінің соңында Самантаны отбасымен жазда КСРО-ға шақырған.

Осы уақытта Саманта бүкіл әлемді өзіне қаратты. Хат алған күні мектептен үйіне келсе, ауласын журналистер қоршап алған екен. Кешкісін ол анасымен NBC мен CBS арналарына сұқбат беру үшін Нью-Йорк қаласына ұшты.

«Ал 1983 жылы 7 шілдеде Саманта өзінің отбасымен Мәскеуге сапарлады. Сондай көңілді, көккөзді Саманта кеңестік саяси мультфильмдерде жиі көрсететін «мұздай қаруланған америкалыққа» мүлде ұқсамайды. Дүниежүзілік медиалар оның «Артек» лагерінде кеңестік балалармен бірге шомылғанын түсірді. Ал Қызыл алаңға барғанда Саманта нағыз дипломат болды», – деп жазылған кейіпкеріміздің ресми сайтында.

Саманта осы ерекше сапары туралы «Кеңес Одағына саяхат» атты кітабында кеңірек баяндаған. Онда ол қалай күтіп алғаннан бастап, қандай көрікті, тарихи орындарда болғанын жазады. Соның ішінде Кеңес Одағының құрылуына себепкер болған Лениннің пәтеріне барады. Өмірінің соңғы жылдары өткен Лениннің үйінде Саманта тарихи тұлғаның ұйықтайтын бөлмесін, жұмыс үстелін және жазуға қажетті құралдарын көреді. «Ол біздің АҚШ-ты құрған Джордж Вашингтон секілді Кеңес мемлекетінің негізін қалаған», – дейді Саманта кітабында. Сондай-ақ ол көптеген талантты әрі ақылды дос тапқанын жазады. Осы сапарында Самантаны түрлі тосынсыйлар күтіп тұрды, қонақжайлық көрсетіліп, қызықты сәттер болды. Мәскеудің барлық белгілі тарихи-мәдени орындарында болып, Елшіден бастап бірнеше лауазымды тұлғамен кездеседі. Алайда ол Андроповпен жүздесе алмай қалады. Өйткені ол сырқаттанып қалған еді. Саманта Андроповқа Марк Твеннің кітабын сыйлайды, оны Кеңес Одағы басшысының өкілі арқылы беріп жібереді. «Бір ғана хаттың өмірімді осылай түбегейлі өзгертіп жібергеніне және жолым болып кеткеніне сену қиын. Кеңес халқы маған қамқор көршіге көбірек ұқсайтындай көрінді», – дейді Саманта. Оны мәскеуліктер сән-салтанатпен шығарып салады. Өз еліне келгеннен кейін Манчестерде үлкен фестиваль өтеді. Мерекеге Мэн штатының губернаторы мен Самантаның достары қатысады. «Бүкіл күн керемет өтті және мен шынымен де үйге оралғанымды сезіндім. Мэн штатында тұратыным қандай жақсы!» – деп туған жеріне деген махаббатының ерекше екенін көрсетеді. Ал әлемге деген алаңын: «Мен кейде әлі де Жердегі ең соңғы күн емес пе деп мазасыздана ойланам. Бірақ адамдар неғұрлым әлемнің тағдыры туралы ойланатын болса, соғұрлым планетада бейбітшілік орнайтынына сенемін», – деп жеткізеді.

Сыни сұрақтар

Самантаның әкесі университеттегі мұғалімдік қызметін қызы үшін біржола тастайды. Өйткені ерекше әрі сүйкімді Саманта телевизияның «жұлдызына» айналып үлгерген еді. Дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдарында «Ең кішкентай әлем елшісі» деген ат иемденіп үлгерген 11 жасар оқушы қызды шетелдер киноға түсуге шақырды. Ал кішкентай Самантаға ата-анасынсыз бұл мүмкіндіктің біреуін де пайдалану әсте мүмкін емес. Оның үстіне толассыз түсіп жататын хаттарға да Саманта әкесінің көмегімен жауап беретін. Хаттар тек қолдау мазмұнда ғана келмейтін, хат жазушылар арасында сынайтындар мен оны кеңестік насихатқа пайдаланылғаны туралы айыптайтындар да болатын. Ал Саманта оларға: «Мені насихатқа пайдаланды деп ойлаймын, бірақ бұл бейбітшілікті насихаттау болды», – деп жауап беретін. Ал «Қонақ болған елінің оған барлық бет-бейнесін көрсетпегенін түсіне ме екен?» деген сұраққа Саманта: «Үйге қонақтар келгенде мен де оларға қандай да бір қоқырсыған шаң-шаң бұрышты көрсетпейтін едім», – деп жауап қатады.

Саманта АҚШ-тың Ресейдегі ғана емес, Жапониядағы да елшісі болғандай. 1983 жылы желтоқсанда Жапонияның премьер-министрі Ясухоро Накасонмен (Yasuhiro Nakasone) кездесіп, Кобе (Kobe) қаласындағы Халықаралық балалар симпозиумына қатысады.

Саманта қарапайым бала болды. Ол софтфутболдан мектеп командасында, шөптегі хоккей мен фортепианода ойнайтын. Ролик тебетін және өте көп оқитын. 5 жасқа келгенде ата-анасымен бірге Канадада болды, сонда алғашқы хатын Саманта Англияның мемлекет басшысы Елизавета II-ге жазып, жауап алған. Осыған қарамастан ол сондай ұяң болатын, достары да аз еді.

Қазақстанда да Самантаның атында көше бар

1985 жылдың 25 тамызы. Саманта әкесімен бірге алты адамдық шағын ұшақта Ұлыбританиядан өз штатына келе жатыр еді. Ағылшындар елінен оның «Лайм көшесі» сериалына түсіп қайтқан беті болатын. Ал Джейн күйеуі мен қызын әуежайда күтіп тұрды. Өйткені ол ет жақын екі адамын келеді деп сенді. Бірақ, өкінішке қарай, сенімі алдады. Ұшақ апатқа ұшырап, ондағы барлық 6 жолаушы мен екі ұшқыш та қаза тапты. Қаза тапқандардың ішінде барша әлемді өзіне қаратқан кішкентай қыздың өлімі көпті күрсінтті. Қайғылы хабар жан-жақтағы жанкүйерлерін, жердің әр түпкіріндегі тілектестерін, әсіресе сенімді достық қатынас орнатқан Одақтағы жаңа достарын жылатты. Ал анасын сөзсіз есеңгіретіп кетті.

Саманта мен әкесінің жерлеуіне мыңдаған адам жиналды. Оның ішінде ықпалды, танымал тұлғалар да болды. Кеңес елшілігінің өкілі Владимир Кулагин одақтың сол уақыттағы басшысы Михаил Горбачевтың көңіл айту хатын оқыды. Өйткені кішкентай қыздың хатына үлкен басымен жауап жазған Андропов 1984 жылы Самантаның сапары кезіндегі сырқатынан қайтыс болған еді. Горбачев Джейнге жазған көңіл айту хатында: «Кеңес Одағындағы Самантаны білетін барлық адам кеңестік миллиондаған қыздар мен жастар секілді АҚШ пен КСРО халқы арасындағы достықты, бейбітшілікті армандаған америкалық қыздың бейнесін мәңгілік жадында сақтайды», – деп жазған. Бұдан бөлек, АҚШ-тың сол кездегі президенті Рональд Рейган да Джейн Смитке көңіл айтты. Хатта: «Миллиондаған халық пен америкалықтардың ауыртпалығыңызды бөлісуі кішкене де болса жұбататын болар. Олар да Самантаны құрметтейді және оның күлкісін, идеализмі мен тазалығын, жан дүниесінің шынайы көркемдігін есте сақтайды», – делінген. Қос басшы Р.Рейган мен М.Горбачев Саманта өмірден өткен жылы күзде Женевада кездесті.

Самантаның кең пейілі мен қайсарлығының құрметіне екі елде ескерткіштер орнатылып, атаулы істер атқарылды. 1986 жылы ұшақ апатқа ұшыраған Огаста қаласына жақын жерде қолында көгершін құсы бар Самантаның ескерткіші ашылды. АҚШ-та шілденің алғашқы дүйсенбісі Саманта Смитті еске алу күні ретінде аталып өтеді. 1987 жылы Мәскеуде Самантаның атында дипломатиялық балалар орталығы құрылды. Ең кішкентай әлем елшісінің атында теплоход, Кавказ тауларында бір шың, астероид, «Артек» лагерінде аллея, Вашингтон мен Нью-Йорк штаттарында мектеп, көшелер, тіпті ауылдар бар. Бірнеше кітаптар, көптеген деректі фильмдер мен хабарлар түсірілген. Ал тағы бір қызығы – қазақстандықтардың өзі біле бермейтін ақпарат: Тараз қаласында Саманта Смиттің атына көше берілген.

Әлемнің ең кіші елшісі небәрі 13 жылдық ғұмырында екі алпауыт мемлекет арасында достық орнатып, жер планетасын үлкен қауіптен сақтауға себепкер болып, миллиондаған адамның өмірін алдын ала қорғап, халықтың күдікпен күн кешкен күніне «Ешкім соғыс ашпайды» деген сенім сыйлап кетті. Оның соңында «Құдай бізге жерді соғысуға емес, бірігіп өмір сүру үшін жаратты» деген сөзі мен жарқын күлкісі қалды.

Материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден таба аласыз: 

http://www.samanthasmith.info/index.php/history/history

https://en.wikipedia.org/wiki/Samantha_Smith

https://www.youtube.com/watch?v=b9DXsHvG-Wk

https://www.youtube.com/watch?v=ZGp1BixRnTo

https://myhero.com/S_Smith_aichurek_KG_2015_ul

http://www.samanthasmith.info/index.php/history/letter

https://www.upi.com/Archives/1983/05/10/Samantha-Smith-a-10-year-old-who-wrote-to-Soviet-leader/4364421387200/?spt=su

http://suuk.su/knigi/SamanthaSmith.pdf

http://www.suuk.su/knigi/SamanthaSmith.pdf

http://artekovetc.ru/samanta20.html

https://www.mk.ru/editions/daily/article/2004/08/05/107408-camolet-snizilsya-mem.html

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз