Әлемдік аренада қазақстандық кәсіпқой боксшылардың орны ерекше. Головкин бастаған былғары қолғап шеберлері елімізді күллі әлемге танытып жүр. Бұрындары боксшыларымыз туралы әңгіме қозғалғанда тек Геннадиймен шектелетін едік. Қазір GGG-дің орнын басатын бірнеше талантты, мықты боксшымыз бар. Солардың бірі жеңіліп көрмеген Айдос Ербосынұлы. «Барыс» лақап атымен танылған Айдос – WBO Global белбеуін жеңіп алған тұңғыш қазақ боксшысы.

Айдос 1991 жылы Алматы облысы Панфилов ауданының, Жаркент қаласында дүниеге келген. Әкесі ауыр атлетикамен айналысқандықтан, баласын спортқа баулып өсіреді. Бала күнінен спорттың кез келген түріне икемді болып, футболмен де, баскетболмен де айналысқан. Ауылда бокс үйірмесі болмағандықтан күреске барады. Бірақ күресті аса ұнатпағандықтан, үш ай ғана айналысқан. 2002 жылы Алматы қаласындағы Өтеген батыр кентіне қоныс аударып, сол жақта бокстың қыр-сырын меңгереді. Айдостың алғашқы бапкері – Қасен Кенжебек. Шәкіртінің бойындағы ерекше қабілетті байқаған бапкер көп ұзамай Айдосты жарысқа апарады. Алғашқы жарысында-ақ үздік шығып, қола жүлдеге қол жеткізеді. Осыдан кейін Айдостың жеңістерден жеңістерге жалғасқан спорттық жолы басталады.

– Әкем ылғи чемпион болғанымды қалайтынын айтып, бокстың биік шыңына шыққанымды көргісі келді. Былғары қолғапты алғаш кигеннен бастап алдыма үлкен мақсат қойып, Олимпиада, Әлем чемпионы болуды армандадым.

Әуесқойлар арасында 200-ге жуық жекпе-жек өткізген Айдос талай дүбірлі додада топ жарды. Жасөспірімдер мен ересектер арасында Ұлттық құраманың қатарында болды. 2013 жылы Украинада өткен халықаралық турнирдің ақтық сынында әлем чемпионы Евгений Хитровтың мысын басты. Алайда жергілікті спортшыға төрешілердің бүйрегі бұрып, Айдосты алтын жүлдеден айырды. Төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері оны талай жүлдеден қақты.

– Үлкен спортта әділетсіздіктің құрбаны болмаған жан жоқ шығар. Әрине, бұл қалыпты құбылыс. Мұндай жайт, керісінше, жігеріңді жанып, намысыңды қайрай түседі. Өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеу үшін екі есе еңбектенуге итермелейді. Шыны керек, талай әділетсіздікті көрдім. Қарсыластарымнан бір бәс жоғары болсам да, жеңісті бермеген кездер көп болды. Кәсіпқой боксқа ауысуыма да осы жайттар әсер етті.

Айдос Ұлттық құрама сапында 75 келі салмақта жұдырықтасты. Бұл салмақта бәсеке өте жоғары болса да, бірінші нөмірлі боксшылармен терезесі тең өнер көрсетті. Тіпті «Астана арландары» құрамына да шақырту алып, Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) чемпионы
атанады. Бірақ Рио Олимпиада ойындарының қарсаңында бапкерлердің таңдауы басқа боксшыға түседі. Осылайша Айдостың «Олимпиадада алтыннан алқа тақсам» деген арманы үзіледі.

– Салмағымда кіл мықтылар болды. Бәрі «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Нұрзат Сабыров, Рустам Сыбаев, Ерік Әлжанов сынды боксшылардың ешқайсысы осал емес. Әрқайсымыздың да Олимпиадада
атой салуға әлеуетіміз жететін еді. Дегенмен төртжылдықтың басты додасында өнер көрсету бұйырмады. Олимпиадада сынға түсетін боксшыларымыз белгілі болғаннан кейін, уақыт созбай кәсіпқой боксқа ауысуға бел будым. Егер әуесқой бокста қалғанымда Токио Олимпиадасына міндетті түрде қатысар едім. Бәлкім, қатысып қана қоймай, Олимпиада чемпионы атанар ма едім?..

«Кәсіпқой бокстың биік шыңын бағындырсам» деген боксшымыз 2015 жылы американдық «Fight Promotions» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, Украинада дебюттік жекпе-жегін өткізеді. Айдос алғашқы кездесуінде-ақ 33 жекпе-жек өткізген беларусь Андрей Долгожуевті техникалық нокаутпен жеңді. Содан кейін украин Денис Поднебесный мен өзбекстандық Дмитрий Антиповты сұлатып салды. Ал төртінші жекпе-жек Айдос үшін ең қиын кездесудің бірі болды. Грузияның беткеұстар боксшысы, жеңіліп көрмеген Лаши Гургулианимен жұдырықтасып, жарақатына қарамастан қарсыласын нокаутпен ұтты. Осылайша Америкаға да жол ашылды. Америкадағы алғашқы жекпе-жекті жергілікті спортшы Риарус Дудлимен өткізіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Дегенмен Мэриленд штаты, Балтимор қаласында өткізген алтыншы жекпе-жек оңай болмады. Айдос американдық Девин Батчермен алты раунд жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен қарсыласынан басым түсті. Осы жекпе-жектен кейін промоутерлер мен боксшы арасында
түсініспеушілік туындайды.

– Әуесқой бокста жұдырықтасу мәнеріме біраз промоутер қызығушылық білдірді. Сондықтан кәсіпқой боксқа ауысарда көп компаниядан ұсыныс түсті.Оның үстіне «Fight Promotions» промоутерлік компаниясы Сергей Деревянченко, Евгений Хитров және Дәурен Елеусінов сынды спортшылармен жұмыс істегендіктен, келісімшартқа отыруды жөн көрдім. Шыны керек, келісімшартқа қол қойғанда көп нәрсеге мән бермей, өзімнің талаптарымды да ескермеппін. Соның салдарынан еңбегімнің ақысы ойдағыдай өтелмеді. Шыққан жекпе-жегіме ғана қаламақы алдым. Қысқасы, чемпион болатындай жағдай жасалмады. Сөйтіп бес жылға жасалған келісімшартты екі жылдан кейін үзуге тура келді.

Дегенмен Айдос сегізінші жекпе-жегінде WBA тұжырымы бойынша Азия чемпионы атанды. Астана қаласында Бейбіт Шүменов бастаған боксшыларымыз сынға түскен кеште Исмат Эйнуллаевқа қарсы жұдырықтасты. Айдостың жойқын соққыларына төтеп бере алмаған әзербайжандық боксшы 1-раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

– Әлемдік рейтингтегі орным чемпиондық титулға таласуға жағдай жасады. Чемпиондық атақты сарапқа салатын жекпе-жек елімізде өтетіндіктен мұндай мүмкіндікті жібергім келмеді. Осы жекпе-жекке қолдау көрсеткен «Alban Boxing» промоутерлік компаниясына алғысым зор. WBA тұжырымы бойынша Азия чемпионы атанғаннан кейін елімізде жаңадан ашылған «Suleimen» промоутерлік компаниясымен үш жылға келісімшартқа отырдым. Аталған компанияның қолдауымен екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де чемпиондық атаққа таластым. Алғашқысында WBC, IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеуге таласқан Александр Сущицпен жұдырықтастым. Тәжірибелі беларусь боксшыны төрешілер шешімі бойынша жеңіп, WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағына қол жеткіздім. Ал екінші кездесуімде бельгиялық Илиас Ачергуидың мысын басып, WBO Global белбеуінің иегері атандым. Аллаға шүкір, бұл белбеу алға қойған мақсатымызға біртабан жақын етті. Қазір WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы (76 келі) әлімнің ең үздік 15 боксшысының қатарындамын.

Айдостың арманы – асқақ, мақсаты – айқын. Ол келесі жекпе-жегін 24 наурыз күні, «Алматы арена» спорт кешенінде өткізеді. Бұл кездесуде WBA International чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Қарсыласы 16 жекпе-жектің біреуінде ғана жеңілген намибиялық Лукас Ндафолума.

– Алматыда өтетін жекпе-жегіме Лондон қаласында дайын-далып жатырмын. Бұйырса, қалың қазақ елін керемет бокс кешін тамашалауға шақырамын және жанкүйерлерімді жеңісіммен қуантсам деймін. Бұл жекпе-жек әлем чемпионы атағына таласуға тағы бір қадам жақындатады. Бәрі ойдағыдай өтсе, Америкаға аттанамыз. Келесі жекпе-жектерді тек сол елде өткізуді көздейміз. Шамамен бір-екі жылдан кейін, бәлкім осы жылы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуім мүмкін. Салмағымдағы төрт белбеудің барлығын иеленіп, абсолютті әлем чемпионы болуды көздеймін. Бұл жетістікке жету үшін бәріне де дайынмын.

Болмысын таудың ең биік шыңында мекендейтін Барысқа балап, лақап атын «Барыс» деп қойған Айдостың кәсіпқой бокстың ең биік шыңына жетуін тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз