Жарайсың!

Бiздiң Досжан – грант иегерi!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факульте­тiндегi Баспа iсi және БАҚ ди­зайны кафедрасы ұйымдас­тырған «Болашақ баспагер-ре­дак­тор» байқауында «Ұланның» жас тiл­шiсi, Жамбыл облысы, Жамбыл ау­даны, Ерназар ауылы, Б.Кей­киев атындағы мектептiң 11-сы­нып оқушысы Досжан Бала­бек­ұлы бас жүлденi иеленiп, белгi­ленген қос гранттың бiрiн жеңiп алды!

Бала жасынан жазуды серiк еткен Досжан болашақ өмiрiн де баспагерлiкпен байланыстыруды көздеп жүр. Ол макетiн де өзi сы­зып, материалдарын да өзi дайын­дап, мектеп жанынан «Жас биолог» деген түрлi-түстi газет шы­ғарып ке­ледi. Байқау талаптарына сәй­кес, Досжанның шығармасы да, ди­зайнерлiк жұмысы да, ауызша сұх­баттасуы да қазылар көңiлiнен шықты. Сөйтiп, жас тiлшiмiз өз болашағына жарқын жол салды. Ендi ол мектеп бiтiр­гесiн, елiмiздегi ең мәртебелi уни­вер­ситетте ректор грантымен оқи алады. Жарайсың, Досжан! Iсiң iлгерi баса берсiн, елiңе, сыртқы жұрттарға атың мә­лiм баспагер болғайсың!

«Болашақ баспагер-редактор» байқауында елiмiзге белгiлi баспа­лар тағайындаған бiржылдық шәкiртақының екеуiн  «Ұлан­ның» белсендi тiлшiлерi иелендi. «Бiлiм» баспасының бәйгесiн оңтүстiкқазақстандық Заманбек Ман­сұров жеңiп алса, «Атамұра» баспасының шәкiртақысы ақсу­лық Елдос Тоқтарбаевқа бұйырды. Естерiңде болса, осы үш азамат та биылғы дәстүрлi «Журналист бол­ғың келе ме?» форумына қа­тыс­қан едi.

(“Ұлан”, №17. 26.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз