Жақсы бала Жолымбет,
Таусылмайды сұрағы.
Әкесінен бүгін кеп,
Жылқы жайлы сұрады.

– Бір сауал тұр мазалап,
Жауабы жоқ бірақ та.
Жүйрік, тұлпар, қазанат,
Барлығы да бір ат па?

– Тұлпардың сан тұрқы бар, –
Деді әкесі, – түрі көп.
Бөлінеді жылқылар,
Жүйрік, тапал, ірі боп.

Бабалардан, біл, күнім,
Жылқы деген мал қалды.
Арғы тегі жылқының –
Керқұлан мен тарпаң-ды,

Жүйрік жылқы көкжұлын,
Шабан жылқы жабы бар.
Бәрінің де біл сырын,
Үйірінен танып ал!

Сауранат пен қазанат,
Сәйгүлік пен арғымақ,
Текті тұлпар болғанмен,
Айырмасы бар бірақ.

Жайсыз жылқы – топыраш,
Жайлы жыллы – тобышақ.
Тұлпар түрі көп екен,
Зейін қойып, танысақ.

Мәстек дейді тапалын,
Жорық аты – ереуіл,
Жылқылардың атауын,
Өз орнымен бере біл!

…Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға
үйретілгенін дәлелдеді…

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан

БӘСІРЕ
(Ақселеу Сейдімбектің айтқаны)

Бәсіремді суарып,
Қайттан едім жағадан.
Қу ағаштай қуарып,
Келе жатты кәрі адам.

Тізгін тартып үлгердім,
Қардай аппақ пейілмен.
Аттан түсіп, жол бердім,
«Апа, өтіңіз» дедім мен.

Деді апам: «Қарама,
Жол сенікі, жорт балам.
Бәсірелі балаға,
Қария да тоқтаған.

Жолың ашық, қарағым,
Қайталама мұндайды.
Бәсірелі баланы,
Тоқтатуға болмайды».

Естен кетпес ол сезім,
Қандай ғажап жөн білген.
Қарияның сол ссзін,
Ұмыта алмай жүрмін мен.

Бүкіл әлем мақтаған,
Дәстүрі де әдемі.
Ата салтын сақтаған,
Қазақ қандай дана еді!

ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЗАНАТ

Бекер емес ол дағы,
Білмеймін не екенін.
Бәйге барсам болғаны,
Байыз таппай кетемін.

Сырын соның сұрадым,
Көсілді атам қанып бір.
– Жылқы менен, шырааым,
Қазақ деген халық бір.

Қабыл болып батасы,
Ұл туса егер мөлдіреп.
Масаттанған атасы,
«Атұстарым» келді деп.

Шырқап әлди өлеңін,
Апа, анасы көреген.
Бесігіне бөбегін,
«Құлыным» деп бөлеген.

Әке қамсыз жүрген бе,
Жиып түгел ой-қырды.
«Ат жалын тартып» мінгенде,
Ер жетті деп, той қылды.

Болғанда елдің панасы,
«Атқамінер» болды деп.
Үмітпенен қарады,
Қол жайып, ақ жол тілеп.

Бағзы күннен, біл, ұлым,
Жылқы менен ер – егіз.
Тұлпарларды, құлыным,
Төрге оздырып келеміз.

Құлагердей сәніміз,
«Маңмаңгердей» әніміз.
Тұғырында тұрғанда,
Асқақтаймыз әлі біз.

Мұңсыз болсын әр күнің,
Арғымақтай желіп өт.
Тектілігін жылқының,
Сен де өзіңе серік ет!

ЖЫЛҚЫ ЖАЙЛЫ ЖҰМБАҚТАР

Көрген бала күлімдейді,
«Сүп-сүйкімді түрің» дейді.
Енемнің мен еркесімін,
Мені бәрі … дейді.

(нылұҚ)

Төсін шарлап қырдың,
Тыпыршып мен тұрмын.
Бәйгеге де саймын,
Сұрасаң, атым …-мын

(йаТ)

Қане, кім тез табады?
Құлын жүнім бар әлі.
Бір жасқа да толмағам,
Мен боламын ….

(ығабаЖ)

Кекілімді күн сүйген,
Жалымды жел сүйген,
Бойымда бар шыдам,
Менің атым …

(нанұҚ)

Жүрісте көлікпін,
Жорықта серікпін.
Бәйгеде бөгелмеген,
Атым бар … деген.

(ненөД)

Қанатымын ердің,
Топтан озып келдім.
Бес жастағы жыллы,
… деген менмін.

(ітсеБ)

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз