Киілмей тұрған киімді не істейсіз? Біреуге бересіз, қоқысқа тастайсыз, өртейсіз, əйтеуір гардеробыңызды босатудың жолын табасыз. Ал сол киімді тігу үшін қаншама мақта өсіріліп, қаншама бояу қолданылып, қанша су жұмсап, қаншама құрылғы іске қосылып мата жасалады, қаншама адамның еңбек күші кетеді… Тоқтаңыз, осы жерде қоршаған орта, экология туралы ойланып көрдік пе? Жарайды, экология мəселесін айтып, миларыңызға салмақ салмай-ақ қояйық. Бірақ біздің ортамызда да ысырап жасамайтын адам көп. Солардың бірі – Павлодар облысының Ақсу ауданындағы Қызылжар орта мектебінде қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ беретін Аманжол Асенқызы апай. Ұстаздық етіп келе жатқанына 35 жыл болған. Жоғары санатты мұғалім.

Аманжол апай қысқарған, ескі киімдерді əжетке жарататын жан. Киілмейтін киімдерді қырқып, жіп жасайды. Одан түрлі бұйым тоқиды. Ендеше, Аманжол апаймен жақынырақ танысайық.

Аманжол апай 1992 жылы отбасымен Моңғолиядан Ақмола облысының Ерейментау ауданының Жолбасшы ауылына келісімшарт бойынша жұмыс істеуге келеді. «Ол кезде отызға толмаған жас едік. 1997 жылға дейін Жолбасшыда жұмыс істедім. Туыстарымыз Қызылжарда тұратындықтан кейіннен осы жаққа қоныс аудардық. Бастапқыда бастауыш сынып балаларына сабақ бердім», – дейді ұстаз.

Мектебімізде этнографиялық мұражай жасадық

Ары қарайғы əңгімеміз апайдың өнері туралы өрбіді:

– Ата-бабаларымыз техника дамымай тұрған кезде немен айналысты? Мал
шаруашылығымен, қолөнермен өмір сүрді. Моңғолиядағы қазақтар қыз бала туыла сала кесте тігуді, сырмақ салуды үйретеді. Ана мектебінен, əже мектебінен өтеді. Мектеп бағдарламасында еңбек сабағы екі-үш сағат. Ол жерден көп нəрсе үйренбейді. Үйде көргенін істейді. Жас кезімде жан-жақты болыппын. Биге қатыстым, əн де айттым, жеңіл атлетикадан жарысқа да баратынмын. Ашуланған кезде отыра қалып тоқыма тоқимын, мұңайғанда ою оям. Бір оюым бір оюыма ұқсамайды. Менің сол сəттегі көңіл-күйімнің, ойымның жемісі ою болып түседі. Қолөнер үйрену үшін ешқандай мектеп оқымадым. Ананың тəрбиесін алдым.

Мұғалім шығармашылық адамы болу керек. Мысалы, математикадан балаларды санатып үйрету үшін қағаздан түрлі гүлдер, оюлар, құстар мен аңдардың суретін салып қиятынмын. Осылай əр сабаққа дайындалу арқылы қолөнер хоббиім емес, мамандығыма айналып кетті. Мұғалімдікті оқығанда «сендер актриса да бола білулерің керек» деп оқытты. Сабақ түсіндіргенде көңіл-күйді құбылтып түсіндірсең, балаға да қызық. Бірсыдырғы дауыспен сызып өте шықсаң, бала жалығып кетуі мүмкін. Жиырма жыл бастауышта сабақ беріп, соңғы он бес жылымды қазақ тілі мен əдебиет пəніне арнадым. Төрт баламен жағаласып
жүріп қазақ тілі мен əдебиет пəнінің мұғалімі деген мамандықты оқып алдым. Кішкентай балалармен жұмыс істеген қатты ұнайтын. Солтүстік өңірде қазақ тілінің жəйі белгілі ғой… Қазақ тілі мен əдебиеті пəні арқылы баланың бойына əдет-ғұрып,
ұлттық құндылықты сіңіресің. Балаларды қалайда қазақы салт-дəстүрде тəрбиелеймін деген мақсат қойдым. Теориялық тұрғыдан оқытқаннан балалардың қазақы болып шықпайтынын сездім.

Бұрын мектепте кішігірім көрме болған екен. Оны қазақ тілінен сабақ берген бір мұғалім жасапты. Сол кісінің ісін жалғастырдым. Қазір мектебімізде 65 шаршы метр аумақта этнографиялық жəне тарихи өлкетану мұражайы бар. Оның ішіндегі заттардың көбін балалармен бірге жасадық. Ши тоқу, ою ою, кесте тігу, сырмақ жасауды үйретемін. Қазір жүн жоқ. Сырмақты фетрмен жасаймыз. Ол үшін маған ешқандай ақы төленбейді. Өзім де ештеңе сұраған жоқпын. Өйткені өзім білетінді балаларға үйреткім келді. Балаларға əдебиеттен сабақ түсіндірген кезде қазақы атауларды білмей, дене мүшелерін ажырата алмай жатады.

Ауыспалы мағынадағы сөздерге келгенде тіпті қиналады. Мұның бəрі жаныма батады. Мектепте үйірме ретінде сабақ жүргіземін. Жетпістен аса бала келеді. Онда балаларға жыр жаттатқызып, көркем сөз оқуға, өлең жазуға баулимын. Құдайға шүкір, жəй мектеп болсақ та, қазір облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлделі болып жүрміз. Оқушыларым үйірмеге келгенде теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да бірдеңе үйренсе деймін. Жетпіс балаға қазақ тілі мен əдебиетінен бөлек, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретем. Осындай жұмыс істеу арқылы жаным рақаттанады. Анамның үйреткенін басқаға үйреткім келеді. Масқара болғанда, қазіргі балалар түйме қадауды білмейді. Кесте тігіп, ою оймаса да, тым болмаса түймесін қадап, жыртығын тіге алатын болса деймін.

Тоқыма жіптерінің құпиясы

Қазір тоқыма тоқитын жіп қымбат. Мен тоқыма жіптерін қайдан аламын? Мысалы,
қазіргі киімдер тез созылып кетеді. Созылған немесе қысқарған киімдерді балаға
кигізбей жатамыз. Балалардың қысқарған киімдерін бұрын таныстарыма беретінмін. 5-6 жылдан бері бермейтін болдым. Өйткені біреудің киімін біреу кигісі келмейді. Балаларымның қысқарған жаңа киімдерін таныстарыма киіп тастасын деп берсем, есігінің алдында еден сүрткіш болып жатады. Қысқарған, кимейтін киімдерді 2-5 сантиметр етіп айналдыра қырқып жіп жасаймын. Одан түрлі бұйымдар тоқуға болады. Мысалы, есіктің алдына төсейтін алаша тоқитын болсам, қалыңдығын 5 сантиметр етіп қиямын. Диванға, орындықтарға арналған төсеніштер тоқитын жіпті 2 сантиметр етіп қиямын. Бастапқыда оюлы алаша тоқығым келген. Бірақ оным сəтсіз шыққасын, кемпірқосақтар тоқи бастадым. Мұның бəрін кимей қойған киімдерді кесіп істеймін. Ал кейбір трикотаж материалдардың жіптері тарқатылады. Оны тарқатып аламын. Оны мектепке алып келіп, балаларға тоқыма тоқытып үйретемін.

«Балалар, мен сендерге үнемі жіп бере бермеймін. Үйде кимей қойған жемпірлерің болса, осылай жібін пайдалануға болады», – деймін. Қазір өз балаларым есейіп кеткендіктен, үйде жолдасым екеуміз ғана тұрамыз. Күнұзақ мұражайдан шықпаймын. Оқушыларға білгенімді үйретіп жүре берем.

Алғашқы кезде тоқыма тоқитын бізді жолдасым алюминий қасықтан істеп беретін. Қазір Қытайдан келетін неше түрлі біз бар. Солармен тоқимын. Бұрын келген қонақтың астына көрпеше салсам, қазір əр адамның астына жастықша секілді көпшік істеп қоямын. Оның ішіне поролондарды қиып саламын. Отырғанда мамық болады. Үйге келген қонақтар көпшіктерді қайдан алғанымды сұрап жатады. «Мен істедім» десем сенбейді. «Таңертеңнен кешке дейін мектепте жүріп қалай үлгересің?» – дейді. Мұндай жұмыстарды істегенде беріліп кетіп, тіпті ұйықтауды ұмытып кетем. Кейбір ата-аналар маған алғыс айтады. «Сізге рақмет, қызым есіктің алдына, жуынатын бөлмеге, əжетханаға төсеніш тоқып қойды», – деп жатады. Сондай кезде қуанамын.

Оқушыларым киіз үй жабдықтарын тігіп шықты

Биыл республика көлемінде бүкіл мектепте «Шаңырақ» ғылыми жобасы өтті. 6 ай бойы қолдан киіз үй істедік. Қаңқасын темірмен дəнекерлеп жасадық. Киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын ұлдар еңбек пəнінің мұғалімі Асқар Ақановпен бірге істеді. Ағашпен істеуге құралдарымыз болмады. Сол киіз үйдің жабдығын оқушы қыздармен өзіміз тігіп шықтық. Қыздар ою ойды. Бесікке, төсекке арналған жабдықтарды, түңдікті, керегені жабатын жабуларды тікті. Шартында балалар киіз туралы толық мағлұмат біліп, қолында бар құралмен соны жасайды. Шарт бойынша биіктігі 1,5 метр болуы керек болған. Алайда оған қараған жоқ.

Ай сайын 10 мың теңге ақшамды балалардың байқауларға қатысуына жұмсаймын. Кейде айына 7-8 баланы байқау ға алып барамын. Мысалы, Абай мен Шəкəрімнің 115 қара сөзі мен өлеңін жаттап барған балаға сол жаттаған 115 шығармасын кітап формасында шығарып апару керек. Осындай ұсақ-түйектің бəріне ақша кетеді. Қарапайым отбасының балаларына бұл кəдімгідей салмақ. Алайда балаларды жарысқа алып барғанымыз үшін бізге ешқандай іссапар шығыны төленбейді.

Жасаған дүниемді сатып көрмеппін

 «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы «Бастау» бағдарлама аясында
6 пайызбен несие береді. Қолыңыздан іс келеді. Несие алып, кəсіп бастау
жағын ойламадыңыз ба?» деп сұрадық.

«Ол жайында жақсы білемін. Мен де жеке кəсіп ашқым келген. Алайда мемлекеттік мекемеде істегендіктен бізге қосымша ақша табуға болмайды екен. «Бастау» бойынша несие алу үшін жұмыссыздар санатында болуың керек. Əзірге мұғалімдікті, балалармен жұмыс істеуді қимай жүрмін. Зейнетке шыққасын жеке кəсібімді ашатын шығармын. Əзірге жасаған дүниемді сатып, пайда тауып көрмеппін. Туысқандарға құдалыққа барарда қоржын, тойбастар тігіп беремін, сыйлық ретінде. Көрпе тігу, құрақ құраудың түр-түрін істеймін. Қазір киім тігуден кішкене алыстап бара жатырмын. Бұрын таза теріден неше түрлі сырт киім тігетінмін. Қазір жоқтан бар жасаймын. Ескі тондарды тастамай, шолақ жеңді сырт киімдер тігіп қоямын. Оны ауыл-аймақтағы балаларға берем. Кейбірі мəз болып киіп алса, кейбірі кимейді. Балаларым: «Мама, соларды ақшаға сатсаңыз да болады ғой», – дейді. Ал мен оны өз оқушыларыма беремін. Көз алдымда жарқыратып киіп жүрсе, қуанамын.

Оқушы кезімде қолғаптың, шұлықтың түр-түрін тоқып алатынмын. Студент болғанда көйлек, юбка сатып аламын. 2-3 ай өткенде, соны қайта сөгіп, жаңа сəнмен тоқып киетінмін», – дейді.

Р.S. Аманжол апайдың істеп жатқан жұмыстарына риза болдық. Жеңіл өнеркəсіпті қолдауды қолға алсақ, біздің елде де қолынан іс келетін ісмерлер көп. Соның жарқын мысалы қолөнерші апайымыз. «Еңбек пəнінің мұғалімі болмасам да
оқушыларыма ұлттық құндылықты үйретуді мақсат еттім. Үйренгісі келген ересек адамдарға да тегін үйретемін. Бұл менің ұлтыма, ұлт құндылықтарына деген сүйіспеншілігім», – дейді.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз