Қазір жасөспірімдер мен жастар бір-бірімен сүйісіп амандасуға бейім. Жаңадан келген қыз немесе жігіт топ болып тұрғандардың əрқайсысының бетінен сүйіп шығады. Келесі келгені де солай. Бұлай амандасу оғаш көрінбегенімен, одан ауру жұғуы мүмкін. Өйткені адамның ауыз қуысында, бетінде микробтың қаншама түрі бар. Дəрігердің айтуынша, олар тіршілігін сақтап, ары қарай өмір сүру үшін əрдайым сау ағзаға ауысып отырады. Жақында осы тақырыпта педиатр-инфекционист Перизат Сəрсенмен əңгімелескен едік. Маман бізге сілекей арқылы жұғатын аурудың түрлері мен қаупі туралы айтып берді.

– Перизат, қазір беттен сүйіп амандасу қалыпты нəрсеге айналып кетті.
Санитарлық-гигиеналық талап тұрғысынан бұған қандай баға бересіз?

– Маман ретінде сүйісіп амандасуды жеке бас гигиенасын бұзу деп есептеймін. Өйткені біз өмір сүріп жатқан орта таза емес. Көшелеріміз лас, кез келген жерде қоқыс жатады. Бұдан ауа ластанып, ұсақ-түйек жəндіктер микроб таратады. Осылайша түрлі ауру тарайды. Кей адамдар жеке бас тазалығына мүлдем көңіл бөлмейді. Оны өздері ескермейді. Сөйтіп басқа адамның бетінен сүйеді немесе бір-бірімен сүйіседі. Мұндай кезде ол өзінің ауыз қуысындағы микробы мен түрлі ауруын басқа адамға жұқтырады. Микроб тұқымын сақтап, ары қарай өмір сүру үшін əрдайым ауру ағзадан сау ағзаға ауысып отырады. Аурудан сақтану үшін адам ең алдымен жұқпалы ауру микробы қандай жолмен берілетінін білу қажет.

– Жұқпалы аурудың микробы адамға қандай жолмен беріледі?

– Инфекция тек сүйісу кезінде жұқпайды. Ол адамға түрлі жолмен берілуі мүмкін.
Көбіне ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде немесе жөтелгенде сілекей жəне қақырық шашырандылары ауаға тарайды. Əрине, оның ішінде түрлі микроб болады. Осы ауамен сау адам дем алғанда микроб оның ағзасына түседі. Сонымен бірге шыбын-шіркей, кене, тышқан сияқты жəндіктер шаққанда немесе тістегенде де инфекция тарауы мүмкін. Өйткені осы жəндіктердің ағзасы микробтың өсіп, көбеюіне қолайлы. Сонымен бірге тазалық сақтамаған кез келген жерде жұқпалы аурудың микробы тарауы мүмкін.

– Сілекей арқылы адам қандай ауру жұқтырады? Соларға жеке-жеке тоқталсаңыз…

– Сілекей арқылы бəріміз білетін қарапайым тұмаудан бастап бірнеше ауру жұғуы
мүмкін. Герпес (ұшық) – вирусты аурулардың ең көп тараған түрі. Бұл ауру адамға оңай жұғады. Герпеспен ауыратын науқаспен жақын қарым-қатынаста болу немесе оның қолданған жеке заттарын пайдаланудың өзі вирусты жұқтыруға себеп болуы мүмкін. Герпес вирусымен ауырғанда қызыл иек пен ерінге, ауыз қуысына, тамаққа бөртпе шығады. Ол екі аптаның ішінде кетпесе немесе жара көзге жақын орналасса, міндетті түрде дəрігерге қаралу қажет. Герпесті дереу емдемесе, ауру созылмалы жəне қайталамалы болуы мүмкін. Ауыздың қайталамалы герпестік қабынуы ұзақ уақытқа (10-15 жылға дейін) созылады. Герпес вирусымен ауыратын адамға өзгемен сүйісу бетінен сүйіп амандасуына болмайды. Сілекей арқылы жұғатын аурудың тағы бір түрі –мононуклеоз. Бұл вирус «сүйісу ауруы» деген атпен белгілі. Ол кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ 15-17 жас аралығында жиі кездеседі. Мононуклеоздың алғашқы белгілері вирустық ауруға ұқсайды. Ауру 10 күн нен ұзаққа созылса, іштің ауырсынуы пайда болып, тыныс алу қиындаса, бас пен тамақ қатты ауырып, бадамша безінің көлемі ұлғайса, көздің ағы мен тері сарғыштанып, əлсіздік пайда болса, міндетті түрде дəрігерге қаралу керек. Мононуклеозды дер кезінде емдемесе, ауру асқынып кетуі мүмкін. Соның кесірінен сарыауру, аталық бездің қабынуы (орхит), менингит, атаксия (бақылауға келмейтін қимылдар), бет жүйкесінің уақытша жансыздануы (Белл параличі), бөрткен сияқты басқа да аурулар пайда болады. Тіпті, мононуклеозбен ауырған кезде
адамның иммун жүйесі əлсіресе немесе көкбауырға қысым түсіп, жарылса, өліп те кетуі мүмкін. Осы ауруға шалдыққан адаммен ыдысты ортақ қолдануға жəне сүйісуге болмайды. Сонымен бірге сүйісу арқылы А гепатиті, мерез сияқты аурулар да жұғуы мүмкін.

А гепатиті – бауырды зақымдайтын вирустық инфекция. Ол көбімізге сарыауру деген атпен белгілі. Вирус бірінші адамнан екінші адамға дəрет, лас су мен азық-түлік, жыныстық қатынас арқылы тарайды. Санитарлық гигиена үшін сарыаурумен ауыратын адам барлық затты жеке пайдалануы керек. Дəретін көміп немесе жағып жіберу керек. Əрдайым өзін таза ұстауы қажет. Бұл кезде мүшеқаппен болса да, жыныстық қатынасқа түспеу керек. Тіпті, сүйіспеген дұрыс. Ал оған күтім көрсететін адам барынша сақ болуы керек. Оған жақындаған сайын қолды мұқият жуу маңызды.

Мерез (сифилис) – жұқпалы созылмалы ауру. Ол тек адамда болады. Көбіне жыныстық қатынас арқылы жұғады. Кейде осы аурумен ауырып жүрген
адаммен сүйіскенде, оның пайдаланатын ыдыстарын, ерін бояуын, сүлгісін пайдаланғанда, бір темекіні шеккенде де жұғуы мүмкін. Ауру алғаш пайда болғанда ерінге, жыныс мүшесіне жаралар шығады. Біршама уақыт өткен соң дененің кез келген жері бөртіп кетеді. Мерезбен ауырған адам өз бетінше ем қабылдамай, дəрігерге көрінуі қажет. Əйтпесе, ол вирусты жанындағы басқа адамдарға да жұқтырады. Ауру асқынып кетсе, адамның ағзасы мүлдем əлсіреп, ми мен жұлынның жұмысы бұзылады. Адам сал болып қалады, көзі көрмейді. Осы аурудың кесірінен жүрек, бауыр, өкпенің қызметі нашарлайды. Сонымен бірге асқазанның ойық жарасы да сүйісу кезінде жұғуы мүмкін.

 

– Кейде үйге келген қонақтар кішкентай баланы иіскеп, бетінен сүйіп жатады. Бұл дұрыс па?

– Жас нəрестенің бетінен немесе ернінен сүю оларға бактерия жұқтырады. Жас сəбидің инфекциялық процестен өтуі қайда қиын. Өйткені олардың иммунитет жүйесі əлі толық қалыптасып үлгермеген. Олар ағзаға түскен кез келген қоздырғышқа қарсы күресе алмауы мүмкін. Кезінде қазақ халқы жаңа туған сəбиді 40 күнге дейін көпшіліктен оқшау ұстаған. Бұл бекер емес. Сондықтан əрбір ата-ана жаңа туған сəбиге сақтықпен, қамқорлықпен қарауы керек. Əсіресе, бала ұйықтайтын бөлменің тазалығына көп көңіл бөлу маңызды. Күн сайын дымқыл тазалық жүргізіп, ауасын алмастырып отыру керек. Өйткені таза ауа мен күн сəулесі сəби денсаулығының тез нығаюына, өсуіне жақсы əсерін береді.

– Сүйісу кезінде жұғатын инфекциядан сақтану үшін не істеу керек?

– Мұндай инфекциядан сақтанудың арнайы қорғаныс шаралары жоқ. Бірақ əр адамның денсаулығы мен өмірі – өз қолында. Денсаулығыңызға бей-жай қарауға болмайды. Сүйісу мен сүйіп амандасудан жұғатын инфекциядан қорғанудың бірден-бір жолы – жеке бас тазалығын сақтау. Егер ауыз қуысында немесе ерінде зақымдалған ашық жаралар болса, ол кісіге сүйісуге немесе өзгенің бетінен сүюге болмайды. Өйткені ол өзінің инфекциясы мен жұқпалы ауруын өзге адамға жұқтыруы мүмкін. Сонымен бірге ауыз қуысын, тісті жиі тазалап отыру маңызды.

Жазып алған
Мейірман ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз