Сәуір – қазіргі григориан күнтізбесінің төртінші айы. Қазақтың ескіше күнтізбесінде екінші ай және ол ескішеде «көкек» деп аталған. Қазақ түсінігінде бұл құс жақсы аталмайды. Сондықтан арабтың сәуір сөзімен алмастырса керек. «Сәуір» араб тілінде өгіз деген мағына береді. Осы кезде күн өз орбитасындағы «өгіз» деп аталатын шоқжұлдыздар тұсынан өтеді.

Ал сәуірдің орысша, ағылшынша «апрель» атауы латын тілінен аударғанда «ашылу», «күн нұрына шомылу» деген мағынада қолданылған. Яғни Еуропа халқы үшін сәуір айы бүкіл тіршіліктің көктейтін уағы саналады. Қазақ түсінігінде де «сәуір болмай – тәуір болмас» деген сөз қалған.
Сонымен, әдетімізше назарларыңызға сәуір айындағы тарихи оқиғалар легін ұсынамыз.

1 сәуір

Өздеріңізге белгілі, 1 сәуір халықаралық күлкі күні немесе «ақымақтар күні» ретінде атап өтіледі. Байқасаңыз біздің де, осы мерекені барынша тойлайтын Ресей, Германия, Франция секілді елдердің де күнтізбесінде бұл күн ресми мерекелер қатарында емес. Бірақ бүкіл халық дастарқан жасап тойламаса да бір-бірімен әзілдесіп, алдап соғып, өз-өздерімен қызық қуып жүреді.

Бұл мерекенің тарихын әркім әртүрлі тара-тады. Ежелгі заманнан бастап тойланғаны туралы теорияда мереке тарихын көктем мере-кесінің күн жылынған сәуір айында тойлануымен байланыстырады. Бұл күні халық көтеріңкі көңіл-күймен көшеге шығып, бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп отыратын болған. Міне, осы халық санасындағы мереке ұшқындары әлі күнге жалғасын тауып келеді.

Ал екінші болжам бойынша мереке орта ғасырлардан бастау алады. Еуропа көше-лерінде осы күні карнавал өткізіп, той тойлаған. Мереке тамырын Ежелгі Римнен де бастайтындар бар. Олардың пікірінше, Рим империясында да «ақымақтар күні» көктемде атап өтіледі екен. Қай бол-жамды алып қарасақ та, мерекенің тамыры тереңде екенін аңғарамыз.
Бұл күні қарапайым адамдар былай тұрсын, танымал адамдар да, тіпті тұтас әлем алданған жағдайлар кездесіп жатады. Солардың ішіндегі ең қызығы В.И.Лениннің мүрдесіне байланысты болса керек.

1995 жылы «Irish Times» газетінде атақты «Диснейленд» ойын-сауық компаниясының басшылығы Кеңес өкіметінің негізін қалаушы В.И.Лениннің мавзолейдегі мүрдесін сатып алуды көздеп отырғаны туралы мақала жарық көреді. Бұл жаңалық тарихшылар мен саясаткерлердің жағасын ұстатты. Мақалада Ресей мемлекетінің тиісті органдары мен «Диснейленд» компания-сының басшылығы кездесіп, ақылдасқаны туралы да жазылған. Газет тілшісінің сөзінде Кеңес өкіметі көсемінің мүрдесімен «Диснейленд-те» жаңа аттракцион ашылуы тиіс екен. Бірақ шулаған тарихшылар мен саясаткерлер «Irish Times» газетінің бұл саны жарық көрген уақыт 1 сәуір екеніне назар аудармаған еді.

2 сәуір

Әлемдік киноиндустрияда халық жүрегінен орын алған фильмдер баршылық. Бірақ танымалдық жөнінен Джеймс Кэмеронның 1997 жылы жарыққа шыққан «Титаник» фильмімен таласары аз. Бұл фильм өз кезеңін былай қойғанда, бүгінгі күнге дейін биігінен түскен жоқ. «Титаник» – Оскар сыйлығының 9 номинациясын жеңіп алған санау-
лы фильмдердің қатарында тұр. Сонымен қатар 1997 жыл-ға дейін түсірілген фильмдер ішінде 1,8 миллиард доллар ақша жинаған, түсіріліміне 200 миллион доллардан артық ақша жұмсалған тұңғыш фильм. Бұл кино саласындағы рекордтардың барлығын Джеймс Кэмерон 12 жылдан кейін «Аватар» фильмі арқылы қайта жаңғыртты.

Бәрімізге таныс киноның бізге таныс емес тұстары да жетерлік. Мысалы, «Титаник» кемесін жасауға кеткен ақшадан гөрі киноны түсіруге кеткен қаражат көп. Киноны түсіруге 200 миллион доллар жұмсалса, кемені құрастыруға 7,5 миллион, бүгінгі күнгі есеппен 150 миллион доллар жұмсалған.

«Титаник» фильмінің саунтрегі болған «My Heart Will Go On» әні де осы фильмінің арқасында әлемге танымал компози-цияға айналды. Бірақ бұл ән орындаушысы Селин Дионға мүлде ұнамаған. Оның үстіне режиссер Джеймс Кэмерон да алғашында ешқандай музыка қолданбауға шешім қабылдаған екен.

Киноның жанкүйер көрермендері әр кездесу сайын режиссерден негізгі кейіпкер Джектің Роза жатқан ағаш сынығының үстіне шығып, бірге аман қалуына болмас па еді деп көп сұрайтын көрінеді. Бұл сұраққа ашуланатын Джеймс Кэмерон бір сөзінде: «Кино сценарийінің 147-бетінде негізгі кейіпкер өлуі керек деп жазылған. Бәрі түсінікті», – деп жауап берген екен.

Джектің аман қалуға мүм-кіндігі болғанын Англиядағы мектеп оқушылары да дәлел-деді. Олар дәл Роза жатқан ағаш бөлігінің екі адамның салмағын көтере алатынын эксперимент нәтижесінде аңғарған.

Тағы бір қызық дүние, Роза үстіне шығып аман қалатын ағаш сынығы «Титаник» кемесіндегі камин үстіндегі ағаштың дәлме-дәл көшірмесі. Ал бұл ағаштың түпнұсқасы Галифакс қаласының музейінде сақталып тұр.

2 сәуір әлем көрерменіне «Титаник» фильмінің негізгі идеясын сыйлаған, Атлант мұхитында алғашқы және соңғы сапарында су түбіне кеткен «Титаник» лайнерінің төсін тұңғыш рет теңіз суына сипатқан күні. 1912 жылдың 2 сәуірінде «Титаниктің» алғашқы сынағы өткен еді.

6 сәуір

Жер бетінде 8 миллиардқа жуық халық бар. 200-ден астам мемлекет бар. Басы біріге қоймайтын секілді. Бірақ әр екі жыл сайын бүкіл әлем халқының әңгімесі екі мәселе төңірегінде түйіседі. Біріншісі жазғы олимпиада ойындары. Екіншісі – футболдан әлем чемпионаты. Дегенмен футбол чемпионатының шеңбері тарлау. Ал жазғы олимпиада ойындарына бүкіл әлем телміреді.

Олимпиада ойындары ең көп Лондонда өткен. 1908, 1948, 2012 жылдары. 1944 жылы да негізінен Лондонда өткізу жоспарланған болатын. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыс кесірінен бұл олимпиада өткен жоқ. Қызығы, олимпиада ойындарының тұңғыш ашылуы да Лондонда өтеді деп жоспарланған екен. Бірақ конференцияда сөз алған Деметриус Викелас тұңғыш олимпиада ойындарын Грекия жерінде өткізу символдық тұрғыда дұрыс көрінетіні туралы мәселе көтерген. Өйткені б.з.д. 776 жылы басталған бұл ойындар Грекияның территориясындағы құдайлар тауы аталатын Олимп етегінде өтетін болған. б.з.д. 776 жыл мен б.з. 393 жылдары арасын-да олимпиада ойындары 293 рет өтеді. Бүгінгі біз қолданатын «олимпиада» атауы да осы «Олимп» тауының атымен байланысты.

1894 жылдың 23 маусымын-да барон Пьер де Кубертен Халықаралық Олимпиада комитетінің тұңғыш отырысын өткізіп, антикалық олимпиада ойындарын халықаралық деңгейде өткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен тұңғыш олимпиада 1900 жылғы халықаралық Париж көрмесі қарсаңында өтуі тиіс еді. Бірақ мәселе көтерілгенін естіген халық ұзақ күткісі келмейтінін ойлаған комитет 1896 жылы Афинада өткізуге келісті.

1896 жылдың 6 сәуірі күні Афинаның орталық алаңында 80 мың халық жиналып, әлемнің 49 мемлекетінен келген спортшыларды қарсы алды. Тұңғыш олимпиада ойындары осылай 6 сәуірде басталған еді. Бүгін оның жасы 123-те.

12 сәуір

Кеңес өкіметін кемсітушілер бұл саяси режимге бағынған елді «сенбілік мемлекеті» деп атайды екен. Расында кеңестік кезеңде сенбіліктер көп ұйымдасты-рылды. Ал Кеңес өкіметін мақтаушылар тұңғыш ғарышты бағындыруын алға тартады. Бір қызығы осы екі тарихи оқиға бір күнде болған. 12 сәуір. Тек жылдары басқа.

Қызыл өкіметте ұйымдастырылған тұңғыш коммунистік сенбілік 1919 жылы 12 сәуірде өтті. Дәл осы күні араға 42 жыл салып Ю.Гагарин Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшты.
Бүгінгі ғалымдардың сөзіне сенсек, ғарышкерлер тарихында дәл алғашқы сынақтай сынақ болған емес. Өйткені ғарышта адамды не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Сондықтан алғашқы жиналған 3000 адамды барынша сынақтан өткізіп, ұшу қарсаңында 3-ақ адам қалады. Соңғы сәтке дейін кімнің ұшатыны белгісіз болған. Гагарин, Нелюбов, Титов. Таңдау Гагаринге түсті. Оның артынан «Восход 2» ғарыш кемесінің экипаж құрамына Герман Титов кірді. Кезек Григорий Нелюбовқа келгенде Америка мен Кеңес өкіметінің арасында ғарыш кеңістігіне бірінші әйелді шығару тұрғысынан жарыс басталып кеткен еді. 1963 жылы Валентина Терешкова алғашқы ғарышқа көтерілген әйел ретінде тарихта қалды.

Өміріне айналған арманының өзінен алыстап бара жатқанын Григорий Нелюбов жақсы сезінді. Ғарышкерліктің бүкіл сынағына төзген ол өмірдің психологиялық сынағына төзе алған жоқ. Ащы су ұрттаса басшылықпен ерегесетін әдет тапты. Сол үшін әскер қатарынан, кейіннен ғарышкерліктен де қуылған еді. Бірақ оны ғалым, ғарыш кемесін құрастырушы Сергей Королев жақсы көретін. Талантын жоғары бағалайтын. 1965 жылдан 1966 жылға өтер жаңа жыл мерекесінде ғарышкерлер ортасына Нелюбов те шақырылады. Аяз ата рөлін ойнап, барлығына қапшығынан сыйлық таратқан Сергей Королев Григорий Нелюбовке ғарышкер мүсінін сыйлаған еді. Бұл көңілін демейін дегені. Сол күннен бастап ғарышкер арманының орындалатынына сене бастаған. Бірақ 1966 жылдың 14 қаңтары күні Ю.Гагаринді ғарышқа алып ұшқан тұңғыш ғарыш кемесін құрастырған Сергей Королев өмірден өтті. Араға ай салып ғарышқа ұшпаған ғарышкер Григорий Нелюбов үйінен шығып жүре берген. Бағыты – теміржол. 1966 жылы 18 ақ-панда ол өмірден асығыс аттанды. Айтпағымыз оның өлімі емес, өмірі. Оның мамандығына деген махаббаты.

24 сәуір

Кеңес өкіметі кезіндегі ауылдан қалаға барып келген балалардың айтатын екі әңгімесі болатын. Біріншісі – балмұздақ. Екіншісі, газдалған су. Алғашқысын ауылдан да анда-санда жеуге болар, бірақ екіншісі елде таптыра қоймайтын дүние емес пе.
Газды судың екі түрі бар. Табиғи және жасанды.

Табиғи газды су адам денсаулығына өте пайдалы. Бұл мәселеге Гиппократ еңбегінің тұтас бір тарауын арнаған. Ол өз емделушіле-ріне газды суды ішу былай тұрсын, оған шомылуға кеңес берген. Табиғи бастаулар-дан шығатын газды суды бөтелкелермен сату XVIII ғасырда басталды. Бірақ, ол өте қымбат тұратын және газы жылдам шығып кететін еді.
Сондықтан, кейінірек суды жасанды жолмен газдауға ғалымдар біршама талпыныс жасап көрді. Ал ең бірінші тарихтағы жасанды газдалған су ағылшын химигі Джозеф Пристлидің қолынан шық-қан. Бірақ Джозеф Пристли әлем тарихында оттегіні ашқан ғалым ретінде қалып, суды алғаш жасанды жолмен газдалғаны туралы көп айтыла бермейді. 1767 жылғы ғылымдағы осы жаңалықтан кейін швед өнертапқышы Тоберн Бергман суды газдайтын арнайы аппарат ойлап тауып, көпшілік қолданысқа енгізді. Осы құрал негізінде жер бетіндегі тұңғыш газдалған сусын шығаратын «J.Schweppe&Co» компаниясы пайда болған.

Бір қызығы, XVIII ғасырда пайда болып, Еуропада қолданысқа ене бастаған газды су араға алпыс жыл салып АҚШ-та тұңғыш рет 1833 жыл-дың 24 сәуірі күні патенттелді. Яғни 24 сәуір біз күнделікті қолданып жүрген газды сусынның ресми туған күні.

28 сәуір

Сталин қайтыс болғанда бүкіл халық болып қара жамылып, «көсем кетті» деп көпшіліктің жылағаны баршаға аян. Тіпті сол 1953 жылдары оқушы болған ата-апаларымызға мектепте жылауға тапсырма берілгені туралы да естідік. Бүкіл Кеңес өкіметі қара жамылды деп ойлаймыз. Бірақ тарихи шындық олай болмай шықты.

Қарапайым халық қара жамылып, жоқтап жатқан шақта Кеңес өкіметінің билігіндегілердің шампан атып, қуанып жатқандарын біреу білсе біреу білмейді. Бұл қуаныштың соңы жеке басқа табынуды әшкерелеуден бастап, бүкіл кеңес өкіметінің өнері мен өмірінің дамуына алып келген жылымыққа әкелді. Сталиннің жеке басы-на табынушылықты Хрущев 1956 жылғы Кеңес одағы Коммунистік партиясының ХХ съезінде көтерді. Ал бұл кезеңде Иосиф Сталиннің кенже ұлы Василий Сталин түрмеде жатқан болатын.

Міне, Сталинге деген қарсы-лық ол қайтыс бола сала екі ай өтпестен басталып кеткен еді.
Василий Сталин – Иосиф Сталиннің екінші әйелінен туған ұлы. Үлкен ұлы Яков Джухашвили соғыс кезінде неміс тұтқынында қаза тапқан. Көсемнің: «Қарапайым солдатты фельдмаршалға ауыстырмаймын», – деген атақты сөзі осы Яков тұтқынға түскен кезінде айтылады. Кенже ұлы да соғысқа өзі сұранып аттанады. Ол әскери ұшқыш болатын. Оның оқытушыларының айтуы бойынша, Василий теориялық оқуларды ұнатпаса да, практикалық жаттығуларда өте мықты болғанға ұқсайды. Ол соғысқа 1942 жылдың шілде айынан бастап қатысады. Әскерде бірге болғандар оның әкесінің кім екенін жасыруға тырысатынын айтады.

Соғыс біткен кездерде де ол әскер құрамында қызмет етіп жүреді. Әрине, әкесі өмірден өткенге дейін ғана. Мұртты көсем 1953 жылдың 5 наурызы күні өмірден қайтқан болса, сол жылдың 26 наурызында оны Қорғаныс министрі шақырып, Мәскеуден кетуін талап етеді. Шеткері облыстардағы ұшқыштар базасын басқару-ды тапсырған. Бұл бұйрыққа көнбеген көсемнің ұлы сол күні-ақ әскер қатарынан қуылып, өмір бойы әскери киім киюіне тыйым салынады.

Осы кездесуден кейін Василий Сталин Қытай елші-лігіне барып, өз әкесіне у бе-
ріліп өлтірілгені туралы хабар беріп, тексеріс жүргізуін өтінеді. Міне, оның басты қателігі осы жерден басталған еді. 1953 жылдың 28 сәуірінде Василий Сталин Кеңес өкіметінің басшылығына сенімсіздік танытқаны үшін тұтқынға алынып, екі жарым жыл тергеуде болған. Осы екі жарым жылдық тергеу соңында ол өзінің кінәсін мойындап, оған артылған айыптардың тіпті ақылға сый-майтын тармақтарына дейін келісетінін жеткізеді. 8 жылға кесілді.

1960 жылы қайта ақталып, бүкіл айыптаулар алынып, енді өмір сүре бастадым ба деген
кезінде сол жылдың 16 сәуі-рінде ол қайта ұсталып, жоғарыдағы айыппен түрмеге қайта жабылған. 1961 жылы ол түрмеден мүгедек болып оралды және Сталин деген
фамилиямен емес, Джухашвили деген төлқұжат берілді. Мәскеуде, Грузияда өмір сүруіне тыйым салынып, Қазан қаласына жер аударылған. 1962 жылдың 19 нау-рызы күні «алкогольдік улану» деген мінездемемен көз жұмды.

Тағдыры аяуға тұрады. Әкесінің ісі үшін баласы жауап бергені осы шығар. Бірақ осы жағдайды оқи отырып Кеңес кезеңіндегі билік пен халық арасындағы алшақтық таңғалдырады. Үлгі алатын, үлгі ететін дүние емес. Сондықтан білген абзал.

Дайындаған Д.Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз