Бүгінгі кейіпкерлерім – еліміздің əуе кеңістігін қызғыштай қорғап жүрген əскери ұшқыштар. Азамат, Райымбек, Заманбек есімді жерлес ағаларды білмейтін əжібайлық кемде-кем. Бір ауылдан ғана емес, бір көшеден түлеп ұшып, бүгінде
еліміздің түкпір-түкпірінде əскери авиация саласында адал қызмет етіп жүрген
ағалар қашанда көпке үлгі. Көк жүзін бағындырып жүрген ағалардан бұл мамандықты неге таңдағанын, ұшқыш болудың қызығы мен қиындығын сұраған едім. Ендеше, оқи отырыңыздар.

Инженер-ұшқыш Азамат Байболовтың əкесі:

Ұлымды өздері іздеп келді

Азамат Қадерұлы – Əжібайдан шыққан тұңғыш инженер-ұшқыш. Т.Бигелдинов атындағы Əуе қорғаныс күштері Əскери институтының түлегі. Бүгінде Алматы маңындағы «Боралдай» əскери қалашығында қызмет етеді. Алыстағы ағаның неліктен бұл мамандыққа түскенін, не түрткі болғанын білмекке ауылдағы Азамат ағаның əкесі Қадер ата мен Сайран əженің қарашаңырағына келіп тұрмын. Есікті Қадер ата ашты. Ұзақ жыл бойы көлік тізгіндеген атай бүгінде зейнеткерлікке шықса да газет жаздырып алып, кітап оқиды екен. Ұлдары туралы жазатынымды білгенде қуанып қалды. Атаның есте сақтау қабілеті мықты екен, қай күні не болғаны, кімнің не дегені, бəрі есінде. Алдыма бірнеше суретті альбомды үйіп тастады да, сұрақтарыма егжей-тегжейлі жауап бере бастады.

– 2002 жыл. Мамырдың он жеті-он сегіздері-ау деймін қателеспесем, күн батуға таяп, өрістен мал қайтатын уақыт. Бір кезде есік алдына бейтаныс көлік келіп тоқтады. Əскери комиссариаттан екен. Ұлымды сұрады. Алғашында балам бір нəрсе бүлдірді ме екен деп ойлап қалдым. Содан ұлым келгеннен кейін
барып білдім, əлгі адамдар Азаматты əскери оқуға шақыра келіпті. «ЗВОР»-дан (мектеп оқушыларына арналған əскери-далалық оқу-жаттығу) жақсы нəтиже
көрсетіп, көзге түскесін өздері-ақ келіп тұр ғой. Алдымен аудан орталығына,
кейін Оралға барып, ақыр аяғы Ақтөбедегі оқу орнында барлық емтихан мен тексерістен сəтті өтіп, оқуға өз күшімен түсті. Біресе өрт сөндіруші, біресе кеден
қызметкері болам деп жүрген ұлым, соңында авиация саласына топ ете қалды.
Өзім талай жыл шопыр болып, көлік жүргізген болсам, бүгінде ұлым əуе көлігін
тізгіндеп жүр,
– деді Қадер ата.

Кетер кезде үй үлкендерінен Азамат ағаның нөмірін сұрап алдым. Уақыт суытпай Азамат ағамен де тілдесудің реті келді.

– Бала кезімізде бəріміз аспанға ұшсақ, əуе кеңістігін бір рет болса да бағындырсақ деп армандаймыз ғой. Мен де солай армандағандардың бірі болдым. Алайда жоғары сыныпқа келгенде нақты осы мамандыққа барамын,
ұшқыш боламын деген ой болмады. Бəрі ойламаған жерден болды. Мені өздері
іздеп келеді деп ешқашан ойламаппын. Əскери адам болып, Отанға қызмет етуге
əзір болсам да, қай салаға барарымды əлі шешпеп едім. Ұзақ уақыт таңдау жасауға мүмкіндік болмады. Содан əскери авиация саласына бет бұрамын деп шештім. Оқу жүйесі қүрделі əрі темірдей тəртіпті қажет етеді. Алғашында жаңа ортаға сіңісіп кету, əскери тəртіпке мойынсұну қиын болды. Бірақ уақыт өте келе бəріне үйреніп кеттім.

Оқуды сəтті аяқтаған соң, бірден Алматыға аттандым. Қазір Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінің авиация бөлімінде инженер-ұшқыш боп қызмет
атқарамын. Отбасыммен əскери қалашықта тұрамыз. Ұшақтар мен тікұшақтарды
жөндеп, оларды ұшуға дайындау – біздің міндетіміз. Жұмыс барысында ұшақтың
ұшпай қалуы, ауа райының қолайсыздығы сынды кедергілер болып тұрады. Бірақ мұның бəрі мамандығын жақсы көретіндер үшін түк емес. Бір кездері таңдау
жасаудан қиналған болсам, қазір сол таңдауымның дұрыс екеніне көз жеткіздім,
– дейді əуе сақшысы.

Райымбек Зайдағалиев, инженер-электротехник, борт инженері:

…Физика, математика, шет тілін жақсы оқу керек

Біздің ауылда Зайдағалиевтер, дəлірек айтсам Карабалиндер отбасын білмейтін адам жоқ шығар. Осы бір қарапайым əулетті еліне еңбегі сіңген жандардың шаңырағы деуге толық негіз бар. Олай дейтін себебім – отбасының үлкені Берік ағай ұзақ жылдардан бері ауылдастарын жарықпен қамтамасыз етіп отырған аға электрик. Ал ауылымыздың аяулы қызы Сəуле Карабалина апамыз өлеңді жанына серік еткен ақын ғана емес, «Мəдениет саласының үздігі» де. Бұл əулеттің тағы бір ерекшелігі – қос бірдей əуе қыранының шығуында. Райымбек, Заманбек есімді ағалар Қарабалиндер отбасынан ғана емес, аудан көлемінен шыққан тұңғыш ағайынды ұшқыштар. Бала кездерінен аспан биігін бағындыруды көздеген ағайынды бауырлардың əңгімесі кімді болсын бірден үйіріп əкетеді. Осыдан бірер уақыт бұрын, ағайындылардың үлкені Райымбек Берікұлымен телефон арқылы сөйлескен болатынмын. Əңгіме барысында Райымбек ағаның қарапайымдығын, мамандығын шексіз сүйетінін аңғардым.

– Ұшқыш болып, көк жүзін бағындыру бала күнгі арманым болатын. Кішігірім ауылда өскесін ұшақты өз көзіммен көріп, аспан биігіне самғауды қатты каладым. Құр қиялға берілгенмен арман орындалмайды ғой. Ал арманға жету үшін əрекет
жасау керек. Мектеп бітіретін жылы арманымды ақиқатқа айналдыру үшін іздене бастадым. Қалай ұшқыш боламын, қалай оқуға түсемін, не істеймін деген сауалдардың төңірегінде біраз ізденіп, біледі-ау деген адамдардан сұрастырдым. Еңбегім еш кетпей, біраз мағлұматқа қанық болдым. Денсаулығым мен оқу үлгерімімді де естен шығарған жоқпын. Бала кезден жаныма серік болған арманымды қайтсем де жүзеге асырамын деген ой мені одан əрмен қайрай түсті. Содан Ақтөбеге оқуға түстім. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе
алмаймын,
– деді Райымбек аға.

Ұшқыш ағамыз əскери оқу орнына түсуге туысқандарымен қатар Алғашқы əскери
дайындық пəнінің мұғалімі Бақытжан Қалиұлының да сеп болғанын айтып өтті. Болашақ мамандығын меңгере жүріп көзге түскен кейіпкеріміз оқуды аяқтамай жатып Конституция күніне орай өткізілген шеруге жолдама алып, ҚР Қорғаныс министрінің арнайы алғыс хатымен марапатталған. Бұл жерлесіміздің жеткен жетістігінің бір парасы ғана. ҚР Қарулы Күштері мен Қорғаныс министрлігінің бірнеше төсбелгісімен марапатталып, Республика көлеміндегі ірі шерулерге қатысқан. Қазіргі таңда Райымбек Берікұлы Шымкенттегі авиациялық əскери бөлімде адал қызмет етуде.

– Оқуды аяқтаған жылы Шымкент қаласындағы №55562 авиациялық əскери
бөлімге жіберді, күні бүгінге дейін сол жерде қызмет етіп келемін. Жұмыс барысында парашютпен секіру, соғыс жағдайына бағытталған оқу-жаттығу шаралары жиі өтіп тұрады. Іссапарға да жиі шығып тұрамыз. Мамандығымның арқасында еліміздің барлық өңірі мен алыс-жақын шетелдерге табаным тиді.

Райымбек аға еліміздегі əскери авиация саласының күн санап дамып келе жатқанын да тілге тиек етіп, бүгін жаңа деген техниканың ертең ескіріп қалатынын да айтты. Одан бөлек көк тарланы ұшқыш болам деген талапкерлерге өз ақылын айтуды да ұмытпады.

– Ұшқыш болуға ниетті талапкер бірінші кезекте денсаулығына немқұрайды
қарамай, үнемі спортпен шұғылдануы керек. Егер үміткердің денсаулығынан
кішкене кінəрат табылатын болса, оқуға түспей қалуы да мүмкін. Болашақ ұшқыш
физика, математика сынды пəндерді жақсы меңгергені жөн. Шет тілдерін білген де аздық етпейді. Қарапайым ауылдан шыққасын алғашында өзім де орысшадан
қиналған едім,
– деп шынын айтты кейіпкеріміз. Бүгінде адал жар, балаларының сүйікті əкесі Райымбек Берікұлы Отанымыздың бейбіт аспанын қорғауды бұйыра бермес бақ, зор абырой деп біледі.

Заманбек Зайдағалиев, Т.Бигельдинов атындағы Əуе қорғаныс күштері Əскери институтының курсанты:

Ағам мен көршім ұшқыш болған соң…

Райымбек ағаның Заманбек есімді інісі де авиация саласын таңдап, аға жолын қуғанын жоғарыда айтып кеткен болатынмын. Осыдан бірер уақыт бұрын Заманбек аға туып-өскен ауылына ат басын бұрған еді. Жерлес ағадан қалаға аттанбай тұрып сұқбат алған болатынмын. Заманбек аға қайтпас қайсар, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, рухы мықты сардар екен. Əр ісі мақтауға тұрарлық аға туралы кино түсірсе де аздық етпейтін шығар. Ендеше Заманбек Берікұлымен де таныс болайық.

– Авиация саласына бет бұруыма себепкер болған бірден-бір жан – ағам. Үнемі
аспанда қырандай қалықтап жүретін ұшқыш ағама қатты қызығатынмын. Көршіміз Азамат аға да əуе кеңістігін бағындырып жүрген жан. Əрі ұшқыш болу бала кезден бергі арманым еді. Мақсатым айқын болғасын, əскери авиация институтында оқимын деп шешім қабылдадым. Алайда түрлі себептермен жолым болмай, оқуға қабылдана алмай біраз жүрдім. Бірнеше
мəрте құжат тапсырып, бағымды сынап көрсем де, оқуға түсе алмай қалуым
жаныма батты. Соған қарамастан еңсемді тіктеп, ағамның жолын жалғап ұшқыш
болам деген арманымнан бас тартпадым. Уақытымды босқа өткізбей əскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеп қайттым. Оқуға түсуге пайдасы тиер
деп заңгерлік пен аудармашы мамандықтарын да меңгердім. Төртінші мəрте оқу орнына құжат тапсырғанымда мақсатыма жеттім.

Мен оқитын оқу ордасы – Орта Азия бойынша əскери ұшқыштар мен инженерлерді дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Жылына мыңдаған түлек өтінім беретін оқу орнына тек жүзге жетер-жетпес талапкер ғана қабылданады. Оқу жүйесі де күрделі. Əскери институтта тек қазақстандық
курсанттар ғана емес, шет мемлекеттерден келген азаматтар да білім алады.
Ал біздің институттың түлектері мен білімді курсанттарының арасында Еуропада, Ресей, АҚШ сынды алпауыт елдерде жұмыс істеп, білім алып жатқандары да бар. Олардың айтуынша, біздің елдегі əскери оқу жүйесі басқа шет елдермен салыстырғанда біршама қиындау,
– деді қайтпас кейіпкеріміз.

Заманбек ағаның өжеттігі мен табандылығына қарап, оны сөзге шорқақ, тек істің адамы деп ойлап отырған шығарсыздар. Алайда болашақ көк тарланы мүлдем ондай емес. Өте қарапайым, мінезі ашық-жарқын. Кез келген адаммен тез тіл табысады. Сөзге де шешен екен. Бауырларына да қамқор.

– Авиация саласының қызметкері болу көпке бұйыра бермес бақ. Сұраныстағы
беделді мамандық. Кіші шенді курсант болсам да, қоғамдық орындарда əскери киіміме қарап менімен суретке түскісі келетін бейтаныс адамдар да жоқ емес.
Мектепке келуімізді сұрап, кездесу кешін өткізіп тұрады. Алыстан қарамды көрсе, арқамнан қағып, жарайсыңды айтатын ағайын-туыс, ауылдастарыма айтар алғысым шексіз,
– дейді болашақ ұшқыш. Талғат Бигельдиновты кумирі санайтын Заманбек аға тəуелсіз еліміздің ашық аспанын қорғауға қашанда дайын.

Аспан қырандарын түлеткен әскери институт жайында

Кеңес Одағының екі мəрте батыры Талғат Жақыпбекұлы Бигельдинов атындағы Əуе қорғаныс күштері əскери институты Қазақстанда ғана емес, Орта Азия бойынша да əскери авиация мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны. Негізгі іргетасы 1974 жылы қаланғанымен, 1996 жылы азаматтық авиация болып қайта құрылады. 2003 жылы Т.Бигельдинов атындағы Əуе қорғаныс күштерінің əскери институты боп жаңа оқыту форматына көшкен. Оқу орнының түлектері бүгінде Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, əлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде қызмет етеді. Мұнда ғарышкер Талғат Мұсабаев та оқыған.

Əуе сақшыларын даярлайтын институт төмендегідей мамандықтар бойынша оқытады:

• Əуе көліктерін (ұшақтар, тікұшақтар) пайдалану, ұшқыш-инженер;
• Ұшу аппараттарының навигациясы, штурман-инженер;
• Авиакөліктердің ұшуын басқару, əуе қозғалысын басқару жөніндегі инженер;
• Əуе көліктерін жəне қозғалтқыштарды техникалық пайдалану, инженер-механик;
• Əуе кемелерінің интегралданған жүйелері, инженер-электромеханик;
• Авиациялық жабдықтарды техникалық пайдалану, инженер-электрик;
• Авиациялық радиоэлектрондық жабдықтарды техникалық пайдалану, радиоинженер.
Əскери авиация институтына түсуге ниетті талапкерлер ҰБТ (немесе ТКТ), арнайы
медициналық тексеріс, кешенді-психологиялық тест жəне физиологиялық нормативтік жаттығулар сынды бірнеше сынақ тапсыруы керек.

Əуе қорғаныс күштерінің əскери институты туралы мағлұматтар оқу орнының
ресми сайты мен Уикипедиядан алынды.

Р.S. Міне, менің ауылымнан шыққан көк тарландары. Аспан биігін бағындырып жүрген ағалар Қазақстанның əр бұрышында өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Оларды Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы Қайроштың Шеген ағасына ұқсаттым. «Аспан қыраны» деп атау берген Қайрош Шегенді қалай құрметтесе, мен де ауылымнан шыққан əуе сақшыларын солай құрметтеймін. Бүгінгі кейіпкерлерімді Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс тілеймін. Алысқа самғар
қанаттарың талмасын, аспан қырандары!

Аяжан ҒАППАР, 10-сынып оқушысы, «Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз