Соңғы 15 жылға жуық уақыт көлемінде кәсіпқой бокста еліміздің атын шығарған Геннадий Головкин жеке бапкері Абель Санчеспен қош айтысты.

Отандасымызға жаттықтырушы ауыстыру керек деп ақыл айтқандар бұған дейін де көп болған. Өйткені Абель Санчес үйрететінін үйретіп болған тәрізді. Соңғы жекпе-жектерде Головкиннің тактикалық айла-тәсілдерінің дұрыс болмай жатқанын талай байқадық. Әсіресе, Сауль Альвареспен кездесу барысында онысы қатты байқалды. Геннадий бұрынғыдай қылшылдап тұрған жас спортшы емес. Физикалық дайындығына да көп мән беру керек. Сондықтан оған Санчеспен қоштасып, екінші тынысын ашатын жаңа бапкер табу маңызды екенін бізде бұрын жазғанбыз. Бірақ 9 жыл бірге жұмыс істеген, білген-түйгенін үйреткен маманмен ат құйрығын үзісу әсте оңай шаруа емес. Дегенмен, жерлесіміз әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы америкалық маманға алғысын айта отырып, әрі қарай жұмыс істейтінін мәлімдеп үлгерді.

«Мен өзім үшін және спорттық  мансабыма байланысты маңызды шешім қабылдағанымды жеткізгім келеді. Бұрынғы жетістіктеріме сүйене отырып, өзімді әрі қарай жетілдіре түскім келеді. Сондықтан енді Абель Санчеспен келісімшартты үземін. Бұл мен үшін оңай шешім болған жоқ әрі мұның Абельдің кәсіби қабілетіне де еш қатысы жоқ. Ол – тамаша бапкер, жұмысына адал азамат. Даңқ залына аты жазылған бапкер. Ал енді жаңа жаттықтырушым туралы кейінірек хабарлаймын. Әзірге, бокста берген сабақтары үшін Абельге алғыс айтамын», – ­­ деп жазды қазақстандық боксшы Инстаграм парақшасына.

Мексикалық маман үздік шәкіртінен айырылып қалғанына қапалы секілді. Ашуға булығып,тілшілерге берген сұхбатында Головкин жайлы қатты-қатты сөздер айтып жіберді. Санческе бапкерлік қызметі үшін ақының қысқаратыны ұнамаған. Сосын мұның астарында ақша мәселесі жатқанымен байланыстырды. Абель ешқандай санды атамаса да, Los Angeles Daily News-пен телефонмен сөйлесу барысында осы уақытқа дейін Головкинге түскен қаражаттың 10 пайызын алып жүргенін, бұл жолы боксшы оған әлдеқайда төмен сома ұсынғанын жеткізген.

«Енді мен Геннадий Головкинмен жұмыс істемеймін. Тоғыз жыл тамаша кезеңді өткіздік. Қаншама рекордтар орнатып , бокс әлемінің Даңқ залында есімі жазылатын тұлғаны қалыптастырдық. Бірақ  ол DAZN-мен алты кездесуге арналған 100 миллиондық келісімшарт жасалған соң, маған бапкерлік қызметіме өтемақы төлеудің жаңа әрі намысқа тиетін үлгісін ұсынды.Менің абыройым мен қадір-қасиетім мұндай ұсынысты қабылдауға мүмкіндік бермейді. Мен олардың бұл қорлығына шыдай алмас едім. Бұл ызаңды келтіреді. Себебі бұл жігіт мұндай қадамға баратынын ешқашан ойлаған емеспін. Оны ұяты бар, адал, тәрбиелі деп ойлайтынмын. Бұл оны осыншама өзгертетінін ойламаппын. Мен ызаға булығып отырмын», – деді Санчес.

Головкин бұл маманның қарамағында 22 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сында жеңіске жеткен.

Абель Санчес ақша, гонорар жайлы айтқан пікірін талқылап жатқандар көп. Мысалы, ресейлік бокс шолушысы Григорий Стангрит өзінің жеке Youtube арнасында осыған қатысты пікірін білдірген.

«Әлемдік бокста – бапкерлердің шәкіртінің жепе-жегінен түскен табыстың 10 пайызын алу қалыпты жағдай. Бірақ кейін боксшы танымал болып, гонорары өскен соң бәрі өзгереді. Сол кезде басында жасалған келісімшарт қайта қарастырылады. Оған келтіретін мысал өте көп. Пакьяомен жұмыс істеген Роучты алып қарайық. Мэнни жоғары гонорар ала бастаған тұста бапкеріне тек 3-4 пайызы ғана бұйыратын болды. Филиппиндік Мейвезермен кездесу үшін 150-160 миллион доллар көлемінде табыс тапты. Сонда бапкеріне 15 миллион беруге міндетті емес шығар? Барлық бокс жұлдыздары бапкерлерімен гонорары өскен кезде қайта есептеседі. Жақында Головкин жаңа келісімшартқа қол қойды. Соған сәйкес оның табысы артатын болды. Сол себепті бапкеріне де ұсынатын ақшасын көлемін анықтап алмақ болды», – дейді Стангрит.

Жерлесіміз 8 маусымда 35 жастағы канадалық Стив Роллспен (19-0, 10 КО)  кездеседі. DAZN-мен келісімшарт жасалғаннан кейін жерлесіміз 3 жылдың ішінде 6 жекпе-жек өткізуге міндетті. Әзірге бұл жекпе-жекке егізі Максим Головкинмен бірге дайындалып жатыр. Бұл кездесу Нью-Йорктегі Madison Square Garden алаңында өтеді.

Стив Роллс екінші жартылай салмақта өнер көрсетеді. Кәсіпқой бокста 2011 жылдан бері жүр. Бірақ әлі күнге шаршы алаңда 12 раундтық жекпе-жек өткізіп көрмеген.

Головкинді кім жаттықтыруы мүмкін?

Бокс жанкүйерлерін «Головкин қай маманмен жұмыс істеуі мүмкін?» деген сауал мазалайды. Әзірге отандасымыз қай жаттықтырушымен келісімшартқа отыратынын хабарлаған жоқ. Дегенмен, 37 жастағы қазақстандық боксшыға ыңғайлы нұсқаларды ұсынып көрсек.

Бірінші кезекте Фредди Роучты айтуға болады. Бұл есім кәсіпқой бокс жанкүйерлеріне етене таныс. Ол кезінде филиппиндік Мэнни Пакьяоны әлемге танымал етті. Роучтың арқасында Пакьяо қаншама рекордтарды жаңартты.

Негізі Головкин алғаш АҚШ-қа келгенінде ең бірінші осы маманның жаттығу залына барып көрген. Оның Лон-Анжелес қаласында Wild Card Boxing Club атты жеке жаттығу залы бар. Бұл жер қазақстандыққа да ыңғайлы болар еді деп ойлаймыз. Роуч Пакьяодан бөлек Хорхе Линарес, Кіші Хулио Сезар Чавес, Мигель Котто, Оскар Де Ла Хойя, Бернард Хопкинс, Гильермо Ригондо және басқа да бірнеше танымал боксшыны тәрбиелеп шығарған.

Қазір кәсіпқой бокстағы беделді бапкерлердің бірі болып тұрған – Деррик Джеймс. Оның бүгінгі таңда екі шәкірті ­– Эррол Спенс пен Джермелл Чарлоның атағы алысқа кетті. Олармен бірнеше титулды ұтып алды. Тактикалық жоспар құру алдына жан салмайтын жаттықтырушылардың бірі.

Боксшы Майки Гарсияның ағасы Роберт Гарсия қазіргі кезде әлемдегі үздік жаттықтырушылардың алдыңғы легінде жүр. Бір кездері Келли Павликті баптады. Шәкірті бірнеше танымал боксшыны жеңіп, Андре Уордпен кездесуге де мүмкіндік алған. Бірақ Андренің жарақатына байланысты бұл жекпе-жек өтпей қалған еді.

Гарсияның Калифонияда жеке зал бар. Брэндон Риос, Павлик, кіші Гарсия, Антонио Маргарита, Нонито Донэйр және басқа бірнеше боксшы осы залда жаттығады. Роберт Гарсия 2012 жылы әлемнің үздік кәсіпқой бокс жаттықтырушысы атанған.

Одан бөлек, бұл тізімге Василий Ломаченконың әкесі, соңғы кездері әуесқой боксты ғана емес, кәсіпқой боксты да бағындыра бастаған шәкірттерімен әйгілі Анатолий Ломаченконы қосуға болады.

Қалай десек те, Геннадийге спорттық мансабының соңғы жағында екінші тынысын ашып, титулдарын қайтарып әперетін бапкер керек. Қазақстандық жанкүйерлер жерлесінің спорттан жеңімпаз ретінде кеткенін қалайды.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз