Мақтаарал ауданы, Үтіртөбе ауылында туып-өскен Жәнібек Мұсаев 5 жастан музыкаға жақын болды. Ерлан ағасынан домбыра үйренді, ал өнер нағашыларынан дарыған. Нағашы әжесі шаңқобызда ойнаған екен. Анасы ән айтатын, сөз саптауында мақал-мәтелдерді көп қолданатын. Мырзашөл өңірін егістік жерге айналдыру үшін канал қазуға келген көп халық тұрақтап қалған. Жұрт бір-бірін таниды. «Қай баласың?» деп сұрайды үлкендер. «Әкем Әбдіхан, шешем Сәһима», – деп жауап береді.

Бір әкеден алты ұл, үш қыз, Жәнібек көп балалы тату-тәтті отбасында өсті. Қазақстанның ең төменгі жері Мақтаарал, табиғаты өте ыстық. Бұл ауданда егін шаруашылығы дамыған, мақта, қарбыз, жүгері, бау-бақшаның бәрі өседі. 51 жасында ерте дүниеден қайтқан анасының ұдайы айта беретін өсиеті жадында жазулы қалды: «Әкеңді жерге қаратпа!». Мектепте мұғалімдер «директорға апарам» десе, Жәнібек мұны әкесін жерге қарату деп қабылдайтын. Оның әкесі Әбдіхан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры болатын. Жәнібек өмірінде әкесінен таяқ жемей өскен бала болып қалыптасты. Екі үлкен қыз ұядан тез ұшты, бірі оқуға кетті, бірі тұрмысқа шықты. Үй шаруасының бәрі ұл балаларға қарап қалды. Музыкаға жақын болған соң 9-сыныпты бітіріп, мектеп ауыстыруға тура келді. Қалаға жақын болған соң ба, мектепте көрмеген бұзықтықты колледжде көрді.

Бұл театр 1969 жылы ашылған, қызметкерлерінің бәріне үй берілген. Театрда кезінде 40-қа жуық музыкант жұмыс істеген. Ол кезде кәсіби актерлер болатын. Театр шымылдығын классик жазушы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашты. Режиссері – Қасымхан Шанин. Басты рөлді ойнаған Жеңіс Қарғабаевқа Өзбек КСР-інің Еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Ол уақытта Оңтүстік Қазақстанның құнарлы жерлері – Жетісай, Славянка, Киров, Ильич өзбекке қарайтын еді. Жеңіс Қарғабаев 2016 жылы дүниеден өтті, Қазақстанның атағын ала алмай кетті. Жәнібектің буынын, жастарды тәрбиелеген осы кісілер болатын. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай аудандық драма театрында бірнеше буын алмасты. Жетісай театрының алғашқы қарлығаштарының бірі Рыскелді Қошпанқұлов – өз бағасын алмай кеткен актер. Құман Тастанбековтің курстастары болатын. Жәнібек Қазақстанның қай түпкіріне барса да, «қай театрда істедің?» деп сұрайды. «Жетісай театрында» десе, бәрі: «Рыскелді аман ба? Халі жақсы ма?» – деп сұрап жатқаны. Сосын бәрі тоқтады… Театр жылдық бюджетін жабу керек, гастрольде үш айлап жүріп, концерт қоя беруге мәжбүр болды. Аудандық театрға жан беріп, тірілткен спектакль – өзбек режиссері Уалихан Омаров сахналаған «Алпамыс» болатын. Әшірбек Сығай мен Еркін Жуасбек бұл қойылымды көріп, Қызылордада өтетін фестивальге бару керек деп шешті. Жетісай театры Қызылордаға барды. Қай облыста фестиваль өтсе, жасыратыны жоқ, жүлдені өздері алып қалатын дағды болды. Қызылордада өткен фестивальде Жетісай театры қойған Осман Азимнің «Алпамыс» пьесасы 1-орын, «Ең үздік спектакль» номинациясын жеңіп алды. Театрдың директоры Сапарәлі Серікбаев артистер қауымына ғана емес, техникалық-әкімшілік, күзетші, еден жуушыға дейін барлық қызметкерге сыйақы үлестірді.

Қызылорда театры Шекспирдің «Макбет» трагедиясын қойып, бас жүлдені иемденді. Қуандық Қыстықбаев Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» атты моноспектаклімен барып, «Үздік ер адам рөлі» атауын жеңіп алды. Райымбек Сейтметов Қуандыққа: «Мынау бір шаршамайтын актер!» – деп баға берді.

«Жердің түбінде тұрған Жетісайдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрына Астанадан кәсіби мамандар бармайды. Ауданға артистер бармаған соң театрды ұстап тұру керек, сондықтан біз сияқтыларды алады. Яғни КВН-де ойнап жүрген, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан жастарды алуға мәжбүр. Кәдімгідей үлкен театр. Аудан орталығында тұрған үлкен театр Кеңес одағы кезінде Украинаның бір ауданы және бізде болды», – дейді Жәнібек актерлікке кездейсоқ келгенін еске алып. Алайда шын мәнінде өмірде кездейсоқтық деген болмайды.

Жетісай театрында Жәнібек Мұсаев Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» қойылымында Фараби, Осман Азимнің «Алпамыс» пьесасында Ұлтанқұл, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасында Қодар рөлін сахнаға алып шыққан. Жетісай театрында бір айда, екі айда бір спектакль, кейде 70 мың теңге қаражатқа бір спектакль шығатын. Ескі реквизит, ескі киімдер, баяғы саптама етіктер. Ал ғимараттың алдында үлкен афиша тұрады, билборд жоқ. Соған суретшілер премьера сайын жаңа сурет салып шығады. Соның өзі қыруар еңбек. «Қызыл алма» қойылымы болса, алма бағын, кемпірдің бейнесін салады. «Алпамыс» қойылса, эпостық суреттер даяр. «Әл-Фараби» пьесасы қойылса, ғұламаның бейнесінен бөлек Отырар бейнеленеді. Жаңа спектакль қойылса, бұрынғы суреттерді бояп, қайта сурет салуға кіріседі. Әр афиша – бір картина. Былай қарасаң, далаға кетіп жатқан есіл еңбек. Шынтуайтында әр суретті мұражайға қойса артық етпестей салынатын шебер қолтаңба суреттер жоғалып кеткенде аяп кетесің. Театр болған соң көз тарту керек. Қазіргі Жетісай театрының директоры Бақыт Сраилов кәсіби суретші, Тоғайбек аға да сонда. Ауыл-аймақтарда небір мойындалмаған шебер суретшілер өмір сүретіні рас. Бұл өнер қонған өлке. Бағзы эпостық-мифтік дүниетанымда Жиделібайсын атанған киелі топырақ. Түркістан мен Ташкент қатар жатыр. «Ташкентпен қоштасу» деген жоқтау толғау жазған Қасымхан ақын туған жерін былай деп өлеңге қосқан:
«Баба түкті Шашты Әзиз,
Арыстан баб, Түркістан,
Ұлы Оңтүстік атамекен, топырағым, киелім»;
«Жер бар еді «Жылаған ата» дейтін
Іргесінде мен өскен «Игіліктің,
Осы жұмбақ Жылаған атаның мен,
Бала кезде маңында қозы баққам.
…Жылап тұрған шал емес, тас болса да,
Неге екенін білмеймін, аянышты»;
«Шардара, ертең аршылар,
Қойныңда жатқан асылдар.
…Керуендер өткен кешегі,
Ашпайсың сырды құмды бел».
(Қасымхан Бегманов. I том. Өлеңдер, толғаулар. «Алматы», «Ұшпақ» баспасы, 2008).

Қаллеки театры және бұйырмаған рөлдер

Жәнібек Мұсаев Астанаға 2006 жылдың дәл соңында қоныс аударды. Мейрам Қайсанов, Қуандық Қыстықбаев, Айболат Сексенбаев алғаш келгенде жылы шырай танытқан. Жас артисті Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық қазақ драма театрына сынақ мерзіммен алды. Үш ай сынақта бір рөлге салған жоқ. Не істеу керек? Режиссер Болат Ұзақов дайындап жатқан «Күшік күйеу» атты комедияның репетициясында Жәнібек күніге сахнаның сыртында отырады. Пьесадағы бір емес, екі рөлдің сөзін жаттап алды. Актерлік қабілетін сынап көру үшін жеке репетиция жасалуы керек, оған басқалардың мұршасы жоқ сияқты, арнайы уақыт бөлуге қолдары тимейді. Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қашқабаев екі жақтап: «Болат аға, Жәнібекпен репетиция жасайық, қабілет-қарымын байқап көрсеңізші», – деді. Болат Ұзақов репетицияны ортасына дейін көріп, Жәнібекке: «Осы жерден тоқтайық, Жетісайша ойнадың. Бірақ, сені жұмысқа қабылдауға болады», – дегені. Театр күнінде Жәнібекті қызметке қабылдап, ресми түрде бекітті.

Қаллеки театрының сол уақыттағы директоры Ақжарқын Сәрсенбек, көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Ұлы ұстаз Әзірбайжан ағаның сырқаттанып жүрген, баянсыз көп дүниеден қажыған кезіне тап келгені өкінішті-ақ. Әуелі спектакльдерге тосын енгізілген актер болды. Әзірбайжан Мәдиұлы қойған «Еңлік-Кебекте» Есен, ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Қодар рөлін, Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан рухы» атты спектаклін режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналағанда Ақын бейнесін Жәнібек Мұсаев ауысып ойнады. Сайлау Қамиев «Қыз Жібекті» қойғанда Жәнібек режиссерден Бекежан рөлін сұраған. Ол: «Сенің қасыңда Төлеген көрінбей қалады», – деп қабылдамады. Артистер жан-жүрегі шын қалаған рөлін режиссерден сұрап алуға тым мүдделі халық. М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесінің желісімен жазылған Қ.Ысқақовтың «Қараш-қараш» спектаклінде Жәнібек режиссер Әлімбек Оразбектен Бақтығұлдың рөлін сұраған. Бұйырмады.

Қаллеки театрында ол үлкенді-кішілі талай рөлді еншіледі. «Ақ кеме» – Оразқұл, «Айман-Шолпан» – Арыстан, «Абай» – Нарымбет, «Жандауа» – Нұрбол, «Қызыл алма» – МММ, «Үйлену» – Керек Әйтеуірұлы, «Антивирус» – Равшан, «Жұбайлар жұмбағы» – Орловский, «Махаббат мелодрамасы» – Айқын, «Дон Жуанның думаны» – Дон Гонсало, «Даланың күйші Динасы» – Байғали қарт, «Зере» – Кеңгірбай, «Шәмші» – ел азаматы.
Әріптестері арасынан Қуандық Қыстықбаев жұмысқа келе жатса, «Мерседесімен» жолай соғып, Жәнібекті қоса ала кететін, кейде үйге апарып тастайды. Үлкен қалада уақыт қымбат. Қуандықтың адам баласына жанашырлығы, мейірімділігі, бауырмалдығы, актер ретінде жанкештілігі ұнайды.

Режиссер Нұрлан Жұманиязов қойған Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» атты пьесасында Оразқұлдың рөлі бұйырды. А.Цагарелидің «Гамарджоба» спектаклінде грузин князінің рөліне Жәнібек фактурасымен айнымай келді. Бұл спектакльдің ерекшелігі – Қаллеки театрының мүмкіндігін толық танытты, оркестрдің болуы әрі музыкалық театр деңгейіне сай қойылды. Сахнада өтіп жатқан қойылым комедия, трагикомедия болсын оркестрмен сүйемелденіп отырса, көрерменге тірі организм сияқты жағымды энергиясымен оң әсер етері сөзсіз. Жанды дауыс емес, фонограммамен ән салу оған адам дене мүшесінің протезі сияқты жасанды көрінеді.

Қазақ театр өнерінің туғанына ресми түрде 100 жыл әлі толған жоқ. Батыс, орыс театрлары неше дәуірлер бұрын қалыптасқан. Біздің театрларда рөлдерді ашу туралы, екінші пландағы актерлер туралы әңгіме айтылмайтыны өкінішті. Екінші пландағы актерлерге мүмкіндік берсе көп нәрсе жасауға болады. Адамдар арасында көңілжықпастық бола беретін шығар, бірақ бұл қалып өнерге жүрмейді, өйткені оның құтын қашырады, мәуелі жасыл бағын солдырады. Актер режиссер ұсынған кез келген рөлден қашпауы керек.

«Жердің түбінде тұрған Жетісайдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрына Астанадан кәсіби мамандар бармайды. Ауданға артистер бармаған соң театрды ұстап тұру керек, сондықтан біз сияқтыларды алады. Яғни, квн-де ойнап жүрген, көркемһнерпаздар үйірмесіне қатысқан жастарды алуға мәжбүр»

Жәнібек балаларына музыкалық аспаптар алып берді. Тұңғышы Дарханға домбыра әперді, музыкалық естуі бола қоймаса да, қасындағы балалардың ойнағанын көзбен қалт жібермей көріп, «Тепеңкөк» күйін ойнап беріп қайран қалдырғаны бар. Қазір Назарбаев мектебінде оқиды, оқуға түсерде физматтан жоғары көрсеткіш алған 100 баланың ішінде 11-орында болғаны үй ішін өте қуантты. Қызы Динаға пианино, укулеле алып берді. Қызы өнерге бейім, кішкентай кезінде театрдың ролигіне түскен. Қызы театрға келсе, әкесіне «Мен театрдың келбетімін» деп әзілдеп қояды. Рамазан биыл мектепке барды, өзіне тартқан, әнге жақын бала. Ең кішкентайының есімін ырымдап әріптесі, досы Қуандық Қыстықбаевтың құрметіне қойды.

«Әкеге қарап ұл өседі», қазақ мұны біліп айтқан. Балалар ата-анасының айнасы сияқты. Бала үйде көргенінен алысқа кетпейді. Әлі екіге толмаған кіші ұлына Жәнібек шыны ыдыстан су ішіп, шынысынан қарап еді, баласы «Ә-ә, бер!» дегенді ыммен білдіріп, су ішіп болған соң ол-дағы шыны арқылы әкесіне қарап жатыр, қылығын айнытпай қайталады. Бұл қарапайым ғана мысал.

Жәнібек қазір режиссер мамандығын Бішкек қаласында қосымша оқып жатыр. Ол режиссерлікті фантазия деп ұғады. Сосын әртүрлі тақырыпқа, экспериментке ұрынып көру керек. Әлеуметтік желілердің артында еліріп кетіп қалған жастар көп. Сайлаубек,
«Ninety One» сияқты топтар қазіргі жастардың сұранысына дөп түсе білді. Қазір кітап оқымайтын жастарды театр трансформер – құралмалы дүние арқылы өнерге, білім нұрына, кісілік қасиеттерге тарту керек. Заман жедел өзгеріп жатыр. Сөз қорын басқа форма арқылы жеткізуді меңгеру керек, онсыз болмайды.

Жәнібектің әншілігі бір төбе, көркем әдебиетті сүйіп оқиды, философиялық моноспектакль қойғысы келерін айтты. Неге қара квадрат? Неге біз шеңберден шықпаймыз? Қараның да жақсы екенін айтуымыз керек. Неге ақ түс қана жақсы? Қара жаман болса, неге Қағбаның тасы қара? Көздің қарашығы қара. Сондықтан ақ пен қара деп бөлуге болмайтын сияқты. Неліктен қара ниетті адамдар дейміз?! Иман жүректе, иманды іздеген Алланы табады.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз