Таяуда Алматыда каратэден (киокушинкайкан) 6-17 жас аралығындағы жеткіншектер арасында «Daraboz Cup» ашық республикалық турнирі өтті. Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзден аса каратэші бақ сынады.

Жарыс шымылдығы Қаракерей Қабанбай батырдың ерлігін дәріптеуден басталды. Сөз алған спортшылар батырдың ерлігін айтып, жарысқа қатысушы балаларға сәттілік тіледі. Тайко дабылы қағылғанда кішкентай каратэшілер жігерлене түсті… Жеткіншектер жас ерекшелігіне қарай үш татамиде жекпе-жек өткізді. Бір қызығы, жеңіліп, көзіне жас алған каратэші көрмедік…

Командалық есепте алматылық «Daraboz dojo» каратэ клубы  1-орын алды. 2-орынды Алматы облысының (ҰРККФ) тарландары жеңіп алса, 3-орынды алматылық АБИ «Окинава» клубының жігіттері алды. 

РҚБ «IKO Kyokushinkaikan federation» Алматы филиалының басшысы, «Daraboz dojo» каратэ клубының жаттықтыршы-сэмпэй, ҚР спорт шебері, каратэден қара белбеу иегері Саят Барлықбекұлымен әңгімелескен едік.

Каратэшілер өздерін толық көрсете алды ма?Қандай баға бересіз?

– Турнир ұйымдастыру жағынан жоғары деңгейде өтті. «Дарабоз» клубының жігіттері 10-15 алтын медаль аламыз деген үміт болған. Десе де, 8 алтын медальмен командалық есепте алға шықтық. Бұл қалалық емес, республикалық жарыс. Жарыстың деңгейі, спортшылардың дайындығы өте мықты. Кей спортшылар жеңіп тұрып, жеңіліп қалды. Қарсыластар да осал емес. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы облысынан іріктелген сайдың тасындай спортшылар жиналды.

Азамат Мырзағалин, Мирас Қаирлап, Руслан Нұрланов, Айсері Құдайберген, Едіге Камеджанов, Әлібек Емелхан, Мағжан Нұқан, Әмір Ахметов алтыннан алқа тағынды.

Мұхамеджан Жайырбек, Аян Исақан, Мағжан Жұмахан, Таңшолпан Самат күміс жүлдеге ие болса, Әмина Жарылқағанова, Әли Танабай, Бекнұр Бақытжан, Мәди Нұрқан, Дарын Дарқанұлы, Бекмұхамед Жігерұлы, Айару Жігерқызы, Мансұр Алтай мен Расул Алтай қола медаль жеңіп алды.

Ақтық сында кейбір балалар құлап қалды. Денсаулыққа қаншалықты қауіпті?

– Каратэ ережесі бойынша бұл қалыпты жағдай. Екі дүркін Еуропа чемпионы, ҚР чемпионы жүлдеге таласты. Жарыстың тартысты өткеніне қарап, деңгейін анықтаймыз. Каратэ ережесін дұрыс білмесе, жарақат алуы мүмкін. Балаға пайдалы жағы көп. Алдымен тәртіпке үйренеді, күш-жігер пайда болады. Жақсы достар табады, мінезі тұйық балалар өздерін басқа қырынан көрсетеді. Жарысқа қатысқан сайын баланың жаңа тынысы ашылады. Айтарлықтай қауіп жоқ. Жекпе-жекке шықпас бұрын дене жаттығуын жасайды. Бас пен аяқ-қолды қорғайтын қорғаныш киімдер киеді.

Кей балалар каратэ мен таэквондоның айырмашылығын білмей жатады…

–  Екеуі екі бөлек спорт. Каратэ жапонның, таэквондо кәрістердің ұлттық спорты. Ережесінде де айырмашылық бар. Әркімнің таңдауы әртүрлі. Спортты баланың қабілетіне қарай таңдауға кеңес беремін. Каратэнің түрі көп. Киокушинкай – «нағыз шындықтың шыңына шығатын спорт» деген мағынаны білдіреді.

Жеткіншектер арасында спорттық жарыстар неге ақылы өтеді?

– Оның себебі бар. Жарыс ұйымдастыруға арнайы қаржы бөлінбейді. Ата-ана төлеген жарна жалға алынған орынға, жеңімпаздарға берілетін сыйлыққа жұмсалады.

«Daraboz dojo» спорт клубында қанша бала бар?

– Жүзден аса бала жаттығады. Олардың арасында қалалық, республикалық, халықаралық жарыстардың чемпиондары бар. Сондай-ақ ҚР чемпионы, Еуропа кубоктарының жеңімпаздары, Азия, Әлем чемпионатының жүлдегерлері бар. Мықты қыздар өсіп келе жатыр. Мысалы, Зере Әлжаннан болашақта үлкен үміт күтемін. Кішкентай қыздардың еркін өсуіне каратэнің пайдасы көп. Жаттығу кезінде созылу, тартылу тәсілдері бойдың өсуіне, сергек жүруіне көмектеседі. Кейбір қыздар артық салмақтан арылу үшін қатысады.

Жүрегі нәзік баладан мықты спортшы шыға ма?

– Барлығы еңбекке, жаттығуға, күш-жігерге байланысты. Атақты спортшы шықпаса да, өзін белгілі бір дәрежеде қорғай алатын деңгейге жетеді. Бала не үшін қорқатынын өзі де білмейді. Сол үшін әр баланың тілін тауып, сөйлесу керек.

Каратэге баланы қанша жаста берген жөн?

– «Мына жаста беру керек» деген талап жоқ. Қазір жапондар балаға 3-4 жастан бастап каратэ үйретуді қолға алған. Ең бірінші тәртіпке үйренеді. Жаттықтырушы ретінде 4-5 жастан бастап каратэ үйреткен дұрыс. «Каратэде жеңіс баланың бойына байланысты» деген пікір. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ баланың жасы, салмағы маңызды. Халықаралық олимпиада комитеті 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиада бағдарламасына спорттың бес түрі: каратэ, серфинг, бейсбол/софтбол, құзға өрмелеу және скейтбординг қосқан болатын. Каратэнің Олимпиада ойындарынының қатарына кіруі біздің балаларға қанат бітіргендей, каратэге қызығатын балалардың саны артты. Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кеттік.

Сәттілік тілейміз!

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз