Елімізде кенжелеп дамыған иппотерапия төңірегінде алыпқашпа әңгіме көп.  Ата-аналар мүгедектігі бар баласын атқа мінгізіп емдетуге жүрексінетіні жасырын емес. «Сал ауруын атқа міну арқылы емдеу дене шынықтырудың бір түрі» дейді мамандар. Бұны медицинада «иппотерапия» деп атайды. Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру – науқас адамның денесін жазып қана қоймай, жаман ойдан арылтады. Бойдағы үрей мен қорқынышты жеңеді», – депті. Бұл сөзді алты айдан бері аядай ғана ауылда атқа мінгізіп, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеп жүрген Рахат Бақдәулетов те қолдайды. Жиырма төрт жастағы Рахаттың емі жиырма балаға қоныпты.

 – Қазақ пен жылқы ежелден дос. Арғымақты ауыздықтап мінген адамға қанат бітетіні анық. Ақтөбе жастары «Zhas project» жобасына қатысып, кәсіп ашуға мүмкіндік туды. Бір миллион теңгеге ашқан кәсібімнен бір тиын да алмаймын. Балалар тегін ем қабылдайды, деп бастады әңгімесін Рахат. Экологиялық аймақ болғандықтан, дамуында бұзылысы бар балалар көп. Өзім спорт саласында жаттықтырушымын. Жобамды балаларға лайықты етіп үйлестірдім. Жас кәсіпкерлердің арасынан үздік шығып, кәсібімді бастадым. Қазір аудандық аурухананың ауласында жаттығамыз. Жиырма баланы тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. «Емі жоқ» деген сал ауруын да жеңуге болады екен. Медицинаның соңғы жаңалықтары дәрі-дәрмектің, заманауи құрылғылардың сан түрін ұсынуда. Бірақ дамыған медицина ешқашан халықтық медицинадан алшақ кеткен емес. Әртүрлі шөптермен, табиғи минералды сулармен емдейтін халықтық медицинада адамды жануарлармен де емдейтін әдістің бар екенін түсіндіргіміз келеді, дейді Рахат.

Бұл – спорт емес

Елімізде атқа мінгізіп, ем жүргізу 90-жылдардың басында пайда болыпты. «Бізде жылқыға қызығушыларға арналған ипподромдар бар, алайда дәл осы емдеу шараларымен айналысатын ұйымдар жоқтың қасы. Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған. Иппотерапияның Қазақстанда таралмай жатуының бірден-бір себебі науқастардың көптігі. Бір-екі ғана орталықтың мыңдаған науқасты қабылдауға шамасы жетпейді», – деп алаңдайды әуесқой маман.

– Күн жылынғанда жазғы манеж алаңын пайдаланамыз. Бір балаға жарты сағаттан бөлеміз. Тепе-теңдікті сақтау үшін ат мінген адам бойын жинап, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бала адымын да есептеп үйренеді. Атпен емдеу әдісі тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, атеросклероз, бас сүйек жарақаты, полиомиелит, асқазан-ішек аурулары, простатит, ақыл-ой жетіспеушілігі сынды дерттерге шипа.

Ата-бабамыз атқа мінуді ұрпаққа парыз еткен. Қыз қуу мен теңге алу, көкпар секілді ұлттық ойындар адамның денсаулығына пайдалы. Жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болады. Алдымен бойын үйретіп, қасына жақындатып көрсетеміз. Атқа мінгенде құлап қалмау үшін тепе-теңдік сақтауын үйретеміз. Егер жануарды жақсы көретін бала болса, онымен жұмыс істеу оңай болады. Онымен сөйлеседі, сырласады, атқа мінгенде көңілі көтеріледі. Биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өзіне деген сенімі артады. Ал сенім мен көтеріңкі көңіл-күй – нәтижелі ем алуға кепілдік береді. Әлемнің 50-ге жуық елінде иппотерапия емі қолданады. Бізге 90-жылдары келді. Жаттығуға арнайы жылқыларды таңдап аламыз. Орталыққа келетін балалардың барлығы медициналық тексеруден өтеді. Себебі аурудың түріне байланысты оңалту әдісінің кері әсері болады. Мәселен, кейбір сырқат түрлері бойынша  балаларды атқа мінгізуге болмайды. Сондықтан балалар алдымен дәрігердің қарауынан өтеді. Дәрігер-иппотерапевт  аурудың тарихымен танысып, тірек-қозғалыс жүйесін түсірген рентген қағазын қарайды.

Осыдан кейін барып оңалтуға жіберіледі. Иппотерапия жүргізетін нұсқаушы әр баланың нақты диагнозын білуі керек. Оның отадан қай уақытта шыққанын, сіреспе ауруы бар ма, жоқ па, барлығынан хабардар болуы тиіс. Кез келген адам иппотерапиямен айналысып кете алмайды.  Себебі бұл – спорт емес, оңалту жаттығуы. Жаттықтырудан хабарым болса да, мен де жүрексініп келдім, – деп түсіндіреді Рахат.

Әлемнің 50-ге жуық елі иппотерапия емін қолданады. Францияда сарбаздарды сауықтыру  мақсатында ашылған иппотерапия орталығы бар екен. АҚШ-та «Pet Therapy International» деген халықаралық ұйым жұмыс істейді. Біздегі орталықтардың көбеюі аз олжа емес.

Керек дерек:

Иппотерапия қалай пайда болды? Иппотерапияның дамуына ат спортшысы, дат қызы Лиз Хартелдің басынан өткен оқиға cебеп болған.  Полиомиелитпен ауырған кішкентай қыз сал ауруына шалдығады. Спорттағы мансабын тастап, уақытын емделуге жұмсайды. Бірде мүгедек арбасында отырған Лизді ипподромға әкелген кезде, ол қайтадан аттың үстіне отырып, аздап онымен серуендеуге талпыныс жасады. Мұнысы сәтті шығады. Бір аптадан соң ол қайта келеді. Жиі келуі тоғыз жылға созылады.  Нәтижесі сәтті болады. Дәрігер таяқпен жүруге рұқсат етеді. Ат спортшысы Лиз бойжеткен араға он жыл салып, Хельсинкиде атпен жүру жарысына қатысып, күміс медальға ие болды. Осыдан соң Еуропада, АҚШ-та иппотерапия орталықтары құрыла бастаған көрінеді.

Дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз