Жас тілшілер түс қайта ақын, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабекпен кездесті. Ағамыз
алғы сөзін былай бастады:

– Алматының құлпырып тұрған кезінде келген екенсіңдер. Қадамдарыңа нұр бітсін. Көп жерді аралап, тұлғалармен кездескен екенсіңдер. Бұл өмірлеріңе үлкен азық, іргетас болсын. Сендермен кездесуге келе жатқанда өзімнің өмірімді еске алдым. 10-11-сыныпта не ойлаушы едім? Ойымда не бар еді? Кім болғым келетін еді? Арманшыл болдық, алға əртүрлі мақсат та қойдық. Бірақ шынайы себептен ешкім қашып құтыла алмайды. Сол кезде қалам ұстап, өлең жазып жүргенімізді ата-анамыз, ұстаздарымыз байқады. Ол кезде «Ұлан» газетін Сұлтан Қали ағамыз басқаратын. Өлеңім «Ұланға» жарияланып, жауап хат келгенде қатты қуандым. Сол нəрсе өміріме үлкен мотивация берді. Ары қарай ақындыққа ден қоюыма себеп болды. Кейін 9-10-сыныпта қолға домбыра ұстадық. Кеңес Одағы тарқап,салт-дəстүр жаңарып, Наурыз тойланып жатқан кез еді. Осындай Наурыз тойдың бірінде «сен өлең жазып жүрсің ғой, айтысқа шық» деп қолқа салды. Қолға домбыра алып, кішкене дайындалып, айтысқа қарай ой-мақсатты бейімдедік. Жүлделі болып, адамда ынта, пейіл пайда болды. Содан шығармашылық жолына түстік.

1992 жылы мектеп бітіріп, Алматыға келдім. Республикалық айтыстарда жеңімпаз атанып, танымал боп, біраз тұлғалардың көзіне түсіп қалған кезім. Шетелге оқуға баруға конкурстан өтіп қойдым. Бірде ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «маған жолығып кетсең» деген еді. Жол түсіп, ағама бардым. Шетелге оқуға кететінімді айттым. Сонда Мырзатай аға: «Тыңдайтын болсаң бір ақыл айтайын. Сен əлі жассың, көп нəрсені өзіңе сіңіруің керек. Мықты ақын боламын десең, осы елдегі оқу орнының біріне түс. Зиялы қауыммен аралас, олардың қасиеттерін бойыңа сіңір, əбден іргетасыңды мықта, содан кейін шетелге барсаң болады», – деді. Үлкен кісінің ақылын тыңдап, Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне құжат тапсырдым. Жұртпен араласып, кітап шығарып, сол еңбектің арқасында тіл, əдебиет, этнография саласында жұмыс істедім. Елге керек рухани ағартушылық арна ашсақ деген ой болды. Осыдан он екі жыл бұрын «Асыл арна» телеарнасын аштық.

«Осы арнадан сұрағыма жауап таптым», «Сіздің сөзіңізден кейін көңілім орнына түсіп, отбасыма береке кірді» деген сөзді есту – мен үшін ең үлкен құрмет. Істеген ісіңнің нəтижесі қоғамнан жақсылық болып қайтып жатса, қалам ұстаған адам үшін одан асқан бақыт жоқ. Сендер бəрің де таланттан, қабілеттен кенде емессіңдер. Бəріміз білетін «бір пайыз талант, қалғаны еңбек» деген сөз бар. Иə, айтуға оңай. Бірақ қалай еңбектену керек? Аталарымыз: «Сен ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың», «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Мінезің ұлтқа, жұртқа қалай қызмет етеді? Ата-анамыз, достардың арасында «мінезі бар қыз екен», «мінезің кімге керек?» деп айтып қаламыз. Аталарымыз айтқан мінез бұл емес. Адамның адамға деген қарым-қатынасының барлық қасиетінің басын біріктірген құбылысты мінез деп атайды. Адамның сабырлығы, қажырлығы, еңбекқорлығын айтып отыр. Мінездің ішінде адамға қажет болған ұлы қасиеттердің бəрі бар. Мінез неғұрлым бай болса, адамның ұлтқа қызмет қылуы, ортамен тіл табысуы да оңай. Мінезге бай болуды қайдан үйренеміз? «Мінезді болғың келсе, жерге, кең болғың келсе аспанға қара» дейді. Неге жерге қара? Тұмсығыңмен жер сүзіп жүр деген сөз емес. Жер қаншама адамды көтеріп тұр. Бүкіл сырды ішіне сыйғызған. Жеміс-жидек, ырыс-несібенің көзі жатыр. Жаңбыр жауса, жерден қаншама байлық шығады. Жер сияқты бір қарағанда сабырлы əрі қазынаға бай болуды айтады.

Ертеректе шығыс ғұламасы: «Пенденің басына келетін ең үлкен сынақ – атының алғаш шыққан кезі», – депті. «Ұланға», «Ақ желкенге» жазғандарың сөз болып, «шіркін, мына баланың жазғаны-ай» деп ел айтып жатты. Осыған сенің көзқарасың қандай? «Бақ қонды» деп шалқаңнан түсесің бе, осы атыңды жақсылыққа жұмсайсың ба? Қазір атақ жинаудың жолы көп. Сол атағының арқасында бренд боп, ақша тауып жүргендер бар. Атақ пен абырой бір-біріне жақын сияқты. Бірақ екеуі екі бөлек нəрсе. Атақ керек болса, жылт еткен нəрсені жазып, не біреуден көшіріп, көрініп қалуға тырысасың. Ал абыройды ойласаң, біреудің арын былғамай, адал жолмен жетістікке жетесің. Атақ пен абыройдың үлкен нəрсе екеніне назар аударыңдар.

Табыс, береке деген бар. Өмірде əртүрлі табысқа қол жеткізуің мүмкін. Бірақ, берекеге емес. Қазақ береке деп нені айтады? Бір күнде бірнеше шаруаны бітірген əкең: «Бүгінгі күн балама берекелі болды» , – дейді. Берекелі жетістікке ұмтылу керек. Жақсылығың туған-туыс, көрші-қолаңға жетуі тиіс. Енді осының жолын айтайын. Адам құр табысты болмай, қалай берекелі табысқа жетуге болады? Ұлыбританиядағы əлемдегі ең үздік BBC арнасында осыдан бірнеше жыл бұрын білім алу курсынан өттім. Сол жердегі ұстаздар: «Біздің еліміз ғылым арқылы көп нəрсені жүйеге қойды. Бірақ табыстың өздігінен көбейіп, үзілмей тұруының жолы бар ма? Бізді осы сұрақ ойландырады», – деді. Ұстазды тыңдап отырып, берекені айтып отырғанын білдім. Өйткені, Еуропада береке деген сөз жоқ. Ол бізге ислам діні, ата-дəстүріміз арқылы жетті. Береке – біздің қазынамыз. Қазақ бір іс бастағанда: «Берекесін берсін!» – дейді. Берекеге қалай жетеміз? Көз алдыңа жеміс ағашын келтірейік. Жеміс беруі үшін тамырының құнарлы топырақта тұруы маңызды. Екінші су келсе, діңгегі дұрыстап жуандаса, жапырағын жайса, міндетті түрде жеміс береді. Əрбір адам баласы жеміс ағашына ұқсайды. Мысалы, сендер Алматыға келіп, адамдармен танысып, дос тауып жатырсыңдар. Бұл не? Сендердің діңгектерің көрінді деген сөз. Осы əңгімем арқылы су құйып жатырмын.

Кімге Құдай қабілет берген болса, ол артықшылық емес, жауапкершілік. «Мен ақынмын!» деп біреудің есігін ұрып, міндет қылу жақсы іс емес. Осы қабілет-қарымыңды неге жұмсадың, өзіме, өзгеге қандай пайда əкелдің, осы туралы ойлану керек.

– Аға, бозбала күніңізде Дінмұхамед Қонаев атамызбен кездескеніңізді айтып бересіз бе?

– Ол кезде 16 жаста едім. Біздің ауылдың басшысы Қонаев атамызға туысқан іні боп келетін. 1991 жылы атамыздың 80 жасына ертіп апарды. Үйдің есігі үлкен екен. «Ассалаумағалейкум» деп кіргенім сол еді, «Уағалейкумассалам» деп таудың ішіне кіріп кеткендей болдым. «Балам, елдің жағдайы қалай?» – деді. Əдетте, 10-сыныптың оқушысынан елді сұрамайды. «Əке-шешең қалай?» – деп сұрайды. Атамның сұрағына жауап бере алмадым. Бірақ күні бойы отырыста сол сұрақ ойымнан кетпей қойды. «Мектепті бітірген соң маған кел. Керемет ғибрат естисің», – деп мейіріммен шығарып салды. Кейін атамызға қайтып келдім. Бірнеше күн газет-журнал оқып, елдің жағдайын біліп, дайындалып келдім. Атамыз елдің жағдайын тағы сұрағанда, сайрай жөнелдім. Атамыз күлді де қойды. Осы кезден кейін елдің жағдайын ойлап, алаңдап жүретін болдым. Аузы дуалы адам еді. Атамыздың жүректен шыққан сөзі жүрекке жетті…

Əрбір адамның тағдырында шешуші сəттер болады. Бəлкім сендердің Алматыға келгендерің менің Дінмұхамед атаммен кездесуім секілді шығар… Біреу оны бағалайды, біреу бағаламайды…

– Алда қасиетті Рамазан айы келе жатыр. Оқушылар ораза ұстағанда нені ескеруі керек?

– Оразаның оқушыға арналған қағидасы жоқ. Ораза денсаулығы жақсы адамға парыз етілген. Ораза деген таңнан кешке дейін қарны аш жүру емес, тіліңді, көзіңді, ойыңды жаман нəрселерден тыю. Оразада сабағыңды жақсы оқи түс, ата-анаңды ықыласпен тыңда. Адам тілін тыймаса, таза жүрмесе, құр аш жүрген болып есептеледі.

Текті тұлға құрсағы таза анадан туады

– Баяғы қазақ қыздарының бойындағы жақсы қасиеттер бүгінгі қыздарда бар ма?

– Жастармен кездесуге жиі барамын. Əлеуметтік желіде жеке парақшама хат
жазатындар бар. Жақсы, ар-ұяты бар қыздар өте көп. Бірақ жамандықтың жарнамасы жан-жақтан қаумалап тұрғасын жақсы адамдардың тұлғасы көрінбей қалады. Алтын аз болғаны үшін қымбат. Ар-ұят деген көзге түсе бермейтін құнды нəрсе. Құранды, əлем классиктерінің кітаптарын оқып, бір нəрсеге көзім жетті. Кісіге қиянат қылсаң, ол міндетті түрде алдыңнан шығады. Жақсылық қылсаң да солай. Мұны күллі адамзат мойындаған. Қыз ұяттың, ізгіліктің, тазалықтың символы деп жаратылған. Үйде атамыздан қалған гауһар тас болса, оны аяқтың асты қоямыз ба? Көпке көрінбейтін сандықтың ішінде сақтаймыз. Жай ғана құны жоқ құндылықты біз осылай жасырамыз.

Болашақ ұрпақты текті қып дүниеге əкелетін – ананың құрсағының тазалығы. Қыздың жандүниесі жасымай, кеудесінің нұрға толып тұруы біздің сандыққа жасырған алтыннан артық емес пе? Неге қызымыздың ар-намысын, көңілін артық құрметтемеске?! Қызымыз көрінгенге қолжаулық болса, доңыздан артық жеріміз жоқ. Баяғыда бір елге жау шабатын болса, сол елдің ер азаматтары əйелдеріне қалай құрмет, қарым-қатынас жасайтынын білуге тырысады екен. Егер ол елдің əйелдері бақытты өмір сүрсе, əке мен ағаның қамқорлығында болса, елді жаулай алмаймыз деген. Ауылда бір қыз ажырасатын болса, ағасы мен əкесін кінəлаған. Қазақтың сайын даласында күйеуі қайтыс болған əйелді жесір атаған. Ал ажырасқан əйелге ат қоймаған. Ол елде ажырасу болмады деген сөз емес. Тез арада басқа адамға қосқан немесе ел арасында көрінбеген. Қыз баланың бойында пəктік деген болады. Ешкімге айта бермейтін, ақ некеге дейін ұят деген ұғым бар. Төле би, Əйтеке би, Бауыржан Момышұлы сынды мыңжылдық тұлғаларды қарапайым ғана аналар өмірге əкелді. Олар əлемнің алты тілін тілген жоқ. Қараша үйде отырып, қазақтың қамын жейтін тұлғаларды дүниеге əкелді. Ал біз бармаған жеріміз, оқымаған ақпаратымыз жоқ, əлемдік тұлға түгіл əке-шешесін тыңдайтын бала тəрбиелей алмай отырмыз. Неге? Баланың текті, тегеурінді болуы құрсақтың тазалығына байланысты. Қазір қыз бен жігіттің дос болуы сəнге айналып кетті. Олар үйленіп, некеге тұрғанда қызық қалмайды. Бəрін біледі, бəрін көріп қойған. Үйленген соң бір-бірінен жалығып, əйтеуір ажырасудың амалын іздеп отырады. Қазақ халқы «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деп ауылдағы жақсы жігіттің мақтауын асырып, қадірін арттырған. «Мына ауылда жақсы жігіт бар» деп қазынасын жасырған. Сөйтіп, екі жақсы қосылып, ай мен күндей жарасқан.

Махаббаттың, жүректің, сезімнің, құрсақтың тазалығы өте маңызды. Қыздар тазалық, пəктік деген ұғымды түсінбеуі мүмкін. Бірақ сен ойлаған ұрпақ келе ме өмірге? Отбасыңда береке бола ма? Жұртқа тұлға, елге үлгі болатын тұлға қалай өмірге келеді? Əрине, құрсағы таза анадан! Қыз деген шырмауық гүлге ұқсайды. Шырмауық бірнəрсеге сүйеніп қана бүр ашып, торғай жейтін жемісін береді екен. Қыз да сондай, біреуге сүйенгенде бақытты болады. Қыздар – бізге берілген аманат. Жігіттер – біздің сұлтандар. Жігіттер, ар-намысқа сай тұлға болуға тырысыңдар. Қарындастарым, карьера, жұрт алдындағы атақ-абырой демей, тағдырынан ұялмайтын асыл аналарымыздай болыңдар.

– Дін ұстай алсаң қасиет, ұстай алмасаң қасірет дейді. Біз ҰБТ-ға дайындалып жатырмыз. Бір сыныптасыма бұл қызық емес. Ол діни білім алып, Құранға қызығады. Қайсы жол дұрыс?

– Бала жас қой. Қазақтың дəстүрлі қоғамында бала дінді ең бірінші əке-шешеден үйренеді. Баланың діни сұрағына əкесі, атасы мен əжесі жауап беруі керек. Өйткені баланың мінезін, өмірін біледі. Өкініштісі, əке-шеше, ата-əже баланың дін туралы алғашқы сұрағына жауап бере алмағандықтан, сыныптасы, интернет жауап береді. Сөйтіп, бала қатайып қалады. Дін деген қасиетті нəрсені сіңірген кезде адамдармен үйлеспей қалады. Бұл да өтпелі кезеңнің қасіреті. Тығырыққа тіреліп тұрмыз. Қазір біз үшін көбейіп, сапалы болу маңызды. Баланы тұлға қып тəрбиелеу керек.

– Орамал таққан оқушы қыздарды мектепке, тіпті ҰБТ-ға кіргізбей қояды. Оқушының орамал таққанына қалай қарайсыз?

– Қоғам қалыптасып біткенше бір-біріміздің құқығымызға кіріп кететін көп дүниелер болады. Балаларға екпе егу мəселесінде тартыс болып жатыр. Мен Қазақстанды жақсы көремін, тəуелсіздікті қадірлеймін. Осы қоғамда дүрбелең болып кетуінен, адамдардың бір-бірін түсінбей қалуынан қатты қорқамын. Сол себептен менің жауабым мынадай: Үкіметті, Білім министрлігін кінəлауға дерек көп. Еуропа елдерінде бұл мəселе шешіліп қойған. Біздегі түйткіл оқушы қыздардың орамал таққаны емес, адамдардың бір-бірінің құқығын сыйламауы. Жас қыздар қоғаммен үйлесе алмаса, қоғам жас қыздардың мəселесін шешіп бере алмауда. Қоғамның заңын сыйлап, қыздар сəл сабыр қылуы керек. Мүмкіндік болса, қоғаммен ерегеспеген дұрыс. Біз де Құдайды құрметтеген адамды сыйлауымыз керек. Уақыт өте келе шешілетін мəселе. Қазір бір-бірімізге төзіммен қарау, сабыр керек.

– Дінмұхамед атамыздың «Ел қалай?» деген сұрағын сізге енді қойсақ, не деп
жауап беретін едіңіз?

– Өте əдемі сұрақ. Адам өз қателігінен пайда шығарып, сүрінгенінен сабақ алуға тиіс. Мен сендердің алдарыңда үлкен іс тындырған адам боп отырған шығармын. Бірақ, менің өз-өзіме көңілім толмайды. Сендер секілді ертерек насихат тыңдағанымда, көп уақытымды тіл үйреніп, кітап оқуға арнағанымда отбасыма, еліме бұдан да көп пайда келтірер ме едім деп ойлаймын. «Адамдар не дейді, не деп сұрайды?» деп емес, «сыртымды да, ішімді де көріп тұрған Алла не дейді екен?» деген сұрақты бірінші кезекке қоямын. Пендені сол сəтте алдай алуың мүмкін. Бірақ Алланы алдай алмайсың. Маған ақыл, сана, туған-туыс, бала-шаға берді. Көп адамға бермеген нығметті берді. Адам өзінің несібесін қалтасындағы ақша, қымбат үй, жұрт сүйсінген жиһазбен теңестіреді. Байлық деген – сенің бостандығың, иманың, əке-шешең, туыстарың. Материалдық игіліктер содан кейін. «Ел қалай?» деген сұраққа менің беретін жауабым: Адам баласы өзінде барды бағаламаса келген нығметтің қадірін білмейді. Барды бағалаған адам ғана келген нығметтің қадірін біледі. «Жеріміздің асты-үсті байлық, неге бізге бұйырмайды?» деп ойлаймыз. Осы байлық саған бір күнде бұйырса, ие бола алар ма едің? Байлықты көтере аласың ба? Бір күнде адамшылықты жойып алмайтыныңа сенімдісің бе? Өйткені мен кейбір адамдарды сынап көрдім… Сондықтан Алланың да есеп-қисапсыз байлығымызды əп-сəтте төбемізден бермеуінің ар жағында əділдік бар. Əр нəрсе өзінің орны, ретімен келе жатыр. Ел пиғылына сəйкес Алланың нығметін көріп келе жатыр. Ел неге лайық болса, соны көріп жатыр.

– Жамбыл атаның рөлінде киноға түстіңіз. Айтысты неге тастап кеттіңіз? Осы
туралы айтып беріңізші.

– Жамбыл атамның басқа айналысатын шаруасы болғанда 100 жасқа дейін айтыспас еді деп ойлаймын (күліп). Ол кісінің заманы, кезеңі басқаша болды. «Өнерді үйрен де жирен» деген сөзді «өнерді тастап кету» деп түсінеміз. Бұл тастап кету емес, дамыту. Сол қасиетіңді пайдалана отырып, басқа көкжиектерді ашу. 27 жасыма дейін кəсіп жасап, ақша табу дегенді өз жолыммен байланыстырмайтынмын. Кəсіп менің жолым емес деп түсіндім. Кейін сөз ұстаған, өнерлі адамдардың кəсіп жасай алатынына көзім жетті. Неге кəсіп жасап, дарынды адамдарға мүмкіндік бермеске? Мен неге елге көмектеспеуім керек? Осындай ой мазалай бастады.

Киноға түсуіме себеп болған ең үлкен нəрсе – айтыстағы шынайы образым. Жамбылға барынша жақын едім. Өйткені Жетісу, Оңтүстіктің дəстүрлі өнер ортасынан шықтым. Өлеңді ұйқастырып, тек техникасын меңгерумен айтыскер боп кеткен жоқпын. Ақын боп өмір сүрдім. Жаңа түскен келіннің бетін аштым, тойға бардым. Режиссердің көзі қырағы келеді, «Жамбылға келеді» деп мені таңдады. Кез келген адам өзінің мамандығын сүюі керек. Сен жақсы жаз, үлкен мəселе көтер. Дамы, өс, өркенде. Қарапайым журналистпін деп шектеліп қалма. Əр адамның əркетіне қарай берекет береді. Айтыстан кетсем де қазақ айтысы құлап қалмайтынына анық көзім жетті. Балғынбек, Жандарбек, Сара, Мұхтар сынды жастар өсіп келе жатты. Ал менің қолымнан келетін істі басқа адам жасай алмас еді…

«Асыл арна» сынды рухани телеарна ашу, Халифа Алтай атамыздың жанына шəкірт боп ілесу, қайырымдылық қорын құру сияқты көзге көрінбейтін, айғайлап айта алмайтын, үндемей жүріп үлгеруге тырысатын шаруа көп еді. Сол нəрсені қолға алдым. Сендерге де бір нəрсемен шектеліп қалмаңдар дегім келеді.

Дайындаған
Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз