Қазіргі кезде бірнеше олимпиадалық спорт түрінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Боксшыларымыз Бангкокта бақ сынаса, дзюдо күресінің шеберлері Фуджейраға (БАӘ), жеңіл атлеттеріміз Дохаға аттанып кетті.

Ал күрес түрлерінен құрлық біріншілігін Қытай мемлекеті қабылдайды. Сиянь қаласында жалауын желбірететін додада грек-рим күресінің бас бапкері Нұрым Дүйсенов мына балуандарға сенім артады: Қорлан Жақанша (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Құдайберген Тұрсынов (63 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Демеу Жадыраев (72 келі), Темірлан Шадукаев (77 келі), Мақсат Ережепов (82 келі), Азамат Күстібаев (87 келі), Әлімхан Сыздықов (97 келі), Дамир Күзембаев (130 келі).

Азия чемпионатында грек-рим күресінің балуандары арасындағы сын 27-28 сәуірге жоспарланған.

Ал еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаевтың айтуынша, бұл жарыста негізінен жастарға сенім артылады. Олар биыл Шымкент қаласында өткен спартакиада барысында іріктелген. Спартакиадада чемпиондық атаққа қол жеткізген балуандардың барлығы дерлік Азия чемпионатында боз кілемге шығады. Алдағы уақытта елімізде Олимпиадаға лицензия берілетін әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыста қазақстандық балуандар жоғары деңгейде ойын көрсетуі үшін Азия чемпионатында олардың дайындық барысы пысықталады. Бас бапкердің сөзіне қарағанда, жеңіл салмақтарда Жапония,Оңтүстік және Солтүстік Корея балуандары қарымды келеді. Сондай-ақ Иран мен Өзбекстан балуандары да оңай қарсылас емес. Соған қарамастан біздің жігіттер негізінен жүлделі орындарға таласуды алдына мақсат етіп отыр. Еркін күрестен Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасына Мейрамбек Қартбай (57 келі), Бауыржан Төребек (61келі), Дәулет Ниязбек (65 келі), Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Данияр Қайсанов (74 келі), Ғалымжан Өсербаев (79 келі), Әділет Дауланбаев (86 келі), Ералы Әбдірашев (92 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Олег Болтин (125 келі) шақырту алған.

Күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы осыған дейін АІВА спорттық базасында жаттығуда дайындығын жүргізіп келді.

Ерұлан Ысқақовқа күміс жүлде табысталды

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов хабарлады.

2018 жылы Бішкекте ұйымдастырылған құрлық додасында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпы есепте екінші орынға табан тіреген болатын. Алайда, UWW (Біріккен күрес әлемі) 97 келіде белдесіп, чемпион атанған ирандық Мұстафа Салехизадені допинг қабылдағаны үшін жарыстан шеттетіп, алтын медальды қайтарып алды. Осылайша, чемпионат алтыны өзбекстандық Рустам Ақсақаловқа беріліп, қола жүлдегер атанған қазақстандық Ерұлан Ысқақов екінші орынға көтерілді.

«Күміс медаль ресми түрде қолыма әлі тиген жоқ. Бірақ федерация арқылы UWW (Біріккен күрес әлемі) ресми хат жібергенін білдім.  Бұл – Азия чемпионаттарында жеңіп алған төртінші жүлдем. 2014 жылы чемпион атансам, қалған үш жарыста күміс пен қоланы еншілеген едім. Шынымды айтсам, қоланың күміске айналғанына айтарлықтай қуанған жоқпын. Өйткені, 2017 және 2018 жылғы Азия чемпионаттарында тап осы ирандық балуаннан жеңілген едім. Күрес кезінде оның әсте шаршамайтынын байқадым. Кейін бір жылдай уақыт оны ресми жарыстардан кездестірмедік. Міне, бүгінде оның допинг арқылы жеңіске жеткенінен  хабардар болып отырмыз. Егер ол допинг қабылдамағанда, менің оны жеңіп, финалға шығатын мүмкіндігім бар еді. Спортта тыйым салынған заттарды қолдану көптеген балуанның жолын кеседі», – дейді Ерұлан Ысқақов.

Осылайша, Қазақстан командасы 2018 жылғы Азия чемпионатында жалпы есепте бірінші орын иеленіп отыр. Екінші орында Қырғызстан, үшінші орында Өзбекстан командалары орналасқан.

Илья да қатарда

Ауыр атлетикадан Азия чемпионатын Қытай елі өткізіп жатыр. 18 сәуірде басталған дода 28-іне дейін жалғасады.

Қытайдың Нинбо қаласында басталған жарысқа қазақстандық зілтеміршілерден Илья Ильиннің өзі жарыс көрігін қыздырмақ.

Азия чемпионатына баратын ұлттық құрама тізімі:

Ерлер: Арлей Чонтей (55 келі), Фархад Харки (67 келі), Денис Уланов, Нұржан Сәменов (81 келі), Нижат Рахимов (89 келі), Илья Ильин, Рустам Сыбай (96 келі), Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов, Селімхан Әбубәкіров (109 келі).

Қыздар: Зүлфия Чиншанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі), Екатерина

Столяренко, Екатерина Быкова (71 келі), Жазира Жаппарқұл (76 келі), Раушан Мешітханова (81 келі), Лариса Кобелева (87 келі:), Айзада Мүфтілда (+87 келі).

Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты қарсаңында команда бапкері Виктор Ни спортшылардың жарыс алдындағы дайындығымен бөлісті. 

«Спортшылардың дайындығы жоспар бойынша өтті. Әрине, біз әрдайым жоғары нәтижеге ұмтыламыз. Бірақ кейбір кедергілерге қарамастан, команда жақсы деңгейде дайындалды. Меніңше, Азия чемпионатында екі-үш медаль алатын мүмкіндігіміз бар», – дейді Виктор Ни.

Бапкердің айтуынша, Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов пен Илья Ильин айтарлықтай бабында емес екен.

«Команда толығымен бабына енді дей алмаймын. Әлем чемпионатына дейін жүз пайыз дайын болары сөзсіз. Қазіргі кезде кейбір спортшылардың әлі кемеліне келмегенін айтуға болады. Зүлфия Чиншанло 70 пайызға дайын. Рахимовтың арқасында жарақаты бар, Илья Ильин де бабында емес. Олардың барлығы әлем чемпионатына дейін қалпына келеді», дейді бапкер. 

Виктор Ни алдағы Азия чемпионатынан соң күрмеуі көп мәселелердің шешілетініне сенімді.

«Азия біріншілігінен соң бәрі белгілі болады. Алда екі ірі жарыс бар. Сол бәсекелерден кейін ғана Олимпиада туралы ойланамыз», деді ол. 

2013 жылы құрлық додасынан қола медаль жеңіп алған Ибрагим Берсанов тек чемпион болуды көздейтінін жасырмады.

«Азия чемпионатына ұзақ әрі тыңғылықты дайындалдым. Осы жарыста еліміздің Әнұранын шырқатқым келеді. Ең бастысы, жарақаттан аулақ болу. Сондай-ақ, әлем чемпионатында жүлде алу да басты мақсаттарымның бірі. Әлемдік додада медаль алатын мүмкіндігімді босқа жібермесем деймін. Олимпиада ойындары туралы содан соң ғана ойлануға болады. Төртжылдық додасына қатысу үшін қолымнан келгенін аянып қалмаймын. Бастысы, Олимпиадаға қатысып қана қоймай, елімізге қомақты жүлде әкелу», – дейді Азия чемпионатының қатысушысы Ибрагим Берсанов.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз