Бұрын үйдегі үлкендер еңбек демалысына шыққанда үйге жөндеу жұмыстарын жасаймыз, бітпей қалған шаруаларымызды бітіреміз, дәрігерге қараламыз дейтін. Ал еңбек демалысына берілетін ақшаны жиһаз алу, несие төлеу, қарыздардан құтылуға жоспарлайтын.

Кейін мектеп бітіріп, университетке түскен соң «Ұлан» газетіне жұмысқа орналастым. Қосымша ақпараттық порталдарда жұмыс істедім. Биыл үшінші рет еңбек демалысын алдым. Ересектер сияқты несие-қарызым жоқ. Жиһаз алайын десем, жатақханада тұрам. Ойлана келе Қазақстанды аралаймын деп шештім. Журналист болып жүріп еліміздің көптеген қаласын көру бұйырыпты. Қалғаны – Батыс Қазақстан.

Бір мемлекетте тұрсақ та, Қазақстанның батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінде айтарлықтай айырмашылық бар. Университетте батыс жақтың қыздарымен құрбы болдым. Батысқа бармай тұрып «Батыстықтар бай тұрады», «Батыс – мұнайлы өлке», «Халқы дәстүр мен дінге берік», «Батыста қыс болмайды», «Адамдары дөрекі сөйлейді» деген шын-өтірігі беймәлім мифтерді ғана білетінмін.

Шетел болмаса да, бұрын барып көрмеген өлкені жалғыз аралау алғашында қорқынышты болып көрінді. «Тіліміз бір, дініміз бір, валютамыз бір. Сондықтан, еш қорықпа»  деп қоямын іштей. Осы күнге дейін қорға қаражат жинамасам да, алыс-жақыннан дос-таныс тауыппын. Солардан баратын қала туралы, қандай көлік түрімен бару керек, қайда тоқтауға болады, қайдан тамақтанған дұрыс екенін сұрап алдым да, елтанудың маршрутын құрдым. Бағытым: Алматы – Ақтөбе – Ақтау – Атырау – Орал – Алматы. Еңбек демалысымның уақытын аталған қалаларға, жолға кететін уақытқа бөлдім де, қорқып, айнып қалмау үшін бірден барлық бағыттың күнін белгілеп, билет алып қойдым. Сөйтіп, «Билет қолда, батыс қайда?» деп жолға шықтым.

Көктемнен – жазға, жаздан – қысқа саяхат

Алматы сияқты ірі мегаполисте өмір сүріп жатқан адам Қазақстанның қаншалықты кең екенін сезіне алмасы анық. Миллиондаған адам, көлік кептелісі, ұзақ күттіретін ұзын-сонар кезектен шаршаған сәтте пойызға билет алып, Қазақстанның басқа шетіне саяхаттап кету керек екен. Жол-жөнекей тыныштық, табиғат, кең-байтақ даланы тамашалап, қаланың күйбең тіршілігінен алыстаған сайын жаның жай табады.

Алғашқы бағытым – Ақтөбе. Алматыдан пойызға мінсең, екі тәулік дегенде жетесің. Жолда Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларын басып өтесің. Интернет желісі бірде бар, бірде жоқ.

Менің ауылыма пойыз бармайды. Сондықтан, екі тәулік пойызда «өмір сүру» алғашында ішпыстырарлық болып көрінді. Бірақ, олай емес екен. Пойыздың терезесіне телміріп қарап отырып, Қазақстанның қаншалықты кең екенін көре аласың. Мен Алматыдан шыққанда қалада көктем еді. Бірте-бірте елдің оңтүстігіндегі қалаларда жаздың ауа райы байқалды. Шымкент, Қызылорда қалаларына жеткенде ауа температурасы +20, тіпті +25 градусты көрсетіп тұрды. Жайқалған жазды, дала гүлдерін көріп, басқа қалаға емес, жазға аттанып бара жатқандай болдым. Ақтөбеге жақындаған сайын жасыл желек көз алдымдан ғайып болып, жер қарая бастады. Ақтөбеге жеткенде ақ қарға оранған қала күтіп алды.

Алматыдан Ақтөбеге жеткенше көз алдымда күн мен түн, ауыл-аймақ пен қалалар, олардың тұрғындары мен табиғат жағдайы, айналысатын шаруашылығы, тіпті халқының сөйлеу және киіну стилі, жанымдағы жолаушы серіктерім де ауысып жатты. Сапардан түйгенім: тұрғындардың тыныс-тіршілігі, таным-түсінігі, демографиясы мен мінез-құлқы жергілікті климатқа тәуелді. Тіпті, сағат белдеуі де алмасты. Қазақстанның төртінші және бесінші сағаттық белдеуде орналасқанын география пәнінен білеміз. Қызылордадан бастап батыстың барлық аймағында уақыт Астана уақытымен салыстырғанда бір сағат артта жүреді. Қолсағатыңыз болса, оны да жергілікті уақытқа келтіріп, реттеп алған дұрыс. Пойызға, ұшаққа билет алғанда ұшу уақытын анықтап алу керек. Кейбір билетте уақыт Астана уақытымен, енді бірінде жергілікті уақытпен көрсетіледі.

Ақтөбе – құтты мекен

Ақтөбенің вокзалынан түскеннен бастап өзіңнің қай қалада жүргеніңді ұмыта алмайсың. Ұмыттырмайды. Қаланың кез келген тұсында «Ақтөбе – құтты мекен» деген жазу тұрады. Вокзал, қоғамдық көлік, аялдама, көшедегі баннер, ғимараттардың сыртында, тіпті дүкен мен дүңгіршектерде де осы жазуды көресіз.

Мұның сырын жергілікті тұрғындардан кейін сұрап білдім. Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласына сапарында «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деген ізгі тілек жазып қалдырыпты. Елбасы таққан айдарды атақты ақтөбеліктер мақтан тұтады екен. Елбасының қолтаңбасы қойылған осы жазуды тасқа қашап, Тұңғыш Президент саябағына орнатып қойыпты. Тіпті, 2017 жылы Ақтөбе облысының 85 жылдығы қарсаңында «Ақтөбе – құтты мекен» деген атпен энциклопедиялық анықтамалық шығарыпты.

Соңғы жылдары түрлі террористік шабуылдармен аты шығып кеткенімен, қала қазір тыныш. Қоғамдық көлікте автобустың артқы есігінен кіріп, алдынан түседі. Жолақы – 80 теңге. Қоғамдық көлікте Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Құрманғазы сынды тұлғалардың суреті мен өмірбаяны жазылып тұрады. Телефонға телміріп тұрғанша, жететін аялдамаңа дейін пайдалы ақпарат алып үлгересің. Жақсы емес пе? Мұнысы үлгі аларлық іс екен.

Қала құрылысы, тыныс-тіршілігі Алматы мен Астана сияқты ірі мегаполистерге ұқсас. Құрылыстың, ықшамаудандардың жылдам қарқынмен салынуы қаланың аумағының да, халқының да өсіп жатқанын аңғартады. Ойын-сауық орталығы, театр, мешіт, музей,  мектеп, спорт нысандары да көп. Қаланы толық аралап шығуға бір-екі күн жетпейді екен.

Ресейге жақын болғандықтан шығар, қалада орыстар мен орысша көше атаулары көп. Қаланың бас көшесі саналатын Әбілқайыр көшесі наурыз айында Назарбаев көшесі болып өзгертілді. Әбілқайыр көше атағынан айырылғанымен, Маресьев пен Некрасовтардың дәурені әлі жүріп тұр. Мені осы мәселе қынжылтты.

Ақтөбеліктердің барлығы патриот. «Қалама қайтпаймын» дейтіндерді сирек кездестіріппін. Тіпті, пойызда танысқан Ақтөбеде оқитын қызылордалық қыз да Ақтөбеде қалып, осы қалада жұмыс істеп, осында өмір сүргісі келетінін айтқан еді. Өзімнің қатарластарым да өндірістік тәжірибені Ақтөбенің газет-журналы мен телеарнасынан өтіп, сонда қалуға тырысады. Алматының орталық стадионында «Ақтөбе» футбол клубының матчын көруге барғанда, «О, Ақтөбе, сен көп жаса, Жаным пида болсын саған» деген өлең жолдарын жаттап алыппын. Ақтөбеден Ақтауға жолға шығарда осы өлең жолдары ойымнан да, құлағымнан да кетпей қойды. Ішімнен қайталап қойдым да, Маңғыстау өлкесіне жол тарттым.

(Жалғасы келесі санда)
Дана МАРАТОВА
Алматы – Ақтөбе – Ақтау –
Атырау – Орал – Алматы 

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз