Америкалық өнертапқыш, кәсіпкер, Apple корпорациясының негізін қалаған Стив Джобстың өмірінің соңғы күндері жазған хаты естеріңде ме? «Өмірде автокөлігіңізді жүргізетін жұмысшыны жалдай аласыз, орныңызға ақша табатын қызметкерді де жалдайсыз. Ал науқас төсегіне cіз үшін жататын адамды ешқашан ақшаға сатып ала алмайсыз. Өмірде жоғалтқан бұйымды қайта табуымыз мүмкін. Ал бір жоғалтсаң, қайта табылуы мүмкін емес бір ғана нәрсе бар, ол – өмір. Операция жасау бөлмесіне түскен адам әлі күнге дейін бір кітапты оқып аяқтамағанына көзі жетеді, ол – «Салауатты өмір кітабы». Иә, Стив Джобс айтқандай, өмірдегі ең басты байлық – денсаулық. Денсаулық дегеніміз – қозғалыс. Ал қозғалыс – спорт. Спорт адамның денсаулығына ғана емес, дене бітіміне, мінезі мен тағдырына да әсер етеді.

Әлемде кең тараған қаншама спорт түрі бар. Ал сендер бадминтон деген спортты білесіңдер ме? Бұл ойын елімізге 1964 жылы келсе де, соңғы жылдары ғана таралып, дамып келеді. Бұл қандай спорт? Елімізде осы спорт түрінен әлемдік жарыстарға шығып жүрген кәсіби спортшылар бар ма? Елімізде бадминтонды дамыту үшін не жетпейді? Біз Алматы технологиялық университеті Дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы, бапкер Ұлан Саймасаевпен осы тақырыпта аз-кем әңгімелескен едік…

– Ұлан, бадминтонның атын естігеніміз болмаса, ойын туралы дұрыс білмейміз. Спорттың бұл түрі Олимпиада бағдарламасына да енген екен. Бұл қандай спорт, шығу тарихы қалай?

– Бадминтонты волан добы мен ракеткамен ойнайды. Үлкен тенниске ұқсайды. Бірақ теннистің ортасынан қақ бөліп тұратын торының биіктігі бадминтонның торынан кішірек болады. Бұл спорт алғаш Үндістанда пайда болды. 1872 жылы Бадминтон қаласында спорттың осы түрінен тұңғыш рет жарыс ұйымдастырылды. Спорттың атауы осыдан шыққан. Малайзияда 3 миллионнан аса халық осы ойынмен әуестенеді. Бадминтон төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1992 жылы енді.

– Басқа спортпен салыстырғанда бадминтон несімен ерекшеленеді және спортшыдан қандай қасиетті талап етеді?

– Бадминтон – спорттың ең жылдам түрінің бірі. Өйткені оның добы секундына 200 метрге дейін ұшады. Ал үлкен теннистің добы секундына 170 метр жылдамдықпен ұшады. Салыстырмалы түрде қарасақ, бадминтон осы жағынан ең жылдам спорт болып есептеледі. Сондай жылдамдықпен ұшып келе жатқан допты қайтару үшін спортшы ең алдымен шапшаң, күшті, епті, иілгіш, икемді болуы қажет. Бадминтонда спортшыға ең керек қасиет деп осыларды айтуға болады. Ұшып келе жатқан допты қарсылас тосып алмауы үшін допты жылдам әрі қатты екпінмен соғу керек. Ал воланды қатты соғу үшін адамға, әрине, күш, ептілік пен икемділік керек. Қарсыласты алдап соғу үшін допты оңға, солға кезекпен лақтырасыз, ал бұл сәтте адам денесінің иілгіш болуы маңызды. 1992 жылғы Олимпиада кезінде бадминтонда бір допты жерге тигізбестен 37 минут бойы ойнаған. Бұл сол кездегі әлемдік рекорд болды. Сондықтан бұл ойын шыдамдылықты да талап етеді. Бадминтон жас ерекшелігіне қарамайды. Оны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ойнай береді.

– Бадминтоннан әлемдік жарыстарға шыққан қазақстандық кәсіби спортшылардан кімдерді білесіз? Олимпиада ойындарына спорттың осы түрінен лицензия алған жерлестеріміз бар ма?

– Өкінішке қарай, жоқ. Өйткені, Қазақстанға бадминтон 1964 жылы келсе де, ол соңғы бес жылда ғана көпшілікке танымал бола бастады. Әзірше Олимпиадаға да жолдама алған ешқандай қазақстандық спортшы жоқ. Бадминтон елімізде енді ғана дамып келе жатқандықтан болашақта бұл спорттан еліміздің атын әлемге танытатын жастар көптеп шығады деп үміттенемін. Осыған байланысты қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландиннің тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада жүзу спорты тарихында еліміздің қоржынына алғашқы алтын медальді сыйлап, сенсация жасады. Сол кезде бәріміз қуандық. Баландиннің жеңісіне дейін «жүзуді Қазақстанда дамымаған спорт түрі» деп келдік. Өйткені Олимпиада ойындарында еліміздің қоржынында бірде-бір медаль болған жоқ. Осы жеңістен кейін балаларын бассейнге апаратын ата-аналар да, өз бетімен баратындар да көбейді. Сол сияқты бадминтоннан да қазақстандық спортшылар сенсация жасайды деп сенемін. Оған тек біршама уақыт пен мемлекет тарапынан қолдау қажет деп ойлаймын.

Бадминтон спортын Қазақстанда дамытуға не жетпейді?

– Спорттың кез келген түрі кеңінен тарап, көпшілікке танымал болуы үшін ол мектеп бағдарламасында болуы керек деп ойлаймын. Мектепте футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты ойындар кеңінен насихатталады. Сондықтан балалар кішкентай кезден бастап спорттың бұл түрлерін біліп, ойынның техникасымен таныс болады. Өкінішке қарай, бадминтонды балалар мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскен кезде ғана біліп жатады. Бірақ барлық жоғары оқу орнында бұл ойын үшін жағдай жасалған деп айта алмаймын. Сол себепті бадминтонды көпшілік біле бермейді. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда қазір жағдай айтарлықтай өзгерді. Соңғы төрт-бес жылда жастардың көпшілігі бадминтон деген спорттың бар екенін біліп, қызығып отыр. Алматыда көптеген турнир, республикалық ойындар мен жастар арасында Универсиада жарыстары өтіп жатыр. Осының арқасында бұл ойын ақырындап танылып жатыр.

– Бадминтонды дамытып, оны бұқаралық спортқа айналдыру үшін елімізде өтіп жатқан турнир жеңімпаздарына ірі сомада ақшалай сыйлықтар берілуі керек шығар?

– Әрине. Студенттермен жұмыс істеп жүрген соң жақсы білеміз ғой, оларды шабыттандыру үшін мақтап, мадақтап, жүлде тапсыру маңызды. Сол сияқты ірі көлемдегі ақшалай сыйлық болса, спорттың бұл түріне қызығатындар көбейетін еді. Мысалы, 2012 жылы елімізде «Қазақстан барысы» турнирі басталды. Өйткені, бұл байқаудың жүлде қорын өздеріңізде де білесіздер. Оған дейін қазақша күрес кеңінен тарамаған еді. Олимпиада чемпиондарына төленетін сыйақыны «Қазақстан барысының» өзі беріп отыр. Сондықтан дзюдо, грек-рим, еркін күрестің нөмірі бірінші спортшылары қазақша күреске кетті. Осылайша «Қазақстан барысы» елдегі ауқымды спорт додасының біріне айналды. Қазір бүкіл әлем қазақша күреске қызығып отыр. Олар қазақтың ұлттық ойыны деп қызығып отырмағаны анық, жарысқа бөлінген ақша оларды көбірек қызықтырады деп ойлаймын.

– Әлем бойынша бадминтоннан қай елдің спортшылары алда?

– Бадминтоннан қазір Жапония бірінші орында. Одан кейін Қытай мен Индонезия елдері алғашқы үштіктен көрініп жүр. Көрші Ресейде де бұл спорт жақсы дамыған.

Коньки, теннис сияқты спорт түрімен кез келген адам айналыса бермейді. Өйткені олар ең қымбат спорт түрі болып саналады. Үйірмеге қатысу және керек құрал-жабдықты алуға әркімнің қалтасы көтермейді. Ал бадминтон спорттың қымбат түріне жата ма?

– Бадминтон – қымбат спорт емес. Жүзумен айналысамын десеңіз, сізге міндетті түрде бассейнге баруға тура келеді, мәнерлеп сырғанау үшін мұз айдынына барасыз. Ал бадминтонды кез келген жерде ойнай беруге болады. Екі ракетка мен волан добы 3000 теңгенің шамасында тұрады. Арнайы форманың де қажеті де жоқ. Күнделікті киетін шолақ шалбар (шорты) мен жеңіл жейде (футболка) және кроссовкамен ойнай беруге болады. Әрине, спорттың кез келген түрімен кәсіби түрде айналысу біраз қаржыны қажет етеді ғой. Әуесқойлар үшін бадминтон арзан спорт болып есептеледі.

– Бадминтон елімізде енді ғана дамып жатыр дедік. Өзіңіз кезінде қайда жаттықтыңыз? Кім жаттықтырды?

– Бадминтонмен 2016 жылдан бастап айналысып келе жатырмын және осы спорттан Алматы технологиялық университетінің студенттерін жаттықтырамын. Оған дейін қазақша күреспен кәсіби айналыстым. Қазақ спорт және туризм академиясында білім алдым. Онда бізде тек күреспен шектемей, жан-жақты дамытты. Оның үстіне қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы ғой. Интернет арқылы бұл ойын туралы, оның пайда болу тарихын, ережесін, еліміздегі жағдайы қалай бәрін шолып, анализ жасап шықтым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Алматы энергетика және байланыс университетінде жаттығып жүрдім. Сосын өзімнің көрген-білгенімді Алматы технологиялық университетінің студенттеріне үйрете бастадым.

– Сіз жаттықтырып жүрген команданың қандай жетістіктері бар?

– Жақында командамыз Жазғы универсиада ойындарында үшінші орынды иеленді. Жыл сайын алғашқы ондыққа да ене алмайтын. Өзге қарсыластар да бізді қарсылас ретінде санамайтын. Биыл да бізге команда болып, универсиадаға қатысып келу тапсырылды. Бірақ биыл тынымсыз дайындықтың арқасында осы қағиданы бұздық. Өйткені өзім бұрын спортпен кәсіби түрде айналысқандықтан жүлдесіз оралудың қаншалықты ауыр екенін білемін. Сондықтан биыл қалайда командамыз үздік нәтиже көрсетуі керек деген мақсат болды. Жай қатысып келуді қанағат тұтпадық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мейірман ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз