Ақтөбе қаласының тұрғыны Дамир Қазақов – қойдың жүнін кəдеге жаратып жүрген жас ғалым. Қаладағы №20 лицейдің 4-сынып оқушысы. Болашақта жүн өңдеу саласын зерттегісі келеді. Оның əңгімесі жүн түтіп, киіз басатын əжемді
еске түсірді. «Бізде жүн өңдейтін бірде-бір орын жоқ. Ауыл тұрғындары қырқылған жүнді ойланбастан лақтыра салады», – дейді Дамир.

Шалқар ауданында əжем тұрады. Жазғы демалысты əжемнің ауылында өткіземін. Сол жақта көршілердің жүнді күзге қалай дайындайтынын көрдім. Əжем одан киіз басатынын айтты. Ауыл адамдарының дені киіз басып, жүн түтеді екен. Қой мен түйенің жүнінен көрпе тігеді. Əжемнен барлық мəліметті сұрап алдым. Жаңа оқу жылында сынып жетекшіміз жазғы демалысты қалай өткізгеніміз туралы сұрады. Əжемнің ауылындағы киіз басатын көршілері туралы айтып бердім. Қалада тұратын сыныптастарым үшін де əңгімем қызық болды. Шолпан апайым да ұнатып, ауыл шаруашылығы туралығылыми жұмыс ұсынды. Өзімнің де қызығушылығым оянды. Болашақта жүн өңдеумəселесімен айналысамын, –дейді Дамир.

Жас ғалым республикалық ғылыми байқауда алғашқы жобасын қорғайды. Одан кейін «Зерде» ғылыми жарысында «Этнопедагогика» номинациясы бойынша зерттеу еңбегі топ жарады. Ауылдарды аралап, жүн өңдеу техникасымен танысады. Алайда адамдардың жүнді кəдеге жарата алмай отырғанына күйінгенін айтады.

– Қазақ ежелден қой баққан халық. Қой қырқып жүнге жарығанымызбен, жарата
алмай отырмыз. Жүн іздеп қаланың іргесіндегі ауылдарға бардым. Олар маған жүнді өртеп жіберетінін немесе қорада жатқанын айтты. Мұндай бағалы материалды қалай пайдалану керектігін білмейді. Жүнді жаратып киіз басқан бір-екі тұрғын ғана екен. Жүн тек киіз басуға ғана керек деген сөз қате. Ғылыми жұмыспен қағаз жүзінде ғана айналысқаныммен, киізден қолғап пен сөмке, телефонға қап тігуді үйреніп алдым. Жүнді түрлі түске бояуға да болады. Ол үшін жүнді ылғалдап алып, арнайы бояуды пайдаланамын.

Бізде жүн өңдейтін жер жоқ болғандықтан, ауыл тұрғындары қырқылған жүнді ойланбастан лақтыра салады. Немесе өте төмен бағаға тапсырады. Кейбіреулері тіпті жүнді қайда тапсыратынын да білмейді. Бұл – біздің өңірдегі күрделі мəселе. Жобама материалдар жинау кезінде қолдануға дайын жүндерді сатып алуға тура келді. Олар басқа елде өндіріледі. Жыл сайын қырықтық кезінде қаншама тонна жүн ысырап болады. Жүн – қолжетімді таза экологиялық шикізат. Синтетикалық материалдардың орнын алмастыратын жалғыз табиғи дүние. Одан балаларға арналған массаж əсері бар кілем жасауға болады. Мұндай кілем – дамуында бұзылысы бар балаларға таптырмас медициналық құрал. Ревматизм, артрит секілді аурулардың алдын алады. Қой жүнінен көліктің жабдығын тігуге болады. Жүргізушілер бірқалыпты қозғалыссыз отырғандықтан, беліне зақым келуі мүмкін.

Қой жүні – емдік шикізат. Одан балалар ойыншықтарын дайындауға да болады. Одан жасалған ойыншықтар нəрестелерде аллергия туғызбайды. Кейде туристерге арналған ұстап жүруге ыңғайлы ұлттық нақыштағы шатыр тігуді ойлаймын. Киізден жасалғанымен, саяхатшының қалтасына салмақ салмайтындай тігу керек. Нəтижесінде, қазақтың киіз үйлерін жаңа үлгіде жасап шығамыз, – деп арманын да айтып қалды.

Биязы жүн – бизнес бастауы

Дамир жүн өңдейтін зауыт ашу арқылы тегін шикізаттың ысырап болып жатқанын шешіп қана қоймай, қой шаруашылығын дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашуға болатынын айтады. Ол осы уақытқа дейін жүннен кілемшелер, қолғаптар, косметикалық сөмкешелер, дорбалар мен картиналар жасаған. Тіпті сыныптастарына дейін үйретіпті. Бір сыныптың оқушылары жасаған бұйымдар көздің жауын алады. Енді олар киіз басып, жүн түтуді үйренгілері келеді екен.

– Ғылыми жұмысым арқылы қой жүнінің бірнеше түрін білдім. «Жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» жəне «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөлінеді. Олар түрлеріне қарай əртүрлі бұйымдарға қолданады. Тұрмыста жабағы жүн көп қолданылады. Киім-кешек, ыдыс-аяқ салатын дорба тігеді. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады. Күзем жүні қозыдан алынады. Одан киіз, текемет, сырмақ, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады.

Малмен ғана күнелткен ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Кейіннен құнды дүниелерден көз жазып қалдық. Халық медицинасына да қойдың жүнін қолданған. Қазақтың халық емшілері ақ киіздің емдік қасиетін біліп, қой жүні мен түйенің шудасын сарысуды, сүйек сырқатын емдеуге қолданған. Қазіргі таңда биязы жүн сұранысқа ие. Бірақ өте аз. Болашақта биязы жүнді қой санын арттыратын болсақ, бізге мол пайда əкеледі. Менің ғылыми жұмысым болашаққа деген көзқарасымды өзгертті. Жүнді қайта өңдеу зауытын ашқым келеді. Оған дейін мал шаруашылығын дамытамын, – дейді талабы зор жеткіншек.

P.S. Дамир үйінің жалғыз баласы. Күзет қызметіндегі əкесі мен үй шаруасындағы анасының мақтанышы. Олар да ұлдарының халыққа пайдасы бар тірлікпен айналысқанына дəн риза. Сыныптастары да Дамирмен бірге жаңа үлгідегі киіз басу техникасына кірісіп кетіпті.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз