Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан алғашқы екі команда анықталды, – деп хабарлайды «Жасөркен» порталы. Бірі – «Барселона» болса, бірі – «Аякс».

Месси бастаған каталондық клуб «Олд Траффордта-ақ» өзінің мықтылығын дәлелдеген. Алғашқы ойында 1:0 есебімен ұтқан «Барселона» қарымта ойында да өз биігінен түскен жоқ. «Камп-Ноуда» алаң иелері айқын жеңіске жетті. Месси дубль жасаса, 61 минутта Филипп Коутиньо гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.

Ал туриндік «Ювентустың» сан соғып қаларын ешкім ойлаған жоқ. Дегенмен жас футболшылардан құралған «Аякс» алғашқы ойында-ақ оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсеткен еді. Амстердамда ойын 1:1 есебімен тең аяқталса, қарымта ойында «Аякстың» айы оңынан туды.

«Ювентус» сұрмергені Криштиану Роналдудың алғаш соққан голы туриндіктерге сенімділік сыйлағандай болған. Алайда Донни ван де Бек өз мүмкіндігін мүлт жібермей есепті теңестіріп кетті. Екінші таймда «Аякс» шабуылды үдете түсті. Войцек Щенсный командасын бірнеше мәрте голдан құтқарса да ойынның 67 минутында Маттейс де Лиг баспен гол соғып, амстердамдық клубты алға шығарды. Осы есеп сақталып, қорытынды есеп бойынша Эрик тен Хак шәкірттері жартылай финалға жолдама алды.

Айта кетейік, «Барселона» «Порту» және «Ливерпульдың» ұтқанымен, ал «Аякс» «Манчестер Сити» және «Тоттенхэм» командалары арасындағы ойын жеңімпазымен кездеседі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз