Санжар Тайжан – шетелде білім алып жатқан талапты жастардың бірі. Мемлекет жəне қоғам қайраткері, кəсіби дипломат Болатхан Тайжанның немересі. Санжар
республикалық физика-математика мектебін бітірген. «Мектеп мақтанышы» атанған үздік түлек Кембридждегі Bellerbys колледжінің «A-level» бөліміне
оқуға түскен. 2016-17 оқу жылында «Үздік студент» атанып, 2017 жылы
Ұлыбританияның ең үздік 10 білім ордасының қатарына кіретін Warwick
университетінде білімін жалғастырды. Үлгілі отбасында тәрбиеленген Санжар әңгімені де балалық шағынан бастады.

– Атамнан қалған өнегелі сөз – «Көп оқы!». Ол кісі біздің білімді болуымызды қатты қалады. Əкем де оқуға келгенде талапшыл болды. Отбасымызбен шахмат ойнағанды жақсы көрдік. Атаммен шахмат ойнағаным есімде. Ол кезде бастауыш сыныпта оқитынмын. Алматыда шахматтан турнирге жиі қатыстым. Сандармен жұмыс істеген ұнайтын. Көшедегі көліктердің нөмірін жаттап қалатын қасиет болды. Есепке ептілігімнің арқасында физика-математиканы тереңдетіп оқытатын мектепті аяқтадым. Математиканы шексіз сүйдім. Атамның үлкен жеке кітапханасы болды. Ал қазір атам туралы кітаптарды көп оқимын, – дейді Санжар.

Болатхан ағамыздың бай кітапханасын көзбен көргендер аңыз етіп айтады.
Мəскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқыған. Үшінші курсын тəмамдаған шағында тəжірибелік жұмыспен Солтүстік Африкадағы Араб əлемінің ордасы Мысыр еліне барады. Кеңес Одағының Таяу Шығыстағы мүддесі күшейіп тұрған шағы екен. Сол кездегі бірінші хатшы Н.Хрущев пен Мысыр президентінің ресми кездесуінде Болатхан Тайжан аудармашы қызметін атқарыпты. Мінсіз қызметіне риза болған Хрущев жас елшінің өтінішін орындауға дайын еді. «Оқуымды аяқтауға рұқсат етсеңіздер жəне еліме ұшақпен емес, кемемен барғым келеді», – депті. Ондағысы еңбекақысына сатып алған əлем классиктері мен араб əдебиетінің сирек кездесетін кітаптарын бірнеше жəшікке жинап, елге кемемен алып кеткісі келіпті. Алайда кеңес заманының кедені арабша, ағылшынша жазылған кітаптарды тəркілейді. «Өзімде жоқ болса
да, оқыған институтымның кітапханасында тұрсын» деген өтініш айтады.
Жыл бойы жинаған құнды жəдігерлерінен солай бір-ақ сəтте айырылып қалған.

Атасы секілді Санжар да кітапқұмар. Қазіргі таңда Англиядағы үздік
университеттің студенті. Білім ордасында «Үздік студент» атанған тұңғыш қазақ.
Санжардан қазіргі тыныс-тіршілігін сұрадық.

Электронды көліктер көш бастайды

– 2013 жылы Эшли Вэнстың «Илон Маск: Tesla, SpaceX жəне таңғажайып болашақ» атты кітабын оқыдым. Осыдан кейін-ақ инженерияға ықыласым оянды. Менің кумирімнің Илон Маск екенін барлығы біледі. «SpaceХ», «Hyperloop» деген мега жобаларды естіген боларсыз. Бұлар америкалық кəсіпкер, қалтасындағы қаржысы миллиардпен есептелетін, Forbes тізімінде 54-орында тұрған Илон Маскқа тиесілі. Оның əр сөзінен қанаттанамын. Үнемі бақылаймын. «Əр адам өз саласы бойынша мына əлемде ешкім ойлап таппаған жаңа дүниені жасауы керек» деген сөзінен шабыттанамын. Бұл жақта инженерия саласы қарқынды дамыған.

«QS» рейтингі бойынша əлемдегі алдыңғы қатарлы 60 университеттің қатарына
кіретін білім ордасында оқимын. Бұл оқу орны дəл осы машина құрастыру саласы
бойынша əлемнің ең үздік университеті болып есептеледі. Дамыған компаниялары өте көп. Тəжірибе алмасуға жағдай жасалған. Университеттен кейін жоғары жалақыға жұмыс табуға болады. Менің арманым – Илон Масктың «Hyperloop» жобасына арналған транспорттық капсула əзірлеу жарысына қатысу. Бұл транспорттық капсула деп аталады. Құбырлық желі арқылы жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Бір адамның қолынан келмейтін жұмыс. Команда жасақтай бастадым. 200 өтініштің ішінен 60 адамды іріктеп алып, «Warwick Hyperloop Team» деген команда құрдық. 2018 жылдың ақпанында кірісіп, биыл аяқтадық. 11-12 секундта 1100 км/сағат жылдамдықты қамтитын көлік «Bugatti», «Tesla» жəне «Boeing» ұшағынан да жылдам зымырайды. Бұл жобаны аяқтау үшін біраз нəрседен өзімді тежедім. Тіпті достарыммен де бұрынғыдай қыдырмай, көп уақытымды зертханада өткіздім. Жобамыздың виртуалды нұсқасын «Hyperloop Pod Competition» жобасына жіберіп, қараша айында əлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық материалдың ішінен үздік деген алғысқа толы хат алдық.

Илон Маскпен кездескенде болашақтағы стратегиялық жоспарлары мен болашақтағы инженерия саласының даму деңгейін сұрағым келеді. Өмірі мен ғылымына қатысты əңгіме айтқым келеді. Оны міндетті түрде өміріме пайдаланамын. Шетелде жұмыс істеу үшін міндетті түрде сол жақта білім алуың маңызды емес. Маңыздысы – жұмыс істеуге қабілетің. Google, Amazon компанияларында қызмет істейтіндер достарым бар. Олардың барлығы шетелде білім алған жоқ. Алматыдағы университетте оқығандары да шетелдегі компанияларда сұранысқа ие. Балалар болашақта керексіз мамандықтарды игермегені абзал. Мысалы, экономика саласының қызметкерлерінің орнын интернет басады. Барлық құжат интернетте болады. Инженерлердің орнын отыз жылдан кейін роботтар басады. Осыны ескерген жөн. Сондықтан мемлекет жастарға көп мүмкіндікті беру керек. Электронды көліктер мен соңғы шығып жатқан техникалардың тілін білген дұрыс. Шетелде студенттер еріктілер тобымен тығыз байланыста болады. Бізге де осы саланы жетілдіру керек, – дейді Санжар.

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз