Əлемнің əр түкпіріндегі арманшыл балалар секілді ғарышкер болуды мен де армандадым. Əліппеде Тоқтар Əубəкіров пен Талғат Мұсабаевтың майлы бояумен салынған суреттері болатын. Сол суреттерге қарап отырып, ғарышта қалай өмір сүретінін, Айға қалай баруға болатынын ойлап, қиялға бататынмын. Түнде далаға шыққан сайын Айға қарап, аспан əлеміне ұшуды армандайтын едім. Жыл сайын «12 сəуір – ғарышкерлер күні» əкем екеуміз ағаштан немесе пластиктен ғарыш кемесін жасап, мектепте ұйымдастырылатын көрмеге қатысып, бас жүлдені ешкімге бермейтінбіз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Əлихан Тəліпбаев кішкентайынан ғарышкер болуды армандаған, қазіргі таңда мектепте работотехника үйірмесінде сабақ береді. Аспан əлеміне жіберетін ғарыш кемесін əзірлеп жатқан Əлиханды сөзге тарттық.

– Шамамен екі жасымда əжем конструктор сыйлаған. Сол сəттен бастап бос уақытымда конструктормен ойнайтын болдым. Ата-анам жиі-жиі осы ойыншықтың түр-түрін алып беретін. Кішкентай балалар үшін конструктордан артық ойыншық жоқ. Өйткені, бала өзі қалаған неше түрлі қалыптағы ғимараттарды жасап, арманын іске асырады. Бала үшін бұл таптырмас ойыншық. Жеті жасыма дейін конструктормен ойнап өстім. Есімді біле бастағаннан ғарышкер болуды армандайтынмын. Бірақ, өсе келе бұл мамандыққа жауапкершілік пен денсаулық қажет екенін түсіндім. Басқа қырынан ғарышкерлерді зерттей бастадым. Ұшқыш та болғым келетін.

– Бала Əлихан қандай болды?

– Мен аса белсенді, яғни бір орнында отыра алмайтын тым тентек болдым. Маған бəрі қызық болды. Білгім келетін заттар мен құбылыстарды зерттеп, ата-анама жиі сұрақ қоя беретінмін. Олар да жауап беруден шаршаған емес. Бетімді қайтармай, əрқашан қолдау білдіріп отырады. Тентек болғаным соншалық, розеткаға сым жалғап, ток ұрған сəт те болған. Бірақ, сол ток соққаннан бастап электроникаға қызыға бастадым. Одан кейін талай рет токқа түстім, алайда алғашқы 3 метрге ұшып кеткенімді ешқашан ұмытпаймын (күлді).

– Авторлық жоба құрастыруға не түрткі болды?

– Ғарыш инженериясына кішкентайымнан қызыққанымды айттым ғой, біртіндеп бұл саланы жан-жақты зерттей бастадым. Əлі күнге дейін осы сала бойынша жарыққа шыққан ғылыми кітаптар мен мақалаларды іздеп тауып оқимын. Жазда youtube ғаламтор желісінен көптеген бейнебаян көріп жүріп, біраз нəрсе назарыма ілікті. Мысалы, бейнебаяндарда Айсбергті алсақ, олар ракуспен тек үстіңгі жақты ғана алғандықтан, ақпаратты толығымен ашық жеткізе алмайды. 2024 жылы алғашқы адамды Марсқа жібереміз, ал 2028 жылы колонияны құрастырамыз дейді. Бұл əрекеттердің арты не боларын ешкім де білмейді. Өйткені, дəлелдемесі жоқ. Колонияны, яғни отарларды қалай істейтінін толық айтпайды. Санамдағы осы сұрақтар төңірегінде ойлана келіп, өз жобамды
құрастырдым.

– Smart Colonization деп атаған жобаңыз туралы толығырақ айтсаңыз…

– Бұл жоба арқылы отарларға ғарышкерлердің көмегінсіз соғуға болады. Өйткені ол автономды жұмыс істейді. Жобаның прототипін жасау барысында металдан гөрі көбіне ағашты пайдаландым. Ғарышқа ұшатын робот болғандықтан, ауыр болмау қажет. Жартылай станокпен ағашты лазерлеп кесіп, боядым. Алты дөңгелегі бар. Роботты жасау барысында материалдарды елімізден алдым. Шетелге тапсырыс беріп əуреленбедім. Бізде Менделеев кестесіндегі барлық металл түрі бар. Бұл жобаны толығымен Қазақстанда жасалған робот ретінде жарыққа шығаруға болады, алайда еліміздің ғарыш агенттігінде тəжірибесінің жоқтығы сан соқтырады. Негізінен мемлекеттік деңгейдегі өте өзекті мəселенің бірі болғандықтан, бізге тəжірибелі мамандар қажет. NASA-ның мамандарын немесе өз еліміз- ден жастарды жіберіп, ғарыш саласын дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бəрін басынан бастау өте күрделі іс. NASA-ның Марсты зерттеуі 30 жылдық еңбек төңірегіндегі жұмыс. Ал біздің елімізге уақыт жоғалтуға болмайды, бəрі шетінен қарыштап дамып жатыр.

– Жобаны іске асыруға демеушілер бар ма?

– Кез келген ойды жоба ретінде құрастырып, іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Қатарлас жас өнертапқыш достарым өте көп. Олардың жобалары да қоғамды жақсы жаққа өзгертуге орасан зор септігін тигізеді. Бірақ, қаржыға келгенде қиналып қалатынымыз бар. Бағым ба, бабым ба білмеймін, бұл жобаға демеушілер бар. Марсқа ұшу үшін алты ай уақыт қажет. Отарларды құрастыру үшін де шамамен екі ай, жерге қайта ұшып келу алты ай уақыт алса, бір жарым жыл төңірегінде уақыт өтеді. Мысалы, бес адамды топпен Марсқа жіберетін болсақ, онда бір жарым жыл бойы зымыранның ішінде су, тамақ, ең бастысы оттегімен қамтамасыз етуді де ойластырған жөн. Оттектің өзіне 330 м3 тонна салмағындай орын қажет болса, су мен тамақты қосып есептесек, одан да көп. Ол өте ауыр ғой. Қазіргі таңда бізде оның бəрін көтеретін зымырандар жоқтың қасы. Сондықтан отарды құрастыру үшін марсоходтарды қолдану керек. Себебі олар тамақ ішпейді, оттекті қажет етпейді. Бар болғаны электр қуаты болса, жұмыс істей береді. Ал адамдар скафандрмен жұмыс істегендіктен, ол ыңғайсыздық тудырады. Өте баяу, тəулігіне 24 сағат жұмыс істей алмағандықтан, бізге өте тиімсіз. Марсоходтар бұл тұрғыдан адамға қажетті жағдайларға сұраныс тудырмайды. Осы орайда, робототехникаға қызығушылығымды арттырып жүрген ұстазым Қымбат Жасұланқызына алғысым шексіз!

– Ғарышкер боламын деген бала арманыңыз өз күшінде ме?

– Ғарышкер болу əр адамның балалық шағындағы ең əдемі арманы шығар. Smart
Colonization жобасын істеу барысында Байқоңырға барып, бəрін өз көзімізбен көрдік. Мен үшін бағалы сəт Тоқтар Əубəкіровтың батасын алу еді. Сол сəттегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Талғат Мұсабаев та барынша кеңестерін айтып, жобамды əрі қарай дамыту үшін бірнеше іс ұсынды. Сол кездесуден соң бала арманыма деген сенімім артты. Біз Байқоңырды, музейлерді аралап қана қоймай, түнгі 00:00-де екі метр тұрып, ұшырылған зымыранды көрдік. Мұны көру, сезіну мүлде бөлек əсер.

– Бос уақытыңызда не істейсіз?

– Соңғы үш-төрт ай уақытым тым тығыз болып кетті. Жобалар бойынша байқаулар, сабағым бар. Оған қоса емтихандар жақындап келе жатқандықтан, қазір уақытым кітапханада өтіп жүр. Бірақ, адам өзіне бос уақыт арнағаны жөн. Өзім демалу үшін музыкалық аспапта, яғни гитара мен ұрмалы аспапта ойнаймын. Мектепте оркестрдің бас гитарашысымын. Оған қоса, ғаламтор желісінде бейнебаяндар мен жаңалықтар оқимын. Кейде бəрінен шаршаған сəтте жай ғана далада серуендеп келемін. Өйткені мектепте үш сағат монитордың алдында отырамыз, сабақтан соң жобаларымызды жасаймыз. Көзімнің көруі нашарлап, көзілдірік таға бастадым. Шынымды айтайын, жазғы демалысты асыға күтіп жүрмін. Бірақ, осы жобаның төңірегіндегі уақытым мен қайратыма өкінген емеспін. Қайта қуаныштымын. Себебі, осы жобамен айналысқалы бері үйде жарық шамын қорықпай ауыстыра аламын, шəйнек бұзылып қалса, істеуге бармын. Осының бəрін істеу, қоршаған ортаға өзіңді пайдалы сезінуден асқан бақыт жоқ. Менің бастамаларыма, тіпті түнге дейін отыратын кездерде де ата-анам ерекше қолдау білдіреді. Олардың тарапынан ешқандай қысым көрмеппін. Əкем басқа саланың адамы болса да, маған таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Əрқашан «жүрегіңді тыңда» деп отырады. Осындай қолдаушы-қорғаушы ата-анам бар мен бақыттымын, əрі мейірімді адамдардың баласы болғаныма шексіз ырзамын.

– Қандай кітаптар мен фильмдер ұсына аласыз?

– Ғарыш əлеміне байланысты кітаптар оқып жүргендіктен, Стивен Хокингтің физикаға деген ерекше махаббаты бар фильмін көрген соң, кітаптарын оқи бастадым. Мен көбіне физика, модельдеу туралы кітаптарын оқиды екенмін. Өкінішке қарай, əдеби кітаптардан алыстап кеттім. Алдағы уақытта мұны да жөндеймін.

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз