КӨКТЕМДЕ

Күннің нұрын төккені –
Тіршілікке нәр керек.
Бүршік жарып, көктеді
Ауладағы тал-терек.

Шуақ жерді құшты ол да,
Аспан да ашық, түндіксіз.
Ұя жасап құстарға,
Тал басына ілдік біз.

Сиқырлы саз тараған,
Құстың үні ғажап-ақ.
Көшет ектік жаңадан,
Бақтың ішін тазалап.

ЖАЗДА

Жаз да келді сағынтып,
Бұл мезгілге бәрі ынтық.
Жасыл кілем қырат, қыр,
Жайқалады құрақ, гүл.

Қалың өскен қамысы,
Берекелі бақ іші.
Жеміс талдан түседі,
Қауын-қарбыз піседі.

Күнде ертемен тұрамыз,
Арам шөпті жұламыз.
Еңбексіз еш ән болмас,
Жеген аста дәм болмас.

КҮЗДЕ

Сарғайды бар атырап,
Талдан түсті жапырақ.
Күн райын жүр атам
Көкке қарап бақылап.

Көктің жүзі тұнжырап,
Аспан көптен тұр жылап.
Сонау көлік қамбаға
Астық тасып жүр бірақ.

Кеңге салған арқаны,
Жаз қызығы тарқады.
Қайтқан құстар тізіліп,
Күздің күйін тартады.

ҚЫСТА

Жер ақ көрпе жамылды,
Қыс – біз үшін қадірлі.
Бақшадағы бар ағаш
Күміс моншақ тағынды.

Барлық бала шаттана,
Жасап жатыр аққала.
Қыс қала мен даланы
Орапты аппақ мақтаға.

Тамаша ғой қыс мүлде,
Жарысқа сен түстің бе?
Зымырандай заулаймыз
Жалтыр мұздың үстінде.

Суреттерді салған Наталья Ященко

«Балдырған» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз