С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша ХI пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

Шара университеттің өнерлі жастары концерттік бағдарлама ұсынып, келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Кеш аясында дүбірлі додаға республиканың әр түпкіріндегі 17 ЖОО келген топтар таныстырылды. Атап айтатын болсақ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ,  С.Торайғыров атындағы ПМУ, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті,  Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет және т.б. бар.

Олимпиада  сәуір айының 15-16 аралығында өткізіледі. «Ұлы Даланың ұлағаты»  тақырыбына әр команда бес минуттық бейнеролик таныстырды. Сондай-ақ жеребе арқылы алынған тақырыптарға сәйкес эссе жазды. Гид студенттер сайыс қатысушыларына Павлодар қаласының әсем жерлерін көрсетті. Экскурсия барысында Мәшһүр Жүсіп мешіті, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайы, Ертіс жағалауы таныстырылды.

Байқаудың екінші күнінде «Қазақ журналистикасының тарихы», «Жаңа медиа және интернет журналистика», «Телерадиожурналистика» бойынша тест сұрақтары берілді. Республикалық пән олимпиадасының мақсаты-төртінші билік иесі, болашақ журналистердің танымын кеңейтіп, шеберлігін арттыру. Журналистік қабілет-қарымды айқындап, отандық БАҚ-ты әлемдік деңгейге көтеру. Республикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары командалық есепте анықталады. Жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым минситрінің және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының дипломдарымен марапатталады.

Балерке ӘСІЛХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз