Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при турнирі өтті. Әлемнің 78 елінен 533 дзюдошы қатысқан додада қазақстандық балуандар да бақ сынады.

Айдын Смағұлов баптайтын ерлер құрамасы 12 спортшыға сенім артты. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Дәурен Сүйеукенов (60 келі), Әбілхайыр Мәуленин (66 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жанболат Бағытбергенов (73 келі), Руслан Мұсаев (81 келі), Дидар Хамза (81 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 келі), Рега Палкин (90 келі), Әділхан Қозыбаев (100 келі), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 келі). Әйелдер арасында ел намысын 48 келідегі Отгонцэцэцг Галбадрах қорғады.

Осылардың арасынан екеуі жүлдеге ілікті. Ерлер арасында ең жеңіл салмақта белдескен Елдос Сметов Анталия бозкілемінде чемпион атанды. Ол финалға дейін бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алдымен әзербайжандық Оружа Вализадудың (вазари) осал тұсын тапса, одан кейін болгариялық Валентин Алипиевті (иппон), бразилиялық Фелипе Китадаи (иппон) және ағылшын Эшли Макензидің (иппон) жауырынын жер иіскетті.

Шешуші сында Сметов өзбекстандық Кемран Нуриллаевпен белдескен. Алғашында «вазари» ұпайын алған қазақстандық спортшы кейін қылқындыру әдісін жасап, таза жеңіске жетті. Осылайша, жарақатына байланысты Екатеринбургтегі Grand Slam турнирінен сырт қалған Елдос Сметов Анталияда атой салды.

Ал әйелдер арасында 48 келі салмақта күрескен Галбадрах Отгонцэцэг финалда косоволық спортшыға есе жіберіп, турнирдің күмісіне қол жеткізді.

Сөйтіп, Түркияға барған 13 балуанның екеуі жүлдеге ілігіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бірінші және екінші орынды Грузия мен Әзербайжан командалары өзара бөлісті.

«Гран-при сыны жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылу жағынан кемшілік жоқ, спортшылардың деңгейі өскен. Белдесулер кезінде жанкүйерлердің, халқымның қолдауын сезіндім. Жақында жарақат алғанымды білесіздер. Иығымды ауыртып алған соң, Екатеринбургтегі Grand Slam додасынан бас тартқан едім. Араға аз уақыт салып, Анталиядағы сында топ жардым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап отыр. Жарақатымнан жүз пайыз айығып кеттім деп айта алмаймын. Иығым әлі де болса ауырады. Одан бөлек, белдесу кезінде қарсыласым тіземнен теуіп, тағы да ауырсынып қалдым.Дегенмен, бұл – спорт. Спортта мұндай кішігірім жарақат көп кездеседі. Ең бастысы – әрі қарай ушықтырып алмау керек. Токио Олимпиадасына іріктеу сынында жоғары ұпай жинап, төртжылдық додасына жолдама алуды басты мақсат тұттым. Бұйырса, сол ойымызды жүзеге асыруға тырысамыз»,– дейді Елдос Сметов.

Осы Анталиядағы Гран-приден кейін Халықаралық дзюдо федерациясы сәуір айына арналған әлемдік рейтингті жариялады. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов бесінші орынға көтерілген. Сметовтің қоржынында 4380 ұпай бар. Ал 60 келі салмақтағы балуандардың көшін ресейлік Роберт Мшвидобадзе бастады. Екінші орында жапондық Руджи Нагаяма тұр. Үшінші және төртінші орынды грузиялық Амиран Папинашвили мен жапониялық Наохиса Такато бөліскен. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев 2882 ұпаймен 13-орынға жайғасқан.

Қазақстан балуандарынан алғашқы ондықта Ерлан Серікжанов (9-орын, 66 келі),  Галбадрах Отгонцэцэг (8-орын, 48 келі) бар.

Ерлер:

60 келі

  1. Роберт Мшвидобадзе (Ресей) – 6446 ұпай
  2. Руджи Нагаяма (Жапония) – 6010
  3. Амиран Папинашвили (Грузия) – 5643

  1. Елдос Сметов (Қазақстан) – 4380
  2. Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан) – 2882

66 келі

  1. Жоширо Маруяма (Жапония) – 2250 ұпай
  2. Важа Маргвелашвили (Грузия) – 5690
  3. Абе Хифуми (Жапония) – 5060

  1. Ерлан Серікжанов (Қазақстан) – 3493
  2. Елдос Жұмақанов (Қазақстан) – 3124

73  келі

  1. Ан Чангрим (Оңтүстік Корея) – 6135 ұпай

2.Соити Хасимото (Жапония) – 6008

  1. Лаша Шавдатуашвили (Грузия) – 5656
  2. Жансай Смағұлов (Қазақстан) – 2679

81 келі

  1. Саид Моллаи (Иран) – 5625
  2. Де вит Франк (Голландия) – 5190
  3. Саги Муки (Израиль) – 5076 ұпай

  1. Дидар Хамза (Қазақстан) – 2582

90 келі

  1. Николоз Шеразадишвили (Испания) – 7042 ұпай
  2. Кристиан Тот (Венгрия) – 6004
  3. Иван ФелипеСильва Моралес (Куба) –4855

  1. Ислам Бозбаев (Қазақстан) – 3311

100 келі

  1. Варлам Липартелиани (Грузия) – 7477 ұпай

+100 келі

  1. Гурам Тушишвили (Грузия) – 6907 ұпай.

Алтай волейбол клубы 4 дүркін чемпион!

Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лига жеңімпазы анықталды. Шешуші сында Өскеменнің «Алтай» клубы мен жергілікті «Жетісу» кездесті.

Алматы облысының орталығында 1-4-орындарды анықтайтын плей-офф бәсекесі өтті. Жартылай финалдың екі жұбында мәселе тез шешілді. Өскеменнің «Алтай» клубы екі ойында өздерінің ізбасарлары «Алтай-2» клубын оңай жеңді. Бірінші кездесу 3:0 есебімен аяқталса (25:13, 25:22, 25:16), екіншісінде 3:1 есебі (27:25, 20:25, 25:14, 25:16) тіркелді.

Екінші жұпта Талдықорғанның «Жетісу» клубы дәл осындай есеппен Керекуден келген «Ертіс- Қазхромнан» басым түсті – 3:1 (19:25, 25:23, 25:20, 25:22) және 3:1 (25:14,16:25, 27:25, 25:17). Үшінші орын үшінші матчта Кристина Карапетян бастаған Павлодар волейболшыларының бағы жанды. Олар «Алтай-2» клубының осал тұсын тапты.

Финалда «Алтай» мен «Жетісудың» жолы түйісті. Юрия Панченко шәкірттері жарыстың соңғы күнінде қарсыласқа мүмкіндік берген жоқ. Қорытынды есеп – 0:3. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысының командасы 4 дүркін ел чемпионы атанды.

«Алтай» клубының мүшесі Сана Анарқұлова биылғы Қазақстан чемпионатының ең бағалы ойыншысы атанды.

Мақсат Байжанов Жейлітбаев сыйлығына ие болды

Марқұм Серік Жейлітбаев атындағы жүлде биыл Қызылорданың «Қайсар» командасының капитаны Мақсат Байжановқа бұйырды.  Ол премьер-лигада 410 рет алаңға шығып, командасының жеңіске жетуіне септігін тигізген. Сыйлықты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев тапсырды.

 – Бұл сыйлық дүниеден ерте кеткен талантты футболшымыз Серік Жейлітбаевтың есімімен аталады. Барлығымыз оның керемет ойынын, сабырлы мінезін жақсы білеміз. Серік әрқашан жас футболшыларға үлгі болды. 2013 жылдан бері бұл сыйлық Қазақстан чемпионатында ең көп ойын өткізген футболшыларға беріліп келеді. Серік Қазақстан премьер-лигасында ең көп матч өткізген футболшы болып келді. Үш дүркін Қазақстан чемпионы, екі дүркін кубок иегері. Бұл оның жетістігінің бір ширегі ғана. Бұған дейін Нұрбол Жұмасқалиев, Самат Смақов, Қайрат Әшірбеков, Игорь Юрин, Ренат Абдулин алған естелік сыйлықты енді Мақсат Байжановқа ұсынғым келеді, – деді Олжас Абраев.

Серік Жейлітбаев 1974 жылы 23 маусымда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қазақстан чемпионатында 1992-2010 жылдар аралығында 462 ойын өткізген. 2010 жылы футболмен қош айтысты. Ол спорттан кетейін деп кеткен жоқ, ауруы асқынып, доп тебетін шамасы болмады. Мидағы ісікпен үш жыл арпалысты. Израильге барып ота жасатты. Юрий Новиков, Руслан Балтиев, Алмас Құлшынбаев, Азамат Ниязымбетов сияқты бұрынғы командалас достары әркез қолұшын созды. Бірақ сұм ажалдан оны ешкім де арашалап қала алмады. 2013 жылдың 14 қаңтарында осы бір ауыр науқастан талантты футболшымыз көз жұмды. Ол қанша қиналса да, өмірге деген құштарлығын, сенімін жоғалтпаған табанды спортшы еді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз