Сендердiң оқулықтарыңа қосымша

КУН ЗЫ –ЕҢ ҚҰРМЕТТI МҰҒАЛIМ

Конфуцийдiң шын есiмi – Кун Зы. Оның даналық сөздерiне тәнтi болған замандастары Кун Фу Зы атаған. Аудармасы – Құрметтi Мұғалiм Кун.

Кун Зы – көне Қытай данагөйi. Елдiң шығыс аймағындағы Чанпин уезiнде дүниеге келген. Бiздiң заманымызға дейiнгi 551 жылдың 22 қыркүйегiнде туған. 479 жылдың көктемiнде дүниеден озған.

Кун Зы дүниеге келгенде әкесi Шулян Хэ жетпiсте екен. Қытайдың Лу княздiгiн басқарып тұрса керек. Кун Зы үш жасқа толғанда әкесi қайтыс болады. 17-ге толғанда анасы өмiрден озады. Сол кезеңде Кон­фуцийдiң отбасында өзiнен басқа 9 қыз бен кемтар ұл қалады. Жастайынан еңбекке араласқан. Өмiр оны ерте есейткен. Саналы ғұмырында Кун Зы төрт нәр­седен қашық болуға тырысқан.

1. Бостан-бос қиялдамауды.

2. Үзiлдi-кесiлдi пiкiр айтпауды.

3. Бiр беткей болудан.

4. Менменсуден бойын алыстатып,  барынша өзiн қарапайым ұстауды қадағалаған.

Кун Зы да Пифагор мен Сократ секiлдi даналық сөз­де­рiн қағазға түсiрмеген. Бiзге жеткенi – шәкiрт­терiнiң ұстазының аузынан естiгендерiнен еске түсiрiп жазғандары.

Кун Зы саналы ғұмырында үш мыңнан астам шәкiрт тәрбиелептi. Олардың 12-сi өзiне өте жақын болса керек. Жасына жас қосылып, ақылы толысқан кезiнде алыс-алыс сапарларға шыққан. Қалың ел iшiне рухани iлiм-бiлiм таратқан. Дәрiс оқыған. Имани уағыздарын қартайған шағына дейiн тоқтатпапты.

Конфуций iлiмiнiң қысқа әрi нұсқа тұжырымы Қытайдағы Ци мемлекетi патшасының «елдi қалай басқаруға болады?» деген сұрағына берген жауабынан айқын көрiнедi.

– Патша – патша болу керек, етiкшi – етiкшi, әке – әке, бала  бала болуы тиiс. Әркiм өз орнын бiлсе, жеткiлiктi, – дептi. Сол дәуiрде ғұмыр кешкен Цзи Вэнь-Цзы есiмдi шәкiртi әр iсiн үш рет ой елегiнен өткiзiп барып, жасайды екен дегендi естiгенде, ұстазы «екi рет ойланса да аз емес» дептi. Күнделiктi өмiрде Кун Зы тәртiптi ұнатады екен. Ұқыпсыздықты жан дүниесiнiң қаламайтыны соншалық әлдекiмнiң есiгi алдындағы төсенiшi жөнсiз жатқанын байқаса, ол үйге арнайы келiп тұрып, бас сұқпай өтiп кетедi екен.

Кун Зының басы дәу, өзi алып денелi болыпты. Бойы 1 метр 91 сантиметр екен. Шәкiрттерiмен әң­гiме-дүкен құрғанда  «бiрде-бiр ел билеушiнiң шә­кiртiм бола алмағанына өкiнемiн» дейдi екен. «Мен дүниеден озған соң iлiм-бiлiмiмдi жалғастыратын жан табылар ма?» деп те уайымдағанына көп шәкiрттерi куә көрiнедi.

Кейiн ХVII ғасырда Қытай жерiне саяхаттаған еуропалық миссионерлер Кун Зының данагөйлiгiн мойындап, ол ежелгi қытайлықтардың ғана емес, Еуропа мәдениетiнiң де маңдайына бiткен жарық жұлдызы деп жариялаған.  Кун Зы есiмiн латынша әрiптермен алғаш Конфуций деп жазған.

Конфуций  тағылымы

1. Ақылы кемдер «былайғы жұрт менi нашар бiледi» деп шағымдануға әуес те, данагөйлер, керiсiнше, «төңiре­гiмдегi адамдарды толық бiле алма­дым-ау» деп алаңдаумен жүредi.

2. Иманның, рухани iлiм-бiлiмнiң не екенiн ертерек танып, түйсiнген жанға кеш түсе көз жұмса да арман жоқ.

3. – Сен менi көп бiледi деп ойлайсың ғой, ә? – дейдi бiрде Кун Зы шәкiртiне.

– Әрине, солай.

– Жоқ, – дейдi сонда ұстазы. – Мен тек өзiмнiң бiлген iлiм-бiлiмiмдi күнделiктi өмiрiмде өзара үлестiре пайдалана аламын.

4. Цзы-Лу есiмдi алғыр шәкiртi бiр­де:

– Шын мәнiсiнде данагөй болса­ңыз, былайғы жұртты үрейлендiрмей-ақ, оларды қалай бағындыруға бола­тынын бiлесiз бе? – деп сұрапты. Аз-кем ойланып қалған ұстазы:

– Күнделiктi өмiрiңдегi тәртiптi iс-әрекетiң былайғы жұртқа әркез үлгi болатындай болса жеткiлiктi, – дейдi. Осы әлсiздiгiн өз бойынан тапқан шәкiртi қипақтап тұрып:

– Мақұл делiк. Бұл кеңесiңiз жүзеге асқан жағдайда, одан соң не iстеу шарт? – дейдi iле. Сонда Кун Зы:

– Қалыпқа түсiрген осы тәртiбiңдi үнемi сақта. Босаңсытпа. Үздiксiз бақыла, – дейдi.

Шәкiртiнiң абдыраған жүзiне зер сала қараған күйi:

– Ендi мен саған сауал қояйын. Сен iлiм-бiлiм iздегендi, әуен тыңдағанды қалайсың ба? – дейдi. Сол кезде шә­кiртi:

– Шынымды айтсам, одан гөрi ма­ған жүзi жарқылдаған қылышым ар­тық, – дейдi.

– Сауалыма толыққанды жауап бермедiң ғой, Цзы-Лу! Бар қабiлет-қарымыңды iлiм-бiлiмге арнасаң тiптен тамаша болар едiң.

– Одан не пайда түседi?

– Жүзi жарқыраған қылышыңмен ел басқарғың келедi, ә?! Одан бөлек айтар, үйретерiң де болуы керек қой. Онсыз қол астыңдағылар сенi сыйлар ма? Бiлiк-пайымы аз билеушi туралық та ете алмайды.

– Бiздiң елде бамбук ағашы өседi. Бамбуктен жасалған жебелер түзу әрi қатты. Өңдеудiң қажетi жоқ. Сондай жебемен садақ тартсаң, терiсi қалың мүйiзтұмсықтың өзiн жер қаптырасың, – дейдi Цзы-Лу сөз тауып кеткенiне масаттанып.

– Жақсы-ақ. Ал сол бамбук аға­шынан жасалған жебеңнiң ұшына темiр үштiк кигiзсең, жебең одан бетер ұш­қыр­лана түспей ме? – дептi Конфуций.

Сонда ғана шәкiртi ұстазының бiл­гiрлiгiн мойындағанын ашық айтыпты.

5. «Адам үшiн осы дүниеде не мiндет?» – деген шәкiртiнiң тағы бiр сауалына:

– Өзiңе қаламайтын нәрсенi өзгеге де iстемеу. Сонда төңiрегiңде де, отбасыңда да жек көрушiлiк пи­ғылы жойылады, – дейдi. Шәкiртi:

– Оныңыз рас. Мен өзiме бiреудiң қиянат жасағанын ешқашан қала­маймын. Өзiм де өзгеге қиянат жаса­маймын, – дептi.

– Бұл мүмкiн емес нәрсе, – десе керек Кун Зы.

6. Жол жиегiнде жылап тұрған бiр әйелдi көрген Конфуций:

– Неге жылап тұрсың? – деп сұрайды.

– Осы төңiректе жолбарыстар көбейiп, бауырларымды бiрiнен соң бiрiн жеп қойды. Жалғыз қалдым, – деп одан бетер егiледi.

– Жолбарысы жоқ елге ертерек көшпейсiң бе? – дейдi данагөй таң­данып.

– Басқа аймақтарда халықты билеушiлерi қатты қанайтын көрiнедi.

– Көрдiңдер ме? Адамдар үшiн жыртқыш аңнан гөрi залым патша анағұрлым қауiптiрек, – дептi Шығыс данагөйi.

Конфуцийдiң нақылдары

Кез келген адамның сөзi арқылы өзiн танисың.

Аштан өлу – аз қасiрет. Адами қа­сиеттен айырылу – қасiреттiң ең зоры.

Адамгершiлiгi мол адамның әңгiмесi де әсерлi.

Өмiрден өз орнын iздеген жан өзгенiң жолымен жүрмейдi.

Қателiктiң зоры – осыған дейiн жа­саған қателiктерiн түзеуге тырыспау.

Өзiне қатал, өзгеге жұмсақ бола бiл­ген жан төңiрегiнен зиян шекпейдi.

Өткенге зер салған адам жаңалық ашуға да қабiлеттi. Ол бiлiктi ұстаз да.

Қиянатқа жақсылықпен жауап беру дұрыс емес десек, жақсылыққа қандай сый тартылуы тиiс?

Мен 15 жасымда бiлiмге құмарттым. 30 жасымда талабымның дұрыс екенiн байқадым. 40 жасымда бiлiмпаз болу қызғы­лық­ты көрiндi. 50 жасымда ғалам, тiршi­лiк заңды­лықта­рын ұқтым. 60-та осы заң­дылықтарға мұқият зер салып жүр­дiм. 70-те жүрегiмнен жеткен кеңестерден бiр­де-бiр аспадым.

Бiздiң заманымызға дейiнгi 555 жылы көне Қытайдың билеушi императоры бұйрығымен әр қалада  Конфуцийге арналып сәулеттi ғимараттар салынады. Бүгiнгi күнге Шығыс данагөйiнiң екi еңбегi жеттi:

1. «Шицзин» («Ән кiтабы») – онда б.з.д. ХI-VII ғасырлардағы 3 мыңнан астам халықтық, әдет-ғұрыптық әндер мен одалардан iрiктелген 305 ән бар.

2. «Луньюй» («Даналық сөздер»). Б.з.д. 400 жылы жарық көрген. Бұл жинақтан Конфуцийдiң шәкiрттерi 80 жыл бойы iздестiрiп, жүйелеген ұстазының сөз маржандарын оқуға болады.

Дайындаған Алма ҮМБЕТТЕГI

(«Ұлан», №16. 19.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз