Білесіз бе, адамзат тарихындағы ең танымал мешкей Францияда өмір сүрген. Оның есімі – Шарль Домери. Ол полифагия ауруымен ауырған. Бала кезінен бастап тамақсау болғаны сонша, ата-анасы оған тамақ жеткізе алмайтын. Сондықтан ол 13 жасында Франция әскерінің қатарына алынып, әскерде белгіленген тамақ мөлшерінен 3 есе көп тұтынғаны әскери және медицина тарихынан белгілі. Шарль Домери кейде осы тамақ мөлшерінің өзіне қанағаттанбай, күніне 2 келі шөп, жылына жүзден аса мысықты тамағына айналдырып, тіпті бір рет өз жолдасының аяғын жеп қоюға дейін барған. Ол денсаулығындағы осы ауытқуға қарамай, өзін өте жақсы сезінген.

Бүгінгі таңда дәл біздің кейіпкеріміз секілді ауытқумен тіркелген адамдар аз. Бірақ, адамзат осы күйі тез дайындалатын тағам түрлерін қолдана берер болса, Шарль Домеридің ауытқуына жетудің кезеңі алыс емес.

Олай дейтініміз, заманауи зерттеулер тез дайындалатын тағамдардың адам ағзасына көп тұтынған сайын аздық ете беретінін байқатты. Мысалы, McDonald’s мейрамханасынан күнделікті тамақтануды енді ғана бастаған адам алғашында бір ғана бургерді қанағат тұтса, уақыт өте келе оған бұл аздық ете бастайды. Ғалымдардың тәжірибесіне сүйенсек, тек тез дайындалатын тағаммен тамақтанатын адамдар әр 3 ай сайын ас мөлшерін өсіріп отырады.

Сонымен бүкіл адамзат тек фастфуд өнімдерін тұтынса не болар еді?

«Фастфуд» термині 1921 жылы Канзас қаласында пайда болған. Ең алғашқы бургер осы қаладағы «White Castle» компаниясының өнімі еді. Бургер алғашқы күннен бастап-ақ дәмімен де, арзан бағасымен де халыққа ұнай бастады. Ал денсаулыққа зияны туралы күмәнді ойларды компания президенті Билли Инграмның айласы жеңіп кетті. Оның бургерлерін сатып алуға көптеген ақ халаттылар келетін. Сол кезеңдерде халық түсінігінде «бұл тағамды дәрігерлердің өзі тұтынады» деген түсінік қалыптасты. Бірақ, ол ақ халаттылар дәрігер емес, компания басшысының дайындап қойған адамдары болатын.

Егерде бүкіл адамзат тек фастфуд өнімдерін тұтынар болса, әлемдегі ең атақты фастфуд мейрамхана желілерінің саны миллионнан асып кетер еді. Бұл McDonald’s-тан басқа 1000-нан аса тез тамақтану брендтерін санамағанда.

1970 жылы тек Америка халқы тез тамақтану өнімдеріне 6 миллиард доллар ақша жұмсаған. Одан бері өткен 50 жылда бұл көрсеткіш 20 есе өсті. Бұл көрсеткіш Америкадағы смартфон, компьютер секілді гаджеттерді сатып алу мен кинематографияға кеткен қаржыдан бірнеше есе жоғары.

Тек фастфуд тұтыну – адамзатты жаппай семіруге алып келеді. Мысалы бір ғана бургер калориясын толық ыдыратып, қорыту үшін адам 7 сағат жаяу жүруі керек. Яғни, артық салмақ темекіден кейінгі жылдам өлімге бастайтын екінші себеп болады.

Осы себепті әлемде халық саны азайып, мал саны арта түспек. Өйткені бүгінгі күннің өзінде әлемде жылына 2,5 миллиард гамбургер жасалып, оның жасалуына 453 миллион келі, яғни 5 миллионнан астам сиырдың еті жұмсалады. Бұл тез тамақтану өнімінің бір ғана түрі.

Сонымен бүгінгі күннің өзінде жылдам тамақтану өнімдері адамзатқа орасан зор зиян келтіріп жатқан тағам саласы екені белгілі. Осындай статистикалық мәліметтерге қарап-ақ, бүкіл адамзаттың тек фастфуд өнімдерін тұтынудың зардабын елестету қиын емес шығар.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз