Наурыз айында Әбу-Дабиде (БАӘ)  бүкіләлемдік  жазғы арнайы Олимпиада ойындары өткен болатын. Олимпиаданың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысқан еді. Дүбірлі додаға әлемнің 170 елінен келген 7500 спортшы спорттың 24 түрінен бақ сынады. Қазақ елінен спорттың 15 түрінен 67 спортшы сынға түсті. Қоржын бос қайтпай, спортшылар 11 алтын, 9 күміс және 11 қола медальді жеңіп алды.

Арнайы Олимпиада ойындары туралы бұрын естімеген боларсыңдар. Халықаралық додаға мүмкіндігі шектеулі және ақыл-есінде кемістік бар спортшылар қатысады. Шарт бойынша оларға рекорд орнату міндетті емес. Олимпиаданың шығу тарихы да қызық.  Дода 1968 жылы АҚШ президенті Джон Кенненидің қарындасы Юнис Кеннедидің ұйытқы болуымен алғаш рет өткен екен. Кейін Халықаралық Олимпиада комитеті қолдау білдіріп, кең насихатталыпты. Олимпиада ойындары қысқы және жазғы ойындар болып бөлінеді. Ирландия, Жапония, Қытай, Грекия, АҚШ сынды елдерде Олимпиада ойындары сәтті өтіпті.

Жеңімпаздардың қатарында Алматы технология және флористика колледжінің студенттері Аяулым Ертасова мен Беглан Сұлтан бар. Аяулым дзюдодан күміс, Беглан волейболдан қола медаль алды. Елге қуаныш сыйлаған жас спортшыларды «Ұланның» оқырмандарына таныстырмақпыз.

Эстон қызы «қашып» жүрді

Аяулымның болашақ мамандығы – тігінші. Спортқа қызығушылығы мектепке барғанда ояныпты. Бізбен әңгімелесуге анасы Шолпан да бірге келіпті.

Спортты жүгіруден бастадым. Баскетбол, волейбол, бадминтонды жақсы ойнаймын. Мектепте оқып жүргенде дзюдоға ағайым әкелді. Алғаш рет жарысқа қатысып, 3-орын алдым. Әбу-Даби шетелге жасаған алғашқы сапарым. Адамдар көп болғасын ба, қатты қобалжыдым. Эстон қызын оңай жеңемін деп ойлағам. Белдесуден қашып, уақыт өткізіп жүріп алды. Екінші күні үйреніп, күшімді жинап алдым. Керісінше, өзім қорыққан моңғол қызды оңай жеңдім.

– Алтын алуға болатын ба еді?

Әрине, болатын еді. Эстон қызынан техникалық тұрғыдан да, физикалық жағынан да кем түспедім. Үш минутта тең күрестік. Тек қосымша минутта сылбыр қимылдадық. Дзюдода мұндай сәттер болады. Ол шапшаң қимылдап, мен орнымнан тұрып үлгермедім.

– Анаң Елбасын көргенде қуанғаныңды айтты…

Елбасын елде жүріп көрмей, шетелде көргенім қызық болды. Жарысқа қатысқанда қолдау күтеді екенсің. Елбасын көргенде өзімнің қауіпсіз жерде екенімді сездім. Бізді қолдауға келгеніне қатты риза болдым. Әрине, жанына бару мүмкін болмады.  Арнайы Олимпиадаға қатыса беремін. Ел ішінде іріктеу болады. Қазір ағай бір ай демалыс берді. Жаттығу деп сабақты да жіберіп алдым.

– Қатты жарақат алған кезің есіңде ме?

Спортта барлық нәрсе болады. Жаныңды аясаң, чемпион болам деу артық.

– Жаттығу залына жиі барасың ба?

Иә, аптасына үш рет жаттығуға барамын. Жаттықтырушым Рүстем Карымсагулов талап қоя біледі. Басында күрес оңай көрінген. Сөйтсем, үлкен жүрек, шыдамдылық керек екен.

– Дзюдошылардан кімді үлгі тұтасың?

Елдос Сметовтың кездесулерін жібермей көруге тырысамын. Шаршы алаңда жүре бермей, шабуылды бірінші бастауға тырысады. Маған осы көзсіз ерлігі ұнайды.

– Олимпиадаға тағы қандай спортшылар барды?

Дзюдодан Әлішер деген жігіт болды. Моңғолдың мықты дзюдошыларымен кездесті де қиындау болды. Моңғолдар күреске мықты келеді.

– Болашақта қай саланы таңдайсың?

Мамандығымды жақсы көремін. Анама әдемі көйлек тігіп беріп, қуаныш сыйлағанға не жетсін? Атақты тігінші болсам деген арманым бар. Спортты да тастамаймын.

Анасы Шолпан апай:

Ақ жол тілеумен болдым

Шетелге алғашқы сапары болғасын мың ойланып, мың толғандық. Бірнеше рет бас тарттық. Рүстем ағайы: «Аяулым алғыр, мықты спортшы, жарысқа барады!», деп бой бермеді. Содан қызым екеуміз бір жыл дайындалдық. Араб халқының қыздарға қоятын талаптары бар. Қысқа, тар киім кигізбейді екен. Қажетті заттарды алып, жібердік. Күні-түні қызымды уайымдаймын. Адам жақсы нәрсені армандаудан шаршамау керек. «Қызым, Алла саған ақ жол берсін! Елге жеңіспен орал!» – деп шығарып салған едім. Жеңіске жетпесе де, қатысып, көргенінің өзі жеңіске тең. Бірақ, ана жүрегі алдамайды. Алаңдап, ақ жол тілеумен болдым. Күрескен видеосын көрсем, кіп-кішкентай қыз екен. Дзюдоның тілін түсінбеймін ғой. «Аяулым Ертасова, Қазақстан» дегенін естіп, жылап қалдым… Туыстар құттықтап, жылы лебіздерін айтып жатыр. Аяулым алдағы Олимпиадада алтын медаль алады деген үмітім бар.

Қызым кейде ұлдармен күш сынастым деп келетін. Бірде жарысқа қатысып, көруге бардым. Қызым барын салып жатқан. Бір кезде мойны қайырылып қалды. Орнымнан атып тұрып, «күресті тоқтат, тоқтат!» деймін. Сөйтсем, ағайы күледі, «күрес жалғассын, бәрі дұрыс» деп. Ана жүрегі нәзік қой. Қатты ауыртып алды ма деп уайымдайсың. Денесі ауырып, білдірмей жүретін. Әбу-Дабиден келгенде де «аяғым» деп жүрді. Жеңістің буымен көп нәрсені елемедік. «Жарыстан қалма!» деп жиі айтамын. Қазір елу жылда емес, елу күнде ел жаңарып жатыр. Оқығаның, көргенің өзіңе жақсы. Қыз баланың спортта жүруі оңай емес. Спорттың арқасында еліміздің бірнеше қаласында болды.

Баланың кімге ұқсағаны емес, қандай тәрбие алғаны маңызды дер едім. Аяулым үйдің үлкені болғасын көп сенім артамын. Қандай үйірмеге барсаң да, шыңына шық деп жиі айтамын.

Екі аптада алты командамен ойнадық

Беглан Сұлтан нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екен. Ағаштан әртүрлі бұйым жасайды, сурет салады, мықты спортшы… Ұстазы Гүлзат апай «Менің мақтаулы шәкіртім» деп риза болып отырды.

Алматы облысына қарасты Райымбек ауданының Қарасаз ауылында өмірге келдім. Жасым 18-де. Спортқа алты жасымнан бастап қызықтым. Мамандығым ағаш шебері. Қазір 2-курста өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жүрмін. Маусым айында Польшаға жарысқа барамыз. Жұмыс пен жаттығуды қатар алып жүрмін. Өзім футболды жақсы ойнаймын. Олимпиаданың сәтіне қарай волейбол құрамасына қосылдым. Бір командада 16-25 жас аралығындағы тоғыз спортшы болдық. Оның екеуі қазақ, қалғандары басқа ұлттың өкілдері.

Бегланның сөзін Гүлзат апай жалғады:

Артық сөзі жоқ, істі жақсы көреді. 1-курста жиһаз жасайтын мекемеде іс-тәжірибеден өтті. Бегланның шеберлігіне қызығып, бірден жұмысқа шақырды. Олимпиадаға баратын кезде мекеме басшылығы алдын ала жалақысын беріп, шығарып салды. Беделі, ісіне ұқыпты болғасын көрсеткен құрметтері деп түсіндік.

Әбу-Дабиде қалай өнер көрсеттіңдер?

Екі аптада алты командамен таласқа түстік. Әбу-Дабиге барған соң үш күн іріктеу ойындары болды. Елден іріктеуден өтсек те, солай болды. Өте мықты ойыншыны А тобына, орташа ойыншыны Б тобына, жақсы ойыншыны С тобына бөлді. Біз екінші топқа қосылдық.

 Таңдау неге саған түсті?

  Бойың ұзың, шапшаң қимылдайсың, шабуылды шебер ұйымдастырасың деді.

 Қандай елдермен ойнадыңдар?

  Африка, Бангладеш, Жапония, Оңтүстік Корея. Қазақстан мен Жапонияның ұпайы тең болған. Шешуші сәтте жапон командасы алға шығып кетті. Қалай болғанын өзіміз де түсінбедік. Мүмкін шеберлік жетпеген шығар…

 Олимпиадаға баруға ата-анаң қарсы болмады ма?

  Жоқ, ата-анам бірден қолдады. «Балам, ел көр, жер көр!» деп арқамнан қақты. Өзім қорқып, сенімсіз болдым. Соңғы үш айда шешім қабылдап, жолға дайындалдым. «Олимпикс» мүмкіндігі шектеулі жастарды спортқа баулитын орталық. Спортқа қызыққан соң бос уақытта сол жаққа барамын.  Спорттық жарыстар да жиі өтеді. Олимпиадаға жолдаманы да комитет береді. Жаттықтырушым Оксана сенім артып, ақ жол тіледі.

 Бос уақытыңда немен айналысасың?

  Сурет саламын. Компьютер, ұялы телефон жөндеймін.

Апайы Гүлзат: Спортты жақсы көргесін бе, дәптерінің соңғы парағына ұшып бара жатқан допты салады. Мультфильм кейіпкерлерін жақсы көреді. 1-курста студенттің тұратын үйіне барып, сараптама жасаймыз. Бегланның бөлмесі қатты ұнаған. Арнайы бұрышта «Қайрат» футбол командасының белгісін салыпты. Медальдары мен алғыс хаттарын іліп қойыпты.

 Қандай футбол командасының жанкүйерісің?

«Қайрат». Шетелге жарысқа қатысқан Қазақстан командасының бәріне жанкүйермін. Кумирім – Еркебұлан Сейдахмет.

 Қандай арманың бар?

  Әлемнің барлық елін аралап, қазақтың даңқын асырғым келеді. Әбу-Дабиде жапон, кәріс ұлтының жігіттерімен суретке түсіп, дос болып кеттік. Араб елі дамыған, мешіт өте көп екен. Тамақтары да жақсы, бірақ нан өнімдері аса ұнамады.

 Үйде кім спортқа жақын?

  Үйде төрт ұлмыз. Мен үлкенімін. Інім аттың үстінде жүріп түрлі трюк жасайды. Жарысқа қатысып, өзін көрсетіп жүр. Ата-анамыз қолдап, жақсы сөз айтып отырады. Барлығы осы кісілердің арқасы деймін.

Апайы Гүлзат: Бегланды өз баламдай жақсы көремін. Анасы алыста ғой. Алаңдап, әрдайым жақсы жүрсе деп тілеймін. Қазір Бегланның жұмыс орнына барып, Польшаға жарысқа жіберуін сұраймыз.

Қос спортшыға ақ жол тілеп, сұқбатымызды аяқтадық.

АТжФ колледжі туралы не білеміз?

* Алматы Технология және флористика колледжінде қарапайым студенттермен бірге мүмкіндігі шектеулі студенттер де білім алады. Бұл – осы сала бойынша қаладағы жалғыз арнаулы оқу орны.

* АТФ-ке жыл сайын мүмкіндігі шектеулі 60 талапкер оқуға түседі.

* Студенттер төрт мамандық бойынша білім алады:

«Есептеуіш техникалық және бағдарламалық қамтамасыздандыру»,

«Тігін өндірісі және киімді үлгілеу»,

«Өсімдік шаруашылығы»,

«Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану».

* Білім алуда ерекше қажеттілігі бар талапкерді оқуға қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Олар тест тапсырмайды. Ата-анасымен бірге арнайы комиссиядан өтеді. Мамандар талапкермен сөйлесіп, оқуға талпынысын байқайды.

* Жақсы оқыса, шәкіртақы беріледі, тегін тамақ ішеді. Жақсы оқыған, ісіне ұқыпты студенттердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Баскетбол, волейбол, футбол секциялары бар және барлық мамандықтар бойынша пәндік қосымшалар өткізіледі.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз