«Тəрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Білім мекемелері мен көрнекі
тақтайшаларда осы бір қанатты сөзді жиі байқайтын шығарсыз. Білімнің негізі тəрбие екеніне өткен сенбіде тағы да көз жеткізіп қайттым. «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Білім жəне тəрбие: кеше, бүгін, ертең» атты кездесу өтті. Жалпы, қоғамдық, əлеуметтік əрі рухани тақырыпта ой өрбіткен мамандар оқырмандарымыз үшін пайдалы ақпарат берді. «Əркімнің көзқарасы əртүрлі. Шындығына келгенде, əр бала өзгеше дарынды», – дейді алғашқылардың бірі болып пікірін ортаға салған педагог Диас Асанов. Ендеше білім мен тəрбие беруде нені ескеру керек?

Ұстаздар қауымына…

«Педагог деген сөз бастауын қайдан алады? Көне заманнан жеткен аңызға сүйенсек, алғашқы мектептерде ұстаздар балалармен өзара əңгімелесу арқылы білім берген екен. Педагог болу – баланың өзі де оқи алатын дүниені айтып беру емес. Осы мəселе тұрғысында жиі қателесіп жүрміз.

Мұғалімдер «Абай мен Пушкинді оқымасаң, адам болмайсың» деген түсінікті баланың миына құйып тастаған. Мейлі, сіз не айтсаңыз да, оқушы айрықша есінде қалған дүниені ғана өмірлік қорек етіп алады. 8-сыныпта оқыған физика заңдылықтары есіңізде ме? Жоқ. Себебі, сіз дəл сол сəтте тақырыпқа қызыққан жоқсыз. Айтқым келетіні, білім беру – сан-салалы бағыт. Оны тек кітаптан оқып, айтып бере салумен шектей алмаймыз. Оқушыға практикалық түрде қызықты мəліметтермен, өмірлік тəжірибемен сабақты түсіндірген əлдеқайда тиімді.

Қазіргі балаларды алдау мүмкін емес екенін түсініңіз. Сіз айтқан ақпаратты бала ғаламтордан да оқи алады. Бастысы, ақпаратты балаларға қызықты етіп жеткізе білу. Көп мектепте химиялық лабораторияға арналған құралдар бар. Бірақ қолданылмайды немесе мүлде жоқ. Ал екі заттың қосындысынан шығатын құбылысты тек əріптер əлемінде көрген баладан қандай химик-маман шығады?

Өзіңіз де байқаған боларсыз, заманауи балалардың тілі мен əлемі əлдеқайда өзгеше. Оларға білім беретін педагогтар да күн сайын жаңа ақпарат алып, үйренуіміз керек. Білмеген дүниені ұят демей, «Мен білмейді екенмін, бірге қарастырып көрейікші», – деп айтқанда тұрған не бар? Ал оқушыны артта қалған ғасырға, сондағы түсініктерге сүйреу – оның дамуы мен қалыптасуына кері əсерін тигізеді. Оқушы бізбен бірге оқығанын емес, сезінгенін жадында сақтайтынын ұмытпауымыз керек».

Ұстаздар қауымына да, оқушыларға да айтары бар Диас Асанов – «Білімқана-Алматы» мектебінің директоры, педагог. «Жаңа ұрпақ» көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы бизнес-тренер Асхат Əбжанов та «Заманауи педагогтың басты міндеті – бағыт-бағдар беру» деп есептейді. Жоғарыда айтқанымыздай, ақпарат ағыны толассыз бүгінгі уақытта тек кітаптағы мəліметті оқу аздық етеді.

Ата-аналардың назарына…

Жиында отбасымен қатар кəсібін де дөңгелетіп жүрген маман-аналар ой қозғады. Тақырыбымызға сəйкес, «жоғары білім – жоғары тəрбиенің көрсеткіші емес» деп есептейтін үш спикер тəрбие беру бағытында ашылған орталықтарда жұмыс істейді екен.

Айна Досмахамбет, METHOD бағдарламалы мектебінің директоры:

– Үш баланың анасымын. Мүмкін, сырттай қорқынышты көрінетін шығар, бірақ балаларымның болашақта маған жіпсіз байланып қалғанын қаламаймын.Үнемі қолдарынан жетелеп, барша қиындықтан құтқара алмаймын ғой. Сондықтан ерте жастан бастап баланың өмірге өзінше бейімделіп кеткені дұрыс деп санаймын. Шағын мысал. Ана болған соң, баламның ерте ұйықтағанын қадағалаймын. Балалықпен кейде ұйықтай қоймаса, «қаншада ұйықтасаң да өз еркің, мен таңертең оятқанда артық сөзсіз оянуың керек» деймін. Екеуара келісімнен кейін тып-тыныш өз бөлмеме кетемін. Бірте-бірте бала ұйқының да, уақыттың да қадірін түсінеді.

Тойға бара жатсаңыз, «қазір дəрі алып келемін» деп алдаудың еш қажеті жоқ. «Балам, мен тойға бара жатырмын. Біраз уақыттан соң қайтып келемін. Егер сенің баруыңа болатын болса, алып кетер едім. Демек, сенің үйде қалуың керек», – деймін. Несі қиын? Бір-екі реттен кейін балаңыз өзі-ақ осы сөздерді қайталап айтып беретін болады. Байқай бермейміз, қарапайым іс-əрекеттеріміздің өзі адамның қалыптасуына, психологиясына əсер етеді. Сол сияқты, бірдеңе бүлдіріп қойған жағдайда ұрсуға емес, анығын ашып айтуға асыққанымыз жөн. Мүмкін дамылсыз ақыл айтуға қарағанда, бір сəттік ұрсумен бəрін реттей салғыңыз келетін шығар? Бұл əрекетіңізбен тек агрессивті, жасқаншақ бала тəрбиелейтініңізді ұмытпаңыз. Ерінбеңіз, əр істің ақ-қарасын ажыратып айтыңыз.

Бүгін арыз-шағымнан аузы босамайтын сəбиіңіз ертең ержеткенде отбасылық жағдайын, қызметтегі мəселелерін қалай шешпек? Ескеруіміз керек, біз, ата-аналар баламызды бар болғаны 12-13 жасқа дейін ғана тəрбиелейміз. Одан кейінгі дамуына қоғам тікелей əсер етеді. Бастапқы негізді дұрыс қалау – бізге артылған міндет. Айтқым келгені, балдырғаныңыздың ұсақ-түйек «шаруаларына» араласпаңыз. Нəтижесін байқайсыз, балаңыз жауапкершілікке үйреніп, тұлғалық болмысын қалыптастырады.

Кристина Касенова, халықаралық «Разумная мама» жобасының жетекшісі:

– Ең алдымен бəріміз үшін күнделікті режимді қалыптастырған пайдалы. Таң – құлшылыққа, күн – əрекетке, кеш – отбасына арналуы керек дегенді жиі айтамыз ғой. Бұл түсінікті балаларымызға да ұғындыра білуіміз керек.

Қобыландыдан бастап өрмекші адамға дейін бала қиялындағы кейіпкерлердің маңызы зор. Бастысы, баланың ой жүйесінің дамуы. Сондықтан ойын барысында ойлы пікір айтып, бірге уақыт өткізіңіз. Баланы қанша тəрбиелесек те, өзімізге қарап бой түзейтінін көп айтсақ та, ұмытып кете береміз. Сіз қандай өнеге көрсетіп жүрсіз? Ойланатындай-ақ мəселе.

Гүлзат Аймұханбетова, «Tamos Education» лингвистикалық мектебі директорының орынбасары, екі баланың анасы:

– Жоғарыда айтылған пікірлердің барлығымен келісемін. Байқайсыз ба, біз балаларымызға көп шектеу қоямыз. «Құлап қаласың, жүгірме!», «Тиіспе, бұзып тастайсың», тағы сол сияқты шектеуіміз көп. Бала құлайтынын, бұзатынын өзі танып, білмесе, құр сөзден жасқаншақ болып қалмай ма? Жығылса, жер көтереді. Кейде шектен тыс қамқор болып кететініміз жасырын емес. Балаға дүниені өзінше зерттеуге мүмкіндік берейік.

Гүлзат Айтмұханбетованың ұлы 4 жасында ағылшын тіліндегі кітаптарды оқи
бастаған екен. Мұндай жетістікке қарапайым тіл үйренудің тəсілімен жеткенін
айтты. «Ағылшын тілінің негізін қалау үшін алфавитті ретімен жаттау міндет емес.
Бастысы – сөз құрауға керекті əріптермен жұмыс істеу», – дейді маман. Өзге балаларға да септігін тигізу мақсатында Гүлзат ханым Инстаграм желісінде тегін сабақ үйрететін парақшаны жүргізеді екен.

Педагогтар мен ата-аналардан кейін отандық мектептердің түлектері мен оқушылары пікір алмасты. Іс-шараға «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Иван Крепак, «Синергия-Қазақстан» университеті даму департаментінің директоры Дана Садық жəне «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығының түлегі Юлия Шевская қатысты. Үш кейіпкердің де өзіндік жетістікке бастар жолы мен бағыты бар. Айта кетерлігі, олардың үшеуі де белгілі шыңды
бағындырып, мақтануға тұрарлық іс тындырғандары ата-аналарының өлшеусіз еңбегінің нəтижесі деп біледі.

Мадина ОҚАС,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №15
9 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз