Оркестр құрамындағы музыканттарды қатты құрметтеймін. Олардың ешқайсысы ерекшеленіп жатпайды. Халықтың алдына жеке-дара шығып, өзін көрсетуге тырыспайды. Өйткені ұжымның мақсаты ортақ. Музыка мектебіне түседі,
музыкалық колледжді бітіреді, бес жыл консерваторияда оқиды. Осы уақыттың бəрінде бір аспаптың соңында жүреді. Содан кейін оркестр құрамына алыну үшін бəйгеге түседі. Оркестрге алынған екен, аспаппен күнде дайындалуы керек. Оркестрдің дайындығына күнделікті бару қажет. Солай бола тұра біз оларды жеке-дара танымаймыз. Тану былай тұрсын, оркестрде қандай аспаптар бар екенін аңғара бермейді екенбіз. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде қонақта болдық. Халық тани бермейтін аспапта ойнайтын музыканттармен əңгімелестік. Біздің білетініміз домбыра мен қобыз, одан қала берді дауылпаз бен баян делік. Сол домбыраның оркестрде домбыраконтрабас, бас домбыра, домбыра прима секілді үш түрі бар. Ал қобыздың бас қобыз, қылқобыз, альт-қобыз, қобыз-контрабас деген түрлері ойналады.

Гүлзира ТҮЛКІБАЕВА, шертер тобы:

Шертер домбыраға үн қосады

– Оркестрде жүргеніме жиырма жыл болды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының үшінші курсында оқып жүргенде жұмысқа алындым. 1991 жылы оқуды прима домбырашы мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен осында қалдым. Оркестрге бас дирижер болып келіп жатқан Айтқали Жайымов ағамыз мен сияқты тағы бес адамды алып қалды. Айтқали аға оркестрге шертер аспабын қосқызды. Оған дейін оркестрда альт-домбыра болатын. Бірақ партиясы аз еді. Қазір оның орнын шертер басты. Келе-келе қазақ сазгерлері шертерге арнап жеке партия жаза бастады. Шертердің оркестрдегі рөлі – домбыраның үніне үн қосу. Классикалық шығармаларда құлағын альт-домбыраға келтіріп, соның партиясын ойнаймыз. Ал қазақ шығармаларында өзінің қоңыр үніне бұрап тартамыз. Шертерді үш ішекті домбырамен шатастыруға болмайды. Мұның үні
басқа. Əрі бойы да қысқалау. Негізі бұл аспаптың түп-тамырын тапқан – қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы Болат Сарыбаев.

Аспаптың бас жағы қоңыр үн беріп тұруы үшін терімен қапталады. Ертеде балықтың терісімен қаптайтын болған. Қазір өгіз, ешкі терілерін пайдаланады. Қай малдың терісімен қапталғанына байланысты үні де өзгереді. Мына шертер Ресейде жасалған. Альт-домбыраға ұқсатып жасағандықтан үні аса қоңыр емес. Классикалық шығармаларға ыңғайлаған. Оркестрде шертер ойнайтын үш адам бар. Шертерді медиатормен ойнаймыз. Қазақша оны оймақ деп те атайды. Оны ішек қолды іліп кетпес үшін, тырнақтың орнына пайдаланады. Ал жеке ойнағанда медиаторсыз сұқ саусақпен ойнаймыз.

Əсет ЖҰМАБАЕВ, бас домбырашылар тобының концертмейстері:

Бас домбыраға арналған жалғыз шығарманы Тілендиев жазып кеткен

– Бас домбыра – домбыра тобына жататын аспап түрі. Бас домбыра қою дыбысты. Күйдің дыбыстық тұрақтылығын ұстап тұрады, сүйемелдейді. «Махамбет» күйінің қалай басталатыны естеріңізде ме? Соны бастайтын бас домбыра. 1933 жылы Ахмет Жұбанов 11 адамнан домбырашылар ансамблін құрды. Кейін құрамды оркестрге айналдырамын деп тағы алты адам қосты. 1934 жылы Темірбек Жүргеновтің ұйымдастыруымен Қазақстанда үлкен слет болады. Екі аптаға созылған слет қорытындысы бойынша Жұбановқа елдегі тұңғыш оркестрді құру жүктеледі. Оркестрдің жобасын Мəскеудегі Андреев оркестрінен алады. Жұбановтың «қанша домбырашы бірге ойнаса да оркестр бола алмайды» деген сөзі бар. Солайша Жұбанов домбыраның тобына алғаш ең жоғарғы жіңішке дауысты домбыраны қосты. Содан кейін жіңішке дауысты прима домбыра, ащырақ даусы бар секунда домбыра, қоңыр дауысты альт домбыра, баритон домбыра, контрабас домбыра жəне бас домбыралар біртіндеп оркестрге қосыла бастады. Алғашқы бас домбыраларда екі ішекті кендір жіп болды. Ескі бейнежазбаларды қарасақ, бас домбыраны қолмен ойнап жатады. Қазір медиатормен ойнаймыз. Ф.Мансұров, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Төлебаев секілді композиторлар дыбыс ауқымы кең шығармалар жазды. Ал аспаптың негізгі нұсқалары ондай классикалық шығармаларды орындауға сай келмеді. Соны ескеріп, мемлекеттік тапсырыспен аспаптар Мəскеуге жеткізіледі. 1957 жылы алғашқы қазақ дирижері Шамғон Қажығалиев бас домбыра, прима домбыра, альт домбыра аспаптарын үш ішектіге ауыстырды. Екі ішек кезінде ре-ля болса, қазір ми-ля-ре.

Қобыздың да осынша түрі бар. Қобыз басында үш ішекті болса, 1957 жылы тағы бір ішек керілді. Алғашқы шеберлер ағайынды Ромоненколар мен Қамар Қасымов болды. Ол кісілер жасаған аспаптар санаулы болса да əлі бар. Дыбысын жоғалтпаған. Меніңше, қазіргі аспаптар формасы жағынан қалпын сақтаса да, жоғарыда айтқан шеберлер жасаған аспаптың үніне жете алмай жатыр. Аспаптың шанағының (бетінің) ішінде кергіштер (пружина) тұрады. Бас домбыраның үні кергіштерге байланысты. Прима домбыра, бас домбыралар орыс аспаптарының қазақша нұсқасы болғанымен, бізге сіңіп кетті. Менің қолымдағы аспапты фольклорлық «Отырар сазы» оркестрінде бас шертер десе, бізде бас домбыра дейді. Негізі бас домбыраның формасы алмұрт тəріздес. Аспапты өзіміздің баламыздай көреміз. Аспап ағаштан жасалғандықтан күн ыстық пен аязда, көлеңкеде дымқыл жерде қалдырмаймыз. Дымқылды сіңірген аспаптың дыбысы шықпай қалады. Ал қатты ыстықта қалса, ағаштан жасалғандықтан ісініп кетеді. Тіпті аспапты сулықпен, спиртпен сүртпейміз. Аспап дымқылды сіңіріп алады. Тазалау үшін арнайы шеберлерге береміз. Өздерінің ине сияқты құралдарымен аспапты түгел тазалайды. Аспапты тазалау кезінде ішегіне қатты мəн беру керек. Созылып не бұралып кетсе, дыбысы өзгеріп, ауыстыруға тура келеді. Аспаптың ішектерін Ресейдің Пенза қаласында жасайды. Онда ішек шығаратын зауыт бар. Өкінішке қарай, біздің елде ондай зауыт жоқ. Құрманғазы оркестрінде əр əртіске аспап береді. Бірақ өзін құрметтейтін музыканттың жеке аспабы болуға тиіс. Басымда үш аспап бар. Оның бірі – электронды бас домбыра. Бас домбыраға арнап жазылған «Парыз» атты жалғыз шығарма бар. Оны Нұрғиса Тілендиев М жазып кеткен.

Нұрлан ТӨЛЕГЕН, қобыз-контрабас тобы:

Қобыз-контрабаста күнде ойнамасаң, қолың шығып қалады

– Бұл аспап Еуропада XVIXVII ғасырларда пайда болған. Көлемі қазіргіден үш-төрт есе үлкен болыпты. Менің қолымдағының «аталары» ғой. Кейін симфониялық оркестрге лайықталып, көлемі кішірейген. Қазақ оркестрінде ойналғандықтан қобыз-контрабас деп аталады. Ал негізі джаздан бастап барлық оркестрге бейім. Оркестрдегі орны – ритмды ұстап тұрады, оркестр ойнайтын музыканың негізі. Төмен дауысты. Дауысы қою. Түрегеп тұрып тартамыз. Өзім мектепте домбыра, баян тартып, концерттерге қатысатынмын. Мектеп бітірерде бəріміз мамандық таңдай бастадық. Есепке шорқақ едім. Ойланып қарасам, музыкада есеп жоқ екен. Оның үстіне икемім бар. Сөйтіп құжаттарымды құшақтап, Шымкент музыка училищесіне келдім. Құдай оңдап түсіп кеттім. Келген қатарластарымның бəрі домбыра класына барғысы келеді. Менің де үмітім,
білетінім домбыра. Бірақ бəрі домбыраға қабылданса, басқа аспаптарда кім ойнайды? Кейін оркестрде кім қалады? Күзде сабаққа келсем, мамандықтан беретін мұғалім класқа жетіп келді де үп-үлкен аспапты көрсетті. «Міне, сен осы аспапта ойнайсың», – деді. Атын да алғаш естіп, түрін де бірінші көрген аспапта ойнауға сөзге келмей келістім. Төрт жыл оқып, Алматыға келдім. Консерваторияға түсіп, қазақтың ең мықты бас контрабасшысы Есдəулет Исабеков ағайдың класына қабылдандым. Қазақстандағы көп контрабасшы – сол кісінің шəкірті. Есдəулет ағай осы оркестрден зейнетке шықты. Қасында жүріп, контрабаста ойнаудың қыр-сырын үйрендім. Қобыз-контрабаспен күнделікті дайындалу керек. Бұл өзі бір-екі күн ішегінен ұстамасаң, қолың шығып қалатын аспап. Қазір оркестрде қобыз-контрабаста үш адам ойнаймыз. Оркестрде ойналатын барлық
музыкада бармыз. Балаларымды бұл салаға бергім келмеді. Өмір-бақи дайындалып өтуге шыдамы жете ме? Консерваторияны бітіргеннің бəрі оркестрде істей алмайды. Осындай жұмысқа тұра ала ма деп уайымдадым. Содан басқа салаға кетті.

Ботагөз АНАРОВА, бас қобыз тобы:

Жиырма бес жасымда музыка колледжіне түстім

– Менің қолымдағы аспап – виолончель. Бірақ қазақ оркестрінде бас қобыз рөлін атқарады. Бас қобыздың үні адамның дауысымен пара-пар. Адамның дауыс тембріне қатты ұқсайды. Төрт ішекті. Төменгі ішектері ер адамның дауысын берсе, жоғарғылары жіңішке, нəзік əйел дауысын береді. Виолончель XVI ғасырда пайда болса да, Бетховеннің шығармаларынан кейін таныла бастады. Басында оны арнайы орындыққа қойып, тұрып ойнаған. Кейін еденге виолончельдің ұшы тіреліп тұратын шпиль жасап, көлденең қойып, отырып ойнайтын болды. Оның музыканың трагедиялық жəне лирикалық тұсын көрсетуде рөлі зор. Негізі медицина саласын бітіргем. Медбике болып қызмет етіп жүрдім. Бірақ əуен мені ұйықтатпады. Түнгі үш-төртке дейін əн жазып, таңғы алтыда жұмысқа тұрып кете беретінмін. Сөйтіп жүргенде мектепке медбике боп ауыстым. Əнге үйір екенімді байқаған ағай-апайлар музыкадан сабақ бер деді. Бір шарада Моңғолиядан келген сазгер, профессормен кездесіп қалдық. Шығарған əндерімді тыңдаған соң, «əндеріңізді елге таныту үшін музыкалық білім алу керек» деді. Содан Тараздағы музыка колледжіне жиырма бес жасымда тапсырдым. Бес жасымнан домбыра тартатыным бар, сол класқа түстім. Домбырадан беретін мұғалімге барсам, «жиырма беске келіп түсіп отырсың, қолың қатты шығар» деп оқытпай қойды. Бір айдан соң кафедра меңгерушісіне «ұстазым мені оқытпай жатыр» деп айттым. Ол кісі: «Домбыраны онсыз да білесің ғой. Бізде виолончель класы алғаш рет ашылып жатыр. Сен де кластың алғашқы түлегі боласың. Сонда баршы», – деді. «Ол аспапты көрген емеспін, білмеймін ғой» десем, «білмесең, үйренесің» деп ақыры көндірді. Бізді Гүлжан Мейірманова есімді мықты апай оқытты. Алғашқы семестрді түгел беске жапқанымда, оқытушыларым таңғалды. Себебі бұған дейін ешқандай музыкалық білім алмағам əрі жаңадан ашылған класта оқып жатырмын. Колледжді қызыл дипломға бітірдім. Оқу бітіріп жатқанда домбыраға қабылдамай қойған кісі «сен қыздың обалыңа қалдым» деп кешірім сұрады. Бірақ ол кісіге ренжімеймін. Бас қобызға кеткеніме де ризамын. Бұл аспапқа ғашық боп қалдым.

Əсел ƏЛІМБАЕВА, үрмелі аспаптар тобының концертмейстері:

Әкем флейтада ойнағанымды қалады

– Оркестрде флейтада ойнаймын. «Еуропаның сыбызғысы» аталған аспап үрмелі аспаптар тобына жатады. Дауысы сыңғырлап тұрады. Құстардың дауысына ұқсайды. Оның ашық дауысы Латиф Хамидидің сопраномен «Бұлбұл» шығармасын орындағанда анық көрінеді. Флейтаның алғашқы түрі қазіргідей металл, күміс немесе алтыннан жасалмаған. Флейтаның алғашқы ойнаушылары оны қамыстан жасаған. XVI ғасырда флейтаны көлденең ұстауды неміс филейтисі, шебер Теобальд Бём ойлап тапты. Оң жаққа көлденең ұстап ойнайды. Бұл негізі солода орындайтын аспапқа жатады. Өйткені техникалық мүмкіндігі шексіз деуге болады əрі диапазоны төрт октава. Үшінші-төртінші октавада жоғары регистрде ойнағанда оркестрге ерекше мөлдір, сыңғырлаған үн береді. Флейтаны алғаш тоғыз жасымда қолға алдым. Əкем Қазақ радиосының іргетасын қалаған азамат. 80-жылдарда Қазақ радиосында оркестр-спектакль ойналатын. Бас редактор болған əкем флейтаны көріп, қатты ұнатыпты. Солайша мені флейтада ойнаса екен деді. Өнерге жақын екенімді байқап, М.Төлебаев атындағы музыкалық мектепке түсірді. Оны үздік бітіріп, Чайковский атындағы музыкалық колледжге түстім. Кейін консерваторияда бес жыл оқыдым. Қолымдағы аспабымды қатты жақсы көрем. Ол менің бір дене мүшем сияқты. Өте қиын аспап деуге болады. Сонысымен де ұнайды. Көп дайындалуды қажет етеді. Үрмелі аспап болғандықтан тыныс алуың дұрыс болуы керек. Ол үшін аспапта ойнай беру жеткіліксіз. Арнайы дене жаттығуларын жасаймын.

Əділет ЖАҚИЯНОВ, баян тобы:

Жаяу Мұса әндерін баянда орындаған

– Баянды қазір сырнай деп жүр. Бірақ ол о баста баян болғандықтан, солай қала береді. Аспаптың түп-тамыры – баяғы немістердің органы. Ал оның шығуына үрмелі аспаптар əсер еткен. Негізі баянды кейіннен орыстың аспабы деп жүр. Бірақ мен оған келіспеймін. Бұл – халықаралық аспап. Орыстармен қатар қазақтың музыканттары да ойнаған. Шашубай Қошқарбаев, Жаяу Мұса, Нартай Бекежанов есімді əнші-сазгерлер əндерін осы баянмен орындаған. Құрманғазы оркестрінде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазір бірінші баян партиясын ойнап отырмын. Баянды он жасымнан иыққа ілгенмін. Кішкентайымнан музыкаға əуестігімді байқаған əке-шешем Жұбанов атындағы музыка мектебіне берді. Мектептен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияға түстік. Оны бес жыл
оқыған соң оркестрге келдік.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ
Фото авторы Ринат СҮНДЕТОВ

«Ұлан» газеті, №15
9 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз