Алматыда əлемнің ең қызық роботтарының көрмесі өтіп жатыр. Шара сəуір айының 14-іне дейін жалғасады. Жақсыны көрмек үшін деп көрмеге біз де келдік. Роботты қызықтап ана да, бала да жүр. Көрмеде қазақ балалары жасаған робот жоқ. Өйткені шараны ресейлік компания ұйымдастырыпты. Балаларға қызық болу үшін əлемнің таңдаулы деген роботтарын жинапты.

Нұрəли əжесі екеуі ауылдан келіпті. «Мұндай роботтарды біз де жасай аламыз. Легодан түрлі бейнеде робот құрастыру оңай. Бірақ Бритни, Мухи сияқты сөйлейтін етіп жасау қиын. Ол үшін көп оқу керек. Ағай Ресейде робототехника қарқынды дамып келе жатқанын айтқан болатын. Сол рас екен. Біз көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, адамға пайдасын тигізетін робот жасағымыз келеді», – деді.

Нұрəлидің зеректігіне əжесі екеуміз риза болдық. Көрмеде сан түрлі робот бар. Бірі мың бұрала билесе, енді бірі футбол ойнайды. Деревяка роботы тиын салсаң, болашағыңды айтып береді. «Сабағыңды жақсы оқысаң, сен бəріне жетесің» деген жылы сөзі ұнады. Екі жыл бұрын Деревяка көшеге шығып, «туризмді дамытайық!» деп ұран тастапты. Роботты өздерің секілді жеткіншектер құрастырыпты. Сонымен, көрмеден не көрдік? Қылықты роботтардың қызықтары қандай?

Терапевт-робот

Көзі жəудіреген жолбарыстың күшігі балаға əрі ойыншық, əрі дəрігер. Жапондар цунамиден зардап шеккен қарт кісілерге арнап жасаған екен. Жақынынан айырылған адамдарға жылу береді. Басынан сипаса, жымияды. Көзін ашып-жұмып, көңіл- күйін білдіреді. Терапевт роботтардың танымалдығы күн сайын артып келеді екен. Температура, жарық датчиктері кіріктірілген. Жақын тартсаң, кəдімгі тірі жануар секілді əртүрлі дыбыстар шығарады. Кейбір адамдар түрлі себептерге байланысты үй жануарын асырай алмайды. Біреулердің аллергиясы болса, кейде жауапкершіліктен қорқады. Ал механикалық дос алуға ешкім тыйым салмайды.

AIBO ақылды күшік

Айбоны «Sony» компаниясы жасап шығарған. Тірі күшіктен айырмасы жоқ,
мүмкіндігі көп. Көңіл-күйі иесінің қарым-қатынасына қарай өзгеріп отырады. Жақсы да, жаман да күшік болуы мүмкін. Өзі ойыншықпен ойнап, қуаты таусылса, ток көзіне қосылады. Айбо таңғалған, ренжіген, қатты қуанған түр таныта алады. Дыбыстарға құлақ түріп, таныс емес затты көрсе иіскей жөнеледі.

Chip балаларға арнап жасалған. Адамды тыңдап, сұрағына жауап береді. «Chip, биле!» десең, билеп береді. Қол соқсаң, риза болады. Құрылғының арқасында айналасын көре алады.

Қорқынышты Мекканоид

Құрастырылмалы робот баланың ойлау қабілетін дамытады. Қиялын жүзеге асыруға шабыт береді. Жүре алады, дене мүшелерін қозғап, көзінің түсін өзгертеді. Бұйрық берсең, жауап қайтарып, дыбыс шығарады. Мыңдаған күлкілі оқиғаны айтып береді екен. «Меккано, билеші!», «Меккано, кунг-фу көрсет!» десең, сықырлап тапсырмаңды орындауға асығады. Меккано конструкторын 1898 жылы Ұлыбританияда Франк Хоркби ойлап тапқан. Ойыншық ретінде ұлдарына жасаған екен. Конструкторды асықпай құрастырсаң, əртүрлі ойыншық жасауға болатынын біледі.

Хоркби 1907 жылы сауда маркасын тіркеп, өндіріс ашады. Қол-аяғы мен басты меңгеру үшін алты мотор, көзді жарық беретін 500 түс, 64 мб жад тақтасы бар. Тарихы тым тереңде жатса да, балалардың роботқа деген қызығушылығын осы мекканоид оятады екен.

EV3RSTORM – Легоның ең жетілген түр. Даниялық жастар құрастырыпты. Шынжыр табанды гуманоид тез қозғалып, заттарды тауып алуға қабілетті. Сондай-ақ, ой өрісі жоғары əрі жауынгерлік күшке ие. Талқандағыш жасақшасы мен айналмалы үш қабатты ұстарасы бар. Планшет немесе арнайы құрылғы көмегімен басқарылады. Алға, артқа, солға, оңға жылжиды. Инфрақызыл сəулелерінің көмегімен жолындағы кедергіні көріп, түрлі дыбыс шығарып, қарсы тұрады. Болашақта ауыр жұмыстарды, адам денсаулығына қауіпті химиялық қоспаларды осы роботтарға сеніп тапсыруға болады.

АКВАФЕРМА тұйықталған экожүйені ресейліктер ойлап тауыпты. Өсімдіктер мен балықтар арасындағы тепе-теңдікті көрсетеді. Өнімді өзінен-өзі тазалайтын аквариум десе болады. Əрбір қала тұрғыны үйінде отырып-ақ таза көкөніс жеуіне болатынын білдіреді. Арнайы аквариумның жоғары бетіне дəн себіледі. Астында балықтардың тіршілігін бақылаймыз. Дəн аквариумда тазартылып, жүйе өзін-өзі қалыпты күйге реттеп отырады. Тұрғындар аквариумда сан алуан гүл өсіргенді жөн көреді екен. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары экожүйені жақсы меңгерген. Оқушылар қоршаған ортаға зияны жоқ бірнеше жоба жасап шығарған.

Jibo балаларға ертегі оқиды

Адамдар Jibo-ны көргенде «тым табиғи» деп сескенетін көрінеді. Ал құрастырушылар «мүлдем олай емес» дейді. Кезінде техникалық ортада шу тудырған робот екен. Массачусетс технологиялық институтының профессоры Синтия Бразил: «Олар ештеңені түсінбейді!» – деп күліп жауап беріпті. Jibo иесінің жеке поштасын оқып, балаларға ертегі айтып береді. Кешкі ас дайындауға көмектеседі. Суретке түсіріп, шығарып береді. Үйдегі адамдарды жақсы таниды. Кімге қалай сөйлеу керегін біледі. Егер иесінің көңіл-күйі болмаса, жылы сөйлеп, күлімдеуіне көмектеседі.

Anki Cozmo жұмыс таңдамайды

Сырт қарағанда блоктарды таситын робот сияқты. Алайда, олай емес. Бұл робот ерекше. Жұмыс істей жүріп, көңіл-күйін білдіреді. Адам сияқты қуана, қайғыра,
таңғалып немесе қатты ашулана алады. Android смартфон арқылы басқарылады. Ол үшін мобильді бағдарламаны қондыру керек. Сол арқылы робот бульдозерге өз мінезімен бұйрық береді. Мысалы, «Cozmo, кубикті көтер!», «Кубикті жина!» деп тапсырма бересің. Смартфон арқылы күлген смайликті бассаң, робот сықылықтап күледі. Ерекше роботты АҚШ-тың робот бірлестігі құрастырыпты.

Әзілқой Борис

 Ресейлік робот Бористің «тілі тастай». «Жасың нешеде?», «Саған бұл жер ұнай ма?», «Қанша тіл білесің?» деп түрлі сұрақ қоюға болады. Борис оқу орындарында робототехника туралы дəріс оқыпты. «Өзімді жас сезінемін. Оқып, білім алу кеш емес. Маған бұл жер қатты ұнайды. Ал саған ұнай ма?» деп өзіңе кері сұрақ қояды. «Əрине, ұнады. Сау бол!» десең, «Мен қызық емеспін бе? Кел, саған əзіл айтып беремін. Əн салсам билейсің бе?» – деп өтініп тұр. Қазақша «өте жақсыны» біледі. Егер Бористің жадына мəліметті қазақ тілінде енгізсе, қазақша сайрайды екен. Сондай-ақ робот Ева Казан IT университетінде дəріс оқыпты. Сыныпты аралап, оқушылармен əңгімелеседі. Бейнебақылаудың көмегімен оқушылардың түр-келбетін тани алады.

3D принтер

Қазір 3D принтердің мүмкіндігі жиі айтылып жүр. Мəселен, АҚШ-тың дəрі-дəрмекті бақылау басқармасы медициналық таблеткаларды 3D-принтерде басып шығаруға рұқсат беріпті. Алғашқы дəрі эпилепсиямен күресіп жүрген науқастарға арналыпты. Spritam эпилепсияға қарсы күшке ие. Суда тез ериді əрі қиындық болмайды. Мамандар 3D принтердің мүмкіндігіне таңғалыпты. Əрбір науқасқа дəрі жеке дайындалады. Өйткені бір дəрі науқасқа екі түрлі əсер етуі мүмкін.

АҚШ азаматы Чак Халл 3D принтерді жылдар бұрын ойлаған екен. Жиһаз шығарып жүріп, жаңа дүние жасағысы келеді… 3D модель физикалық нысанды қабаттап шығару əдісі арқылы жұмыс істейді.

Əртүрлі технологияларды жəне материалдарды пайдаланады. Көлемді материалды қабаттап басып шығарады. Лазерлі стереолитографияда ультракүлгін сəулесі нүктелерді бірінен соң бірін салу арқылы сұйық фотополимердің бетін айқындайды. Мұндай принтерлер өте пайдалы жəне өмірімізге қажет құрылғы. Оларды пайдалану аясы кеңейіп келеді. Тұрмыста қажетті заттарды: ыдыс, ойыншық, əшекейді басып шығарады. Соңғы кездері 3D принтердің көмегімен жиһаз, тіпті дəрі жасалыпты.

Mindflex

Əлемдегі бірінші телепатиялық консол. Ерекше құрылғыны қарт Чак Халл ойлап тапқан. Адамның басына бекітілген сенсорлар екі параметрді ескере отырып, ми қызметінің толқындарын оқиды. Көрсеткіштер бірден сымсыз байланыс арқылы ойын алаңындағы желдеткішке жеткізіледі. Айналу жылдамдығы мен ойын алаңындағы бағытқа қарап, адамға баға береді. Телепатия адамды сабырлы болуға, ұсақ-түйекке ашуланбауға шақырады. Құрылғыны киіп, армандасаң, шар əуеге көтеріледі. Сабыр сақтап, əлденені уайымдасаң, шар бəсеңдеп, төмен түседі. Бұл əрдайым көңілді, жақсы нəрсе ойлайтын адамның ми құрылысы жақсы жұмыс істейтінін көрсетеді. Ал қабағың түсіп, жабығып жүрсең, ойың да, ісің де шаршаңқы болады.

Білгіш Бритни

Тележұлдыз Бритни кино, мəдениет, ғылым саласында тікелей эфирде сұқбат береді. Сұқбатты сақтап, өзіңе жолдайды. Бритнимен əңгімелесуге құштар балалар көп. Адам қалай пайда болды? Фантастика жанрында соңғы шыққан кино қандай? Қызық сұраққа Бритни қысылмай жауап беруде.

Snow тазалықты жақсы көреді

Пингвин тəрізді роботты қытайлықтар құрастырған. Өзі тартымды əрі əдемі. Роботтан гөрі сенімді серік. Snow үйдің ауасын тазартады. Радарлы құрылғы бірқалыпты қозғалуға мүмкіндік береді. Иесінің бабын табуды ойлайды. Таныстықтан соң сұрақты көп қояды. Ойы – сен туралы барлық ақпаратты біліп алу. Өлең айтқанды, тазалықты жақсы көреді. Қытайлар бұл роботты балаларына сыйлық ретінде алады. Өйткені, олардың ақылды боп өсуіне көмектеседі деп ойлайды. Сондай-ақ, қуанып, өкпелеу арқылы көңіл-күйін білдіреді.

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №14
2 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз