Кəсібилігімен, талантымен жұлдызы жанған əртістер аз емес. Алайда, «жұлдыз» болу адами қасиетті сақтаумен ұштасса жарасымды. Бүгінгі əңгімеміз осы турасында болмақ. Бос уақытыңды тиімді əр көңілді етіп өткізгенге не жетсін?! Сондай сəттерде өмірлік мəні бар, жақсылыққа баулитын фильм көргенді ұнатамын. Əлбетте, басты рөлдегі əртістің шынайы өмірдегі болмысына қызығатын мен ғана емес шығармын… Бүгін өзіме айрықша əсер еткен актер туралы айтқым келеді.

Бала күнінен томаға-тұйық əрі жасқаншақ болып өскен америкалық актер Киану Ривз – Голливудтағы ең бай өнер адамдарының бірі. Əкесіз өскендіктен отбасындағы қиындық Киануды ерте есейтті. Ол əртістік шеберлік курсына қатысу үшін үш жерде жұмыс істеген. Бала күннен қалыптасқан жасқаншақтығына қарамастан, мақсатына жету үшін көп тер төккен. Десе де өмірдің оған деген сынағы аз болмапты. Бүгінде Киану Ривздың жылдық табысы 360 миллион доллар болса, ол түскен фильмдердің бюджеті 4 миллиардан асады екен. Оның ақшасы қаншалықты көп болса, соншалықты қарапайым. Ендеше оны өзгелерден даралап тұратын ерекшелігіне тоқталайық.

Əртіспен танысқан, араласқан, көрген адамдардың айтуынша, Кианудай кеңпейіл адамды жер бетінен сирек кездестіресіз. Бұлай деуіміздің басты себебі – оның қарапайым халықтың ортасында өзін əдеттегідей ұстап, айналасындағылардың барлығына көмектесіп жүруі. Сонымен бірге танысқан адамының атын мүлде ұмытпайтын алғырлығы бар көрінеді.

«Матрица: Перезагрузка» фильмінен 114 миллион доллар алған актер сол табысының 80 миллионын аз жалақы алатын əріптестеріне бөліп берген екен. Бір сұқбатында: «Қарапайым пəтерде тұрамын. Шағын ғана кеңістігімде өзім үшін бəрі ыңғайлы. Жартылай бос, бірақ тым əдемі үйде тұрғанның еш мəні жоқ», – деген еді. Түсірілім алаңында сахна құрушы болып қызмет істейтін беймəлім адамның жағдайын естіп, ол кісіге 20 000 доллар бере салыпты.

Кианудың такси тоқтатып тұрған жолаушыларды еш қымсынбастан, жеткізіп салатын дархандығы да бар екен. Шетелдік ақпарат құралдарында жарияланған мəліметтерге сенсек, жолаушысын 80 шақырым жерге тегін апарған. Қоғамдық көлікте жиі көрінетін жұлдыздардың бірі де – Киану Ривз. Үлкен кісілер мен əйелдерге үнемі орын беретін актерды көрермендері адами қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.

Үйсіз, көмекке мұқтаж адамдармен бірге тамақтанып, əңгімелесуден қашпайды.
Кездейсоқ түсірілген суреттер соған дəлел. Туған күнінде кекс, кофе, кола сатып алып, Америка көшелерінің бірінде өзіне жат адамдармен бірге өткізген. «Біз бірдейміз. Біз адамбыз», – дейтін Киану табысының қомақты бөлігі қайырымдылық қорына аударылады екен.

Иə, адамдық құндылықтың асыл қасиет екенін қоғам ұмытып кеткендей сəттер жиі
кездеседі. Бəлкім, таңғалмассыз. Бірақ кейіпкеріміздің əрекеті расымен мақтауға, үлгі етуге тұрарлық емес пе? Мектеп кезінде оқулықтан «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылы жоқтығы, адамның кеудесін көтергені – ақылы жоқтығы» жөнінде ертегі-əңгімелерді жиі оқушы едік қой? Менің айтпағым да осы еді.

Мадина ОҚАС,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №14
2 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз