Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда Жапонияның Сайтамада қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында қазақтың қаршадай қызы Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алды. Бұл қуанышты жаңалық – елдегі саяси өзгерістердің көлеңкесінде қалып қоймай, тез тарап кетті.

Мәнерлеп сырғанау – әрі әдемі, әрі күрделі спорт түрі. Өнер атаулының дарыннан бөлек қажымас қайрат пен тынымсыз еңбекті талап ететіні секілді мәнерлеп сырғанауда да табысқа жетемін деген адамға үлкен төзімділік қажет.

Леонардо да Винчи «Табандылық кез келген кедергіні жеңеді» деп айтқан. Бұл сөзімізге осы Элизабет Тұрсынбаеваның жетістігі дәлел бола алады. Ол ақпан айында қысқы Универсиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Енді, міне, әлем чемпионатында атой салды.

Жерлесіміз алдымен қысқа бағдарламада қола медальға ие болды. Мұның өзі біз үшін тарих еді. Өйткені Қазақстанның спорттағы жылнамасында мәнерлеп сырғанаудан қыздарымыз ешқашан әлем чемпионатында жүлде еншілеп көрмеген.

Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша көшті ресейлік Алина Загитова (82.08) бастады. Екінші орынға жапониялық Каори Сакамото (76.86) тұрақтады. Элизабеттің қоржынында 75.96 ұпай болатын.

Қысқа бағдарлама аяқталған алғашқы үштікке ілінген спортшылардың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Тұрсынбаева бірінші жарыс күнгі нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

«Бүгінгі өнерім көңілімнен шықты. Көрермендер де, мұз айдыны да тамаша. Жапонияны жақсы көремін. Бірақ бүгінгі оқиғалардың бәріне салқынқанды қарап, алдағы жарыс күнін ойлау керек. Еркін бағдарламаға дайындалуға тиіспін. Ең бастысы – жинақы әрі сабырлы қалпымды сақтау. Бұл медаль бәрінен бұрын сенімділік сыйлады. Үлкен нәтиже көрсете алатыныма сенемін. Төрт айналым секіру элементі де жарыс өткен сайын жақсарып келеді. Бұрынғыға қарағанда тұрақталып қалды. Төрттік сальховты ресми жаттығу кезеңдерінің барлығында орындап жүрмін», – деді Тұрсынбаева. 

Ал еркін бағдарлама қазақ жанкүйерлерінің жүрегін жарып жібере жаздады. Өйткені Күншығыс елінде жапонның осы спортты серік еткен талантты қыздарын Элизабет шаң қаптырып кетті.

Еркін бағдарламада қазақ спортшысы төрттік сальховты осы жолы қатесіз орындап, 148.80 ұпай жинады. Бұл оның маусымдағы үздік көрсеткіші. Сондай-ақ Тұрсынбаева төрттік сальховты ресми жарыстарда орындаған әйелдер арасындағы тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалды. 

Қоссайыс қорытындысы бойынша Элизабет  224.76 ұпай жинады. Бұл қазақ спортындағы тарихи жүлде екені сөзсіз. Өйткені бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан әйелдер арасындағы сында Қазақстан жүлде алып көрген емес.

Алтын және қола медаль ресейлік Алина Загитова мен Евгения Медведеваға бұйырды. Жапонияның екі мықтысы төртінші және бесінші орындарды қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Биылғы маусымда Элизабет Универсиада ойындары мен Төрт құрлық чемпионатының күмісін иеленген болатын.

 «Қазіргі қуанышымда шек жоқ. Күміс медаль мен үшін күтпеген жүлде болды. Осы сәтке дейін бұл элементті таза орындағаныма сене алар емеспін.Таңертеңгі жаттығу сәтімен өтті. Соңғы екі жарыста сальховты орындау барысында қате жібергенімді білесіздер. Міне, бүгін таза орындап шықтым. Мұз айдынына бет алған кезде өзімді керемет сезінгенмін. Сол сезім соңына дейін жоғалған жоқ», деді жарыстан кейін тілшілердің сауалына жауап берген Тұрсынбаева.

Қазір әлем баспасөзі оның төрттік сальховты орындағанына таңырқап, жарыса жазып жатыр.  Осы ретте төрттік салыхов туралы ақпарат бере кетсек. Ең алғаш швед мәнерлеп сырғанаушысы Ульрих Сальхов 1909 жылы осы қимылды орындаған екен. Содан кейін ерлер арасында АҚШ мәнерлеп сырғанаушысы Ронни Робертсон (1955 жылы), әйелдер арасында чехословакиялық Яна Мразкова (1959 жыл) «үштік сальховты» орындаған. Енді, міне, «төрттік салыховты» әйелдер арасында тұңғыш рет Тұрсынбаева әлем чемпионатында орындап, көпшілікке паш етті.

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты. Әйелдер. Қорытынды есеп:

  1. Алина Загитова (Ресей) – 237.50
  2. Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) – 224.76
  3. Евгения Медведева (Ресей) – 223.80
  4. Рика Кихира (Жапония) –223.49
  5. Каори Сакомото (Жапония) – 222.83

Әйелдер, еркін бағдарлама қорытындысы:

  1. Алина Загитова (Ресей) – 155.42
  2. Рика Кихира (Жапония) – 152.59
  3. Евгения Медведева (Ресей) – 149.57
  4. Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) – 148.80
  5. Каори Сакомото (Жапония) – 145.97.

Осы жерде Элизабетті дайындаған бапкері Этери Тутберидзенің еңбегін айтып кеткен дұрыс болар.

Тутберидзе – талай мықтының томағасын сыпырған әйгілі маман. Осы чемпионатта алғашқы екі орынды шәкірттері Алина Загитова мен Элизабет Тұрсынбаеваның өзара бөлісуі де көп нәрсені аңғартады.

Енді спортшы туралы аз-кем ақпарат беріп өтсек. Әкесі Байтақ Тұрсынбаев – Қызылорда облысында дүниеге келген, мамандығы заңгер. Анасы – Падишахан Сұлтан­алиева, Қырғызстанның Ақсы ауданында өмір есігін ашқан. Кәсіпкерлікпен айналысқан Тұрсынбаев 90-жылдардың аяғында Сыр өңірінен Ресей астанасына қоныс аударады.

Элизабеттің есімін анасы қойған. Падишахан перзентханада жатқанда атақты америкалық актриса Элизабет Тейлор ойнаған «Клеопатра» фильмін көріп, соның әсерімен қызына Элизабет деген есімді таңдайды.

Элизабеттің өзі Мәскеуде туғанымен, бала кезінде ауылдағы ата-әжесінің тәрбиесінде болып, қазақы тәрибе алған. Дегенмен, көп ауыра берген соң, ата-анасына қайтарып береді.  Әкесі алғаш рет Мәскеудегі мәнерлеп сырғанаушыларды дайындайтын Ирина Страхова есімді бапкерге апарғанда, «орыс тілін түсінбейді» деп алмай да қойған көрінеді. Ал қазір керісінше қазақ тілін түсінбейтінін айтып жүр. Ана тілін үйренуге құлқы да жоқ сияқты көрінеді. «Бір кем дүние» деген осы болар.

Ирина Страхова алғашында қырсыққанымен, үшінші рет барғанда өз тобына қабылдаған. Сөйтіп, Тұрсынбаеваның мәнерлеп сырғанаудағы өмірі басталды. Одан кейін Сочи олимпиадасының чемпионы Аделина Сотникованың жаттықтырушысы Елена Водорезовадан, ал 2012-2013 жылдары тағы бір ресейлік Этери Тутберидзеден, 2013-2018 жылы әлемге танымал канадалық бапкер Брайан Орсерден тәлім алды. Былтыр қайтадан Тутберидзеге оралды.

Тұрсынбаевтар отбасында Элизабеттен бұрын, ағасы Тимур мәнерлеп сырғанаумен айналысқан. Ол Қазақстан чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткен. Мәскеудегі бірнеше турнирде топ жарғаны бар. Бірақ Францияда өткен кезекті бір жарыстан кейін денсаулығы сыр беріп, спортпен қоштасуға мәжбүр болған. Әйтпесе, ата-анасы Элизабеттен бұрын Тимур қатты үміт артқан екен.

Элизабеттің қай елдің атынан өнер көрсететіні біраз уақытқа дейін күрделі мәселе болған. Алғашында Ресейдің атынан жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып жүрген. Кейіннен ол спорттық азаматтығын ауыстырып, Қазақстанның намысын қорғауды шешті. Оған әкесінің жұмысының Қазақстанға ауысуы да себеп болды. Сондай-ақ елдегі басшылардың қолдауы да өз септігін тигізді. Әсіресе, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жеке өзі қадағалауына алып, спортшыға барлық қолдауды көрсетіп отыр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №14
2 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз