Үйде əкем Дінмұхамед Қонаев жайлы жиі айтады. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болғанда, əкем жас жігіт еді. Оларды сыртқа шығармай, біраз дүрліктіріпті. Сол сəтте бəрі Димаш атаның өз орнында қалуын тіледі ғой. Бала кезімнен құлаққа аты жатталып қалғаннан шығар, Алматыға оқуға түскен соң, Қонаев музейін қатты көргім келді. Басшылықтан кеткенде төрт бөлмелі пəтерінен басқа дүниесі болмаған аңыз адамның музейіне бардым. Бірақ үйін көре алмадым. Содан екінші қайтара тағы барып, пəтер емес, музей ішіндегі музейге келгендей болдым.

Музей Алматының ең əдемі көшесі – М.Төлебаев көшесінде орналасқан. Бұл көшеде бұрын қазақ элитасы тұрған. Димаш ата жұмысқа бір сағат жаяу барған. Жолда кездескен бала, оқушы немесе қарт адам болсын, бəрімен сөйлесіп, жағдай сұрасқан. Сондай бір күнде жұмысқа беттеп бара жатқан Дінмұхамедтің алдынан басы салбыраған бозбала шығады. Амандық-саулықтан соң, Димаш ата жігіттің жағдайын сұрайды. Ауылдан оқуға түсуге келген бозбала бір балл жетпей, емтиханнан құлап қалыпты. Оқуға түсе алмаған соң, жатақхананы босатуға мəжбүр. Жүгін буып-түйген қалыпта ауылға баруға ұяты жібермей, еңсесі түскен жігіттің алдынан Қонаев шығады. Бірақ, ол сол сəтте кіммен сөйлесіп тұрғанын білмепті. Қонаев іс насырға шаппай тұрғанда, жігітті жатақханадағы бөлмесіне қайта орналастырған. Бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы оқуға түскен жігіт кейіннен беделді қызметкерге айналады. Осы оқиғаны кейіпкеріміз музейге бір келгенде жылап тұрып əңгімелеп беріпті. Парасаттылық деген осы шығар. Сол көшенің бойында тұрған, Димаш атаның көзін көрген қарттар жүректері елжірей отырып бірегей тұлғаның жасаған жақсылығын ауыздан тастамайды. Қазір музей болып тұрған пəтерде белгілі композитор Латиф Хамиди тұрған.

Димаш атаның әулетінен үш академик шыққан

Димаш атаның əулеті өте текті. Бұл отбасынан үш академик шыққан. Олар – Дінмұхамед, інісі Асқар Қонаев жəне əпкесі Əминаның баласы Едіге Түркебаев. Түрлі саланы меңгерген 15-ке жуық ғылым кандидаты тағы бар. Ал əкесі Меңліахметтің арнайы білімі болмаған. Жас кезінде медреседе оқып, араб-парсы тілдерін жетік меңгерген. Кейін өз бетімен қазақ, орыс тілдерінде сауатты жазуды үйренген. Димаш атаның əкесі Ахметтің есімін Жұмабай ақсақал қойған. Кей деректерде Ахмет, енді бірінде Меңліахмет аталуының өзіндік сыры бар. Азан шақырып қойған аты – Ахмет. Туыстарының айтуынша, бірде Ахмет ақсақал қатты ауырып, өлімнен аман қалған екен. Ондай жағдайда қазақтың ырымы бойынша аты ауыстырылуы тиіс. Солай бетіндегі меңін ескеріп, ел ішінде Меңліахмет аталып кетіпті. Өзі шаруаға мығым, тіпті аяқ киім тігумен де айналысқан. Дінмұхамед деп те қажылыққа екі рет жаяу барып қайтқан атасы Жұмабай қойған. Ол кісі немересі дүниеге келер алдында түсінде мылтық көріп, жақсылыққа жорыған. Атасының жұбайы татар болған. Бірақ, Дінмұхамед таза қазақ. Ұлы жүздің ішіндегі Ыстының ұрпағы. Немересі туған соң арада үш ай өткенде тоқсанды еңсерген қария қайтыс болады. Əкесі Ахмет те тоқсанды бағындырып дүниеден өтсе, Димаш атаның дəм-тұзы 81 жасында таусылған.

«Риддерге менімен бірге барасың ба?»

Дінмұхамед Ахметұлы Алматы қаласындағы №19, №14 мектептерде білім алған. Қалада қазақ мектебі болмағандықтан, Димаш ата орыс сыныбында оқыған. Мектеп бітірген соң бір жыл жұмыс істеп, 1931 жылы жолдамамен Мəскеу қаласындағы Алтын жəне Түсті металдар институтына оқуға жібереді. Студент кезінде шəкіртақысына кітап сатып алатын болған. Музей мен театрға жиі барған. Киім алуға да ақшасын жеткізген. 1936 жылы тау-кен мамандығы бойынша бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Балхаш қаласындағы мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бұрғылау станогының машинисі ретінде бастаған. Сол рудниктің директорлығына дейін көтерілген. Зухра Шəріпқызымен 1938 жылы танысады. Театрда екеуі бармаған қойылым қалмаған деседі. 1939 жылы Димаш ата Зухра апамызға: «Менімен бірге Риддерге барасың ба?» – депті. Үйленуге жасаған ұсынысы бұл. Маған бұл ерекше романтика болып көрінді.
Сол жылдан соғыс басталғанға дейін Риддер қаласында кен басқармасының басшысы болып қызмет атқарады. Екеуі үйленген сəттен бастап жұбайы алған азық-түліктің түбіртектерін сақтап отырған. Бұл адалдығы Димаш атаны талай жабылған жаладан аман алып қалды. Мысалы, Желтоқсан көтерілісі кезінде пара алды деген жаламен тергеу басталады. Сол сəтте Зухра Шəріпқызы түбіртектерді көрсетіп, біреудің ала жібін аттамағанын дəлелдейді. Сөйтіп тергеушілер айыптауға негіз таппай, құралақан қайтыпты.

Айтпақшы, Қонаев жұбайымен өмір сүрген əр күнін санап, күнделікке жазып отырған. Екеуі 50 жыл, 6 ай, 2 күн өмір сүрген. Балалары болмаса да, нағыз махаббат, шынайы сүю деген осы. Жұбайы қайтыс болған соң, Димаш ата үйіне жақын жердегі ағаш дүкенінен басы жылан іспеттес таяқ сатып алып, «Д+З» деп жаздырған. Танысқан күні мен Зухра апаның қайтыс болған күнін де қосқан.

1972 жылы алған алғашқы марапатын ғана Қонаев өзінікі екенін мойындайды. Қалғаны тек халықтың еңбегі деп айтады. Димаш атаның тұсында 44 қала салынған. Алматы қаласындағы мəдени ошақтар бой көтерген. Əліппеден көріп өскен «Қазақстан» қонақүйін салуға Димаш атамыз атсалысқан. Алматы тау бөктерінде орналасқандықтан, жер сілкінісі жиі болады. Сондықтан биік ғимараттар салынбаған. Ол кезде «Қазақстан» қонақүйі ең биік ғимарат саналған. Қауіпсіздік үшін қонақүйдің іргетасы жерге көміліп қаланған. Тау бөктерінде орналасқан қалаға көктемде сел қаупі жоғары. Сол үшін Димаш атамыз Медеу жақта арнайы бұғаз салдырған. Сел жақындап, қалаға басып кірерде бұғаз қаланы аман алып қалады. Жан-жақтағы халықтың жайын өзі барып біліп отырған. Зауыт не егістік алқабында танысқан жұмысшының атын жаттап алатын. Екінші келгенде ұжым мүшелерінің есімдері мен жұмыстарын жатқа білген. Айтпақшы, Қонаев отырған жұмыс үстеліндегі орындықтардың бəрі бірдей. Қазіргі бастықтардай жұмсақ əрі жайлы креслоны байқамайсыз. Өйткені Димаш ата өзін халықтан биік болғым келмейді деп баршамен бірдей ағаш орындықта отырған. Сол себептен музей қызметкерлері Қонаевтың қай орындықта отырғанын дөп басып айта алмайды. Сонымен қатар Димаш ата денелі, бойшаң болған. Бойы 1,98 болған екен.

Пәтерді інісі Асқардың баласы Диар сақтаған

Жары қайтқан соң, Қонаевтың қолына туған інісі Асқардың Диар есімді ұлы көшіп келеді. 20 жыл бойы пəтерді сол қалпында сақтаған. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында пəтерді музейге тапсырған. Еденге төселген кілемдерге дейін өзгермеген. Үйге кіргенде ең алғаш аралаған бөлмеміз – Қонаевтың жұмыс кабинеті. Табалдырықтан аттағаннан кітаптарды көріп, аузым ашылды. Димаш атаның жеке кітапханасында 5 мыңға жуық кітап қоры бар. Студент кезінде оқыған техникалық кітаптары да сақталған. Димаш ата қару-жарақ пен оттық жинаған. 467 оттығы бар. Жұмыс үстелінде «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының қолжазбасы сақталған. Жұмыс үстелінің төбесінде Зухра Шəріпқызының жас кезіндегі портреті ілініп тұр. «Не деген махаббат, əйел затын қалай қатты сыйлаған!» деп тамсанбасыңа қоймайды. Кез келген мықты азаматтың артында кемеңгер əйелі тұр. Оны ескеріп, сыйлай білген ер адамның тұғыры да биік. Аңыз адамның жұбайы қандай болды деген қызығушылықпен ас бөлмесіне беттедім. Мұнда Жапониядан келген екі тоңазытқыш бар.

Үйлерінен қонақ үзілмеген. Зухра апай ылғи тəтті тоқаш пен торт пісіріп қояды екен. Ал Димаш ата жұбайының палауын қатты жақсы көрген. Пəтердегі экспонаттардың 90%-ы сыйға берілген. Бастапқыда қай сыйлық қандай елден келгенін жаза бастап едім, соңында санынан жаңылыстым. Жатын бөлмесіндегі Димаш атаның кебісіне көзім түсті. Қазақша оюмен өрнектелген кебістен ұлтын қалай жақсы көргенін байқауға болады. Димаш ата домбыраның құлағында ойнаған. Айтпақшы, пəтерін тек сəрсенбі мен сенбіде көре аласыз. Музей бес күн жұмыс істейді.

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз