Қолданбалы өнер халық шығар-машылығымен тығыз байланысты. Бұл өнер өзінің табиғаты жағынан архитектурамен, бутафориямен де етене жақын. Сондықтан бұл өнер халық мұрасын зерделеп, оқып үйренуге қажетті материал ретінде қоғам талабына сай жол ашады. Халықтың қолданбалы өнерінен үйренеріміз көп. Ол әмбебап, өзіндік ерекше қасиетке ие.

Заманында әрбір қазақ қызы, әйелі өзінің үйін, яғни киіз үйді безендіре білген. Олардың шебер де қамқор қолынан киіз басу, кілем тоқу, құрақ көрпе, қоржын мен ыдыс-аяқ қаптары секілді тағы басқа тұрмыстық қажетті бұйымдар шықты. Ал қазақ халқының әрбір азаматы өзіне қажетті қамшысын, ер тұрманы мен атқа салар тұсауын жасай алды. Қазақтың ерінің де, әйелінің де бойындағы бұл қасиеттер тек қана тұрмыстық қажеттілікті қанағаттандырып қана қоймайды. Оның сұлулығы мен эстетикасы тағы бар.

Жалпы сәндік қолданбалы өнер тек қана практикалық жағынан емес, эстетикалық мәні жағынан да маңызды. Біз бұған қарап, қазақтың өнері тұрмысымен астасып жатқа-нын анық байқаймыз. Сәндік-қол-данбалы өнер бұйымдары негізінен ұлттық нақыштармен көзге түседі. Бұл әрбір ұлттық ерекшелігін көр-сетсе керек.

Бүгінгі кәсіби суретшілердің пікірінше, біз қолданылып жүрген әрбір оюдың өзіндік мағынасы бар. Біз оны біршама уақыт ұмыт қалдырдық. Яғни белгілі бір деңгейде тамырымыздан, ұлттық кодымыздан ажырап қалған жайымыз бар. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп, оны дамытудың даңғыл жолдарын көрсетті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалы-мақаласында Елбасы: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғы-рудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – десе, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағи-даты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғында-рының озық мәдениеті болды», –
деп алғашқы ойын ұлттық мәде-ниетпен, өркениетпен тереңдете түседі.

Шынында да, қазақтың ерте дәуірдегі бейнелеу, сән, мүсін және қолданбалы өнері өзінше ерекше, оқшау сипатта дамыған. Осы өркениетіміз бен мәдениетімізді ұрпаққа ұғындыратын жалғыз жер бар. Ол – мектеп. Оны түсіндіре алатын жалғыз жан бар. Ол – мұғалім. Ал қолданбалы өнер турасына келгенде, бұл өнердің қыр-сыры мен ішкі мәнін түсіндірер ұстаз – еңбек пәнінің мұғалімі болып отыр. Яғни Елбасымыз мектеп қабырғасындағы елеусіз деп есептелетін пәннің өзінің мұға-ліміне үлкен жүк артқан. Ал оны мұғалімдер қауымы мойнымен көтеріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, адал атқаруы тиіс.

Осы орайда, әрбір мектеп, ауыл, аудан мұғалімдері өзіндік ізденістер мен тәжірибелерге барып, оқушыларда мынандай қасиеттерді қалыптастыруға күш сала бастады:
1. Оқушыларды ұлттық мәде-ниетінің тарихына үңілту;
2. Ата-баба өнерін дұрыс меңгеру үшін оның этнографиялық ерекшелігін ұғынуға ынталандыру;
3. Бүгінде әлемдік қолөнер саласында қалып-тасқан терминдерден аулақ кетіп, қолданбалы өнердің қазақ тіліндегі өзіндік тер-миндерімен сөйлеуге баулу;
4. Халық шеберлерінің жасаған бұйымдары арқылы ата-баба өнерінің ерекшелігін танытып, ұлттық өнерге деген ішкі құрметін арттыру;
5. Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарында қолданылған стильдер мен нақыштар арқылы оқу-шыларды ұлт танымына тереңдету.

Қазақтың, тіпті басқа да халықтардың сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарында бірізділік болмайды. Олардың жасалу нақыштары өңірлерге, сол өңірлердің шаруашылығы мен табиғатына қарай әртүрлі келеді. Мысалы қазақ даласының отырықшылыққа бейім оңтүстігі мен бірыңғай көшпенді тіршілік кешкен орталық, шығыс өңірлерінің бұйымдарында біршама айырмашылықтар бар. Бірақ бүкіл қазақ даласының әрбір өңірінде өзгеріссіз, біркелкі технологиямен жасалатын бұйымы болса, ол – ши тоқу өнері болса керек. Бұл өнер тоқымашылық кәсіптегі кілем, алаша тоқу тәрізді ерте кезден келе жатқан дәстүрлі өнердің бірі.

Ши – биіктігі бір жарым-екі құлаш, сабағы жіңішке келген, қияғы бар, қамыс тектес өсімдік. Жылдың маусым-шілде айларында гүлдейді. Қазақ табиғатына тән, бұл өсімдікпен де байланысты жер атаулары кездеседі. Мысалы, шидің түп-түп болып тығыз өскен жерлері – «шиен», кейбір кездері «шилі» деп аталады. Елімізде «Шилі» деп аталатын елдімекендер де жетерлік. Сондай-ақ, шиі көп өсетін өзен бойындағы жерлер «шилі өзен» деп аталған. «Шилі өзен қамыс-ай, Бізді ойлай жүр, таныс-ай», – деген мұңға толы халық әні де осындай өзені шиге тұнған өзен жағасында шырқалса керек.

Ши өсімдігі қазақтың тұрмысы-мен бұйым болудан басқа қырымен де біте қайнасып жатыр. Мысалы, шиі аралас бозотты шилеуіт жерлер қыста малға жақсы жайылым саналған. Құмдауыт, шөлейіт өңірлердің тұрғындары ерте кездері, ши жерасты суларына жақын жерлерде өсетіндіктен, құдықты сол маңнан қазған.

Қазақ қолданбалы өнерінде көп қолданылатын бұл өсімдіктен тоқылған дәстүрлі бұйым да «ши» деп аталады. «Ши» көшпенді қазақ тіршілігіндегі негізгі қолданыстағы бұйымның бірі. Биіктігін киіз үй биіктігімен бірдей етіп тоқып, керегені айналдыра тұтатын шидің түрі «қанат ши» деп аталған. Керегенің санымен киіз үйдің қанша қанат екені анықталатынын білетін әрбір адам бұл ши түрінің атауын бірден түсінсе керек. «Қанат ши» кейбір өңірлерде «кереге ши» деп те аталады. Қанат ши немесе кереге ши сырт көрінісіне қарай «ақ ши», «шым ши», «ораулы ши» деп үшке бөлінеді.

Киіз үйдің бір босағасынан екінші босағасына дейін керегені шимен айналдыруды «ши тұту» немесе «ши ұстау» дейді. Сонымен бірге, іргеден жел соқпауы үшін кереге сыртынан тұтылатын көлемі шағын шиді «ірге ши» деп атайды.

Әркімнің көрпесіне қарай көсілетіні секілді, шиді де әркім әртүрлі тоқытқан. Мысалы, заманында дәулетті адамдар шеберлерге тапсырыс беріп, арнайы жез оратып та тоқытқаны туралы деректер бар. Шиден дайындалған бұйымдар көшпелі өмір салтына өте ыңғайлы, тасы-малдауға қолайлы болды.

Күнделікті шаруашылықта көлемі шағын, арасы селдір тоқылған «шыпта шиді» қазақ ошақтағы қазанның бетін жабуға, ондағы тағамға жел өтіп, таза тұруы үшін пайдаланған. Сонымен бірге шиді құрт-ірімшікті кептіру үшін өреге де қояды. Ол «өре ши» немес «құрт ши» деп те аталады. Кей өңірлерде кесе салатын кесеқапты да шиден жасаған.

Сонымен қатар, ши киіз басу кезінде оған жүн шабақтауға, жүн түтуге, тары сүзуге, сойған мал етінің астына салуға, үйдің төбесін жабуға, үйдегі сырмақ, киіз сияқты төсеніштердің ылғал тартып кетпеуі үшін, әрі қысты күні еденнен суық өтпес үшін астына төсеуге, тіпті үйге көгенделген төл, әсіресе ботаны қалқалап қою сияқты күнделікті шаруашылықтағы жұмыстарға кеңінен пайдаланылады. Алабота өсімдігінен сақар қайнату үшін көлемі шағын арнайы «сақар ши» де тоқыған. Шиден мал тұруға қолайлы ашық қора да салынады. Үй, аула тазалайтын сыпыртқы да әзірленеді. Тіпті жаугершілік заманда қазақ батырларының кейбір садақ жебесін салатын қорамсағы да шиден тоқылған. Ши жасау технологиялары ши тарту, ши аршу, ши орау, ши тоқу деп аталатын үрдістерден тұрады.

Шиді пісіп-жетілген кезде жинай бастайды. Ол үшін шиді мал аяғы баспаған, бойы биік, түп-түп болып тығыз өскен жерлерден таңдап алады. Өсіп тұрған шиді таңертеңгі немесе кешкі уақытта, сондай-ақ жаңбырдан кейінгі шық кезінде тартса, оның түбі жібіп, суырылғыш келеді. Бір ерекшелігі, суырылған ши тамырымен жұлынбайды. Көп күшті қажет ететіндіктен дайындау жұмыстарына әйелдермен бірге ерлер де қатысқан. Олар қолда-рына жеңсе киіп, шиді білекке орап, мықынға немесе иығына салып үзіп жинаған. Бұл әдісті «ши тарту» деп атайды.

Түбімен қопарылып алынған шиді түйеге, жылқыға немесе өгізге артып ауылға жеткізген. Әкелген шидің бәрі бірдей тоқуға жарай бермейтіндіктен ішінен жуан-жіңішкелігіне қарай іріктеліп алынады да, сыртқы қабығының түпкі бөлігі жоғары бөлігінің ең беткі қабатында болғандықтан, оны түп жағынан жоғары қарай бойлай мұқият аршиды. Аршылғанын көлеңке жерге қойып әбден кептіреді. Кепкен соң да бойын тұтастай бір тазалап шығады. Өн бойы тұтастай емес, жүнді әр жерінен аралатып ораған шиді «орама ши» немесе «ораулы ши» дейді. Оны үйдің сол жақ босағасындағы ас-су тұрған тұсты оңашалап қоршауға пайдаланған. Күннің суық кезінде жүнмен оралған ши үй ішіндегі жылуды сақтауға септігін тигізеді. Ораулы шиді тоқитын кезде, алдымен ақ, сары, қызыл, жасыл болып боялған жүнді түтіп, жіңішкелеп тарқатып созады да, шидің әрбір талын түрлі-түсті жүнмен алдын ала сызылып, белгіленген өрнекке көбіне табақ ою, қошқармүйіз, қарғатұяқ, құманбау, сыңармүйіз, тұмарша, итқұйрық, иттабан сияқты өрнектерге сай түсуін қадағалап, кезекпен орап шығады. Ши ораудың екі түрлі әдісі бар. Біріншісі – тоқулы тұрған шидің өрнегіне сала отырып орау, келесісі – жаңа өрнек үлгісімен орау. Қайсысымен тоқыса да ши шебердің талғампаздығына, ой ұшқырлығына, тәжірибелігіне байланысты шығады. Мұндай көркем тоқылған шилер үйдің сәнді жиһаздарының бірі саналған.

Шеберлер шиді қарапайым құрылғымен тоқыған. Оны жергілікті жерлерде «түйебел», «ши құрғыш» деп те атаған. Құрылғыны бастырма астына немесе шаруашылық заттар қоюға арналған қосалқы киіз үй, сондай-ақ қыстық үй ішіне де құрған. Ши тоқитын құрылғы жасау үшін, биіктігі 1 метр шамасындағы аша басты екі ағашты тоқылатын шидің көлеміне қарай 1-1,5 құлаш аралығында жерге қағады. Екі ашаға көлбеулете жуандығы үш елідей болатын жұмыр сырық салынады. Сырықты халық тілінде белағаш, арқалық деп те атайды. Сырықтың өн бойының әр тұсынан тоқылатын жіп ары-бері сырғымай, бір ізбен жүгіріп отыру үшін кертіп шығады. Бұдан соң шиді тоқитын иірілген жіпті қос қабаттап ширатып, оны салмақты қылу үшін тас сияқты бірнеше затқа домалақтап төккен. Тасқа домалақталған жіпті «салма» деп те атайды. Осы салманы ары-бері алма-кезек шалу үшін айқастыру арқылы, сырыққа арасын бір қарыстай етіп тең орта тұсынан көлденеңінен іледі. Осы сырықты бойлай ілінген жіптің ортасына әкеліп бірінші шиді салып, жіптерді алма-кезек ары-бері айқастырып түсіреді. Бұл ши осы желіспен бастан-аяқ тоқылғаннан соң келесісі салынады. Тоқылған шидің бас-аяғы бірдей тең түсіп әрі жылжып кетпес үшін орайтын шидің қарақұс (түп) жағы мен бас (шашақ) жағы алма-кезектесіп салынады. Шидің шеттері сөгілмес үшін, екі шетіне қатарынан төрт шиді қабаттап, иірілген жүн жіппен айқастыра байланыстырған жерді «алақаны», ал үш шимен қабатталғанын «шыбын қанат» десе, оның екі шетіндегі байланған жіпті шибау дейді. Дайын болған шидің бас-аяғын біркелкі етіп тегістеп қырқып шығады.

Сонымен қатар, ши атауына байланысты халық тілінің паре-миологиялық қорында «Шыққан қыз шиден тысқары», «Әйелің жақсы болса, ат үстінен дабыр ет, жаман болса, ши түбінен сыбыр ет» деген мақал-мәтелдер де бар.

Жалпы қазақ қолөнеріндегі «ши» туралы қысқаша білім мен білік – осындай. Мектеп қабырғасында оқушыларға ши тоқытып, оған жүннен керемет ою-өрнектер салудың не қажеті бар деп ойлайтын боларсыз. Әрине, бүгінде күнделікті тірлікте шидің қолданылатын жері аз, тіпті жоқ десек те болады. Дегенмен, ши тоқудың қаншалықты майда жұмыс екенін ұмытып отырсыз. Ал мектеп жасындағы балалар, оқушылар көбіне ұшқалақ, мінезі жеңіл келеді. Майда жұмыс саналатын ши тоқу, оған ою-өрнек салдыру бала бойындағы жеңілтектік пен ұшқалақтықты жеңуге көмектеседі. Оларға салынатын өрнектердің бояуы арқылы бала көзі сұлулыққа тәрбиеленеді. Жанарында түске деген талғампаздық пайда бол-ғанда, оқушы кәсіби сурет өнерін жете түсіне алады. Нағыз суретші заттың кескінін айнытпай салған суретші емес, бояу сырын ұғына алған суретші ғана нағыз суретші бола алады.

Суретші демекші, бүгінгі таңда сурет өнерінің қаншалықты дамып, әртүрлі салалары пайда болып жатқаны баршаға белгілі. Мысалы қазір суретті кенепке немесе қағазға салу маңызды емес. Целлофанға, қабырғаларға, киізге, тіпті тасқа салынып жатқан суреттер аз емес. Яғни өнерге шектеу жоқ. Осыдан шығар идея бар, неге сурет өнерінде кенеп орнына шиді пайдаланатын жанр қалыптастырмасқа? Бұл әлем өркениетіндегі мәңгілік пен ескіліктің ұштасқан тұсы болар еді.

Жоғарыда шидің практикалық мәнінің төмендегені турасында сөз еттік. Сонымен бірге, оның ерте кездерде суық өткізбес үшін киіз үй табанына төселетіні де айтылды. Ал біз бүгінгі күні еден астына суық өткізбейді деп ауа өткізбейтін бейорганикалық зат «фольганы» төсейміз. Біздіңше, ертеде еденсіз киіз үйдің табанына төселген ши, бүгінгі үйлердің табанына да төсеуге әбден жарайды.

Өзгенің қаңсығын таңсық көрген қанша жылдық өміріміз де жетер, ендігі кезекте оның барлығының да өзімізде бар екенін оқушыларға ұғындыру да мектеп пен мұғалімнің алдындағы бір міндет.

Қорыта келгенде, Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар. Солар-дың барлығының басын бір жерге біріктіріп, ұлтаралық ынты-мақтастықты берік ететін бірінші кезекте қазақ халқы, қазақ тілі, қазақ дәстүрі мен қазақ өнері болуы керек. Біздің тіліміз де, дәстүріміз де, өнеріміз де ертедегі қазақтың шапанындай кең қолтық тігілген дүние емес пе? Елімізді шаңырақ десек, халқымыздың дархандығын 12 қанатты киіз үй – Ақ орда дерсің. Ал Ақ орданың 12 керегесіне 12 қанат ши ұста-тылған. Осы шаңырақ пен ши ішіндегі ұлттың барлығы дерлік бір-бірімен тату-тәтті, бір-бірінің дәстүрін сыйлап, қазақ танымын ортақ құндылық етіп дамыса игі. Өйтпеген жағдайда «шыққан қыз» шиден тысқары болары анық…

Ахан РЫСҚҰЛБЕКОВ, М.Әуезов атындағы жалпы
орта мектептің мұғалімі.
Түркістан облысы,
Созақ ауданы,
Қызылкөл ауылы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз