Әуесқой бокс күннен-күнге беделінен айырылып бара жатқандай. Әсіресе, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына Өзбекстан азаматы Ғафур Рахымов тағайындалғаннан кейін жағдай тіптен ушығып кетті.

Қазақ пен өзбек боксшыларының қарым-қабілеті, беделі әуесқой бокста жоғары деңгейде. Сондықтан екі елдің бір-біріне бәсекелес болатыны түсінікті. Халықаралық ұйымға өзбек азаматының басшылық етуі жерлестерімізге оңайға тиіп жатқан жоқ. Соңғы кездері отандастарымыз әртүрлі турнирлердің финалында жиі жеңіліп жүр.

Есесіне, кәсіпқой боксқа ауысып жатқан қазақ боксшылары өте көп. 90-жылдары Олег Маскаев, Василий Жиров секілді бірен-сараң боксшыларымыз ғана мұхит асып, кәсіпқой бокстың дәмін сезген еді. Кейіннен Геннадий Головкиннің соңынан бірнеше жерлесіміз осы жолды таңдады. Тіпті 20 жасқа толмай кетіп жатқандары бар. Оның жарқын мысалы ретінде Садриддин Ахмедов деп айтуға болады.

Кәсіпқой боксшылардың рейтингін түзіп отыратын BoxRec дейтін сайт бар. Сонда 75 қазақстандық боксшының есімі тіркелген.

Аталған портал барлық салмақ бойынша үздік қазақстандық боксшылардың тізімін жасаған. Рейтингтің көшін Геннадий Головкин бастап тұр. Одан кейінгі орында жақында ғана кәсіпқой рингтегі 15-ші жеңісіне қол жеткізген Батыр Жүкембаев болса, үздік үштікте Әли Ахмедов бар.

Алғашқы ондық мынандай:

1. Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) – 264
2. Батыр Жүкембаев (15-0,12 КО) – 54
3. Әли Ахмедов (13-0, 10 КО) – 41
4. Мейірім Нұрсұлтанов (10-0, 8 КО) – 40
5. Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) – 32
6. Садриддин Ахмедов (7-0, 7 КО) – 29
7. Нұрзат Сабыров (9-0, 8 КО) – 28
8. Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) – 28
9. Абылайхан Құсайынов (9-0, 6 КО) – 26
10. Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4КО) – 26.

Осы ретте шетелде жүрген қазақ боксшыларының соңғы кездегі жаңалықтарына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Данияр Елеусінов алтыншы жеңісіне қол жеткізді

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өзінің кәсіпқой бокстағы алтыншы жеңісіне қол жеткізді.

Отандасымыз Филадельфияда өткен жекпе-жегінде Мексика боксшысы Сильверио Ортисті ұтты. Кездесу 8 раундқа жоспарланған. Ешқандай нокаут тіркелген жоқ. Екеуі соңына дейін жұдырықтасып шықты. Дегенмен, Данияр қарсыласынан оқ бойы озық тұрды. Сондықтан төрешілер бір ауыздан жеңіске Елеусінов лайықты деп шешті. Төрешілердің қойған ұпайы – 79:70, 79:71 және 79:71.

Осылайша, Данияр кәсіби рингтегі алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Оның ішінде үшеуін нокаутпен аяқтаған. Ортис болса кәсіби мансабында  24-рет ұтылып отыр.

Жүкембаев жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді

Батыр Жүкембаев Даниярға қарағанда әуесқой бокста ешқандай зор табысқа қол жеткізбеген. Дегенмен Шу қаласы тумасының кәсіпқой бокстағы карьерасы сәтті жалғасып келеді.

Ол бүгінде Канаданың Монреаль қаласында тұрады. 27 жастағы қазақ боксшысы Канадаға емес, бүкіл әлемге кеңінен танылып келе жатқан «Eye of the Tiger Manegement» промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан. Бұл компанияға Камиль Стефан есімді азамат басшылық етеді. Бір айта кетерлігі, аталған промоутерлік компания әлемге танымал Golden Boy Promotionsпен бірлесе жұмыс істейді. Ал менеджері – Анна Рева.

Батыр Канадада жалғыз емес, оның қасында Абылайхан Құсайынов пен Нұрзат Сабыров бар. Осы үш боксшыға да Анна Рева менеджерлік етеді.

Анна – Қазақстанда дүниеге келген. Боксты жақсы көргендіктен, әртүрлі жекпе-жек кештеріне барып жүріп, промоутерлермен танысқан. Кейінннен достары ресейлік танымал боксшы Артур Бетербиевке көмектесуін өтінген. Оның кәсіпқой бокстағы менеджерлік карьерасы осылай басталады. Қазіргі кезде өзі дүниеге келген Қазақстанның боксшыларын жарыққа шығаруға ықпал етіп жүр.

Өткен аптада Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде Батыр Жүкембаев (15-0, 12КО) пен Нұрзат Сабыров (9-0, 8 КО) екеуі де жеңіске жетті.

Батыр мексикалық Хильберто Месаның осал тұсын тапты. Бірінші жартылай орта салмақта өткен кездесу 10 раундқа созылды. Жекпе-жек соңында төреші қазақ боксшысының қолын көтерді.

Ал Нұрзат  аргентиналық Сесар Эрнан Рейносоны (15-11-4, 7 КО) жетінші раундта нокаутпен жеңді.

Біз Батырмен төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Арамызда ешқандай проблема жоқ. Ол ірі жекпе-жектер өткізуге дайын екенін айтып жүр. Осы сәтті күттік. Біраз уақыт жеке мәселелерімен Қазақстанда жүрді. Енді қайтып, ортамызға оралғанымызға қуаныштымын. АҚШ нарығына шығуды көздеп отырмыз. Жақында Америкада кездесулер өткізеді. Жанкүйерлерін қуантады деп ойлаймын. Ақпарат құралдарында жазып жүргендей, арамызда ешқандай кикілжің болған жоқ. Біз оны жақсы көреміз. Қалғаны, өзгелердің интрига жасауы ғана», – дейді Анна Рева.

 

Әли мен Мейрім рингке шығады

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас боксшылар Мейрім Нұрсұлтанов пен Әли Ахмедов 24 наурыз күні кезекті жекпе-жектерін өткізеді.

Әли АҚШ-тың Голивудында өтетін «Hollywood Fight Nights» бокс кешіне қатысады. Бокс кешін Том Леффлердің 360 Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр. Осы додада ол 37 жастағы жергілікті боксшы Майк Гаймен жұдырықтасады. Америка боксшысының кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жыл. Сол аралықта ол 13 кездесу өткізіп, 9 рет жеңіске жетті. 5 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 3 рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді.

Ал Мейрімнің қарсыласы – пуэрторикалық Луис Эрнандес (16-7, 9 КО). Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланып отыр.

Нұрсұлтанов бұған дейін кәсіпқой бокста 10 кездесу өткізіп, 8 кездесуде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Соңғы рет 11 қаңтарда мексикалық Рамон Агинаганы  (13-1-0) 2 раундта нокаутқа түсірген болатын.

Головкин DAZN-мен келісімшарт жасасты

Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин  бокс жекпе-жектерінен трансляция тарататын DAZN стриминг сервисімен келісімшартқа қол қойды.

Головкин бұған дейін НВО телеарнасымен жұмыс істеп келді. Бірақ 2018 жылдың соңында кабельдік тележүйе енді боксты көрсетпейтінін және 2019 жылдан бастап бокс жекпе-жектерінен трансляция ұйымдастырмайтынын хабарлады. Сондықтан отандасымызға басқа телеарна іздеуге тура келді.

Головкиннің негізгі таңдауы үш телеарнаға түскен – АҚШ аумағында Эдди Хирн басқарған DAZN, Эл Хэймон басқарған Boxing Champions және Боб Арум жетекшілік еткен ESPN еді.

Шетелдік ақпарат көздеріне сүйенсек, PBC жобасының экс-чемпионға ұсынған талаптары қаржылай жағынан ұтымды болғанымен бұл келісім Головкин-Альварес арасындағы үшінші жекпе-жектің өту ықтималдығын азайтатын еді. Ал мексикалық Сауль Альварес DAZN-мен жұмыс істейді.

Енді келісімшартқа сай, DAZN 2021 жылға дейін Головкиннің кездесулерін көрсетеді.

Жаңа келісімшарт бойынша Геннадий Головкин жылына екі жекпе-жек өткізетін болады. Әр айқасы үшін GGG қомақты қаржы алады. Кем дегенде жылына 10 миллион доллар табыс табады.

Өткен жылдың желтоқсан айында орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль Альварес DAZN компаниясымен 365 миллион долларға келісішартқа отырған болатын. «Канело» 5 жыл ішінде 11 жекпе-жек өткізуге міндеттелген.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз