– Нарқыз, сен қай жерденсің?
– Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы.
– Оралдың өзінен бе?
– Жоқ, Бөкей Ордасы ауданы, Саралжын ауылы.
– Сол ауылдың өзінен, иə?
– Жоқ. Ауылға бір сағат жерде «Көкмола» деген атақоныс бар. Жалғыз үй. Бұрын ата-əжем 13 жыл тұрды. Кейіннен əкем үйленіп, шаңырақтың иесі
атанғанына биыл 24 жыл. Мал шаруашылығымен айналысады.
– Сен жердің түбінен келген екенсің ғой, – деп күледі достарым.

Иə, жердің түбі. Пойызбен Алматыдан Оралға үш күн жүресіз. Бір группаласым: «Үшінші күні қайда бара жатқаныңды ұмытып қалатын шығарсың», – деп күлетін. Дəл солай. Қаладан ауылға жеңіл көлікпен 4 сағат, қоғамдық көлікпен 6-7 сағат. Шалғайда жатқан шағын ауыл. Ал ауыл мен қырдың арасы – 37 шақырым. Ауылдың арғы жағындағы қырда өскен қыр қызымын. Əкеме көмектесіп, қой айдап, бұзау суарып, мал қарап жүргенімде біраз дүние кеудемде сайрап жататын. Бүгінде Алматыда оқып жатырмын. Алатаудың бөктеріндегі жастар қаласына алып келген де бала шақтан болашаққа бастау алған арманым еді. Сол бір қырдағы қызықтар балалық шақтың бақытты, алаңсыз сəттері бүгінгідей көз алдымда. Бердібекше айтқанда, «үзік-үзік суреттер» сериясынан сіздерге əңгімелеп берейін…

Қызыл қошқар

Жаз мезгілі. Күн ақырындап ұясына еніп барады. Шегірткенің шырылы, жусан иісі, қошақандарын іздеп маңыраған қой үні кешкі көріністі одан əрі қыздыра түскендей.

Қырда қой арасында бір қызыл қошқар болатын. Ол қошқар тек папаның айғайы мен көмекші ағадан қорқады. Отарда жүрген қойдың бəрін сүзіп, көмекшінің астындағы атты да түрткілеп біраз əбігерге салатын. Бір күні балалықпен, мүмкін шалалықпен анам тамақ əзірлегенше папамдардың жанына барып келейін деп өріске тайып тұрдым. Қызыл қошқардың барын білетінмін, мінезінен де хабарым бар еді. Бірақ мəн бермей, қойдың артынан еріп жүріп келемін. Қораның алдына жақындағанда, қойдың алдына қарай шығып, қайтарып жатыр едім, қызыл қошқар мені көріп қойды. Қойдан бөлініп шығып, ал келіп мені қусын.

Қой қамайтын аула мен үйдің арасы біраз жер еді. Үйге қарай қашып келемін. Қызыл қошқар қуып келеді. Мен де болар емеспін, қызыл қошқар да қалар емес.
Бір кезде ойладым: «Егер мен осылай қаша берсем, түйіп құлатады, ал жерге
жатып қалсам, үстімнен секіріп өтеді». Одан да жатып қалайын дедім де, жерге жата қалдым. Қызыл қошқардың мен ойлағандай фантазиясы жоқ екен. Үстімнен секірмеді. Керісінше, арқамнан үш-төрт рет түйді де кетіп қалды. Еш жерім ауырмады. Бірақ үйге жылап келдім. Папам сол кезде:
– Мен бұл қошқарға жүре берсін деп еркіндік берсем! Қызымды сүзген қалай болар екен, көрсетейін. Ертең «коммерсанттар» келеді, мен сені сатып жіберейін, – деген еді. Қайран, қызыл қошқар, ойламаған жерден қызыл ақшаға айналып кетті.

Бұқамен суға барғанда

Үйдің жанында үш тонналық су құятын бөшке болатын. Сол бөшкені күніне 5-6 рет бұқамен су тасып, толтырып қоятынбыз. Себебі бұзаулар, жаңа туған қойлар, малға мінетін аттар суды үйден ішетін. Бір күні папам екеуміз арба жегілген бұқамен суға бардық. Бұқамыздың аты «Қарақат» болатын. Папам құдықтан суды толтырып берді де, мені арбаға отырғызып, бұқамен үйге жіберді. Ойымда ештеңе жоқ. Алаңсыз арбада отырмын. Бір кезде бұқа тоқтады да, жан-жағына бір қарап, жерге жатып алды. Не істерімді білмей, арбаның үстінде отырып, айғайлай бастадым. Айғайым жылауға айналды. Бұқа қозғалмаған соң, арбадан секіріп түсіп, бұқаның жанына барып, жылап тұрмын. Қолымда ешқандай таяқ жоқ. Анам əр кез «малға шыққан кезде қолдарыңа таяқ ұстай шығыңдар, малдың алдынан шықпай, ыңғайына жүріңдер» деп айтатын. Анамның сөзін тым кеш еске алдым.

Сонымен, мен жылап тұрмын. Бірақ мені елеп тұрған Қарақат жоқ. Маған қарайды да, шыбындап тұрған көзін ашып-жұмып жата береді. Артыма қарасам, қатты ұзай қоймаған екенмін. Папамның астау толтырып жатқан сұлбасы анық көрініп тұр. Сол көздің жасымен құдыққа басып тұрдым. Менің кері келе жатқаныма үрейлене қараған əкем:
– Садағаң кетейін, не болды? – деді.
– Папа, бұқа жатып алды.
– Неге?
– Білмеймін, тұрмайды, – деп жылап тұрмын. Түс мезгілі болған соң мал суаратын уақыт еді. Қара қойлар да күннің ыстығын жақтырмай, тілдерін салақтатып, мазасыздықпен суға келе жатыр. Папам ентігін баса алмай, еңіреп тұрған маған бір қарап, қара жердің топырағын аспанға көтеріп келіп қалған қойға бір қарап, орта жолда жатқан бұқаға бір қарап, əбден састы. Бір кезде:
– Қызым, жүр, қорықпа. Неге жылайсың? Сені бала көріп тұр ғой. Кеттік, – деді.
Екеуміз жаяулатып отырып, бұқаның жанына келдік.
– Қызым, арбаға отыр, дұрыстап ұстап ал. Құлап қалма. Менің қызымды жылатқан қалай болады екен, көрсетейін, – деп бұқаны үйге дейін жүгірткен еді.

Қазір ойлап қарасам, Қарақатқа да ренжуге болмайды екен. Бізде үлкен бұқаларды қара жұмысқа үйрететін. Қарақатты таңертең барлық мал өріске кеткен кезде алып қалып, мойнына қамыт салатынбыз. Бұқа байғұс күннің ыстығына қарамастан, су əкелетін, тезек кіргізетін, одан қала бере басқа да жұмысқа аяусыз жегеміз. Кешір бізді, Қарақат, ол кезде бізде трактор болмады ғой.

Тоңазытқыш, біз сені қалай күттік…

Қырда төрт түлік малдың ортасы болған соң, сүт, май, айран, қаймақ молынан болатын. Бірақ тоңазытқыш келгенге дейін, сүт тартатын ток мəшине анамда болғанға дейін біз біраз қиналғанбыз. Біз емес, əкем мен анам əбігерге түскен еді. Қалай дейсіз ғой, міне былай:

Анам жаз мезгілінде 30 шақты сиыр сауады. Сенесіз бе? Бір өзі таңғы 5-те тұрып, бас-аяғы бір сағатта сиырды сауып, өріске айдап жіберетін. Ол кезде қазіргідей сүт тартатын ток мəшине жоқ. Сүтті қол мəшинемен тартады. Бір жағынан көк сүт, бір жағынан қаймақ ағады. Анам əндетіп отырып, сүтті тартқанда, жағымсыз ток машинаның үні ұялғаннан үнсіз қалады.

Жаздың жаймашуақ күнінде жабайы жусанның өзі жайқалып өсетінін білесіз. Егіске толы даланың шұрайлы, шүйгін шөбін таңдап жейтін біздің сиырлар сүтті болатын. Сол себепті анам екі мезгіл, яғни таңертең жəне кешке сауады.

Сонымен таңертеңгі сиыр сауу процесі кешке де дəл солай қайталанады. Сүт тартылады. Таңертеңгі жəне кешкі қаймақты анам тереңдеу бір ыдысқа құйып, аузын таза мəрлімен жауып, əкеме береді. Əкем қаймақты атқа байлап алып, кешкі қараңғылық қоюланған сəтте, құдыққа апарып байлап келеді. Құдықтың іші салқын болғандықтан осылай жасайтын. Кей кездері бірге еріп баратынмын. Құдықтың ішінде кішкене темірден жасалған ілмек тұрады. Əкем қаймақтың бетін жақсылап жауып, ыдыстың мойын жағынан жіппен байлап, сол жіпті құдықтың ішіндегі ілмекке бекітеді.

Таңертең ерте анам сиыр сауамын дегенше, əкем атпен барып алып келетін. Ал біз балалықпен сап-салқын, тəп-тəтті қаймақты анамның отқа піскен нанымен жеп аламыз. Ата-ананың жанында ешнəрсе қорқынышты емес. Қандай бақыт!

«Тезек теріп қояйын, анам ауыр көтермесін…»

Қырға тамақ пісіретін газ кейіннен келді. Анам да газбен тамақ пісіргенді аса ұната бермейді. Үйдің жанында тозығы жеткен, мұржасы отырған екі ошағымыз бар.
Бірінде шұңғыл қара қазан тұрады, екіншісінде тек плита. Ол жерге нан салады.

Анам ошақты көп пайдаланған соң отын шақ келмейтін. Жаз уақытында даладан көбірек тезек жинап аламыз. Себебі малдың жұқа тезегі (жапасы деп те атайды) тез жанады əрі тез қыздырады. Күнде кешке қарай бос қап, үлкен тезек таситын (шелек тəріздес) ыдысты алып, тезек теруге шығамын. Анамды қуантқым келеді. Жұмысы жеңілдей берсін. «Тезек теріп қояйын, анам ауыр көтермесін» деп ойлайтынмын.

Бұл уақытта анам мен əкем жерден топырақ қазып, үлкен темір астауға саз езіп, мал тұратын қысқы орынды балшықпен сылап жататын. Ал су қосылған зілдей саздың қаншалықты ауыр екенін білсеңіз. Əкемнің бейнеті көп жұмысқа берілгенін көрсем де, анамның кішкентей əрі ап-арық тұлғасымен еңсесі басылып, екі жағына теңдей ұстаған ап-ауыр саз балшықты көтергенін көрген кезімде жүрегім ауыратын. Тезек теру оның жанында қаңбақ көтергенмен бірдей екенін сезетінмін. Бірақ анам да, əкем де маған саз көтерткен емес. «Қыз баласың ғой, кейін бөтекеңе ауырлық түссе қиын болады. Одан да бізге жақсылап шəй əзірлеп, тамақ пісіріп қой», – дейтін.

Ал мен өзім теріп əкелген жапаны жағып, қазанға етті асып, сүтті пісіріп, кешке тамақ дайындап қоятынмын. Сол кезде ақырын ғана үйдегілерге көрсетпей, жылап аламын. Себебі ішімде жиналған ойлар толықсып келіп, жанарыма тығылғанда еріксіз көзден жас шығатын.

«Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас»

Сахман арпалыспен өтіп, көктемнің бірізділігі орнаған кез. Малдың бəрі өріске
төселіп, даланы иелікке алған кез. Құлын-тай секіріп, қой-қозы жусаннан жалыққан кез. Енді жазға дайындық басталды. Қой қырқу маусымы. Əжемдердің кезінде басқа кеңшардың студенттерін осындай қырға сахман уақытында, шөп шабатын кезде, қой қырқу маусымында көмекшілікке жібереді екен. Қазір қайдан болсын? Папалардың жанында көмекші де, қойшы да, қырқушы да өзіміз боламыз. Бұл бір жағынан ата-анамыздың қалтасына ауырлық түсірмейтін. Балалықпен шауып жүріп, біраз тірлік бітіріп тастаймыз. Сабақ маусымы жақындаған кезде əкем бəріміздің қалтамызға ақша салып, киінуге жіберетін.

Сонымен қара қойлардың да қара жүннен құтылуға асығып жүрген кезі. Айтпақ-
шы, бізде қойды қырқу үшін қораға қамайтын кезде мынадай қызық болатын. Əкем бір күнге 40 шақты қойды отар қойдан бөліп, қырқуға алып қалады. Ең азабы сол, қырқуға таңдалған қой қораға кірмей, сарсаңға салады. Ол үшін əкем барлық ешкіні шығарып, қойдың алдына салатын. Себебі ешкі əр кез қойды бастайды деп айтады. Ешкілердің арасында мүйізі ұзын, ақылы басым, қой бастайтын ешкіміз болатын. Мойнын созып, басып көтеріп тəкаппарлықпен көш бастағанда қызыға қарайтынбыз. Қой қамау процесіне үйдегі тірі жанның бəрі қатысады. Əкемнің айғайына иттен бастап, бала-шаға, көмекші, анам бəріміз аяғымыздан тік тұрып қызмет етеміз.

Қой қырқатын арнайы қырықтық деген құрал болады. Қайшыға ұқсас. Оны суға
салып, қайрап қояды. Ағам мен інім кішкентай болған кезінде папам барлық қойды өзі қырқа беретін. Сонымен қатар басқа тірліктің бəрі өз мойнында еді. Кейіннен ағам есейе келе əкеме көмектесті. Мен ерте тұрып, анаммен бірге құрт жасап,ыдыс-аяқ жуып болған соң, анам екеуміз көжемізді, салқын суымызды, аз-маз тіске басатын бірдеңелер алып, əкеміздің жанына баратын едік. Інім екеуміз қырқылған жүнді бұрқыратып қапқа саламыз. Үстінен басып-басып қаптың размерін əдемі қылып қоямыз. Жүннің иісін білсеңіз. Бірақ жиіркенбей жасайтынбыз. Əкем «тығыздап сала беріңдер» деп айтатын. Кейін қысқа қарай жүн алатын «коммерсанттар» келген кезде сатып жіберетін. Анам бізбен бірге жарыса жүріп, көрпе жасауға жақсы деген жүнді алып қалады. Балалықпен анама қандай жүн барын көрсетпей, тез-тез салып тастап, «қазір қойлардың жүні аса жақсы емес» деп қарап отыратынбыз. Себебі кейін анамыздың сол жүнді жуып, оны қаншама күн, түн түтіп, бəрімізге арнап көрпе жасайтынын білеміз. Анамызға олай салмақ салғымыз келмейді. Сөйтіп жүріп, жаздың ортасында қара қойлардың жүнін таласып жүріп, бөліп аламыз.

Кешкі отырыста

7 жыл бұрын. Көктем мезгілі. Сахман уақытына тұспа-тұс келген Наурыз мейрамы. (Сахман дегеніміз – қой төлдейтін уақыт). Қар еріп жатыр. Сахман уақытының ерте басталған кезі.

Əкем, анам, інім, мен жəне көмекші аға – барлығымыз пештің түбінде отырып алып, төлдеген малға тағатын белгі жасайтынбыз. 1-ден 9-ға дейінгі ойылып жазылған цифрлар болады. Сия құйылған қорапқа сол цифрларды малып, төртбұрышты кішкене картондарға сиялы цифрды басамыз. Содан соң цифрдың жоғары жағынан тесіп, тоқыма жіпті өткіземіз. Қошақанның мойнына тағатын болған соң, жібі ұзындау болады. Ал егіз қошақаны бар қойға иіссудың бос ыдысынан, қиынды маталардан, ленталардан əдемі қылып, ою оямыз. Сол кезде маған ешнəрсе сезілмейтін.

Алаңсыз бақытты балалық еді. Сол бір сəттер əлі де қайталанып жатыр. Бірақ дəл
қазір пештің жанында ата-анам жəне көмекші аға отыр.

Телевизордан кешкі жаңалықтар болып жатыр. Əкем мен аға жаңалықтарды тыңдап, телевизордың даусымен жағаласа, даурыға сөйлейді. Мен ол кезде жаңалықты не қылайын, сия басылған цифрларға қарап мəз болып отырмын. «Бүгінге болды, қалғанын кейін қой төлдеген кезде жасармыз», – деген команда келді. Барлығын жинай бастадық. Мен де орнымнан тұрып, заттарды жинай бастаған кезімде əкем: «Менің қызым, бұйырса, журналист болады. Жаңалық жүргізіп болған соң, папама сəлем жолдаймын деп айтасың ғой. Мен мəз болып отырайын», – демесі бар ма? Демалыс аяқталып, ауылға келген соң осындай өлең жолдары өмірге келген болатын:
Тіледің қызым тілші болады деп,
Экраннан қол бұлғап тұрады деп.
Жаңалық біткеннен соң əрбір күні,
Əкешім, сау бол айтып қалады деп.
Қалаймын орындалғанын осы арманның,
Тырысамын, еңбектенемін, қысылмағын.
Аман болып, ұзақ жаса жан əкешім,
Орындайды бұл тілекті қарашығың…
Əкем қазір жаңалық тыңдап отырған сəтінде не ойлап отыр екен?..

Анаға апарар жол

2018 жыл. Өткен жылдың аяғы. Желтоқсанның 28-і соңғы сессияны тапсырып, демалысқа шықтым. Жаңа жылға да қарамастан 30-ы күні пойызға билет алып, Оралға тартып тұрдым. Қаңтардың 1-і күні таңғы сағат 4-тердің шамасында Оралға жеттім. 3-і күні 9 сағат жүріп ауылға келдім. Бірақ əлі ата-анама жете алмаған едім. Қар қалың. Жол жоқ. Техника тағы жоқ. Жаяу жүруге алыс. Ауылдан 37 шақырым жердегі ата-анама жету соншалықты қиын, соншалықты азапты болады деп ойламадым. Қатты қорыққаным: «Осыншама күн жүріп келгенімде, ата-анамды көрмей кетсем не істеймін…». Екі апта ғана демалыс арпалысқа түсірді.

«Бүгін, міне, ауылдан трактор табылып, қазір жолдамын. Терезеге телмірген
қырау, аяғымнан өткен суық, жолдағы əрбір ойық, темекі түтіні, трактордың тербелісінен денеме батқан темір жаныма да батып келеді. Бір адамдық
тракторда 4 кісі. Орындықтың артындағы аядай жерде інім екеуміз екі бүктеліп отырмыз. Жүріп келеміз. Жылап келемін. Əлі алда қанша жол бар. Қанша
жылайды екенмін. Ата-анамның қуанышты жүзін көремін деген ой ғана көңіліме жұбаныш болып келеді», – деп сол кезде Инстаграмға жазба жариялағанмын.

Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студент
і

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз