Жауқазын

ӘЖЕМЕ

Өмiрдiң алуан сырын айта келiп,

Бақ тiлейсiң сен маған бата берiп.

Әсерлi өсиетiңе қанығып ап,

Серуенге шығып келем атама ерiп.

Ақ тiлекпен кестiрдiң тұсауымды,

Қаз-қаз басқан немерең ұша бiлдi.

Күн сайын көрсем-дағы,

алтын әжем,

Сағынып тұрам ыстық құшағыңды!

Бекзат МIНУАРОВ,

4«А»сынып оқушысы.

Алматы қаласы

ЖАС СУРЕТШI

Сызып бiраз шимайды,

Сыдық жанын қинайды.

Ақ парақтың  бетiне,

Салған пiлi сыймайды.

АЛҒЫР БАЛА

Төрт жастағы Төлеген,

Алғыр бала  не деген!

Оқымай-ақ мектепте,

Жатқа айтады көп өлең.

Әнуар БАЯШЕВ,

№57 орта мектептiң 7-сынып оқушысы.

Астана қаласы

МЕНIҢ IНIМ

Үйiмiздiң еркесi,

Қуанышқа бөлеген.

Шұқырланған желкесi,

Тентек iнiм – Төлеген.

Балдай тәттi сөздерi,

Мөлдiрейдi көздерi.

Қылығымен сүйкiмдi,

Баурап алар өзгенi.

Айып болса өзiнен,

Дайын тұрар қашуға.

«Елшi» дерсiң сөзiнен,

Әкем мiнсе ашуға.

Дина БӨКЕБАЙ,

5-сынып оқушысы.

Қожабақы ауылы,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы

ТӘУЕЛСIЗ ЕЛIМ

Болса да бодан,

Жасқанбай одан,

Ұлтымның iрi ерлерi.

Құрсаудан босап,

Жаңа жол жасап,

Қазағым тағы ерледi!

Елiмдi сүйем,

Тiлiм деп күйем,

Азаттығым өз қолымда!

Қиғандар жанын,

Ұрпаққа тәлiм,

Тәуелсiздiк жолында!

Жерiмнiң кеңдiгi,

Ұлтымның теңдiгi,

Сақталар таза арым да.

Бар жеңiс – мақтаныш,

Қонса егер баққа ырыс,

Ынтымақ болар қауымда!

Ақниет ТӨЛЕНДI,

Қожбанбет би атындағыт орта мектептiң 10-сынып оқушысы.

Қоңырөлең ауылы,

Панфилов ауданы,

Алматы облысы

ДОСТЫҚ ДЕГЕН

Достық деген басталады сенiмнен,

Адал досқа орын ұсын төрiңнен.

Басыңды да бiрге тiксең бәйгеге,

Қиындықтан шығасыңдар жеңумен.

Достық деген басталады  шыдаудан,

Қаталдыққа өзiңдi де сынаудан.

Сенi ойласа, нағыз досқа балағын,

Бұзып шықса, сан кедергi,  бұғаудан.

Аңғал батыр досыменен көгерген,

Сыр жасырмас сұрағанда   тереңнен.

Ақтарылсам, жүрегiне сақтайды,

Сол үшiн де жан досыма

сенем мен!

Әли ҒАБДЫРАХМАНОВ,

№176 гимназияның 11-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

КӨКТЕМ

Жеткiзгендей далаға,

Қыз-көктемдi шағала.

Күркiредi күмiс күн,

Сұрғылт бұлттар жауа ма?

Сай қуалай сарқырап,

Шыққан күнге жарқырап,

Гүрiлдейдi тау суы,

Тұрар жаға қалтырап.

Шыңғыс ЖҰМАХАНОВ,

оқушы.

Қаратерең ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

(“Ұлан”, №16. 19.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз