Бүгінгі кейіпкеріміз – Димаш Құдайбергенмен Париж сахнасында өнер көрсеткен
талантты қыз. Сонымен қатар Нұржамал Үсенбаевамен де бірге əн салған. Оның аты- жөні – Əйгерім Темірбекова.

– Əйгерім, біз сені ылғи үлкен байқаулардан көреміз. Осы күнге дейін жеткен
жетістіктеріңді айтып өтші…

– Бала кезімнен ата-анам мені түрлі үйірмеге берді. Өнер саласында дамуыма көп үлес қосты. Қазір Шымкент қаласындағы Саз колледжінің 3-курс студентімін. Осы уақытқа дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атандым. Ең үлкен жеңісім – 2016 жылы Париж қаласында өткен «RITHYMS OF PARIS» халықаралық байқауының бас жүлдесі. ЮНЕСКО клубының мүшесі болғандықтан, 2017 жылы «Академия творчество ЮНЕСКО» жобасында 2000 қатысушының ішінен 100 финалист қатарына ілініп, еліміздің ең жоғары білікті мамандарынан он күндей білім алдым. Осының арқасында Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырған «Дети в ритме мира» атты республикалық байқауда 3000 үміткердің арасынан 24 финалистің қатарына іліндім. Алматы қаласында білімімізді ұштап, гала концертте «Mezzo» тобымен Абай атындағы опера жəне балет театрында өнер көрсеттік. Қуанышыма орай, ол байқаудың да жеңімпазы атанып, тағы да Париж қаласына баруға мүмкіндік алдым. Ең қызығы, Парижде ЮНЕСКО штаб пəтерінде Димаш Құдайбергенмен өнер көрсету бақыты бұйырды. Кеше ғана Күлəш Байсейітова атындағы республикалық вокалистер байқауынан І орын алып келіп отырмын.

– Бəрекелді! Димаш ағамызбен бір сахнада өнер көрсету қалай екен?

– Димаш ағаммен шығатынымды естігенде өте қатты қуандым. Менен бақытты адам болмаған шығар (күлді). Кездесу болар алдында қуаныш пен қобалжу қатар болды. Бірақ сахна деген киелі ғой. Бірге сахнаға шығып əн салғанда еш қобалжымадым. Керісінше, шабытым еселенді. Көрерменнің ыстық ықыласына бөлену мені үлкен бақытқа кенелтеді.

– Алдағы күндерге қандай жоспарларың бар?

– Жоғары оқу орнында вокал бөлімінің үздік профессоры атанғым келеді. Шетел сахналарында əн шырқап, əлем мойындаған опера əншісі болсам деймін. Бұл менің бала күнненбергі арманым.

– Айтпақшы, жақында опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева əпкемізбен де өнер
көрсеткеніңді желіден байқап, қуанып қалдық…

– Иə, Нұржамал Пернебекқызы – біздің колледждің түлегі. Ұстазым жас таланттарды қолдау мақсатында концертке əнші іздеп жатқанын айтты. Колледж сол кезде мені жəне талантты достарымды ұсынды. Нұржамал əпкемнен арнайы шақырту алдым. Танысып, батасын алып қайттық.

– Керемет! «Ұлан» газетінің оқырмандарына айтар жылы лебізің…

– Жас оқырманға тілерім əрқашан армандап, мақсат қоюдан жалықпаңыздар. Сүйікті істеріңізбен айналысыңыздар.

– Сұқбатыңа көп рақмет! Сəттілік тілейміз.

– Осылай мені елеп-ескеріп, «Ұлан» газетіне шығарып жатқандарыңызға алғысым шексіз. Жетістіктерге бірге жете берейік!

Алтынай
БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
№53 М.Ғабдуллин
атындағы жалпы
орта мектептің
10-сынып оқушысы.
Сарыағаш ауданы,
Түркістан облысы

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз