Жамбы ату – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен ұлы мұра. Кеңес үкіметінің тұсында ұмыт болған ойынымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауым-дастығы жақында қайта жаң-ғыртты. Жамбы ату ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сынап, намысын жаниды. Әлбетте, ат үстінде шауып келе жатып, қарқынды бәсеңдетпей белгілі бір қашықтықтағы нысананы атып түсіру оңай емес. Дегенмен жамбы атуды серік еткен, атқан оғы мүлт кет-пейтін мерген қыздар да бар. Кейіпкеріміз Рамиша Дидарова – еліміздегі ең танымал жамбы атушылардың бірі. Талай додада ел намысын қорғаған Рамишамен әңгімелесудің сәті түсті.

2001 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Алматы облысында Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебін бітірдім. Ауылда әкеміз мал шаруашылығымен айналысқандықтан, бала күнімізден атқа мініп өстік. Ал жамбы ату спортымен шұғылдануыма құрбым Әлия себепкер болды. Ол өзінің жамбы атуға қатысып жүргенін, бапкері атқа міне алатын қыздар іздейтінін айтып, мені шақырды. 11-сынып оқып жүргенде алғаш рет Әлиямен бірге жаттығуға бардым. Сәрсенбай Құлбаев садақ атудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, тамыры тереңде жатқан жамбы атудың тарихын айтып берді. Бұл ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігімді одан ары арттырып, қызығушылығымды оятты. Ұлттық спорт болғандықтан әкем де қолдау көрсетіп, қарсылық танытпады. Алғашында тек садақ атуды, нысананы дұрыс көздеуді үйрендік. Бірақ бірнеше апта бойы тек осындай жаттығу жасау ішімді пыстыра бастады. Ақыры жаттығуға бармай, ақырындап қол үзе бастадым. Бір күні Әлия хабарласып, жаттығудың аттың үстінде өтетінін айтты. Еш ойланбастан қайтадан жаттығуға кірістім. Әрине, садақты бір жерде тұрып атқаннан аттың үстінде шауып келе жатып атқан әлдеқайда қызық әрі қиын. Одан бөлек жылдамдыққа берілетін тапсырмалар да бар. Яғни аттың үстіндегі жаттығу-ларымыз мүлдем басқаша болды.

Жамбы ату спортына қатысқа-нына көп уақыт болмаса да Рамиша алғашқы жарысында жүлдегерлер қатарынан көрініп, үздік нәтиже көрсеткен. Тіпті, алғашқы табысына да қол жеткізген.

– Бапкеріміз Сәрсенбай Құлбаев спорт мектебімізде жарыс ұйымдастырып, ішкі біріншілік өткізді. Бірақ аттың үстінде емес, нысананы тік тұрып көздедік. Алғашқы жарысымызда үздік шығып, қола жүлдегер атандым. Медальдан бөлек, ақшалай сыйлық табыс етті. Әбден шынығып, ат үстінде де, тік тұрып та садақ атуға дағдыланғаннан кейін үлкен жарыстарға қатыса бастадым. Жасөспірімдер арасындағы Алматы қалалық ашық турнирінде өнер көрсетіп, чемпион атандым. Содан кейін Алматы қаласында өткен «Ұлы дала ойындарында» жеңімпаз болдым. Астана қаласында «Ұлы дала рухы» фестивалінде командалық есепте үздіктер қатарынан көріндік. 2018 жылы Қырғызстандағы «Салбуурун» халықаралық жарысында да тасым өрге домалады. Әр жарыста жеңіске жеткеннен кейін алдыма үлкен мақсаттар қойып, әлемнің үздік сұрмергендерімен сайысқа түсуді аңсадым. Екі жылдың ішінде «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесіне қол жеткіздім.

Рамиша әлемнің үздік мергендері бас қосқан «Алтын жебе» ІІ халық-аралық турнирінде де сайысқа түскен. Өкінішке қарай, жеңіске жете алмады. Бірақ оның да өз себебі бар.

– Шыны керек, жамбы ату төл спортымыз болса да, кенжелеп тұр. Мысалы, бізде әлемдік додаларда сынға түсіп жүрген үш-ақ қыз бар. Кейде жарысқа қатысатын спортшы қыздар болмағандықтан, ерлермен сайысқа түсеміз. «Алтын жебе» ІІ турнирінде 2014 жылғы Сеулде өткен ат үстінде садақ ату дүниежүзілік жарысында чемпион атанған Михай Козмей сынды мықтымен күш сынастық. Одан бөлек, 11 мемлекеттен сайдың тасындай іріктелген 25 мергеннің ешқайсысы осал емес. «Азия стилі», «Түрік стилі» және «Қазақ стилі» бойынша сынға түстік. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, «Азия стилінде» нысаналардың диаметрі 84 сантиметр болса, «Түрік стилінде» нысананың диаметрі – 60 сантиметр. «Азия сти-лінде» жебе нысана ортасындағы ақ түсті шаршыға тисе 5 ұпай, қызыл түсті шаршыға тисе 4 ұпай, сары түсті шаршыға тисе 3 ұпай, жасыл түске тисе 2 ұпай, қара түске 1 ұпай беріледі. Ал «Түрік стилі» бойынша жебе нысана ортасындағы кіші шең-берге тиген жағдайда ғана 6 ұпай еншілейсің. Екінші шеңберге тисе 4 ұпай, сыртқы үлкен шеңберге тисе 2 ұпай беріледі. Берілген тапсырманы 16 секундта орындап шығуымыз керек. 16 секундтан бұрын тәмам-дасақ, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпайға ие боламыз. 16 секундтан асатын болса, әр секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі. Дегенмен жаныма жамбы ату, яғни «Қазақ стилі» жақын. Жамбы атудың басты ерекшелігі – нысананың қозғалыста болуы және жамбының саны үшеу болатынында. Бірінші тұрған қола жамбы 6 метр қашықтықта, күміс жамбы 8 метр қашықтықта, алтын жамбы 10 метр қашықтықта орналасады. Жебе қола жамбыға қадалса 5 ұпай, күміс жамбыға 10 ұпай, ал алтын жамбыға тигізсек 15 ұпайды қанжығамызға саламыз. Сондай-ақ әр спортшыға 3 мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындап шығуға 16 секунд уақыт беріледі. «Алтын жебеде» жүлдегер атанбадым деп еш өкінбеймін. Мен үшін осындай жарысқа қатысып, әлемнің үздік мергендері қатарында бақ сынап, шеберлік жинағанымның өзі олжа. Жаттығып-шыныққаныма аса көп уақыт болмаса да, мұндай ірі жарысқа қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Дегенмен жігіттеріміз ат үстінен садақ атудағы шеберліктерімен таңғалдырды. Олар қазақтың бойын-дағы туа біткен табиғи таланттың барын аңғартты. Ерінбей еңбектеніп, жақсылап дайындалсақ, әлемдік дода-ларда бас жүлдені оп-оңай ұтып алуға болатынын түйдім.

Рамиша жекелей сайыстан бөлек командалық жарыстарға да қатысып, әжептеуір нәтижеге қол жеткізіп жүр. Алайда, командалық сайыстан гөрі жекелей сынға түскенді ұнатады. Одан бөлек қыз қууға да шығып, бағын сынап жүр.

– Командалық сайыста жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Дегенмен жекелей жарысқа түскенді құп көремін. Өйткені командадағы бір адамның қателігінен бәрі зардап шегеді. Мысалы мен нысананы дәлдей алмай, екінші спортшы дөп тигізсе немесе керісінше болса, команда жеңіліп қалуы мүмкін. Сондықтан командалық сайысты аса ұнатпаймын. Жамбы атудан бөлек, «Ұлы дала рухы» фестивалінде қыз қууға да шығып, бас жүлдені жеңіп алдым.

Жарыста әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Шауып бара жатып аттан құлау немесе ат алып қашып кететін жайттар да кездеседі. Бірақ мұндай жағдай Рамишаның басынан өтпеген.

– Әлбетте, спорт болған соң әртүрлі жағдай болады. Кейде әділетсіздікке ұшырайсың, кейде жарақат аласың. Менде аттан құлау, ат алып қашып кету сынды жайттар болған жоқ. Жарыстың алдында атты арнайы дайындаймын. Алаңды екі-үш мәрте айналып, ақырын шауып өтемін. Осылайша ат қатты шабудың қажетін емес екенін түсініп, жарыс кезінде бәрін ойдағыдай жасайды. Негізінде жамбы ату көпшілік ойлағандай қиын спорт емес. Тек ептілік пен мергендікті, қырағылықты талап етеді. Қазір жастардың жамбы атуға қызығушылығы аса байқалмайды. Кейбір жігіттер жамбы ату түгілі, атқа да міне алмайды.

Жамбы атудан Ұлттық құрама қатарында жүргендіктен аптасына үш-төрт рет, екі сағаттан жаттығу жасайды. Тактикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да шыңдалу аса маңызды.

– Ұлттық құрама сапына қабыл-данғаннан кейін Елдос Бадашевтың қоластында жаттықтық. Нысана ату барысында қалай дұрыс тұру керектігін, жел болған жағдайда қалай ату керек екенін егжей-тегжейлі үйретіп, тактикалық шеберлігімізді шыңдадық. Қазір жаттығып жүрген жоқпын. Көктемнен бастап жаттығуға қайта кірісемін. Алла қаласа, биыл «Көшпенділер», «Алтын жебе» тур-нирлерінде сынға түсіп, топ жаруды көздеймін. Әлемге атқан оғы мүлт кетпейтін қазақ қыздарының бар екенін көрсеткім келеді.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз