Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спорт туралы сөз қозғасақ дедік. Өйткені қазақтың ұлттық спорт ойындарының көбі дәл осы мерекеде ұлықталып жатады.

Бірақ біз үшін ұлттық спорт түрлерінің фестиваль деңгейінде қалуы жеткіліксіз. Кемі 1-2 спорт түрін Олимпиада, Азия ойындарының бағдарламасына қоса алсақ жеңіс болар еді. Алайда, көп жағдайда соған өзіміз кедергі келтіретін секілдіміз.

Мысалы, қазақ күресінен бір емес, екі бірдей халықаралық ұйым құрдық. Асық ойнауды уақытша науқанға айналдырып қоя салдық. Көкпар үшін қырғызбен қырылысудан аса алмай жүрміз.

Жапон халқы дзюдо күресін ең алғаш 1964 жылы Токио Олимпиадасының бағдарламасына қосты. Содан бері төртжылдықтың басты додасынан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезде Олимпиада ойындарында дзюдо күресінен 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Енді, каратэні кіргізді. Алдағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарында осы спортты серік еткендердің өнерін тамашалаймыз.

Корейлер ­– таэквондоны қосып алды. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасынан бері бар.

Ол аз десеңіз, өзбектер өздерінің кураштарын Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіргізді.

Қырғызстан екі жылда бір рет Көшпенділер ойынын өткізіп жүр. Соның арқасында бұл елге келетін туристердің саны артқан. Мысалы, 2011-2012 жылдары Қырғызстанға 2,2 миллион шетелдік турист келсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 4,2 миллионға жетіпті. Былтыр үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 60-тан астам мемлекеті тамашалаған. Шетелден 604 журналист келіп хабар таратқан. Енді Көшпенділер ойынын 2020 жылы Түркия өткізбекші.

Осы ретте ұлттық спорт түрлеріне қызығушылықтың төмен деңгейі жайлы сөз етсек.

Ұлттық спорт түрлеріне өзгелер тұрмақ, еліміздегі сұраныстың өзі төмен екені жасырын емес. Оған негізі 4 себеп бар екен. Мұны ұлттық спортты жиі жазып жүрген журналист Бекен Қайратұлы айтып өтті.

«Біріншіден, ұлттық спорт түрлерінің стандартты талаптары халықаралық сұранысқа сай болуы керек. Екіншіден, шынын айтқанда, елдегі ұлттық спорт бойынша ішкі біріншілік өтірік өтеді. Соған жол бермеуіміз қажет. Үшіншіден, ұлттық спорт маңына олимпиадалық спорт түрлеріне жарамай қалған сапасыз мамандар жинақталған. Төртінші себеп –  бапкерлік және төрешілік істер әділ емес. Ұлттық спорт дегеннен гөрі билік тарапына саяси жағымпаздану ісі басым»,дейді ол.  

Бекен ағаның сөзіне қосылмасқа амал жоқ. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Сол секілді ішкі біріншіліктердің әділ өтпейтіне талай мәрте куә болғанбыз. Сондықтан ұлттық спорттың тізгінін ұстағандар осы жағына назар аударса дұрыс болар еді.

Argymaq.kz сайтының редакторы Ержан Жаубайдың айтуынша, 2021 жылы Астанада бүкіләлемдік этноспорт ойындары өтеді екен. Сол кезде туристерді көптеп тарту үшін аянып қалмау керек деп отыр.

«ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы негізінен көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату секілді 4 спортқа басымдық беріп отыр. Менде осыны құптаймын. Енді бұл спорт түрлерін әлемдік, тіпті халықаралық деңгейге көтеру мәселесі – шынымен уақытқа тәуелді. Барлығы бірден бола қалу керек деген асығыстық – шалағайлыққа әкеп соғады. Бір кезде ұлттық спортты қойып қазақ деген халықтың барын білмейтін елдер қазір көкпар тартып, жамбы ата бастады. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде көкпардан, аударыспақтан, теңге ілу мен жамбы атудан Азия чемпионаты, халықаралық турнир, әлем чемпионаты ұйымдастырылып жүр. Мұның өзі көңіл қуантарлық жағдай. Алда Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын өткізуге дайындалып жатырмыз. Осы жерде ескеретін жайт, фестиваль қандай деңгейде өтсе де, оған шетелден келер қонақты, туристерді көптеп тарту керек. Бірақ ЭКСПО кезіндегі кемшіліктер болмаса… Өйткені, сол кезде  ұлттық спортты насихаттайтын алаң көрме аумағынан тыс болды. Сосын туристер этноорталыққа жуыған жоқ. Егер олардың барлығы этноауыл барын естігенде бірден соған баратын еді. Себебі шеттен келетін туристер үшін біздің әйнек құрылыстарымыздан гөрі киіз үйді қалай тігетініміз, атты қалай үйрететініміз қызықты екені сөзсіз», – дейді Ержан Жаубай.

 

Әлем чемпионатында атой салған бес өреніміз

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды.  Бір қызығы, Қазақстаннан барған бес спортшының барлығы алтын медаль жеңіп алды.

Жеңімпаздарға қысқаша тоқтала кетсек, алдымен 61 келіде өнер көрсеткен Ақмолда Сайрамкез чемпион атанды. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 257 келіні енсерді (112+145).

Жарыстың екінші күнінде  67  келіде бақ сынаған Сайхан Тайсуев үздік шықты. Ол жұлқада 127 келіні бағындырса, серпеде 161 келіні қиналмай көтерді. Сөйтіп жас спортшы серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты.

Үшінші алтын 81 келідегі Сәпи Есенкелдіге бұйырды. Оның көрсеткіші – 309 келі. Жұлқа 134 келіні, серпе көтеруде 175 келіні бағындырған.

Төрт жігіттің ортасындағы жалғыз қыз Ольга Пастухова (81 келі) да қалыс қалған жоқ. Ольга 215 келімен (92+123) өзбекстандық және жапониялық құрбыларынан озып кетті.

Чемпионаттың нүктесін 96 келіге дейін салмақ дәрежесінде бақ сынаған Рахат Бекболат қойды. Ол жұлқада 144, серпеде 179 келіні көтерді. Сөйтіп қосайыстың қорытындысы бойынша 323 келіні бағындырды.

Жалпы командалық есеп мынандай:

  1. Қазақстан–5-0-0;
  2. Өзбекстан – 2-3-1;
  3. Вьетнам –2-0-1;
  4. Болгария – 2-0-0;

5-6. Түркия – 1-2-2;

5-6. Мексика – 1-2-2;

«Балалардың аяқ алысы өте жақсы. Көңілімнен шықты. Жарысқа бес спортшы апардық, бесеуі де алтыннан алқа тағып, алыс Америкада еліміздің байрағын желбіретті. Бұдан артық не керек? Барлығы өз жұмыстарын 100 пайыз атқарып шықты. Бұл жерде көп сөздің қажеті жоқ, нәтижеге көз салу жеткілікті. Әлемдік дода басталарға дейін спортшылардың үздік үштікке енеріне сенімді едім. Алайда, барлығы алтын алады деп күтпегеніміз рас. Қорытынды нәтиже бәріміздің көңілімізден көтеріп тастады. Енді жақсылап тынығып, қаланы бір аралап қайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді бас бапкер Бақыт Ахметов.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз