Перизат пен Асылзат Наурыз мерекесін асыға күтіп жүр. Өйткені тігін тігуді
үйренеді. Осыдан бірнеше ай бұрын «Кəусар» ательесіне барып, моншақпен сəндеуді, киім пішуді үйреніпті. Екеуі бар білгенімен анасының көйлегін сəндепті.

«Анамыз қыз баланың көп нəрсе білгені жақсы деп жиі айтады. Өнерді үйреніп, игілікке жұмсасақ дейміз. Гүлзира апай моншақты киімге қойып, түстерді үйлестіруді үйретті. Ұлттық нақыштағы киімдердің бағасы қымбат. Қыздарға ою басылған көйлектер, сырт киімдер ұнайды. Бағасы қымбат болғасын көп адам ала бермейді. Шебер тігіншілер көп болса, киімді шет елден алмай, өзіміз тігетін болсақ, бағасы да арзан болар еді. Біздің тігін үйренудегі мақсатымыз да осы», – дейді Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың оқушылары Перизат пен Асылзат.

Қыздарға тігін үйреткен «Кəусар» ательесіне хабарластық. Гүлзира Жұбатқанқызы отыз бес жыл тігінмен айналысқанын айтады.  Əдемі киім тіккенді жақсы көремін. Өзімнің тігін тігуде жинаған тəжірибемді көпбалалы аналарға, оқушы қыздарға үйретсем деймін. Оқуға 12 жасқа толған оқушы қыздарды қабылдаймыз. Тігін орталығы Наурыз мерекесінің қарсаңында ашылады. Қыздарға моншақпен сəндеу, қолөнер бұйымдары, қазақша оюлы бас киімдер, киізден ою, басқа да қатырма қағаздармен жұмыс істеуді үйретеміз. Тастарды желімдеп, ақшыл түстен қоңыр түске дейін қалай жететінін біледі. Кейбір балалар бос уақытын əлеуметтік желіде өткізеді. Оның орнына пайдалы нəрсе үйренгені қандай жақсы!

– Оқу ақысын төлеуде оқушыларға жеңілдік бола ма?

– Көпбалалы отбасынан шыққан жəне ата-анасы жоқ балаларға мүмкін болса тегін үйретсем деймін. Жалға алған орын, тігіншілердің айлығын беру керек. Десе де, оқу ақысы өте төмен болады. Моншақпен сəндеуді тігін орталықтары елу мың теңге көлемінде оқытады. Ал бізде он мың теңге шамасында. «Көкжиек» ықшамауданындағы мектепке барып, тігуге ынтасы бар балалардың тізімін сұрадым. Тапсырманы мұқият орындап, көңілімнен шыққан оқушыны жұмысқа аламын. Сабағын оқып, əрі табыс тауып, ата-анасына көмек берсе, несі айып?! Аптасына төрт сағат оқиды. Оқушылардың сабақ кестесіне қарай жасаймыз. Перизат пен Асылзат айтқанды тез ұғып алатын алғыр қыздар екен. Адам өз білгенін өзгеге үйретуге міндетті. Сонда ғана өмір шуақты болмақ.

Қазақтың ұлттық ою-өрнектері күнделікті киімде көрінсе деймін. Қазақша көйлек киіп, көшеге шықса, «бүгін Наурыз емес қой» деп күле қараймыз. Əркім өзінен бастаса, нұр үстіне нұр. Біздің қыздар өзі жасағаннан гөрі дайын өнімді сатып алғанды жақсы көреді. Қытай, Монғолия сынды шеттен келген қыздар өте еңбекқор. Баланың тілін түсініп, жұмыс істей алатын мықты тігіншілерді жұмысқа алдық. Алматы қаласы «Көкжиек» ықшамауданындағы 21-үйде оқушыларға барлық жағдайды жасадық. Енді оқимын, үйренемін деген бала болса болды.

Гүлзира апай Атамекен Ұлттық кəсіпкерлер палатасына оқуға барып жүр екен. Грант ұтып алса, барлық оқушыны тегін қабылдамақ. «Біздің болашағым осы балалар ғой» дейді тігінші апай.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз