Робототехника, машина жасау саласында қыз баланың жұмыс істеуі жəне осы салада жетістікке жетуі қиын деп есептейтіндер көп. Газетіміздің əр санында мамандықтың ер-əйелге арналған деп бөлінбейтінін дəлелдеуге тырысып
келеміз. Осы жолы робот жасайтын қыздан сұқбат алдық.

Алматы технологиялық университетіндегі тамақ өндірісі факультетінің 4-курс студенті Альфия Бекболат университет жанынан құрылған Robolab студенттік оқу-зертханасында робот жасаумен айналысады. Ол қоғамдық тамақтандыру
саласы бойынша білім алып жатқанымен, бала күнінен техникаға, темір-терсекке қызыққанын айтады. «Робототехника саласында қыз баланың идеясы, сұлулыққа құштарлығы жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін робот
жасаумен айналысатын жігіттердің командасына қосылдым. Командада жалғыз қыз болғандықтан, жауапкершіліктің жоғары екенін сезінемін. Бірақ жұмысты қызға арналған, жігіттерге арналған деп бөлмейміз», – дейді робот жасайтын қыз.
Альфиядан болашақта қандай робот жасағысы келетінін, айналасындағылардың оның робот жасаумен айналысатынына қалай қарайтынын сұрап, əңгімелескен едік.

Ұлан: Робототехникаға қызығушылық қашан, қалай пайда болды? Robolab командасына қалай қосылдың?

Альфия Бекболат: Оқушы кезімнен түрлі машиналардың құрылысына, құрағыш ойыншықтарға (конструкторларға) қызығатынмын. Мектеп бітірген соң технологиялық университетке оқуға түстім. Университетімізде Robolab студенттік оқу-зертханасының бар екенін тек 3-курста оқып жүргенімде білдім. Осы командада жұмыс істеуді қаладым. Осылайша іріктеуге дайындалып, Robolab командасының қатарына қосылдым. Қазір оқу процесінен тыс уақытта түрлі жобалармен, робот жасаумен, құрастырумен айналысамын.

Ұлан: Robolab командасына іріктеу қалай жүргізіледі? Жігіттер қауымынан озық болып, топқа қабылдануыңа не əсер етті деп ойлайсың?

Альфия Бекболат: Іріктеу екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде логикалық
сұрақтарға жауап беру керек. Қарапайым, алайда адамды ойландыратын сұрақтар көп болды. Білгенімше бəріне жауап беруге тырыстым. Келесі кезеңде қатысушының техникалық білімі мен икемі сыналды. Қыз бала екен деп ешкім жеңілдік жасаған жоқ. Жігіттермен қатар іріктеуден өтіп, сынға түстім. Командаға
қабылданғанда қатты қуандым. Бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктелгенін
түсіндім.

Ұлан: Робот жасаумен айналысқаныңа ата-анаң, жақындарың қарсы болмады
ма? Достарың қалай қабылдады?

Альфия Бекболат: Анам техникаға қызығатынымды бұрыннан білетін. Қарсылық
танытқан жоқ. Бірақ жақындарымның көпшілігінің бойынан таңданысты байқадым.
«Қолынан келе ме екен, жоқ па?» деп күдікпен қарағандар да болды. Бірақ өзіме ұнайтын іспен шұғылданып жүргеніме қуандым. Басқалардың пікіріне көп назар аудармау керек деп шештім.

Ұлан: Робот жасау қыздар үшін қаншалықты қиын?

Альфия Бекболат: Аса үлкен қиындық жоқ. Бəрі адамның икемі мен ниетіне
байланысты деп ойлаймын. Кез келген істі ер адамға немесе əйел адамға арналған деп бөліп қарамаймын. Робот жасау барысында командадағы
жігіттермен қатар темір кесіп, түрлі құрал-жабдықтарды қолдана беремін. Болгаркадан (темір кесуге арналған құрылғы) басқа құралдардың бəрін қолдана білемін.

Ұлан: Əйел адамның логикасы мен ер адамның логикасы əртүрлі болады ғой. Команда болып жұмыс істегенде қандай да бір келіспеушіліктер болатын шығар. Оны қалай шешесіңдер?

Альфия Бекболат: Біздің командадағы жігіттердің сыйластығы өте жоғары деңгейде. Жобаларды көбіне тапсырыс бойынша қабылдаймыз. Сондықтан тапсырыс берушінің талабына лайықтап жасаймыз. Жігіттер роботтың дизайны, сырт пішініне келгенде маған арқа сүйейді. Əйел адамдар қазір кез келген салада өздерін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Қазақстанда робототехника саласында қыз баланың қолы, ойы, идеясы жетіспейді. Оны роботтардың түрінен де байқауға болады (күліп).

Біз осы олқылықтың орнын толтырсақ, робототехника əлемінен ойып тұрып орын аламыз. Негізі көп болып біріккенде жұмыс өнімді болады. Идея да, өзгеріс те, жаңашылдық та көп болады. Командада осы күнге дейін келіспеушілікке тап болып көрмеппіз.

Ұлан: Қандай робот жасауды армандайсың?

Альфия Бекболат: Тамақтандыру саласында білім алып жатқандықтан, болашақта осы саланы робототехникамен байланыстырғым келеді. Мысалы, жеке мейрамханамды ашсам деп армандаймын. Ол мейрамхананың ерекшелігі роботтармен жабдықталуында болмақ. Біздің Robolab командасы «I waiter» деген даяшы-робот жасаған. Роботтар мейрамханада тек қызмет көрсетіп қана қоймай, келушілерді қызықтырып, көңілді уақыт өткізуіне көмектессе деп ойлаймын. Сосын мейрамхананың асханасында тамақтардың дайындалуын түсіретін дрон  жасағым келеді.

Ұлан: Робот жасауға қызығатын сіңлілеріңе не айтасың?

Альфия Бекболат: Біз демократиялық қоғамда өмір сүреміз. Əр адам өзінің қалаған ісімен айналысуға құқылы. Ешкімнің сөзінен, ешбір қиындықтан қорықпау керек. Армандауға да қорықпау керек. Ең бастысы, уақытты босқа өткізбей, өзіңе ұнайтын жəне қоғамға пайдалы іспен айналысайық дегім келеді.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз