Кеңес өкіметі билік құрып тұрған уақытта Наурыз мерекесінен көз жазып қалдық. Күн мен түн теңеліп, адам ғана емес, бүкіл табиғат жаңарып, жасаратын бұл күнді біз ғана емес, Орта Азия халықтарының көпшілігі тойлайды. Этнограф Жағда Бабалықұлының: «Наурыз тойын дамытуымыз керек. Мұны басқа тойлармен, басқа мейрамдармен салыстыруға болмайды. Бұл – өте құрметті, өте қасиетті мереке», – деген пікірі бар. Жағда атамыз Наурыздың қайта жаңғырып, тойлана бастауының басы-қасында жүргендердің бірі. Ол жөнінде ақын Қасымхан Бегмановқа берген сұқбатында таратып айтқан. Екеуара əңгіме негізінде алдымен «Этнографпен əңгіме», кейін «Халқы мықтының – салты мықты» кітаптары дүниеге келген.Осы кітапта Жағда ақсақал былай дейді: «1987 жылы біз «Жерұйық» дейтін қоғам құрғанбыз. Сол қоғамның көмегімен Наурыз тойын тойлауды 1987 жылы бастадық. Мен ол уақытта «Жерұйық» қоғамының орынбасары едім. Сол 1987 жылдан тəуелсіздік алғанға дейін Наурыз тойын біз жүргізіп отырдық». Міне, содан бері жыл сайын Наурыз жалпыхалықтық мереке ретінде аталып өтеді.

Биыл – Доңыз жылы. Келесі жылы Жыл басы – Тышқан төрге озады. Наурыз мерекесі қарсаңында қазақша жыл қайыруға да назар аударған едік. Жəрдем Кейкіннің «Қазақы атаулар мен байламдар» кітабы – тұнып тұрған қазына. Мұнда қазақша жыл қайыру, уақыт есебі жөнінде өте құнды мəліметтер бар.«Астрономия тұрғысынан көктем 93 күн (наурыздың 22-сінен маусымның 22-сіне дейін), – деп жазады Жəрдем Кейкін. – Бұл – жер шары орбитасының күн
мен түннің жазғытұрғы теңелу нүктесінен жазғы күн тоқырау нүктесіне дейінгі мезгіл аралығы. Күн жылынып, қар кетеді, тоң жібиді. Ағаштар жапырақ жайып, жер көктейді. Көктем атауы осыдан шыққан. Жан-жануар, жəндіктер қысқы ұйқыдан оянады. Жыл құстары оралып, ұя салады. Мал төлдеп, су бөгеліп, егіншілік жұмысы басталады. Бұл – шаруаның қарбалас шағы».

Халқымызда «Ақпан қысты аластаса, Наурыз жаназасын шығарады. Наурыз – əзілқой ай, жылатады да, күлдіреді де», – деген сөз бар екен. Мұны да Жəрдем ағамыздың кітабынан оқыдық. Қазақша ауа райын болжауға мəн берсек, наурыз айының ортасында ауа райы қандай болса, жаз бойы сондай болады екен. «Жылы жел ессе – жаз қолайлы, жел арқадан соғып, салқындаса – жаз қоңырсалқын, жаңбыр жауса – бүкіл жаз жаңбырлы», – деп жазыпты Ж.Кейкін.

«Көктемнің шуағы мол да, мерзімі қысқа» дейді екен. Бұл да рас сөз. Қазір күн шақырайып, күндіз ысып кеткендей болғанымен, ертелі-кеш кəдімгідей ызғар байқалады. Наурыздың орта шені мен соңына таман өкпек жел соғып, қар күрт еріп, лайсаң тартатын шақты «Аласапыран» деп атайды екен. Ал дəл қазір – бесқонақ. Наурыздың 17-сінен (кібісе жылы 16-сынан) 21-іне дейінгі аралық – бесқонақ. Ал наурыздың соңындағы 5-10 күндік жауын-шашынның «Бес тоғыстың бет жуары» деп аталатынын біле жүрейік.

Бетті дайындаған Жұлдыз ƏБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз