Елімізде Олимпиада чемпиондары аса көп емес. Оның арасында аруларымыз тіптен некен-саяқ. Жалпы, тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде қыздардан екеуі ғана 4 жылда бір өтетін додада оза шапқан екен. Бір қызығы – екеуі де бір спорттан. Тіптен, есімдері де бірдей. Оның біреуі Ольга Шишигина болса, екіншісі – Ольга Рыпакова.

Біз алғашқысына тоқталмақпыз.Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, Ольга Шишигина осыдан 3 ай бұрын мерейлі 50 жасқа толды. Оның Олимпиада чемпионы атанғанына 20 жылға жақындап қалды. Бүгінде ол – Мәжіліс депутаты. Стадионды Парламенттің палатасына ауыстырған.

Көптеген чемпионды спорт секцияларына ата-анасы ертіп апарады, енді бірі мектепте жүргенде мамандардың көзіне түседі. Ал Ольга спортпен айналысуды өзі қалаған екен.

Мектепте оқып жүргенімде дене шынықтыру сабағына жүгіруге үйрететін жаттықтырушы келді. Оның көзі бірден маған түсті. Гимнастика, акробатика спортының өкілдері маған назар аудармайтыны түсінікті, суға жүзетіндер мен секірушілер де қызықпаушы еді. Бірақ жүгіруге менің дене тұрқым өте сай келді. Сол күні үйге жеткенше өзімді бақытты сезіндім. «Мама, мені спортқа қабылдады» деп қуанышымды жеткізе алмай әлекпін. «Егер солай шешсең, соңына дейін баруың керек», – деп ақылын қосты. Осыдан бастап, менің өмірім күрт өзгерді. Бапкер бірден мені «кішкентай танк» деп атады. Мектептен келемін, бірден түскі асымды ішіп, үй тапсырмасын орындап тастаймын. Сосын жаттығуға асығатынмын. Күнделікті өмірім осылай өтіп жатты. «Мама, бүгін жаттығуға бармаймын» деген кездер де болды. Алайда, ол менің босаңсуыма жол берген жоқ.

Ольга қатаң тәртіпте өскен. Ата-анасы бапкерінен де қатаң қадағалаған. Үйге міндетті түрде кешкі сағат оннан кешікпеу керек. Туған күн, дискотека, автобус кешігіп қалды деген сылтаулар ол үйде жарамайтын. Сондай тәртіптің арқасында ол осындай жетістікке қол жеткізді.

Алғашқы ең ірі жетістігіне 17 жасында қол жеткізді. 1985 жылы бірінші бүкілодақтық жасөспірімдер ойынында топ жарған. Осыдан кейін өз-өзіне деген сенімі артқан көрінеді.

– Еліміз тәуелсіздік алған соң, Қазақстан алғаш рет 1994 жылы жазғы Азия ойындарына қатысты. Мен Жапонияда тағы бірінші орынды жеңіп алдым. Осыдан кейін үлкен спорттағы жолым ашылды. Армандарым жүзеге аса бастады.

Әлемдік аренада Шишигинаның есімі алғаш рет 1995 жылы жарқ ете қалды. Швецияның Гетеборг қаласында өткен әлем чемпионатында ол 100 метрге жүгіруден күміс жүлдені жеңіп алды. Осыдан кейін Атлантада өтетін Олимпиада ойындарында елімізге жүлде әкеледі деген спортшылардың бірі саналды. Бірақ жағдай аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Ольга допинг қолданды деп екі жылға спорттан шеттетілді. Оның қанынан станозолол табылды. Дегенмен, «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында допингке жоламағанын айтыпты.

– Кiнәм болған жоқ. Мен айыпталған жылдары тiптi аспирин iшуге де тыйым салынған болатын. Кәдiмгi сусындар құрамындағы заттар да ағзамызға түсiп кетуiнен сақтанып жүретiнбiз. Менi 1995 жылдың соңында айыптады. Бұл мен үшiн күтпеген жаңалық болды. Өкiнiштiсi, менiң допинг қолданбағанымды айтып, ешкiм ара түсе алған жоқ. Ол кезде елiмiзде халықаралық дәрежеде құқымызды қорғайтын спорт адвокаты да болған жоқ. Екi жылды босқа жоғалттым. Атланта Олимпиадасы таяп қалған едi. Егер менi ақтап алған болса, Атлантада Қазақстан қоржынына тағы бiр медаль түсетiнi күмәнсiз едi. Өйткенi, мен сол жылдың қорытындысы бойынша өз қашықтығым бойынша  көшбасшылар қатарында болатынмын.

Сол кезде АҚШ-тағы төртжылдықтың басты додасына жолы түскенде жеңіске жететініне сенімді болыпты. Өйткені ол тұста 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Шишигинаның көрсеткіштері тәп-тәуір еді.

Соған қарамастан, өмірде әділеттіктің барына көзінді жеткізуге болады. Атлантаға бара алмағанымен, Сиднейде оның жолы болды. Жай ғана жүлдегерлер қатарына кіріп қоймай, алтыннан алқа тақты. Тіпті, басты қарсыласы саналған америкалық желаяқ Гейл Диверс жартылай финалда сүрініп қалды. Құдайдың өзі оған көмектескендей болды. Сөйтіп,  Олимпиада тұғырының ең жоғары сатысына көтерілген алғашқы қазақстандық әйел спортшы атанды.

– Мәреге жеткенде ғана өзімнің чемпион атанғанымды түсіндім. Гейл Диверс жарыстан шығып қалған соң, бас жүлдеге үміткер үшеу қалды. Олар – нигериялық  Глория Алози, тағы бір америкалық  Мелисса Морис және мен болатынмын. Үшеуіміздің көрсеткішіміз жобалас болатын. Бұл жерде кім стартты жақсы бастайды, соған да көп нәрсе байланысты еді. Ең қиыны – бірінші кедергіні оңай секіру. Бұл психологиялық тұрғыдан өте маңызды. Егер басында сенімділікті жоғалтсаң, мұндай қысқа қашықтықта топ жару қиын. Финалда менің жүйкем басқаларға қарағанда қалыпты болып шықты. Арада бірнеше секунд өткенде, Қазақстан туын ұстап стадионды жүгірдім. Бұл менің өмірімдегі ұмтылмас сәт. Бұдан кейін Олимпиадаға қатыспайтынымды түсіндім. Спорттық карьерамдағы жалғыз және алғашқы Олимпиадамда осындай толағай табысқа қол жеткіздім. Былайша айтқанда, сәттілік менің жағымда болды. Оның үстіне, Сиднейде өзімді Олимпиада жүлдесін алуға лайықты екенімді дәлелдегендей болдым. Оның алдында Атлантада мені қалай ысырып тастағандарын жақсы білемін ғой. Мен осы жеңіске өмірімді арнадым.

Спорттық карьерасын аяқтаған соң, әртүрлі жерде жұмыс істеді. Спорт және туризм академиясында оқытушылық қызмет атқарды. Тіпті, біздің әріптес болып, телеарналардың бірінде спорттық бағдарламаны жүргізді. Ал бүгінде депутат.

«Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада кедергілер арқылы жүгіру деген сайыс бар. Біздің кейіпкер өз дәуірінде осы жарыс түрінен теңдесіз болды. Спорттағы кедергілерді жеңген Шишигина бүгінгі таңда қандай кедергілерге тап болып жүр екен деген сауал тастадық.

– Бейнелеп айтатын болсам, лауазымды шенеуніктермен кездескенде кедергіге көп тап боламыз. Өйткені оларға депутат ретінде сауалнама жолдайсың. Олар жауап қайтарудан қашқақтайды. Сосын ешқандай мәселені шешпейді. Бәлкім, бұл ғаламдық проблема шығар. Шындыққа жеткісі келген адамның бәрінде кездеседі деп ойлаймын.

Ольга үшін достықтың маңызы зор. Парламент депутатымын деп кеудесін керіп, кісімсіп қалатындардың қатарынан емес. Өзінің айтуынша, жағымпаздықты жек көреді екен.

– Достарым үшін қашанда сол баяғы қарапайым, көңілді, ашық мінезді Ольга болып қала беремін. Олардың да маған деген көзқарасының немесе қарым-қатынасының өзгергенін қаламаймын. Олар мені осы күйімде қабылдайды. Олимпиада чемпионы атанғанымда да, депутат болғанымда да арамызға іріткі түскен емес. Бұдан кейін де солай болып қала береді деген ойдамын. Бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз талай жылдардың сынағынан өтті. Сол себепті олар мені сынамайтынына, керісінше, менің әрбір жеңісіме шынайы қуанатынына әбден көзім жеткен. Арамыздағы бұл сенімге ешбір мандат, ешбір атақ, ешбір байлық дақ түсіре алмайды. Ешқандай таныстарымның тарапынан көреалмаушылық, өзге де құйтырқы әрекеттер байқаған жоқпын. Бұған дейін мені Ольга деп атайтындарға Ольга болып қала бергім келеді. Өз басым жағымпаздықты жек көремін.

Оны елдегі спорттың дамуы алаңдатады. Әсіресе, өзің әлемге танытқан, халықтың қошеметіне бөлеген жеңіл атлетиканың тағдыры мазалайды. Мәселенің тереңде екенін де жақсы түсінеді. Шишигина, Рыпакова секілді таланттар еліміздің әрбір түкпірінде жүруі мүмкін. Бірақ оны көре білетін маман, баласының қабілетінің бар екенін түсінетін, демеу беретін ата-ана керек. Сондай-ақ спорттық инфрақұрылым аса маңызды рөл атқарады. Ол енді жергілікті шенеуніктердің атқаратын шаруасы екені айтпаса да түсінікті шығар.

– Жеңіл атлетика спорттың коммерциялық түріне жатпайды. Кейбір спорт түрлеріндегідей, жеңіл атлетика арқылы уыстап табыс табуға мүмкіндік жоқ. Спортты бизнес көзіне айналдырғандар стадиондар салып, шығындалғысы келмейді. Оның үстіне, жергілікті әкімшіліктер спорт алаңдарын салар кезде мамандармен ақылдаспайды. Жеңіл атлетикаға арналған спорт шеңберінің стандартқа сай ұзындығы 200 м болса, біздің елдегі спорттық шеңберлердің ұзындығы не асып кетеді, не кем болып қалады.Мысалы, Астанада – 213 м, Шымкентте – 197 м. Мұндай олқылықтардан кейін біз қалай Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейміз? – деп күйінеді.

Шишигина – Олимпиада чемпионы, Мәжіліс депутаты ғана емес, сүйікті жар, бақытты ана да. Күйеуі Дмитрий екеуі Виталий есімді ұл тәрбиелеп отыр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз