Таразда кəсіби бет əрлеумен айналысатын мектеп оқушысы 9 жасар бұрымды қыз қазірдің өзінде бірнеше жанның бетін әрлеп, алғысына бөленіп үлгерген. Сабақ пен түрлі үйірмеге қатысатын Ақниет бұл істі хобби ретінде жанына серік қылып жүр.

Ақниет САПАРБАЙ, бет əрлеуші:

– Қазір 4-сыныпта оқимын. Осы қысқы демалысымды тиімді пайдаланып, кəсіби бет əрлеуші Алтынай Əбдунасырдан сабақ алдым. Кəсіби түрде адамдарды қалай бояндыру керек екенін үйрендім. Бет əрлеу қатты ұнайды. Анам мен əпкемнің боянатын құралдары, қалай қолданатыны маған үнемі қызық болатын. Сондықтан осы қысқы демалысымды бос өткізбедім десем де болады. Болашақта əлем деңгейіндегі бет əрлеуші болсам деймін.

Мектеп оқушысы бола тұра барлығына үлгеретін Ақниет Сапарбай əлеуметтік
желіде белсенді. Оқырмандарының сұранысы бойынша ол түрлі блогтарды түсіріп, көрермен көзайымына айналып үлгерген. Бір емес, бірнеше істі қатар алып жүру оңай емес дейді. Кішкентай болса да, əпкелеріне айтар кеңесі бар:

– Қыздар табиғатынан сұлу. Тек əр қыз сол сұлулығын күте білуі керек. Бетке күтім жасаса, табиғи сұлулығын сақтап қала алады. Бұл – бет əрлеу сəтінде ұстазымның берген кеңесі. Шектен тыс бояну беттегі əжімді көбейтеді. Терінің сезімталдығын жояды. Табиғи сұлулыққа жетпейді.

Ақниет бет əрлеуден бөлек, тəтті бəліштерді де пісіре алады. «Қолымнан барлығы келеді. Маған бағыт-бағдар берсе болғаны», – дейді мектеп оқушысы. Ал бет əрлеуде бояуды дұрыс таңдау қажет екенін айтады:

– Бет əрлеуде адамның бет əлпеті қандай екенін жəне оны қалай дұрыс бояу керегін ескеру қажет. Маған өзін толық бояндыруды сеніп тапсырған жандар бар. Тəжірибе барысында анам, жеңгем, əпкелерімді бояндырдым. Тіпті оқу барысында бейтаныс жанның да бетін əрлеп бергенім бар. Жұмысым ұнады.

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Тараз қаласы

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз