Қазір университет, мектептерде ІТ кабинеттері мен робототехника үйірмелері
жұмыс істейді. Барлығы бірдей жаңалық ашпаса да, робот құрастыру негіздерін меңгеріп, негізгі қағидаларын үйренеді. Түрлі олимпиадаларға қатысып, тың жоба бастап, өздері жасаған жаңа роботқа патент алып жатқандар да бар. Солардың бірі – Алматы технологиялық университетіндегі Robolab командасы.

Robolab студенттік оқу зертханасы 2016 жылы 14 ақпанда студенттердің бастамасымен құрылған. Ол кезде университетте арнайы робототехника мамандығы да, пəні де, кабинеті де болмаған екен. Жастардың қызығушылығын қанағаттандыру мақсатында үйірме болып ашылған Robolab үш жылдың ішінде көптеген жетістікке қол жеткізіп, өздерінің өнімдерін шығарып та үлгерген. Бұл туралы толығырақ Robolab студенттік оқу зертханасының жетекшісі Нұржан ЖҰМАХАН айтып берді.

Ұлан: Robolab командасында қанша студент бар? Олар қандай мамандықта оқып жатыр?

Нұржан Бейбітұлы: Алғашында командада 5 жігіт болған. Олардың кейбірі оқуын аяқтап, өз саласында қызмет атқарып жүр. Қазір командада он адам бар. Олар əртүрлі мамандықта, əртүрлі курста оқиды. Жыл сайын Robolab командасына қосылуға мүдделі студенттер арасында екі кезеңнен тұратын іріктеу жасаймыз. Университетте арнайы робототехника мамандығы болмағандықтан, негізгі құрам инженер жəне ақпараттық технологиялар факультетіндегі мамандықтарда оқитын студенттерден құралған. Атап айтсақ, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру жəне басқару, технологиялық машина жабдықтары мамандығының студенттері бар. Сондайақ, іріктеуден өткендердің қатарында жеңіл өнеркəсіп, тамақ өнеркəсібі мамандықтарында оқитын студенттер де бар. Командада тек жігіттер немесе тек техникалық мамандықтың студенттері болуы керек деген қатып қалған қағида жоқ. Қатарымызда робот жасайтын қыз да бар.

Ұлан: Алматы технологиялық университетінде робототехника мамандығы мен пəні оқытылмай- тынын айттыңыз. Алайда, бұл қазіргі таңда ең қажет, ең өзекті мəселе. Университет қабырғасына осындай пəн енгізу жоспарда бар ма? Əлде үйірменің жұмысы сұранысты қанағаттандыра ала ма?

Нұржан Бейбітұлы: Қазір білім беру бағдарламасына оқыту жобасын дайындап жатырмыз. Ақпараттық жүйелер мамандығының базалық білім беру жүйесіне «Автоматтандыру жəне робототехника» пəнін енгізу жоспарда бар. Алдағы оқу жылында ұсынысымыз мақұлданып жатса, құба-құп болар еді.

Ұлан: Команданың құрылғанына үш жыл болды. Үш жылда қандай роботтар мен жобалар жасадыңдар?

Нұржан Бейбітұлы: Ең алғашқы жобамыз – «I waiter» деп аталатын даяшы робот. Мұндай даяшы-роботтардың əлемде аналогы көп. Біздің роботтың ерекшелігі – қазақ тілін білуінде. Даяшы-робот келушілерге ас мəзірін ұсынып, тапсырыс қабылдай алады, сөйлей алады, келушілерді күтіп алып, шығарып салады. Қоғамдық орындар мен саябақтарда жол сілтейтін қабілетке ие. Екінші жобамыз BottleBox деп аталады. Бұл робот қаладағы қоқыс мəселесін шешуге арналған. BottleBox бос құтыны жинау арқылы қолданушыға ақы төлейді. Босаған полиэтилен құтыны далаға тастамай, BottleBox-қа өткізген қолданушыға сыйақы беріледі.

Біздің команда жасаған тағы бір жоба – AntiFire. Аты айтып тұрғандай, өртке қарсы аппарат. Зерттеулер бойынша, елімізде əрбір 12 үйдің тек екеуінде ғана өрт қауіпсіздігіне сай жабдық бар. Соңғы кезде өрт апатынан болған келеңсіз оқиғалар көбейіп кетті. Бұл тек халықтың бейқамдығына ғана емес, өрт қауіпсіздігіне сай жабдықтардың жетіспеуіне де байланысты. Біз қолданып жүрген өнімдердің көпшілігі шетелден əкелінетіндіктен, бағасы қымбат жəне жергілікті жерге икемделмеген. Олардың көпшілігінде тек түтін датчигі болады. Оған күйіктің, темекінің түтіні де əсер етеді. Ал біз жасаған AntiFire роботында газ, түтін жəне өрт датчиктері бар. Сондай-ақ, Easy Bot деген білім беру бағытында жасалған роботымыз бар.

Ұлан: Қазір қандай робот жасап жатырсыңдар?

Нұржан Бейбітұлы: Соңғы жасаған жобамыз – Clean Robot. Тазалаушы робот. Биік ғимараттардың əйнектерін жуып-тазалауға арналған. Бұл қызмет адамдардың өміріне қауіп төндіретін болғандықтан, оны роботпен алмастырған пайдалы деп ойладық. Роботтардың негізгі міндеті де сол ғой, адамдарға физикалық ауырлық салатын немесе адамдар атқара алмайтын қызметтерді атқару. Жақында осы роботқа патент алу үшін өтініш бердік. Əлемде көптеген тазалағыш роботтар бар. Бірақ біз Clean Robot-тың функцияларын толықтырып, өзімізге қажет міндеттермен толықтырдық. Clean Robot тек тазалаушы ғана емес, түрлі тазалағыш сұйықтармен, сүрткіштермен жабдықталған.

Ұлан: Бұл роботтар өндірісте қолданыла ма?

Нұржан Бейбітұлы: Robolab студенттік оқу зертханасы болғандықтан, жобаларымыздың көпшілігі білім беру бағытында немесе əлеуметтік жобалар негізінде жасалады. Өндірістік роботтарды тек арнайы тапсырыспен орындаймыз. Бізге көбінесе роботтың жобасын жасау үшін жүгінеді. Өзіміз жасаған роботтарды тəжірибе ретінде университет қабырғасында қолданамыз.

Ұлан: Қазір робототехника саласы бойынша түрлі байқаулар мен олимпиадалар көп қой. Robolab командасы қандай байқауларға қатысты?

Нұржан Бейбітұлы: «Робофабрика» байқауында, Ресейдің Сочи қаласында өткен
«ІТ планета» байқауында, қаладағы «Хакатон» байқауында, университеттегі «Start-up жобалар» байқауында, «Робокон» атты робототехниканың тұңғыш чемпионатында жүлделі орындарға ие болдық. Жақында өтетін «Робокон» байқауына Black Jack («Қара Джек») роботын дайындап жатырмыз.

Ұлан: Қоғамда роботтандыру жүйесіне деген сенімсіздік пен қорқыныш басым. Барлық құндылықты автоматтандырудың зияны бола ма? Команда бұл туралы
не ойлайды?

Нұржан Бейбітұлы: Иə, адамдар роботтар бізді басқарып кете ме деп алаңдайды.
Жұмыссыздық мəселесінің бір ұшы да осы роботтарға келіп тіреледі. Бірақ, əлемдік тəжірибеге сүйенсек, роботтардың қоғамға еш зияны жоқ. Қазақстан үшін қазір ең басты құндылық – адам өмірі. Ал роботтар адамдардың өміріне қауіп төндіретін істермен айналысады. Қазақстанда роботтар тек өндіріс, қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ал басқа дамыған елдерде, тіпті, басқару қызметін де атқарып жүр. Сондықтан біздің елге роботтардан келетін зиян əзірге жоқ.

Ұлан: Қазақстанда қай саланы автоматтандыру қажет деп ойлайсыңдар?

Нұржан Бейбітұлы: Өндіріс жəне өңдеуші сала Қазақстанның негізгі экономикалық аймағы. Сондықтан, осы салаларда роботтардың еңбек күші жоғары бағаланады. Металлургия, машина жасау өнеркəсібінде де маңызды рөлге ие. Роботтар аз күш, энергия, уақыт жұмсау арқылы көп, сапалы өнім алуға көмектеседі. Сондай-ақ, медицина саласына енгізсек, берер көмегі көп болар еді. Əлемдік аренада Қазақстан ауыл шаруашылығымен де танымал. Осы салада да роботтандыру жүйесін енгізуге болады.

P.S. Robolab командасымен болған сұқбатта түрлі идеялар мен талқылаулар көп болды. ІТ жəне инновация туралы жиі жазып жүргеніммен, əр кейіпкермен кездескен сайын білмейтінімнің көп екенін түсінем. Айтпақшы, газетіміздің келесі санында Robolab командасындағы робот жасаушы қыз Альфия туралы жазатын
боламыз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз