Достар, уəде еткенімдей, Мүсіреповтің музейін де араладым. Жарты сағат пəтерді таба алмай жүрдім. Тіпті қонақүйге де кіріп кетіппін. Мұқанов музейіндегі апайым Ғабиттің музейінің есігінің алдына апарды. Бір жерді айналып, «көрместің» кейпінде жүріппін. Алған əсерімді қаз-қалпында жазып шықтым.

Мектепте оқығанда Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Кездеспей кеткен бір бейне» романдарын оқып, ана мен бала бейнесін жасаған, қазақ драматургиясы мен киносына ерең еңбек сіңірген жазушының музейін көруіне ынтық болдым. Ғабең пəтерінің музейге айналғаны болмаса, бұл үйде əлі күнге дейін тұрғындар тұрып жатыр. Үй қабырғасында осындай тақтайша тұр. Белгілі жазушы, сыншы Зейнолла Қабдоловтың: «Ғ.Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы əлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!» – деген сөзі аңыз болып таралды.

Бала Ғабде–əл Ғабит қандай еді?

Ғ.Мүсірепов 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ғабиттің діни сауаты бар шаңырақта тəрбиеленгенін Сəбит Мұқановтың естелігінен біле аламыз. Нақты деректерге сүйенсек, Кəжімбайдан: Мақмет (Махмұт), Ақан, Мақан, Самырат туған. Мақметті (Ғабиттің əкесі) Мүсіреп бауырына салады да, Кəжімбайға енші бергенде, алып қалады. Мақмет сол үйде өсіп, сол үйде үйленіп, сол үйден енші алып шығады. Мақметтің əйелі – Дина, Шекті руында (Арғынның бір бұтағы) Оңғарбай деген кісінің қызы екен. Мақмет мұсылманша сауаты бар, кітап, газеттерді қарап отыратын, ақылды, парасатты кісі еді. Оның бір сайлауда ауылдық старшын болғаны да бар. Дина – үлкенге келін, кішіге жеңге, жастарға шеше боп жаққан, мінезі биязы, пейілі кең, асы дəмді, абысын-ажын арасында ұйымшыл, ақылды кісі болған. Дина апай Сəбиттің кіндік шешесі. Жазушының азан шақырып қойған атының «Ғабде–əл Ғабит» екенін де Сəбең жазған.
Ғ.Мүсіреповтің Алматыдағы 1968-1985 жылдары тұрған үйінде (қазіргі Қарасай батыр көшесі, 49-үй, 25-пəтер) музей ашу ісі 1986-1987 жылдары қолға алынып, 1991 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйдегі музей-пəтер Қазақстан Орталық музейінің бөлімі ретінде халыққа қызмет көрсете бастады. Музейдің алғашқы ұйымдастырушыларының қатарында Нəзира Қожахметқызы мен Энгелина Ғабитқызы Мүсірепова болды. Ал 1999 жылы Алматыдағы С.Мұқановтың музей-үйі мен Ғ.Мүсіреповтің музей-үйі əкімшілік басқару жағынан біріктіріліп, музей кешені аталды. Бірақ үйлері екі бөлек тұр. Ғ.Мүсіреповтің музей-үйінде əдеби зал жəне екі мемориалдық бөлме бар. Сол бөлмелердің бірі – жазушының жұмыс жəне демалатын бөлмесі. Музейдегі экспонаттар, жиһаз-мүліктер, кітап-қолжазбалар, сыйлықтар мен əртүрлі құжаттар, тұтынған заттары күні бүгінге дейін сақтаулы. Бұл үйде Ғабең өмірінің соңына дейін тұрды. Музейде төрт мыңнан астам жəдігер бар. Ал Сəбеңнің музейінде сегіз мыңнан астам жəдігер бар. Ғабең заттарына мұқият болмаған. Жазған-сызғанын жинап-теруге көңіл бөлмеген. Əдеби бөлім жазушының өмірбаяндық жəне шығармашылық жолын қатар қамтиды. Ғабеңнің анасы Динаның, ағасы Хамиттің, інілері Баязит пен Əшімнің, қарындасы Гүлсімнің фотосуреттері бар. Əкесінің фотосы ғана сақталмапты. Ағасы Хамиттың ұлы Екпін немере ағасы туралы былай дейді: «Ағам шағын денелі, көп сөйлемейтін, арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мəсі тігетін, қамшы өретін, аз уақыт ауыл старшыны ретінде атқамінер болған кісі еді. Кескін жағынан оған ұқсайтыны – менің əкем, ал Ғабит шешесіне көбірек ұқсайды, əсіресе, ашу қысқанда, бірдеңеге ренжігенде кескіні ақсұрланып кететін еді».
Ғ.Мүсіреповтің алғашқы туындылары – «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы». Екеуі де 1928 жылы жеке-жеке кітап болып жарық көрген. Кітаптар өте ескі, оны көнерген мұқабаларынан-ақ көруге болады. Ал атақты «Ұлпан» романын жазу үшін 40 жыл ойланған.
Қолжазбасын қарындашпен жазған
Жазушының таяқ жасайтын хоббиі болған. Жазудан босағанда таяқ жонған. Жүрген жерінде талдың бұтағын кестіріп алған. Солардың біразы экспозицияда тұр. Ғабең оттық, портсигар, автоқалам, қарындаш секілді дүниелерді жинауға əуес болған. Кейін қызыққан адамға сыйлай салған. Таяқтарын да қалаған адамына сыйға берген. Музейге келушілердің көбі Ғабеңнің қолжазбасын көргілері келеді екен. Ертеде жазған шығармаларының қолжазбалары мүлде сақталмаған. Соңғы жазған «Жат қолында» деген романының қолжазбасы бар.
Ғабеңнің хоббиі – бильярд ойнау. Əлі күнге дейін Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық турнир ұйымдастырылып тұрады. Бір ғана кийі сақталған. Жазушы қарындаштарды жазуға пайдаланған. Тазалыққа жаны құмар жазушы жазуды қарындашпен жазған.
Қате кеткен жерін өшіріп отырған. Соның арқасында қолжазбаларын бір-ақ рет жазған. Қарындаштардың түр-түрі əлі күнге дейін сақталған. Ғабеңнің жазу үстелінен де тиянақтылық байқалады. Екі орындыққа алмасып отырып жазған. Жеке кітапханасында екі мыңға жуық кітап қоры болған. Өзге жазушыларға қарағанда шағын көрінуі мүмкін. Алайда, олай емес.
Жазушының мыңдаған кітабы болған. Бірақ өзі оқыған мектепке мыңға жуық кітабын сыйлапты. Ал қалған кітаптарының арасында қазақ жазушыларының еңбектерімен қатар, Шекспир, Марк Твен, Оноре де Бальзак, Гете секілді əлем классиктерінің де кітабы болыпты. Домбыра да жазушының серігі болған. Жазу үстелін арнайы тапсырыспен жасатқан.
Ғабеңнің хұсниі
Музейде сырт киімдер мен костюмдер, жейделер жəне галстуктер бар. Италиядан əкелінген туфлиі сақтаулы тұр. Бұдан жазушының сəнқой болғанын аңғаруға болады. Тазалығына жары Хұсни жауапты болған. Шалбарына əтір сеуіп үтіктейді екен. Ыдыс жинайтын сөрені 1968 жылы О.Сүлейменовке «Волга» автокөлігін беріп айырбастап алған. Қонақ күтетін бөлмедегі сағатты Жазушылар одағының мүшелері сыйлаған. Бұл сағатты Ғабең ерекше жақсы көрген. Сағат тілі дəл Ғабеңнің жүрегі соғуды тоқтатқан уақытта тоқтаған. Əлі күнге дейін бір ғана уақытты көрсетіп тұр.
Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі
«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз