14 наурыз – «Ұлан» газетінің туған күні. Биыл жарыққа шыға бастағанына тұп-тура 89 жыл. Дəл осы күні редакцияның ішінде мерекелік көңіл-күй сезіліп тұрады. Өйткені осы күні редакцияға «Ұланның» жас тілшілері құттықтап келеді. Дəстүрге айналған. Шақыртусыз келетін жас тілшілердің шынайы əңгімесі мен күлкісі редакцияны шат-шадыман етеді. Қызық-қызық естеліктерін, бір-бірінің бұрын жазған мақалаларын сөз етіп, өмірден алған сабақтарын да айтып сырласады.

Жас тілшілердің мерекесі қарсаңында бірнешеуінің естелігін жазып алған едік. Өйткені мектепте оқып жүрген балаға алдыңғы толқын аға-əпкелерінің қалай жас тілші болғаны қызық. «Ұлан» газеті дегенде ойыңа ең бірінші түсетін оқиғаң қандай?» Осы сұраққа жауап берген еді. Сауалды бəріңізге ортақ деп қабылдаңыздар. Іштей жауап беріп, еске алайықшы, оқырман. Қызықты болса, газетке жазып жіберіңіздер.

Думан СМАҚОВ, Factcheck.kz порталының редакторы:

«Жас тілшілер одағын құрамыз» деп…

«Ұлан» дегенде ең бірінші ойыма оралатыны – жас тілшілердің достығы. Біздің достығымыздай достық ешбір ортада жоқ шығар… Жас тілшілер бір-бірімізді жетістікке жетеледік, алға сүйреледік. Кішкентай жетістігімізді өзіміз таудай көріп, қуана білеміз. Əдебиетте, журналистикада кемшіліктеріміз болса, жанын ауыртпай жеткізе білдік. Бізбен қатар жас тілші атанғандар жиналып, туған күн жасайтынбыз. Қуанышымызға қуанып, қайғымызға мұңайдық. Өте ұйымшыл едік, əлі де сол ұйымшылдықтың жібі сетінеген жоқ. «Рухани əулет» дегенде (біз өзімізді солай атаймыз) көз алдыма энтузиаст жастар келеді. Өйткені біз оқушы кезде-ақ «Жас тілшілер одағын» құрамыз, оның əр облыста филиалы болады дегенбіз. Жазушылар одағын көріп, еліктегенбіз ғой (күліп). Одақтың президенті етіп Мейіржан Жылқыбайды, орынбасары етіп мені сайладық. Балнұр Қожагелді, Гүлдана Нұрлыханова сияқты жас тілшілер негізгі қызметкерлер болатын болған. «Жас тілшілер одағы» құрылғанда не істейді, не бітереді деген ой басымызға келмеген ғой. Қазір журналистикада фактчекинг бойынша маманмын. Оған достарым Мейіржан Жылқыбай мен Алпамыс Файзолланың үлесі зор. Солармен пікірлесу арқылы мотивация алдым. Рухани тұрғыда маған үнемі қолдау көрсеткен «жасөркендіктер». Əкем қайтқанда да демеу болды.

«Жас өркен» дегенде ойыма тағы түсетіні – жас тілшілер форумы. Біздің форумда ылғи жаңбыр жауады. Көктем, жаз, күз болсын. Бірде форум кезінде Таңшолпан Төлеген, Мейірман Ілес, Гүлдана Нұрлыханова сияқты бірқатар жас тілші президент саябағына бардық. Сол кезде ұлдар жағы бір-бір қызды көтеріп суретке түсу «мода» болды. Ең жақын достарыммен түскен сол суреттер əлі күнге сақтаулы. Жігіт пен қыз арасындағы бөтен ой арамызда болмады. Шынайы достық болды. Жас тілші болған қыздардың бəрі əдемі, ақылды. Бірақ соларға қыз ретінде қарай алмайсың. Бауырың сияқты. Өзімізден кейінгі «жасөркендіктерге» де бүйрегіміз бұрып тұрады. Солар қателесіп қалмаса деп тұрамыз. «Жас өркен» дегенде у-шу боп редакцияға келетін, кешке дейін бірге жүретін, тіпті туған-туысты ұмытып, тек бір-бірін іздеп жүретін жастар көз алдыма келеді. Сосын біздің арман-мақсаттарымыз бірдей болды. Бəріміз журналист болсақ дедік. Бəріміз биіктен көрінгіміз келді.

Шыны керек, маған əлі күнге дейін «ұландық» достарым ең жақын достар. Сондықтан «Ұлан» газетіне керемет достар тауып бергені үшін мың да бір алғыс айтамын. Біз үшін 14 наурыз – «Ұлан» газетінің туған күні дейтін ерекше күн. Газеттің ғұмырының ұзақ болуын тілейміз. «Ұлан» секілді балалар журналистикасы, балалар əдебиеті, балалар мотиваторы өлмеуі керек. Жаһандану заманында қазақ баласын рухани тұрғыда ұлттық тəрбие беретін бірден-бір құрал – «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» секілді балалар басылымы.

Назым САПАРОВА, ҚазҰУ студенті:

Газеттің әр санын көріп, өкіріп жылайтынмын

5-сыныптан бастап «Ұлан» газетін жаздырып алдым. Оған дейін «Балдырған» журналының оқырманы болдым. «Ұланның» əр нөмірін үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқитынмын. Бірақ жазуға бата алмадым. «Жазу қолымнан келмейді» деген қорқыныш болды. 9-сынып оқып жүргенде əлеуметтік желі арқылы Аят Асқарбекұлы деген баламен таныстым. Ол да журналист болғысы келеді екен. «Ұланға» мақала жазу үшін мына кісімен сөйлес» деп əлеуметтік желідегі Аслан Тілегенов ағайдың парақшасын берді. 4 ай бойы «Ұланға» мақала жолдап жүрдім. Бірақ ешбірі шықпады. Газеттің əр санын асыға күтем. Бірақ менің үмітім ақталмайды. Тағы жазғаным шықпайды. Отыра қалып жылаймын. Сөйтсем мен «Туған жер», «Ана» деген сияқты жаттанды тақырыптарды жазады екенмін. Бір күні Бразилияға барып футбол жаттығуына қатысқан сыныптасым туралы мақала жаздым. Көп күттірмей, жарқ етіп шыға қалды. Содан кейін мотивация пайда болды. Қызықты кейіпкерлер іздей бастадым. «Ұландық» болуыма жас тілші Аяттың ықпалы зор болды. Бастапқыда екеуміз бəсекелес болдық. «Кімнің мақаласы газетке көп шығады?» деп жарысатынбыз. Кейіннен жақсы дос болып кеттік. Аят болмаса, əліге дейін газетке мақала жазуға жүрексінер ме едім.

Кейде менен «Ұланға» əлі жазып жүрсің бе?», «Ұланнан» шаршамадың ба?» деп сұрайтындар бар. Керісінше, «Ұланға» мақала жазғым кеп тұрады. Қаншама балаға мотивация беретін кейіпкерлердің ойын жеткізгім келеді. Өйткені ауылдағы балалар көп жақсы дүниемен газет арқылы танысады. Мысалы, менің Алматыға оқуға түсуіме «Ұлан» əсер етті. Жас тілшілер форумына келгенде «Қалайда осы қалада оқимын» дедім. Алдыңғы буын жас тілшілерді көргенде «мен де «Жас өркен» деген рухани əулеттің мүшесіне айналам. «Ұланның» жанашыры боламын» деп серт бердім. ҰБТ-дан жоғары балл алу үшін газеттің маңдайшасындағы атауын қиып алып, сөреме жабыстырып қойдым. Əр көрген сайын жоғары балл алуға мотивация беріп, дайындала түсетінмін.

Мейірман ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ, baribar.kz порталының тілшісі:

Қазіргі достарымның көбін газет арқылы таптым

«Ұлан» дегенде балалық шағым еске түседі. Газеттің əр нөмірін асыға күтетінмін. Мен тұратын ауылда пошта бөлімшесі болған жоқ. Ауыл адамдарына келген хат, олардың жазылған газет-журналдары көрші ауылдағы поштаға келеді. Оны ауылдағы пошташы апай аптасына екі немесе үш рет барып, алып келеді. Бірақ оны бірден таратпайды, үйінде біраз жатады. Ал мен сүйікті газетімді тезірек қолыма алып, ішіндегі мақалаларды оқығым келеді. Ондайда үйдің жұмысы жайына қалады. Газеттің бұрынғы сандарын ақтарып, өзімді алдарқатуға тырысамын. Алайда газеттің жаңа санын бəрібір көргім келіп тұрады. Пошташы апаймен бір көшеде тұрдық. Мен көшенің басында, ол ортасында тұрады. Аялдамадан түскен соң біздің үйдің алдынан өтеді. Көрші ауылдан келіп қалады-ау деген уақытта далаға шығып, күтіп отырамын. Кейде көлікпен үйіне дейін өтіп кетеді. Ерінбей үйіне барамын. Алғашқыда мазалап, жиі баратыныма ыңғайсызданатынмын. Сондайда «Бүгін «Ұлан» келмеді» деген сөзді естігенде көңіл-күйім түсіп кететін. Газетті осындай махаббатпен, ыстық ықыласпен оқыдым. Қазір де «Ұланды» осылай оқитын, күтетін оқырмандар бар ма деп ойлаймын. Кейін газетке мақала жаза бастадым. Алғаш ауылдағы əлеуметтік мəселелер туралы мақалам жарық көрді. Жақында сол мақаланы қайтадан оқып, ауылда көп нəрсе өзгергенін байқадым. Газетте жазылған əртүрлі мақалаға пікір білдіріп, жиі хат жаздым. «Ұлан» мен «Ақ желкеннің» жас тілшісі болдым. Жас тілші куəлігі сол кезде мен үшін үлкен жетістік болды. Қазіргі достарымның көбін «Ұлан» арқылы таптым.

Дайындаған
Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз