Қыз бала болсам да, əшекей бұйымдарға қызықпайтынмын. Бірде жатақханадағы бөлмелес құрбым өте əдемі ободоктарды алып келді. Сатылатынын айтқанда дегбірім қашып, тезірек алғым келді. «Мынадай сұлу бұйымдар өте əдемі қыздың қолынан шыққан шығар?» дегенімде, құрбым мырс етіп күлді. Сөйтсем журналистика мамандығында 1-курс оқитын Елдос Əнкей деген жігіттің жасаған
туындысы екен. Таныс есім. Сүйікті ақыным Асылзат Арыстанбектің ұлы екенін кейіннен білдім.

Өлең жазатын қырынан да өзін таныта білді. Оқудың екінші жартысында ұстаздар жоғары курстағы бізге Елдостың мақалаларын əкеліп дауыстап оқытатын. Маржандай тізген сөздердің сауатты қолданысына қызығатынбыз. Елдосты көрген сайын «Асылзат Арыстанбектің ұлы» деп айтатынмын.
Кіп-кішкене шаһардан соңғы кезде оны көрмейтін болып кеттім. «Оқуын тастап кетіпті» дегенді ести сала, не үшін «дайын журналистің» мұндай əрекетке барғанын білуге құмарттым. Қысқа уақыт ішінде ұстаздарымыздың мақтанышына айналып үлгерген құрдасымның ой-қиялы бөлек екенін білдім. Ендеше, Елдостың əлеміне бірге саяхаттайық!

– Қолөнерге қызығушылығың қалай оянды?

– Бала кезімнен анамның қолына ине-жіп ұстап, түрлі бұйымдар тіккенін көріп өстім. Қасына отырғызып алып, мені де қолөнерге баулыды. Ине-жіпке бала кезден жақын болғасын қолөнердің басқа түріне қызықпай, осы ісімді дамытуды қолға алдым.

– Алғаш жасаған туындың есіңде ме? Ең бірінші бұйым жасағандағы əсерің қандай?

– Есімде жоқ, бірақ қазір қарасам күлкім келетіні сөзсіз (жымиды). Кеше жасаған дүнием сол күні мінсіз болып көрінгенмен, уақыт өте келе суреттерін қарасам біраз кемшілігін байқаймын. Бұл менің күннен-күнге жаңа да жақсы нəрселерді үйреніп, ілгерілеуімнің дəлелі шығар.

– Бисер-моншақпен жұмыс істеу шеберді асқан сабырлы болуға тəрбиелейді. Елдостың жұмыс барысындағы мінезі жеке өміріне қаншалықты əсер етеді?

– Қолөнер көп нəрсені үйретті. Табандылықты талап еткенмен, жұмыс барысында, керісінше, демаламын, миым тынығады. Өзгелерге көрсетпеуге тырысқаныммен, өмірімде бір кітапқа арқау боларлық оқиғалар өтті басымнан. Кездескен сынақтардан саспай өтуге септік болған сол төзімім деп білемін.

– Аксессуар – сұлулықты еселей түсуші қару. Əшекей дизайнын жасауда неге мəн бересің? Жас ерекшелігі рөл ойнай ма?

– Ер адам болғасын əйелдер талғамына сай аксессуар жасау қиын. Мектеп қабырғасында жүргенде сурет салу хоббиімнің бірі болатын. Əшекей жасауда да бала кезден дағдыға айналған дүниелердің көмегі зор. Бірінші кезекте сапаға мəн беремін. Аксессуар жасаумен айналысқалы жетіден жетпіс жасқа дейін тапсырыс берушілерім болды десем, өтірік айтпаймын. Əрқайсысының талғамынан шығатын туынды жасауға тырысып жүрмін. Əшекейлерін көргендегі клиенттің қуанышы менің маңдай терім мен уақытымның бағасын ақтайды.

– «Ер адам ине ұстамайды» деген стереотипті бұзуға не түрткі болды?

– Кез келген істің табандылыққа негізделетіні сөзсіз. Жасаған жұмысыңа көз майың, маңдай теріңмен қоса махаббатыңды да сарп етесің. Ал ер адамның да қолынан ине-жіп ұстап, іс тігу келетінін маған дейін де көптеген азаматтар дəлелдеп жүр. Берік Исмайылов, Наиль Байкучуков секілді қазіргі таңдағы танымал дизайнерлердің туындылары басқалардан бір саты жоғары тұрмаса, кем емес. Отандық дизайнерлерімізді айтпағанда, көптеген шетелдік танымал брендтердің де негізін қалаған ер адамдар. Мақсатым сол дизайнерлердің қатарынан табылу болғасын да шығар, біраз стереотиптер мен барьерлерді бұзуға тура келді.

– Қалыптасқан ой-пікірден тыс əрекет еткенде сыртқы қайшылықтармен қалай күресесің?

– «Жұрттан ұят болады» деген қазақтың қанына сіңген сөз ғой. Солай тəрбиелендік. Оқуды тастаймын дегенде ата-анам қарсы болды. Əке-шеше үшін баласының жақсы жерде, жақсы мамандықта оқып жүргені мақтаныш, туған-туыстың алдында абырой. Бірақ оқу бітіргеннен кейін қолымдағы дипломмен ата-анамның жағдайын жасай алам ба, оларды жақсы жерлерге қыдыртып, қалағандарын орындауға, перзенттік парызымды өтеуге жағдайым жете ме деген сұраққа студент болып жүргенде жауап беруге қиналдым. Осы жəне өзге де факторларды мысал ете отырып, ата-анамның алдынан өттім. «Сенікі дұрыс емес» дегендерін тыңдаған жоқпын. «Өзім білемге» салынды дерсіз. Бірақ өзімнің алдымдағы мақсатты айқын көріп тұрған мен үшін басқалардың сөзі маңызды болмады, болмайды да. Мені түсінетін, шешімдерімді дұрыс дейтін адам іздемеймін. Ал маған пікірі қайшы адамдар іздемесем де бар.

– «Елдос дайын журналист» деген пікірді ұстаздар тарапынан жиі еститінбіз.
Бірінші курстан соң оқуды тастап кетуіңе не себеп?

– Жоғары оқу орнындағы бір жылдың ішінде ұстаздарыма да, қатарластарыма да
журналистикаға деген қабілетімді таныта алғаныма қуаныштымын. Бірақ
болашағымды бұл саламен байланыстыра алмағасын 1-курстан кейін оқудан шығуға бел будым. Бұл шешіміме менен болашақ журналистің айқын бейнесін көрген ұстаздарым да, ата-анам да қарсы болды. Жоғарыда айтып өткен мақсатқа жету жолында кездескен алғашқы кедергілер сол болды.

– Алдағы уақытта қандай да бір оқу орнының дипломын алу ойыңда бар ма? Сенің түсінігіңде дипломның рөлі қандай?

– Жоғары оқу орнына қайтадан түсу жоспарымда жоқ. Себебі дипломды қажет
етпедім. Бала кезінен дəрігер, мұғалім немесе журналист, полиция қызметкері болсам деп армандағандар бар. Сол секілді мемлекетіміз үшін маңызы зор мамандық иесі болғысы келетін əр адамға жоғары білім, диплом керек. Кішкентайымда қандай да бір мамандық иесі болам деп армандамаппын. Журналистикаға ебім болғанмен, университетке өз қалауыммен түскен жоқпын. Қазір дипломсыз жұмыс жоқ дейтін заман емес.

– Ата-ананың қалауымен оқыған Елдос пен өз мақсатын орындаған Елдостың
айырмашылығы қандай?

– Жоғарыда айтып кеткендей, қабылданған шешімдерге өкінбеймін. Екі түрлі жағдайды салыстырсам, өз қалауымен жүріп келе жатқан Елдостың бейнесі мен болашағы айқын көрінеді, екіншісі бұлыңғырлау секілді. Алда не болатынын білмеймін. Бірақ шешімімнің дұрыстығын дəлелдей алмай қаламын ба деп қатты қорқамын. Ол менің сенімсіздігімнен емес, əрине. «Менікі дұрыс», «оқуды тастаңдар», «өз қалауларыңмен жүріңдер» деп үгіттемеймін. Болашақта кім өзін қалай көргісі келеді, соған қазірден жұмыс істегені дұрыс.

– ANK аксессуарларын бренд ретінде қалыптастыру жолындасың. Кəсіп бастағалы өкінген тұсың болды ма?

– Өзімді толыққанды кəсіпкермін деп есептеймін. Бірақ жақын уақытқа қойылған
бірнеше жемісті жоспар бар. Кəсіп бастағалы неге ертерек бастамадым деп өкінген шығармын. Басқасына өкінбеймін. Мүмкіндік болса, тігін тігуді екі-үш жылдан кейін доғарсам деймін. Бірақ өзім айналыспасам да, осы саланың ауқымын кеңейткім келеді. Қазірдің өзінде жалғыз көп нəрсеге үлгермеймін. Алдағы уақытта шəкірт тəрбиелеп, білгенімді үйретсем, ANK жобасы бренд ретінде елімізге танылып жатса, оны білікті адамның қолына тапсырсам деген жоспар бар. Болашақта миллиардтаған қаражаты айналымда жүретін кəсіпкер болмасам да, өзім мен отбасымның қажетін қанағаттандыра алатын жағдайымның болғанын қалаймын. Ал Қазақстанға, қала берді əлемге əйгілі адам болу əркімнің де арманы ғой, ол маған комфорт сыйламайды.

– Мақсатыңа жетуіңе тілектеспін. Алдағы өмірің мен жұмысыңа табыс тілеймін!

P.S. Қазір əлеуметтік желіден Асылзат Арыстанбектің жазбасын не өлеңін оқып қалсам, «Елдостың анасы ғой» деймін. Əрине, Елдостың оқуды тастап кеткенін құптамаймын. Себебі одан қаламы қарымды журналист, майталман айтыскер,
дарынды ақын шығуы бек мүмкін еді. Ол өз қалауын орындау жолында кілт қадам жасай білді. Ол талғамын, сырын инесі арқылы шығаруды таңдады. Оның əр бұйымында бисер не моншақтың композициясы ғана емес, ісіне деген адалдық пен сүйіспеншіліктің таңбасы бар. «Ұландық» досым, ал сен жолыңды айқындадың ба?

Балерке ƏСІЛХАН, ХҚТУ-дың студенті.
Түркістан қаласы

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз