Жансая Мұхтарқызы Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасында оқиды. Мамандығы – журналист. Жансая кішкентай кезінен əр елдің тиынын жинайды. Қазір 230 тиын жиналған. Одан бөлек қағаз ақшасы да біраз. Шетелге шыққанда жұмсап жүрмесе, тиыны бұдан да көп болар ма еді?! Жансая əр елдің ақшасын құр сақтау үшін жинамайды екен. Əдемі əуестігі жайлы кейіпкеріміздің өзі айтып берсін:

– Кішкентай кезімде журналдардағы əдемі көйлектерді қиып алатынмын. Сонан соң арнайы 48 беттік дəптер арнап, қиғандарымды жабыстырамын. «Бұл – менің жеке коллекциям» деп мəз боламын. Дəптерді басынан бастап ашып қарай беруді жақсы көруші едім. Қыз бала болған соң əдемілікке, көйлекке тамсанасың, армандайсың.

Қарап отырып, мына көйлекті пəленшенің үйіне қонаққа барғанда киемін, мына бірін өскенде киемін, ал жарқыраған əнеу бірін тойыма киемін деп қиялдайтынмын. Сол кезде бастауыш мектепте оқиды екенмін. Бесінші-алтыншы сыныптарға барғанда бұл əдет қалды. Бəрібір соңында қоқыс болып қалады екен деп ойладым. Содан кейін туыс əпкелерімнің шетелден келгенде ұсақ тиындары артылып қалатынын көрдім. Əлгі киім коллекцияларының орнын бір нəрсемен толтыру керек қой. Бірден «тиын жинасам ба екен?» деген ой сарт ете қалды. Əпкелерімнен тиындарды сұрап алатын болдым. Олар «жоғалтып алма, шетелге шығар болсаң керек болады» деп беретін. Көп тиын жинасам, көп ақша болады. Соларды алып шетелге кетемін деген шешімге келдім. Тоғызыншы сыныпта Атыраудағы «Дарын» мектебіне түстім. Əпкемнің үйінде опа-далаптың қорабына теңгесі бар, рубль, сом, центі бар – барлық тиынды жинай бердім. Шетелге барған туыс, таныстарымның бəрінен артылған ұсақ тиындарын сұрап аламын. Бəрібір тиынды ақша ауыстыру орнында ауыстырмайды. Кейін коллекциямнан Германияға барғанда еуро, Польшада жарату үшін злотый алдым. Ол жақтан қойдым. Мен үшін тиын жинау – басқа мемлекетке барып, қолымдағы сол елдің тиынын жаратуға мотивация. Рубльді Мəскеуге барғанда міндетті түрде жаратамын деп жинаймын, мысалы. Жинаған тиыннан байып кетуім шамалы. Құнығудан да Құдай сақтасын.

Коллекциямда Қазақстан, Ұлыбритания, Польша, Чехия, Əзербайжан, Түркіменстан, Ресей, Малайзия сияқты оншақты мемлекеттің валюталары бар. Былтыр анаммен бірге əр елдің ақшасын бөліп, қайта жинап қойдық. Қазір көзіме түріктің лирасы түсіп жүр. Түркияға баруды армандап жүргенмін. Бұйыртса Мəскеу арқылы Стамбұлға жол түспек. Коллекциямдағы рубльді де, лираны да жаратамын. Армандар орындалуы керек. Олай болмаса, оның несі арман?!

Бетті дайындаған Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз