Өмірін өнермен байланыстырып, қазақ биінің мəртебесін көтеріп жүрген Перизат Омарбековамен сұқбаттасудың сəті түсті. Перизат ханым – ҚР Мəдениет қайраткері, Халықаралық байқаулардың лауреаты, мың бұралған биімен қазақ өнерін шет мемлекетте танытқан кəсіби биші. Би өнерінде өзіндік жолы бар
кейіпкерімізді сөзге тарттық. Биші болғысы келетіндерге жақсы- жақсы кеңес айтты. Жалпы, сұқбаттан соң балаңыз кəсіби биші болып кетпесе де, биге беру керек екен деген ойға қалдық. Бəлкім, осы сұқбатты оқып, би өнеріне қатысты пікіріңіз өзгерер.

– Перизат əпке, неліктен биді таңдадыңыз? Бұл өнер сізге қайдан дарыды?

– Өнерлі отбасында туып-өстім. Анам да, əкем де театр əртістері болды. Əкем кейіннен басшылық қызмет істеді. Анам зейнетке шықса да, əлі сол Тараздағы театрда жұмыс істейді. Көзімді ашқаннан театр сахнасында домалап өстім десем, артық болмас. Осындай қазанда қайнауым тұлғалық қалыптасуыма тікелей əсер етті. «Биді қай кезден бастадыңыз?» деген сұраққа үнемі «анамның құрсағында билеуді бастағанмын» деп жауап беремін.

– Сіздің орындауыңыздағы «Алтынай», «Тұмар ханша» билері көпшілікке таныс.
Жалпы, осы уақытқа дейін үлкен сахнаға қанша биді алып шықтыңыз?

– Репертуарымда сахналанып жүрген жиырмаға жуық биім бар. Ал жалпы үйренген билерім елу-алпыстан асатын шығар, санамаппын. Бұрын қойылған билерімді Қазақстанға еңбегі сіңген халық əртістері, нағыз майталман мамандар сахналаған еді. Негізінен ұстаздан жолым болған шəкіртпін. Өйткені Дəурен Абиров, Байдəулет Сазабеков, Айгүл Татиева, Гүлнар Саитова, Дина Фадеева секілді ерекше жандардың тəлімін бойға сіңірдім. Топ болып бөлінгенде, бағыма қарай Үндістанның ең мықты бишісі Раджендра Ганганидің сыныбына түстім. Осылайша бір жыл Үндістанда білім алып, репертуарыма үндінің классикалық биін қостым. Ал кейінгі билерімді сахнаға лайықтап өзім қойдым.

– Исраил Сапарбай сізді «Қазақтың Айседорасы» депті…

– Исраил ағамен гастрольде танысқанбыз. Əңгіме барысында билерім туралы айтып беріп едім, Исраил аға: «Қызым, айналайын, əр биің бір спектакль іспетті, тұнып тұрған театрсың ғой. Саған қарап, көзіме Айседора елестейді», – деген еді. Кейіннен өнерде жүрген өзге аға-əпкелерімнің де аузынан осындай теңеуді талай естідім. Айседора Дункан – əлемге əйгілі америкалық биші. Ол кісінің билері жүректен шыққанымен, философияға тұнып, əсем сахналануымен ерекшеленеді. Аға-əпкелерім менің өнерімнен де осындай биіктікті байқаса, қуаныштымын.

– Өзіңізді қалай күтесіз?

– Таңым бір сағаттық балет жаттығуларымен басталады. Əр алуан қимылдарды, билерімді қайталауға тағы да бір, бір жарым сағаттай кетеді. Уақыт тығыз. Ал кешкі уақытымды фитнес залда өткіземін.

– Би қимылдарының əрқайсысы өзіндік мəн-мағынаға толы екенін білеміз. Бұл турасында не айтасыз?

– Қимылдар сөйлеуі керек. Менің бұл қағидама бала кезімнен бақылап келген театр өнері себеп болған шығар. Екіншіден, Үндістанда болған бір жылда байқағаным, оларда «сөйлемейтін» би жоқ. Осының бəрі жинала келіп, «Би өнерін неге əртүрлі «бос» қимылдардың жиынтығы ретінде қарастырамыз? Жаттанды би элементін неге қайталай береміз?» деген ой келді. Сахнаға шығатын биші əдемі костюмімен ғана емес, əсерлі биімен де тамсандыруы керек қой. Осы тұрғыда дамығанымыз дұрыс-ақ. Композицияның бастауын тарихтан, мəдениеттен алуға əбден болады. Шүкір, мақтанарлық жауһарларымыз жетерлік, ал оларды неге би өнерімен сахналамасқа?

– Қазір кішкентай бүлдіршіндердің ерсі қимылға негізделген билерді билейтінін
көріп жүрміз. Педагог ретінде не дейсіз?

– Сұрағыңыз өзекті. Республикалық байқауларға қазы ретінде шақырту алғанда жиі байқайтыным да осы. Кішкентай балалар шығыс биін, клубта билейтін сорақы билерді билесе, я жұлқынып, шашын жалбыратып, ашық киіммен сахнаға шықса, мəз боламыз. Ал бала не билегенін өзі түсінбейді. Мұның бəрі баланың психологиясын, тəрбиесін қалыптастыратынын ескеруіміз керек. Балдырғандарға лайықталған əн де, би де аз емес. Көрер көзге сүйкімді əрі баланың эстетикалық талғамын негіздейтін туындыларды ысырып қойып, шетелдік бағытқа ауысу – қате. Ұстаз ретінде баланы дұрыс жолға қойып, тұлға ретінде қалыптастыруымыз керек.

– Би – əдемі өнер. Пайдасын айтып өтіңізші…

– Би – грация, сұлулық. Тəжірибемнен айта аламын, би үйірмесіне қатысып жүрген бала тек өнердің осы түріне ғана емес, сонымен қатар тəртіпке де үйренеді. Түрлі байқауларда бəсекеге түсіп, жетістікке жетуге ұмтылады. Жауапкершілігі, талпынысы, ойлау қабілеті артады. Байқаймын, өнердің этикалық заңдылығын ойына тоқыған бала зиян əрекеттерден, алып-қашпа əңгімелерден бойын аулақ ұстайды.

– Шəкірт тəрбиелеп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Он жыл бұрын би мектебін ашып, шəкірт баулысам деген арманым болды. Сабақ беруге, басшылық қызмет істеуге шақыртулар түсті. Десе де, төл шəкірттерімді дайындасам деген мақсатпен бес жыл бұрын би мектебін аштым. Негізгі бағыт қазақ биінің мерейін арттыруға, кəсіби тұрғыда шыңдауға бағытталған. Қазір он жастағы қыздарым кəсіби бишілерден кем түспейді. Мұның өзі жұмысымыздың нəтижесі деп білемін. Ансамбльдің атын қояр кезде ұзақ ойландым. «Айгөлек», «Гүлдер» деген атаулар көп секілді көрінді. «Перизат» деуге тағы болмады. Қырғызстанның маңдайалды мамандары, үздік шəкірттері топтасқан «Жаш қиял» атты танымал студиясы бар. Сол кісілердің өнерін тамашалау үшін арнайы Қырғызстанға баратынмын. Ойлана келе, ғаламтордан Қазақстанда «Жас қиял» деген атауы бар ансамбль кезіктірмеген
соң осы атқа тоқтадым. Ұлы істердің барлығы əуелі көркем қиялдан туындайды ғой.

– Шəкірттеріңізге қандай талап қоясыз?

– Бірінші талабым – тəртіп. Сабаққа кешіккен немесе келмеген оқушы əрі қарай ілесіп кетеді деп ойламаймын. Уақытпен жүруге дағдылану баланың мінезін қалыптастырады. Ата-аналар алдын ала сабақтан қалмау жөніндегі келісімшартқа қол қояды.

Содан соң қояр талабым – Отансүйгіштік. Ұлттық биді сахнаға алып шығатын бала ұлттың құндылығын білуі керек. Еліміз, ою-өрнегіміз, қимылдардың мағынасы жөнінде баяндасам, көздерінде ерекше жалын, қызығушылық пайда болады. Үйірмемде басты бағыттардың бірі ретінде актерлік шеберлік сабағын өткіземін. Баланың бойындағы ұяңдық өнерінің толық ашылуына кедергі келтіреді. Осындай кемшіл тұстармен күресу арқылы белгілі бір деңгейде көтеріле аламыз деп есептеймін.

– Шығармашылығыңыздағы есте қалған ерекше сəттеріңіз қандай?

– Бірер жыл бұрын Францияда ЮНЕСКО сарайында «Алтынай» биін биледім. Нөмір аяқталғанда көрермендер орындарынан тұрып, «Бис! Бис!» деп қошемет көрсетті. Классиканың отаны болған француз елінде қазақ биімен ықыласқа бөленгенім – айтып жеткізе алмайтын мақтаныш. Осы ретте қазақ биінің əдемілігіне, техника мен мағынаға толы екеніне көпшіліктің көзі жеткен болатын.

– Шабытты қайдан аласыз?

– Шабыт бойыма өздігінен келеді. Арнайы бір жерден шабыт іздемеймін, ойламаған жерден құлшынысым артады. Үлкен сахнаға шығар алдында бəрінің сəтті өтуін тілеймін. Бақытыма орай, сол күнгі орындауым аса сəтті шығады.

– Қыздарыңыз да өнерден алшақ емес екен…

– Үлкен қызым мектепте оқып жүргенде əнге де, биге де икемді болды. Бірақ мамандық тандауға келгенде өнерден алыс кетті, қазір тіл маманы. Қыздарымның қалауына қарсы келмеймін, тандау еркін өзіне бердім. Ал кіші қызымның бойында тұнып тұрған өнер бар. Сырт келбеті Роза Бағлановаға ұқсайды. Биге қатысты. Десе де əншілікті əлдеқайда артық көреді. Сəби кезінен-ақ зор диапазонды дауыспен жылайтын (күліп). Бір жасынан тілі шықты, үш жасында «Бақыт құшағынданы» айғайлап айтып жүретін. Қазіргі таңда бірқатар байқауда жүлделі орындарды иеленіп, алға қадам басып келеді. Əнмен оянып, əндетіп ұйықтайды. Бұйырса, болашағынан зор үміт күтемін. Бірақ, қайталап айтамын, таңдауы басқаша болып жатса, қарсы келмеймін. Керісінше, барынша қолдау көрсетемін.

– Байқауларға қазы ретінде баратыныңызды айтып қалдыңыз. Елімізде би өнері
қалай дамып жатыр?

– Өте жақсы дамып жатыр. Балалар ансамблі өте көп. Балалардың да ынта-жігері əлдеқайда жоғары екенін байқаймын. Бір ғана ескерту, баланың жасына сай би таңдалуы қажет. Кəсіби ансамбльдеріміз де көз қуантарлық. «Наз», «Алтынай», «Салтанат» ансамбльдерінің тұрамын. Өкінішке қарай, жеке бишілер, яғни «соло бишілері» сахнаға шығып, қайтадан жоғалып кетіп жатыр. Өнер көрсеткен соло бишісін көрсек қуанатын болдық.

– Үйірмеңізде соло бишілерін дайындайсыз ба?

– Əзірге жоқ. Бірақ солист боламын деушілерге қашанда есігіміз ашық. Жалпы, жоспарда бар дүние. Би үйірмемдегі қыздар дуэт болып та өнер көрсетіп жүр. Шара апамыздың «Айжан қызын» сахнаға сəтті алып шыққан кішкентай оқушы қыздарым бар.

Шəкірттерім менен асып кетті. Бір жылда оншақты байқауға қатысып, солардың жеті-сегізінде жеңіске жетеді. Бес жылда отыздан аса халықаралық, республикалық байқаудың жүлдегері атанды. Менің мақсатым да осы еді. Демек бишіліктің негізін дұрыс қоя білдім деп есептеймін. Арнайы би методикам бар, болашақта осы тақырып аясында кітап шығаруды көздеп жүрмін. Бəрі уақыттың еншісінде.

– Жоғарыда айтылғандардан өзге қандай жоспарыңыз бар?

– Көктемде Астана қаласында жеке концерт береміз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

– Байқасам, мектебіңізге он жасқа дейінгі қыздар жиналыпты. Ересек ұл-қыздарды қабылдайсыз ба?

– Он жастан кейін адамның денесі қатып кетеді. Өтпелі кезеңнен кейін кəсіби бишілікке табиғатынан дарынды боп туған жүзден бір бала бет бұрмаса, жалпы бола қоймайды. Би өнерінің негізін адамның бойына қалыптастыру қиынға соғады.
Балет өнеріне де үш-төрт жастан бастап қабылдайды.

– Қатал ұстазсыз ба?

– Солай деуге болады. Шəкірттерім де үйреніп алған. Би өнері арқылы бала қайтпас үйренеді. Өзін-өзі аяп, жылаудан көз ашпайтын балалар ынжық болып өседі. Қаталдықты да орнымен көрсетемін. Бала қанша тырысса да, табиғаты келмей тұратын кездер болады. Ондай сəтте бірден бетке айтатын мінезім іске қосылып кетеді (күліп).

Алина Кабаева секілді гимнастар кішкентай кезінде үйірмеге жылап келеді екен.
Ата-ананың бала бойындағы өнерді көріп, «қайтсең де қатысасың» деп жетелеп келуі чемпиондық өмірлеріне бастау болды. Осы орайда, ата-аналарға құлаққағыс – баланың болашағы үшін тырысуымыз керек! Еркелікке салынып, еріншектікке үйренуіне жол бермеу керек. Қазір мектебімде елудей оқушы бар. Бұйырса, Астанадағы концертімде менімен бірге олар да өнер көрсетеді.

– Биге қадам басқан бала алдын ала қандай дайындықта болуы керек?

– Бірінші кезекте балаға жақсылап түсіндіріп айту керек. Спорт жағынан да, өнер ретінде де бидің беретін пайдасы шаш-етектен. Меніңше, қазіргідей экология нашар кезеңде ұл баланы спортқа, қыз баланы биге берген дұрыс. Бос уақытын пайдалы өткізген бала əртүрлі жаман əдеттен бойын аулақ ұстайтынын ескеруіміз керек.

– Сөз соңында не айтқыңыз келеді?

– Би – елімізде кенжелеп қалған өнер. Би мен күй ақпарат құралдарында кеңірек насихатталса екен деген тілегім, назым бар. Кейде əннен басқа өнер жоқ сияқты көрінеді. Қазақтың əр өнері мəдениет пен мазмұнға бай. Əлемге танылатындай рухани мұраларымыз баршылық.

– Шығармашылық табыс тілеймін! Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан
Мадина ОҚАС,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз